"Тарих. Таным. Тағылым."

Ұлағатты ұстаз Баймырза Бесбаев

Written by Aray2005

Болыстың қолбаласы, Әулиеата өңіріндегі алғашқы мектептердің жоғары білімді тұңғыш ұстазы, еңбегі үшін Ленин, Еңбек Қызыл Ту, майдандағы ерлігі үшін «Отан соғысы» ордені мен бірнеше медальдың иегері Баймырза Бесбаев туралы Ақбұлым өңірінде аңызға бергісіз әңгіме көп. Өңірде жас жеткіншекті тәрбиелеуде өлшеусіз еңбек сіңірген ұстаздың есімі ол еңбек еткен мектепке берілген. Биыл бұл білім ошағына 100 жыл толды. Бүкіл саналы өмірін осы мектепте өткізген, білім ордасының іргетасын қалаған, «Ұстаз» деп құрметпен аталатын азаматтың өмірінің кейбір сәттерін үлгі-өнеге ретінде айтуды жөн деп таптық.

… Қозы бағып жүрген жетім баланың сәлемін Дербіс болыс күн сайын алады. Қағылез, жүзінде қиналғандық емес аса бір мейірім шуағы төгіліп тұр. Бір-екі рет шақырып алып, оның жұмысына қатыссыз тапсырма беріп жұмсағанда бала тап-тұйнақтай етіп орындады. Сөзге тартып, өзінің, үйінің жағдайын сұрады. Тапсырманы бұлжытпай орындаған, лебізді тез ұғатын баланы көрмей қалса іздейтін болды. Ақыры баланың өзімен, ағайын-туыстарымен сөйлесіп, Дербіс оны қозы бағудан босатып, қолбала ретінде үйіне кіргізіп алды. Бір-бірінің жақсы қасиеттері жұғысты болсын деген ниетпен өз балаларына қосты. Бір күні бала Баймырза Құранды жатқа айтатын қаридің жанынан екі елі қалмай жүргенін байқады. Оның қолына су құйып, сүлгісін беріп, сөздерін тыңдайды. Әріптерді сұрайды. Өте көне араб қарпімен жазылған кітабынан айырылмайды. Анда-санда ежіктеп оқып отырғанын да көріп қалды. «Әптиек, Мұқтасар» деп оқиды. Көп уақыт өтпей-ақ араб алфавитін түгелдей біліп алды. Молдадан үйренген қаріптерді құмға, топыраққа жазып отырғанын да көрді. Біраз уақыт өткен соң Баймырза молдамен Құранды, хадистерді жарыса оқитын болды. Жетім баланың қылығы болысты ойландырды. Жеделдетіп медресе ашудың жолын қарастырды.
Өз балаларымен қоса ауыл балаларын оқытпақ ниетпен Дербіс болыс Ақбұлымда Ботамойнақ медресесін ашуға рұқсат алғанымен білім беретін ұстаз таба алмай әбден қиналды. Мал бордақылайтын әңгіредей үлкен қораның бір бөлмесін сылап, сипап, балалар оқитын орынға ыңғайлады. Бала оқытатын молда табылмаған соң, Дербіс болыс ел күтпеген шешім қабылдады. Өзінің балаларымен қоса ағайындарының жеткіншектерін Баймырза оқытатын болып шешілді. Қызық болғанда алғашқы сабақ болатын күні Дербіс жеті-сегіз баланы жетектеп, Баймырзаның алдына әкеліп, «Мыналардың сүйегі менікі, еті сенікі» деді. Ілтипатпен, бала Баймырзаға құрмет көрсетіп; «Ұстаз, сабақ тыңдамағанын, тіл алмағанын шықпыртып сабап алыңыз» – деп шығып кетті.
