Қоғам

Ұлағатты ұрпақ ұлт мерейін өсіреді

Written by Aray2005

Қасиетті Жуалы ауданында ағарту, білім беру саласына бүкіл саналы ғұмырын арнаған бірегей азаматтар саусақпен санарлық десе де болады. Әйтпесе, не көп, мұғалім көп, бірақ шын мәнінде ұстаздық дәрежеге жеткен айтулы азаматтар аз. Сондай «ұстаздар шоғырының» ішінде Сәдуақас Тасқожаевтың да есімі құрметпен аталады. Шын мәнінде аудан жұртшылығы, оның ішінде таулы өңірді мекендеген тұрғындардың жадынан ұлағатты ұстаз, білікті басшы Сәдуақас Жүнісәліұлының есімі ұмытыла қойған жоқ.

Көнекөз ақсақалдардың айтуынша, ағайынды Аппасбек пен Сәдуақастың әкелері Жүнісәлі жарықтық Кеңес үкіметінің орнауына атсалысқан азамат екен. Бүкіл өмірін колхоз, ұйымдастыру жұмыстарына арнап, 44 жасында қайтыс болады. Оның үлкен ұлы Аппасбек те Ұлы Отан соғысына қатысып, 18 жасында майдан даласында қаза тапқан екен. Денесі Белоруссияның Могилев облысындағы бауырластар зиратына жерленген.

Ал көзі ашық, көкірегі ояу азамат Сәдуақас Жүнісәліұлы білім алып, шәкірт тәрбиелеуді мақсат тұтып, Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық педагогикалық институтына түсіп, оны тарих пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп шығады. 1947 жылдан бастап таулы өңірдегі Қошқарата, Көлтоған ауылдарында ұстаздық етіп, кейіннен Абай атындағы, Сүгірбай Бәйтіков атындағы орта мектептерде (бұрынғы М.Лермонтов орта мектебі) директорлық қызмет атқарған. Сәдуақас Тасқожаев Құдай қосқан жары Нұржәмила Әлімбекқызы екеуі құтты да өнегелі отбасында бес ұл, екі қыз тәрбиелеп, олардың барлығына халықтық қазақи тәрбие беріп, жоғары білім алуларына да лайықты жағдай жасады.

Отбасының үлкен қызы Жанаткүлдің мамандығы балалар дәрігері болса, ұлдан тұңғышы Нұрмахан зоотехник. Ал екінші ұлы Асқар ұзақ жылдар Алматы қаласында «АЗТМ» деп аталатын өндіріс орнында инженер боп жұмыс істесе, оның екі ұлы да Америка Құрама Штаттарының Нью-Иорк қаласында ІТ саласында жемісті еңбек етіп жүр. Ортаншы қыз Ғазиза әкесінің жолын қуып, мұғалім мамандығын таңдады. Ұзақ жыл ұстаздық етіп, қазір зейнетте. Бұл отбасының ортаншы ұлы Бақыт Тасқожаевтың жөні тіптен бөлек. Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары Боралдай ауылдық округінде 10 жылдан аса округ әкімі қызметін абыроймен атқарып, шебер ұйымдастырушы ретінде танылған айтулы азамат. Ал Замир өмірден ерте озса, кенже ұл Нығмет ішкі істер саласында жұмыс істеген.

Біз бұл мақалада Сәдуақас ақсақалдың өміріне, ұл-қыздарына жеке-жеке тоқталып отырған себебіміз, бұл әулет ұрпақтарының өнегелі қырларын атап көрсету болатын. Отбасында қалыптасқан үлгі-өнегелік құндылықтар сайып келгенде, әулеттің мерейін өсіретіні даусыз. Осы орайда Тасқожаевтар әулетінің үлкен ұлы Нұрмахан Сәдуақасұлының зоотехник мамандығын алып, өзі туып-өскен ауылына қызмет етіп, шаруашылықтың жоғары жетістіктерге жетуіне аянбай қызмет етуі отбасындағы үлгі мен өнегенің әсерінен болар деп білеміз. Бір жағынан бұлай болуы заңды құбылыс сияқты.

Бүгінгі таңда зейнеткерлік жастан асса да өзінің қарапайымдылығымен, біртоға мінезімен, қажырлы еңбегінің арқасында ел алғысына бөленіп жүрген айтулы азаматтың бірі Нұрмахан Жүнісәлиев.

