Ұлағатты ұстаз – ұлт мерейі

0 99

Кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаев наурыз айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен тағайындалған «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» мемлекеттік наградасын иеленген жамбылдық білікті педагогтар – Мираш Бегілдаева және Айгүл Қалмахановамен кездесті. Басқосуда ұстаздарды жоғары дәрежелі марапатқа ие болуларымен құттықтаған аймақ басшысы бұл атаққа қол жеткізген алғашқы 25 ұстаздың қатарынан табылу асқан құрмет екенін жеткізді.

– Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов айтқандай, «Мұғалім – мектептің жүрегі» екеніне еш дау жоқ. Сіздер оқушылардың бойына адамзат баласына тән бар игі қасиеттердің дәнін себесіздер. Олардың әлемді тануына көмектесіп, тура жолға саласыздар, тәрбие бересіздер. Сіздердің табанды еңбектеріңіздің нәтижесінде жас жеткіншектер өз бойындағы дарынын дамытып, өз күштеріне деген сенімге ие болады. Олардың пән олимпиадаларында, түрлі деңгейдегі байқауларда жеңістерге жетуіне, осылайша өңірдің даңқын арттыруына сіздердің тигізген септіктеріңіз өлшеусіз. Осы орайда, құрметті ұстаздар, жыл сайынғы жанкешті жұмыстарыңыз бен болашаққа қосып келе жатқан үлестеріңіз үшін алғысымды білдіремін, – деді Бердібек Машбекұлы құттықтау сөзінде.
Өз кезектерінде облыстық ерекше дарынды балаларға арналған «Дарын» мектеп-интернатының тарих пәні мұғалімі, халықаралық және республикалық байқаулардың жеңімпазы Мираш Бегілдаева мен Жамбыл ауданы Б.Бесбаев атындағы мектеп-гимназияның орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, республикалық «Үздік педагог-2019» байқауының жеңімпазы, «Әлем педагогы» байқауына іріктеліп алынған он ұстаздың бірі атанған Айгүл Қалмаханова аталмыш награданы иелену өздері үшін биік мәртебе екенін атап өтті.

– Бүгінгі таңда ұстаздар қауымына үлкен көңіл бөлініп отырғаны қуантады. Біз мемлекет тарапынан жасалып отырған қамқорлықты барынша сезініп келеміз. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің қолынан марапатталу –
бізге асқақ абырой ғана емес, үлкен жауапкершілік жүгін артып отыр. Менің бала күнгі арманымның орындалып, білім беру саласында еңбек етіп келе жатқаныма 37 жылдың жүзі болды. Осы ретте, барлықтарыңызға көрсеткен қолдауларыңыз үшін алғысымды айтқым келеді. Үміттеріңізді ақтау үшін күнделікті талмай қызмет етемін, – дейді Мираш Бегілдаева.
Әріптесінің сөзін қоштаған Айгүл Қалмаханова да әлемдегі 400-ден астам мамандықтың ішінде ең құрметтісі саналатын ұстаздық қызметті атқарып келе жатқанын өзі үшін зор мақтаныш санайтынын атап өтті.
– Шынымды айтсам, ауыл мектебінде жұмыс істейтін қарапайым мұғалімнің еңбегі осыншалықты жоғары деңгейде бағаланады деп ойлаған емеспін. Сол себепті де «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» наградасы мен үшін аса қымбат. Осы ретте бұл марапаттың тек маған емес, менің ұжымыма, маған демеу болған, қолдау сөздерімен күш-қуат берген барша жанға, өздерінің жеңістерімен менің еңбегімнің еш кетпегенін дәлелдеп келе жатқан шәкірттеріме тиесілі екенін айтқым келеді. Бердібек Машбекұлы, құттықтауыңыз бен ыстық ықыласыңыз үшін сізге де алғысым шексіз, – деді өз сөзінде ұстаз.
Аймақ басшысы да қазіргі уақытта елімізде білім сапасын арттыруға баса назар аударылып отырғанын айтып, экономикалық ахуал қаншалықты ауыр жағдайды бастан өткізіп жатқанына қарамастан білім, медицина мен мәдениет салаларына қолдау азаймайтынына тоқталды.
– Соңғы бірнеше жылдың бедерінде педагогтардың жалақысы қаншалықты өскені өздеріңізге белгілі. Мектептердің құрылысы мен күрделі жөндеуіне қыруар қаражат бөлініп келеді. Ауыл мектептерінің материалдық-техникалық базасы қаладағы білім ошақтарынан еш кем емес. Бұл – оқу ордасының қайда орналасқанына қарамастан білім сапасының жоғары болуын қамтамасыз ету мақсатында істеліп жатқан жұмыстың нәтижесі, – деді Бердібек Сапарбаев.
Басқосу барысында мәртебелі мұғалімдерді облыстық мәслихаттың хатшысы Махметғали Сарыбеков те құттықтап, қызығы мен қиыншылығы мол жауапты кәсіпте бұдан да жоғары жетістіктерге жетуілеріне тілектестік білдірді.
Жиын соңында аймақ басшысы ұстаздарға құшақ-құшақ гүлдер мен естелік сыйлықтар табыс етті.

Мұратхан Әлімхан

Leave A Reply

Your email address will not be published.