Алдына келгендердің барлығы ауқатты, байлар мен саудагерлердің балалары еді. Араларында еркетотайлары да бар. Балалар өздері төсенетін киіздерін, көрпешелерін көтеріп үйінен ала келеді. Малдас құрып жерде отырады. Бөлме іші жарық, терезе күн жақта. Қораның үлкен ағаш дарбазасы малға да, балаларға да шиқылдап, сақырлап ашылатын жалғыз есік. Бордақыда тұрып семірген малдың мөңірегені де, аспанға шапшып, кісінегені де, ай мүйіздерімен бір-бірін сүзіп жатқан үлкен қошқарлардың да әрекеттері естіліп, суатқа барарда үлкен терезелердің алдарынан өтіп жатады.
«Дербіс балаларын оқытып жатыр» деген хабарды естісімен төңіректегі ауылдардан адамдар балаларын оқыту ниетімен алдымен болысқа жолығады. Болыс оларға: «Әзірге балаларды оқыта қоятын молда немесе мұғалім жоқ. Мына бала қаріпті таниды, оқи, жаза алады. Балаларымыз алдымен осыны білсе де жаман емес. Жақсы оқығандарын Әулиеатаға апарам» – деп меселдерін қайтармай, Баймырзаға береді. Оқуға келгендер ішінде өзінен үлкен, «Он үште –отау иесі» болып калғандар да бар. Олардың тілдері сайрап тұр, бірақ өздері әліпті таяқ деп танымаған соң, Құран Кәрім мен хадистерді зулатып оқитын Баймырзаға мойынұсынады. Оқуға келгендер өздерімен бірге көрпеше, киіз әкеліп жерде отырады. Состиып түрегеп тұратын жалғыз Баймырза. Әр баланың қабілет-қарымын қалт жібермей бақылайды. Жанына барып, қаламды қалай ұстау керектігін, қалай жазу қажеттігін үйретеді. Балалардың ықыласын өзіне аудару үшін саудыратып мына бір өлең жолдарын нақышына келтіріп оқи жөнелді:
Бір Аллаға сыйынып,
Кел, балалар, оқылық!
Оқығанды көңілге,
Ықыласпен тоқылық…
Бұл өлеңді өзі жақында ғана Әулиеатадағы үш жылдық орыс-түзем мектебінің ұстазынан үйреніп алған. Қолы қалт еткенде болыстан ат сұрап алып, қалаға мектепке барады. Ақыл-кеңес сұрайды, басы артық кітаптарын алады. Ыбырай Алтынсариннің өлеңін оқыған сайын «Жаттап алыңдар» деп қадап айтады. Осылайша Баймырза алғашқы ұстаздық қызметін 1910 жылы ауылда ашылған болар-болмас, толар-толмас медреседен бастайды. Медресесіне өзінің көңілі толмағанымен жұрт «Біздің медресе» деп келіп, Баймырзаның сабағын сырттан тыңдайтындар да бар. Баймырзаның алдын кеспей, құрметпен қарайды.
Шын мәнінде Дербістің медресесі діни кіші сауат ашу орны болды. Құжатта солай жазылған, Әулиеатаның әкімі болыс Дербіс Қалабаевқа осылай деп рұқсат берген. Сабақ араб, кейінірек төте алфавиті негізінде жүргізіледі. Баймырза сабақты балаларға алдымен араб қарпін, одан соң төте жазуды үйретті. Жаңа сабақ өтерде алдымен қалаға барып, таныс мұғалімдерден өзінің дәріс алуы әдетке айналды. Әріптерді таныған балаларға сөз, сөйлем құрауды үйрете бастады.
Ол Ахмет Байтұрсыновтың «Төте жазу» кітабын қолына түсіргеніне ерекше қуанды. Ендігі жерде ол Құран мен хадистер оқытумен бірге араб қарпімен қазақша жазуды үйрете бастады. Алдымен өзі түн мен күнді ұластырып үйренді. Білмегенін Әулиеата мұғалімдерінің соңдарынан қалмай жүріп үйренді. Ол осы орайда Әулиеата үш жылдық училищесінен достар тапты. Бала Баймырзаның зеректігі мен ынтасы оларды ерекше қызықтырды.
