Қоғам

Ұл-қызды бауырына басқан Ұлдана

Қазақ – жетімін жылатпаған халық десек те, тағдырдың жазуымен ата-анасынан ерте айырылып немесе туған ата-анасы бас тартқандардың бар панасы балалар үйі болып тұрғаны анық. Мемлекет қанша жерден мейірімділік танытып, өз қамқорлығына алғанымен, тағдыр теперішін сәби кезінен бастан өткеріп отырған оларға бәрібір ана махаббаты мен аялы алақанның, бір ауыз жылы сөздің жетіспейтіндігі белгілі. Өзгенің қас-қабағын жөргегінен бағып өскен бүлдіршіндердің қоғамнан күтетіні – жылулық. Көрінгенге көзі жәутең қаққан жетім тұрмақ, ата-ананың шуақты мейіріміне шомылып өскендердің өзі кейде өмірден баз кешіп кететіні бар. Оған басты себеп – балаға отбасы, ошақ қасында берілетін тәрбиенің олқылығы, осалдығы. Сондықтан да, отбасылық тәрбие мен ата-ананың «айналайынынан» тыс қалған балаларға мейірім шуағын сезіндіріп, олардың мүмкіндігінше бақытты ғұмыр кешуіне жағдай жасау – қоғам мүшелері үшін басты парыз.

Бауыр еті баласынан безінген көкек ана мен жауапсыз әкеден қайыр болмағанымен, арамызда жүрегі жомарт, пейілі кең, тіпті өзге ұлттың баласын бауырына басып, өз өмірінің жалғасындай көретін отбасылар арамызда аз да болса, бар. Соның бірі – Нұрқожаевтар отбасы. Бұл тұста «Жетім көрсең жебей жүр» деген халық даналығы еске түседі. Осыдан он жыл бұрын Қ.Сарымолдаев атындағы балалар үйіне жұмысқа тұрған Ұлдана Өзенбаева балалар үйіндегі сан қилы тағдыр иелерін көріп, бала асырап алуға бел байлағанын айтады.

– Жамбыл ауданындағы Шайдана ауылында туып-өстім. Әкем кезінде «Пионер» совхозында инженер болып жұмыс істеді. Анам – ауылдағы бастауыш мектептің меңгерушісі. Отбасында 4 қыз 1 ұл тәрбиелендік. 2008 жылы бір үйдің жалғыз баласына тұрмысқа шығып, көп ұзамай балалар үйіне жұмысқа орналастым. Сол кезде балалар үйіне қабылданған бүлдіршіндердің жайын отбасымызда оқта-текте әңгіме ететінбіз. Қайын атам неше жыл ішкі істер органында еңбек етіп, зейнетке шыққан. Марқұм енем екеуі тастанды балалардың тағдырын естіп, іштей құса болатын. Негізгі мамандығым экономист болғандықтан, о баста балалармен тікелей қарым-қатынаста болмағаным рас. Десе де, сол жерде жүріп, балаларға шын қамқорлық көрсету мақсатында педагогика және психология мамандығын игеріп, диплом қолға тигеннен кейін сол жерге тәрбиеші болып ауыстым. Сол жылдары Евгения атты орыс ұлтының қызын асырап алған біреулер неге екені белгісіз, оны қайтадан балалар үйіне әкеліп тастап кетті. Бұл жайт менің жаныма қатты батты. Баланы бауырына басқанымен, оның еркелігін, балалығын көтере алмаған адамдардың қылығы, көңілі жарымжан жеткіншектің екінші мәрте балалар үйінің табалдырығын аттауы секілді жайттар отбасымызда сөз болып, сол қызды өз қамқорлығымызға алу туралы ақылдастық. Күйеуім үйге ертіп келуге, алдымен танысып, білісуге кеңес берді. Осылайша, осыдан 3-4 жыл бұрын ол қызды әр кез үйге қонаққа шақырып жүріп, бірте-бірте бойы бізге үйреніскеннен кейін өз қамқорлығымызға алдық. Кейіннен тағы да Тимур, Дияс, Ильяс атты үш баланы бауырымызға басып, отбасылық үлгідегі балалар үйін аштық. Кезінде атам соғыста қаза тапқаннан кейін, әжем жөргектегі әкемді ата-енесіне тапсырып, өзі қырғыз еліндегі төркініне біржола кетіпті. Бұл жақта жауынгер ұлдан қалған жалғыз тұяқты ата-әжесі тәрбиелеп өсірген. Ол енді соғыс салған зардап. Ал бүгінгі заманғы санасыздардың тірлігі тоқтықты көтере алмау деп білемін. Менің өз әке-шешем де балалар үйінен бала асырап алған, – дейді Ұлдана Әбиірбекқызы.