Нұрмахан Сәдуақасұлы 1954 жылы қазіргі Қошқарата ауылында мұғалімнің отбасында дүниеге келген. Осындағы Абай атындағы орта мектепті 1972 жылы үздік бітіріп, Алматы зоотехникалық-мал дәрігерлік институтына оқуға түседі. Аталған оқу орнын 1977 жылы «Қызыл дипломмен» аяқтап, тиісінше, зооинженер мамандығын алып шықты. Институт берген жолдамамен еліміздің Ақтөбе облысында, кейінірек Алматы облысында зоотехник болып қызмет атқарды. Одан кейінгі уақытта Қазақтың қой шаруашылығы ғылыми технологиялық институтында кіші ғылыми қызметкер болып еңбегін жалғастырды. Жанұя жағдайына байланысты ғылыми жұмысты біржолата тастап, 1981 жылы өзінің туған жері Жуалы ауданы Көлтоған ауылындағы «Коммунизм жолы» колхозына зоотехник болып ауысады. Онда сүт тауарлы комплексінің меңгерушісі, аталған колхоздың бас зоотехнигі сынды жауапты қызметтерді абыроймен атқарды. Сол жылдары колхоздың мүйізді ірі қара малын асылдандыру жұмысына баса назар аударып, «Коммунизм жолы» колхозын асыл тұқымды шаруашылық мәртебесіне дейін жеткізді. Қазақстан бойынша мүйізді ірі қара фермалар арасында сүт өндіруден жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, сол тұста ферма ұжымы ауыспалы «Қызыл Туды» жеңіп алды.

Колхоз жұмыстарына араласып әбден тәжірибе жинаған әрі істің көзін таба білетін Нұрмахан Жүнісәлиев 1991 жылы ауданда ең алғашқылардың бірі болып шаруа қожалығын құрып, ет, сүт өндіріп, дәнді дақылдар өсірумен айналысты. 1998 жылы аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының өкілі ретінде «Бурный ірімшік зауытына» ұжымдардың өткізетін сүтінің сапасын арттырып, көлемін молайту жөнінде де аз еңбек сіңірген жоқ. Нұрмахан ағаның одан кейінгі жылдары тұтастай жеке кәсіпкерлікті дамытумен жалғасып келеді.

2000 жылдан бүгінгі күнге дейін Көлтоған, Ертай ауылдарының тұрғындарынан сүт жинаумен айналысады. Тау бөктеріндегі ауылдардың қатал ауа райына қарамай қысы-жазы қиындықтарға төзіп, шаруалардың өткізіп жүрген сүтіне нақты ақшамен есептесіп, сонымен қатар, ауыл тұрғындарын ұн, май, қант және төрт түлікке қажетті азықтық жемнің барлық түрлерімен қамтамасыз етіп, адал еңбегімен жұрттың алғысына бөленіп келеді. Құдай қосқан қосағы Бәкентай апайдың мамандығы мұғалім, қазір зейнетте.

Нұрмахан мен Бәкентайдың отбасында да ұлағатты ұл-қыздар өсіп жетілді. Атап айтқанда, үйдің үлкен ұлы Әлішер Шекара әскери училищесін, кейіннен Алматыдағы әскери Академияны аяқтап, аталған салада жемісті жұмыс жасап келеді. Қызмет бабымен Павлодар, Нұр-Сұлтан, Қызылорда, Шымкент қалаларында, сонымен қатар, облысымыздың Қордай, Меркі аудандарында қызмет етті. Қазір Тараз қаласында Шекара басқармасының бастығы қызметінде. Одан кейінгі ұл Шерхан әкесі бастаған кәсіпкерлігіне қолғабыс етеді. Кенже ұл Нұркен де әскери қызметті таңдап, қазіргі таңда Арыс қаласындағы әскери бөлімдердің бірінде командир қызметінде. Екі ұлы да подполковник дәрежесіндегі әскерилер. Ал қызыл гүлдей аялап өсірген қызы Арайлым аудан орталығындағы №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияны «Алтын белгіге» бітіріп, одан соң ІТ мамандығын таңдап Қазақстан-Британ университетін қызыл дипломмен аяқтады. Әрі қарай білімін Ұлыбританияның Ноттингем университетінде шыңдай түсіп, оны да ойдағыдай бітірді. Қазір Талдықорған қаласында отбасымен жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Еңбекпен есейген әрі ұл-қыздарын адал еңбекке тәрбиелеген Нұрмахан мен Бәкентай Жүнісәлиевтердің әулетінде 11 немере  жайқалып өсіп келеді. Бір сөзбен айтқанда, бұл әулет ұлағатты ұрпағымен өркен жайып отыр.