– Кейін зейнетке шыққаннан кейін мені көтерген, білім берген Әулиеата үш жылдық училищесінің мұғалімдері деп аттарын атайтын. Өкінішке қарай олардың көпшілігі «халық жауы» атанып, 1937-38 жылдары атылып кетті деп отыратын. Одан кейін Әулиеата өңірінде сауатсыздықты жоюда ағайынды Абылановтардан артық ешкім еңбек сіңірген жоқ. Бірінші дүниежүзілік соғыстан оралысымен Сыдық Абланов сауатсыздықты жоюмен өз бетінше айналысты. Ол қазақтың алғашқы драматургтерінің бірі. Кейін бауырлары Ізбасар мен Мәлике көмекші болды. Асыл ерлер Сыдық пен Ізбасар да «халық жауы» атанды, ал Мәлике тұрмысқа шығып, ата-тегін ауыстырудың арқасында аман қалды, дүниеден өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары өтті, – деген Баймырза ұстаздың үлкен қызы, 78 жастағы Роза ана мен 70 жастағы Жамбыл ұзақ уақыт үнсіз қалды.
Сонымен ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсыновтың кітабын қолға түсіруі, оны өзі оқып үйренуі Баймырзаның ұстаздық қызметін жаңа сатыға көтерді. Бұрын құр араб тілін үйретуге іштей қарсылық көрсеткенімен одан құтылудың әрі балаларға басқаша білім берудің амалын таппай жүрген, ендігі жерде ол ана тілінде жазуды, оқуды үйрететіндігіне ерекше қуанды. Өз ойын Дербіс болысқа айтып, орыстар ғылымның тылсымымен танысып, біліп жатқанда қазақ балаларының қара танудан аспай жатқандығын талай рет қынжыла айтқан. Өзін Ташкентке оқуға жіберуін өтінген. «Балам-ау, артыңнан ерген ана бүлдіршіндерді қайда тастап кетесің, бәрі сәтімен келеді. Мұғалім табылған күні сені Ташкентке өзім апарам» деп, тоқтау айтатын.
Осы өзара сөйлесуден кейін Дербіс болыс оны пәуескесіне мінгізіп алып, Әулиеатаға жиі апаратын болды. «Кітап ізде. Ұстаз достарыңнан сатып ал» деп, ақша беруді де ұмытпады. Соның нәтижесінде Баймырза өз бетінше орысша үйрене бастаған еді. Әулиеата шаһарындағы татар дүкендерінен арифметика, жағрафия кітаптарын сатып алды. Осылайша болыстың келісімінсіз-ақ жаңа оқыту жүйесін енгізе бастады. Бір қуаныштысы, шәкірттері есепке алғыр болып шықты. Қосу мен алу, көбейту мен бөлуді балаларға шамасы келгенше түсіндірді. Жалынып жүріп, Әулиеатадан таныс мұғалімдерінің шәкірттеріне дәріс беруін, олардың ақысы ретінде болыстан қой алып беруді жүзеге асырды.
Баймырза бірде болыспен бірге Талас өзенінің төменгі сағасындағы орыстар тұратын «Михайловка» деп аталатын селоға барды. Барысымен қағаз, кітап сататын дүкендерді аралады. Қазақтарды сирек көретін орыс балалары бұлардың аттарын таспен атқылап, мазақтап, «кетіңдер» деп, айқай салып жатты. Мұндайда Дербіс болыс орнынан тұрып, қос самұрықтың суреті салынған болыстық белгісін көрсетіп, «Мен ақ патшаның адамымын» дейді. Енді орыс балалары Дербіске таңдана қарап, шенін қолдарына ұстап көреді.