Ұлдана Өзенбаеваның айтуынша, балалар үйіндегі балғындардың көбісінің әке-шешесі ата-аналық құқығынан айырылғандар немесе жартылай жетім балалар екен. Десе де, Евгенияның да, кейінгі үш баланың да аналары бақилыққа аттанған. Сондықтан да, олар Ұлдана мен Ермекті ата-анасындай көреді. Евгения қазіргі таңда Жамбыл медициналық колледжінде студент екен. Мектепте де, колледжде де үлгерімі жақсы оқушы ретінде көзге түсіп жүрген ол келешекте жоғары оқу орнынан білім алып, адам өміріне арашашы болуды армандайды. Ол осы отбасында 13 жасынан бастап тәрбиеленіп келеді.
– Мені үйдегілер Женя деп атайды. Десе де, есімімді қазақша Жаннұр деп ауыстырғым келеді. Сол үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына арнайы бардым. Бірақ, ол жердегілер әлдебір қағаздар жинатып, әуре-сарсаңға сала бастағаннан кейін қоя қойдық. Оның үстіне қазіргі ата-анам бұл істі кейінірек, асықпай жүзеге асыруға кеңес берді. Өмірлік арманым – білікті дәрігер болу, – дейді ол.
Жалпы, Ермек Нұрқожаев пен Ұлдана Өзенбаева өзінің 2 ұлы мен бір қызын қосқанда, жеті баланың ата-анасы атанып отыр. Кейінгі үш баланы бауырына басып, отбасылық үлгідегі балалар үйін ашқаннан кейін ғана олардың бұл игі ісі үшін мемлекет тарапынан қаржылай көмек көрсетіле бастаған. Төрт бірдей өзге ұлттың балалары қазақтың шаңырағында шаттыққа кенеліп, қазақ тілінде тәлім-тәрбие алып отырғандықтан, өздерін қазақпыз деп есептейді екен. Ағайынды үш жігіттің екеуі – егіз.

– Мен бір отбасында жалғыз өстім. Ата-анам да, мен де балаларымыз көп болса деп ойлайтынбыз. Әлі жаспыз ғой, отыздан енді ғана астық. Дегенмен, бұл ниетіміз бүгінде шындыққа ұласып, отбасымыздың мүшелері көбейіп отыр. «Балалы үй – базар» дейді дана халқымыз. Отбасымызбен театрға, саябаққа, мерекелік концерттерге барып тұрамыз. Туған күніміз де ескерусіз қалмайды. Ұл баланың барлығы да әртүрлі спорттық үйірмелерге қатысып, «Тараз-Арена» спорт кешеніндегі бассейнге шомылып тұрады. Балаларымыз №47 орта мектепте оқиды. Барлығы да бауырмал. Жақында жұмысыма байланысты тест тапсырып, одан сәтті өттім. Ол осы балаларымның нәсібі екені анық, – дейді Ермек Нұрқожаев.

Аталған отбасының жасы үлкендері балаларға жоғары білім беріп, ұлды ұяға, қызды қияға қондыруды өздеріне парыз санайды. Балалар әлі мектеп жасында болса да армандары асқақ. Тимур әскери қызметкер болғысы келсе, Дияс құқық қорғау саласында қызмет етуді армандайды. Ильястың да бар мақсаты – Женя әпкесі секілді дәрігер болу.

Жалпы, өзге ұлт өкілдерінің балалары қазақ шаңырағында тәрбиеленуі жалғыз бұл емес. Ежелден өзгеге құшақ жайып, бауырмалдық таныту біздің қанымызда бар қасиет болғандықтан, мұндай іс таңсық бола бермеуі мүмкін. Бірақ, бір айта кетерлігі, діні мен тіліне қарамастан, біреудің қағанағын жарып шыққан баланы өз балаңдай көріп, қатарға қосу үлкен ерлік. Одан бөлек, бұл ұлт пен ұлыс бір-бірін өзекке теппейтін қазақ еліндегі татулық атты қасиетті ұғымның нақты көрінісі. Ең негізгісі, бұл өзгеге үлгі боларлық жайт.

Қ.Сарымолдаев атындағы балалар үйінің әлеуметтік-педагогы Жеңіскүл Есенәлиева балалар үйіне панасыз қалғандардың бірі келіп, бірі кетіп жататынын, әйтсе де жылдан-жылға бала саны азая бастағанын сөз етті. Бірақ, бала саны бала асырап алушылардың есебінен азайып жатқан көрінеді. Мәселен, былтыр аталған балалар үйінде 156 бала болса, осы жылдың қаңтарында ондағы жеткіншектер саны 116-ға азайған. Жыл басынан бері 15 бала қамқорлыққа алынып, бала саны кемуіне байланысты бірқатар педагог мамандар жұмысынан қысқарыпты. Біздің қоғам үшін бойында ар-намысы жоқ көкек аналар мен қасиеті қашқан әкелер жойылып, жер бетінде жетім балалардың болмауы салдарынан балалар үйі жабылып қалса, сол үлкен олжа.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

ПІКІР