Саналы ғұмырын ауданның көркеюіне, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеуге, адал еңбекке арнап келе жатқан Нұрмахан Жүнісәлиевтің өмірден көрген-түйгені, адам таза ниетте болып, ерінбей еңбек еткенде ғана жан-жағына сүйкімді болатынын, еңбектің ешқашан елеусіз қалмайтынын айтады.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, Нұрмахан Сәдуақасұлының азаматтық келбеті туралы ауыл шаруашылығы саласының ардагері, Жуалы ауданының Құрметті азаматы Әбуғали Ералиев былай деп пікір білдірген еді.

-Мен Нұрмахан Жүнісәлиевпен Алматы зоотехникалық-мал дәрігерлік институтында бес жыл бірге оқып, студенттік жылдарды бірге өткізгенбіз. Институтты бітіргеннен кейін туған ауылға келіп қызмет істеп, 1980-ші жылдан бері қарай жанұялық жолдас, айнымас дос, ағалы-інілідей болып сыйласып келеміз. Нұрмахан 1977 жылы Алматыдағы Қазақ қыздар педагогикалық институтының түлегі Бәкентай екеуі  көңіл жарастырып, шаңырақ көтерді. Бәкентайды мен де жалынды студенттік жылдардан жақсы білемін. Себебі, Зооветинститут пен Қыздар институтының студенттері жақын араласып тұратын. Нұрмахан мен Бәкентай 40 жылдан бері жанұя жарастығын арттырып, отбасында ұлағатты ұл-қыздар өсіріп, бүгінде ата-апаға айналып, немере тәрбиесіне де үлес қосып келеді. Жүнісәлиевтер жанұясын өнегелі отбасы деп атауға әбден лайық.

Нұрмаханның атасы Жүнісәлі Тасқожаев қиын кезеңдерде Кеңбұлақ, Қошқарата өңірінде колхоз ұйымдастырып, атқа мініп ел басқарған кісі. Ал оның ұлы Сәдуақас Жүнісәліұлы бүкіл саналы ғұмырын ұстаздыққа арнап, 30 жылдай директорлық қызмет атқарды. Нұржәмила жеңгеміз екеуі жеті ұл-қыз өсіріп, бәріне жоғары білім әперді. Осындай ұлағатты жанұядан тәлім-тәрбие алған Нұрмахан да мектепті жақсы оқып, институтта да қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, алдыңғы қатарлы студент болғанын айтуға тиіспін. Институт басшылығы Нұрмахандай алғыр шәкіртті ғылыми жұмыстарға жіберген болатын. Алайда ол ғылымды таңдамай, туған ауылына келіп, ондағы кенжелеп қалған ауыл шаруашылығы саласын көтеруді мақсат тұтып еселі еңбек етті.

Кейіннен заман талабымен жеке кәсіпкерлік ашып, 20 жылдан бері Боралдай өңіріндегі шаруалардан сүт жинап, аудан орталығындағы қабылдау пунктіне өткізумен тұрақты айналысып келе жатқанына куәміз. Біле білгенге бұл да үлкен қажырлы еңбекті, іскерлікті талап ететіні сөзсіз. Сонымен қатар, ол шалғай округтің тұрғындарын күнделікті тұтынатын заттармен қамтамасыз етіп келеді. Мұның бәрінде Нұрмаханның адал да қажымас еңбегі жарқырай көрінеді,- дейді Әбуғали Әбделіұлы.

 Ұлағатты ұрпақ өссе, ол  ең алдымен  ұлттың мерейін өсіреді. Ұлт мерейі — Отанымыздың жарқын жетістігі.

Нұржан Манасұлы,

Жуалы ауданы

ПІКІР