Бір жолы Дербістің арбасына мініп Михайловкаға тағы барды. Баймырза жан түршігерлік жауыздық пен қаныпезерлікті көрді. Базарға кіргені де сол еді, халықтың жүгіргенін, орыстың боқтап, айқайлағанын естіді. Орыс жігіттері бір қазақты байлап, сүйретіп, халықтың қалың ортасына әкелді. Жүресінен отырғызды да, әлгінің мойнын желкесінен пышақпен қиды. Байқұстың қызыл қаны аспанға шапшыды. Әлгілер масаттана қарап;
– Көріп алыңдар, кімде-кім орыстың огородына түсіп, ұрлық жасаса көретіні осы. Мына калбит қарақшы, баукеспе ұры, помидор мен қиярымды ұрлады. Сол үшін жазасын тарттырдық. Дәу мұжықтың әлгі сөздерін Дербіске және қасындағыларға Баймырза көзіне жас алып, жылап тұрып аударып айтты. Болыс: «дәрмен жоқ, кетейік» деп бұрылып жүре берді. Кейін мұндай озбырлықтың талайын көрген Баймырза зорлық-зомбылықтан тек білім ғана құтқарады деп ойлады. Шәкірттеріне де осыны айтты.
Баймырза сауатты, білгір, пысық жігіт болып қалыптасты. Жазда медресенің оқуын жиыстырып, сабақты тоқтатып жайлауға шәкірттерімен бірге шығатын. Бұған өзі де, шәкірттері де қуанады. Бәрі атқа мінеді. Жол тамағын, жамылғылары мен төсеніштерін алуды да ұмытпайды. «Тесікбастау», «Бесбаланың сайы» «Сарыбұлақ» аталатын тау өңірі тамаша. Баймырза бұл жерге байлардың малын айдасып келеді. Ақысына тоқты, қозы алады. Оны сол күндері тамақ етеді. Киіз үйді тігісіп жүріп, мұздай бастау суларын ішіп, жаздай балаларды ашық аспан астында оқытады. «Молда бала» атанған Баймырзаның бұл кезде ел ішінде беделі болыстан кем емес-ті.
Қазан төңкерісі жеңіп, Кеңес үкіметінің қара халыққа білім беру көзқарасы жақсы болды. Әулиеата өңіріндегі медреселер бірінші басқыш «Ауыл мектебі» болып қайта құрылды. 1918 жылы өзі дәріс берген, Дербіс болыс ашқан Ботамойнақ медресесі Ақбұлым ауылының мектебі болып жаңаша сабақ жүргізе бастады. Осы оқу орнына бірінші басқыш ауыл мектебінің алғашқы мұғалімі болып Баймырза Бесбаев тағайындалды. Әріптестерінен білгені мен жиған-тергені кем болмағанына қарамастан арнайы білім жоқтығы алдынан шыға берген соң мұғалімдер даярлайтын жарты жылдық курсқа барып жақсы оқып шықты. Жиырма жасқа енді ғана толған Баймырза осы мамандығымен «Әулиеата уезінің ұстазы» деген куәлік алды. Түркістан халық ағарту комиссариаты құрылғанда ол алғашқылардың бірі болып, осы ұйымға мүшелікке өтті. Ауыл мектептерінің еңсесін көтеру әрекетіне тікелей араласып, барлық ынта-жігерін салып еңбек ететін мұғалімге айналды. Сыдық Аблановпен бірге ел аралап, «лебкездер» ашты. Бірақ халық арасында алауыздық, аштық жайлағанын да ол көрді.
Байлар кәмпіскеленіп, ауылдағы ағайындар енді-енді отырықшы бола бастағанда, қазақ кедейлерінің бірен-саран күн көріс малдарын үкімет тартып алып, колхоз құрды. Елдің басына кедейлік пен зобалаң туды. Байлардың да, ортаның да, тіпті, кедейдің де малы тартып алынды, жер аударылды. Осылайша қазақты кіндігінен үзді. Бұл дегеніміз кеңес үкіметінің аз ұлттарды жоюдың солақай саясаты еді. Мақсат қазақтарды құл етіп, тізе бүктіру, ұлы далаға келімсектерді толтыру саясаты белең алды. Аузын ашқанды қамады, атты.
