Мәдениет

Ұлағаты — ұлылық, жандүниесі — жылылық

Толғауы тоқсан тіршілікте әрбір перзент үшін аяулы анасының орны бөлек. Тас емшегін жібітіп, тар құрсағын кеңейтіп жарық өмір сыйлаған жандарға қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Осы орайда, «ARAI» газетінің «Менің анам» айдарының тәрбиелік мәні зор деп білемін.

Менің әкем-әскери адам. Ал, анам Айша Көпжасарова көпке белгілі, әсіресе Жамбыл облысына кеңінен танымал шығармашылық иесі. Ақын.
Көпшілік анамды француз әйелдеріне ұқсатып жатады. Себебі, киімге, әшекейге, тіпті сөмке мен шашты әрлеуге де биік талғаммен қарайды. Әрі сұлулыққа жаны құмар. Анамның бұл ерекше қасиеті туған перзенттерінен ағам Айдос пен әпкем Айжанға дарыған. «Келін ененің топырағынан жаратылады» дегендей, өзге келіндеріне қарағанда мінезі, өз-өзін күтуі жағынан менің келіншегім Аиша да анама қатты ұқсайды. Анамның мінезі ашық, тілтабысқыш, өзінің сүйкімді күлкісімен, бекзаттығымен кез келген адамды бірден баурап алады.

Біздің отбасымыздың перзенттері сырт қарағанда орысша тәрбиеленген болып көрінуі мүмкін. Бірақ, мүлде олай емес. Себебі, біз үйде басымыз қосылса, тек қазақ тілінде сөйлесеміз. Біздің үйдің дастарханы тәрбие мектебі іспеттес. Дастархан ба­сын­да әкем бата беріп, өмірден көрген-түй­ге­нін құлағымызға құйып отырады. Ал, анам болса әкемнің айтқанын қоштап, ол кісіні біздерге үлгі етеді. Бұл үрдіс өз­гер­ген жоқ. Қазір есейіп, әр­қай­сы­сы­мыз бө­лек-бөлек кет­сек те, қара шаңырақ­та­ғы әке­міз бен анамызға жиі барып, бала­лары­мыз­ды ол кісілердің тәрбиесімен сусын­да­туға тырысамыз.

Ақын жүрегі ру­хани бай­лық­пен тамырлас емес пе? Анамның хоб­биі кітап жи­нау әрі оқу. Сон­дай-ақ, иман­дылық, иба­лы­лық бол­мысымен біте қайнасып жат­қан­дай. Жа­рат­қан­ның қа­ла­уы­мен анам қажылыққа екі рет барды. Әр барған сайын елінің ты­ныш­тығын, бей­біт­­ші­лік­тің баян­­ды­лы­ғын, бала-шағасы­ның аман­ды­ғын тілейтінін ай­­та­­ды. Сонымен қа­тар үйді жина­ған­ды, тамақ дайын­да­ған­ды ұнатады. Әсіресе, ол кісі­нің іркілдегін (холодец) ерек­ше жақсы көре­міз. Оны өзі де сезетін болуы керек, қай уа­қытта барсақ та, үйде сол тағам дайын тұрады.

Анам өз шығар­ма­ларына көбіне Отанға, туған жерге де­ген махаббатын ар­қау етіп, табиғат көріністерін жырмен кестелейді. Қыз-келіншектерге, құрбылары мен бала-шағасына арнаулары да аз емес. Осыған дейін бірнеше өлең жинақтарын шығарып, оқырмандарын сырлы поэзиясымен сусындатты. Ал, мен біздің үйлену тойымызда шығарған жырын оқысам, ерекше тебіреніп кететінім бар.
Кенжем едің аз сөйлейтін, көп тыңдап,
Сыр айтатын айда емес, жыл тыңдап,
Жан-тәніңде бар жарасым үндестік,
Гаухар тастай тұра тұғын жылтылдап.
Шаң тигізбей, «Бүркітім» деп үлпілдеп,
Сені, ботам, ел-жұртың жүр үкілеп,
Өр халқыңның көңілінен шыға біл,
Сұлу саз боп, әсем ән боп үлбіреп, – деген өлең жолдары әркез жүрегімде. Жасай беріңіз, жан ана!

Айбек Сейітов (Бүркіт), әнші

ПІКІР