Теріс ағым қазақ елін түгел тақырға отыр­ғызды. Өңір өлексеге толды, ашыққан адам жол бойында жатты. «Аша тұяқ қалмасын, асыра сілтеу болмасын» ұраны көкке көтерілді. Тәркілеудің соңы 1932 жылдың ашаршылығына ұласты. Баймырза ел ағаларына ілесіп, халықты аштықтан құтқарып қалу үшін жанталасты. Ақбұлымда аштарды тамақтандыру орнының ашылуына ықпал жасады.
Жоғарыдан ешқандай көмек те болмады, қайта төленетін салық көбейді. Бұны дұрыстап айтқандар «халық жауы» атанып, атылды. Осындай қиын-қыстау заманда Баймырза аш құрсақ балаларды еш болмаса бір мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етуді ойлады. Сөйтіп колхоздан үш гектар жер алып, балалармен бірге жүгері егіп, баптатып, күзге қарата мектепте оқитын балаларға бір мезгіл ботқа пісіріп, ыстық тамақ ұйымдастырды. Бұл туралы кезінде газеттерде «Аш түлектерді асыраған» деген мақала жарияланған. Баймырзаның еңбек және бұдан да басқа ұлағатты тәрбиесін бүгінде қатары сиреп қалғандар еміне есіне алып отырады.
Солардың қатарында осы жолдардың авторының бірі – Әбдуәлі Данаев, мен де бармын. Төрегелді тоғанына шомылып, су-су күйі үйге кіріп келгенімде төрде шай ішіп отырған кісіні көрдім. Ақ кителінің өңірінде баданадай ақ түймелеріне қызыға қарадым. «Ассалаумағалейкум» деп барып қолын алдым. Атымды сұрады, айттым.
– Айналайын, Әбдуәлі, мектепте оқығың келе ме? – деген дауысын естігенімде әлгі кісінің мені алақанында аялап тұрғандай жұмсақ әрі жағымды естілді. Бойымды ерекше сезім биледі.
– Оқимын, – деп, әке-шешеме қарадым. Олар жарыса күлді.
– Алдындағы бауырлары Әбдіраш пен Бибісарадан әріптерді үйреніп алған. Зерек, – десті.
– Хат таниды екенсің ғой, – деп ризашылық лебізбен төрдегі кісі езу тартты. Мен мұғаліммін, атым Баймырза, – деді. Осылайша мен Баймырза ұстазбен таныстым. Ол кезде менің жасым жетіге де жетпеген еді.
– Жастық етпейді, оқып кетеді, қайта ерте сауаты ашылып,өзіңізге көмекші боп өседі. Мектепке ағасы мен әпкесіне ілесіп барады, қиналмайды. Алдағы қыркүйек айында мектепке келсін, – деді Баймырза.
Сондағы мұғалім ағайдың келбеті осы күнге дейін көз алдымда. Бойы ұзын, өңі аққұба, қара мұртты кісі болатын. Бойынан әрбір қимылы мен сөзінен зиялылықтың лебі есіп тұрды. Өзі түсінікті әрі асықпай сөйлейтін. Ең қатты ашуланғанда «қызталақ» деуші еді.
Баймырзаның ақылымен мектепке өлең жаттап барғаным да есімде. Сондағы жаттаған өлеңім:
Ленин біздің атамыз,
Саясында жатамыз.
Өсиетін орындап,
Ерлік істеп жатамыз.
Қарсы келген дұшпанды,
Қақ жүректен атамыз.
Жұрт ду қол шапалақтап, қошемет көрсетті. Тоқтамай, ешкімнен рұқсат сұрамай-ақ екінші өлеңді бар дауысыммен айта жөнелдім.
Азат дәуірі басталды,
Көп құдалау жүргізген,
Ескі дәуір жойылды,
Оқып жүрген қыздарды,
Малға сату қойылды.
Елге келді еркіндік,
Жасай бергін тойыңды.
Алақай-ау,алақай!
Көтер қыздар бойыңды.
Сөз соңында дауыс көтеріп ұрандатып жібердім.Тыңдап тұрғандар дүркіреп қол соғып ала жөнел­ді. Колхозшылар қыран-топан күлкіге бөленді. «Кім үйреткен, кіп-кішкентай болып тақылдауын қарашы» деп жатыр. Баймырза жаныма келіп, маңдайымнан сипады. «Сен үздік оқушы боласың» деді жай ғана. Шынында да Жамбылдағы №5 мектепті Шерхан Мұртаза, Қаратай Тұрысовпен бірге алтын медальға тауыстым. Мұғалім талай рет артымнан іздеп келіп, қалай оқып жүргенімді біліп қайтатын. Бәрімізге талай рет тамақ әкелгені де есімде. Сол кезде менің артымнан Баймырза мұғалім келсе, Қаратайдың әкесі Тұрыс молда тағамды молынан әкелетін. Мұндайда Шерханның көзі жәудіреп қалатын. Біз алдымен тамағымызды соның алдына қоятынбыз.
1941 жылдың 22 маусымында соғыс басталды. Жасы 44-ке толған Баймырза Бесбаев Отан қорғауға жіберу туралы арыз жазды. Қызыл Армия қатарына аттанды. Ақмолада жасақталған минометшілер дивизонына алынды. Сол құраммен 1942 жылы қыста майданға кірді. Неміс фашистерімен Воронеж қаласында алғаш рет жауға шабуыл жасау операциясына қатысты. Фашистер кері шегінді. Баймырза Бесбаев Гомель, Еремин қалаларын, Украинаның Киевін, сонан соң Польшаны азат етуге қатысты. Берлинді алуға қатысты. Жеңісті Рейхстагта қарсы алды. Жаудың бұғанасын сындырып, қабырғасын қақыратқан соғыстарда бірнеше медаль алды. Оның ішінде «Ерлігі үшін» медалі, «Отан соғысы» ордені бар. Бір сөзбен айтқанда, Ұлы Отан соғысын Жеңіспен аяқтап, 1945 жылдың тамыз айында елге оралды.
Ақбұлым кейін «Ильич» атанды. Ильич есімімен аталатын мектепке келіп, ұстаздық қызметін қайта жалғастырды. Баймырза ұстаз шәкірт тәрбиелеуде ерен еңбектері үшін мемлекеттік марапаттарға ие болды. «Қазақ ССР Ағарту ісінің үздігі», «СССР-ға Еңбек сіңірген мұғалім» төс белгілерінің қатарында Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендері жарқырап тұратын. Баймырза Бесбаев отбасында 4 ұл, 2 қыз тәрбиелеп, немере, шөбере жетектеп, 1990 жылы 93 жасқа қараған шағында бұл өмірден озды.

Баймырза ұстаздық еткен білімнің қасиетті қара шаңырағының шәкірт тәрбиелегеніне 100 жыл толыпты. Атақты педогог Баймырза Бесбаев іргетасын қалаған бастауыш төрт жылдық мектеп қазір сол кісінің атымен аталады. Бір ғасырдан бері қаншама азаматтарға білім нәрін берді десеңізші. Солардың бәрі Баймырзаның өнегелік жолын біліп, естіп өсті. Бір кездері Баймырза Бесбаев іргетасын қалаған бастауыш төрт жылдық мектеп қазір мектеп-гимназияға айналған. Мұнда тәуелсіз еліміздің өрендері оқып, білім алуда. Биыл шәкірттері мен ұрпақтары ұстаздың кеудемүсінін мектепке орнатты. Бұл ұстазға деген ұлы құрметтің бір ғана белгісі.

Әбдуәлі Данаев,
теміржол ардагері, доцент.
Мақұлбек Рысдәулет,
Қазақстанның Құрметті журналисі.
Жамбыл ауданы,
Ақбұлым ауылы

ПІКІР