Ұланбелдік ұл-қыздар кәсіпке бет бұруда

0 130

Өңірімізде облыс, аудан орталығынан шалғайда жатқан елді мекендер жетерлік. Соның ішінде Ұланбел ауылына табаны тимесе де, атын естімеген жан жоқ шығар. Мойынқұм ауданының батысқа қарай 150 шақырым қашықтықта, Шу өзенінің төменгі сол жағалауында орналасқан бұл елді мекен 1950 жылдары пайда болған. Әу баста қазақтың асылтұқымды қаракөл қойын өсіретін Шу кеңшарының орталығы болып құрылған ауылдың КСРО дәуірінде атағы алты алашқа тарағаны мәлім. Өйткені кезіндегі қазақ ғалымдарының ой еңбегінің арқасында Бетбақдаланың жерасты суын пайдалану арқылы құла түзде мал өргізуге болатыны дәлелденіп, Бетбақдаланы игеру мақсатында құрылған кеңшар еді бұл.

Көнекөздермен тілдесе қалсаң Ұланбелге облыс орталығынан арнайы ұшақ ұшқан заманды, қыстыгүні көкөніс жегіздірген бақ-берекені, мыңғырған малдың арқасында шырт түкірген шопанның мырзалығын тебірене еске алады. Мойынқұм мен Сарыарқаның арасын өріс етіп, жапан даланы жайлау еткен кеңшардан қазір жұрнақ та қалмаған. Әйтсе де ұланбелдіктер заман ағымынан қалмай, нарық заманына тез бейімделіп үлгергендер санатында. Өткенді аңсау бар да, көксеу жоқ. Әсіресе мұндағы жастардың соңғы уақытта еңбекке деген құлшынысы артқан.
Ауыл тұрғындарының дені ырзығын мал шаруашылығы саласынан айырып отырғаны белгілі. Мұнда 2 852 сиыр, 13 503 уақ мал, 769 жылқы, 110 түйе бар. Осы төрт түлікке біреу жемшөп дайындаса, тағы бірі оны бағумен айналысады. Қойнауына қазынамен қоса сыр бүккен Мойынқұм мен Бетбақдаланың қақ ортасында орналасқан елді мекендегі жұртшылықтың кейбірі қырдың қызыл тасын ойып нәпақа тапса, енді бірі Шу өзенінің балығын аулап күнелтуде. Негізінде тұрғындардың кейбірі аталған ауылдық округте орналасқан поштада, М.Әуезов атындағы орта мектепте, «Балдырған» балабақшасында, «Ауа райын зерттеу» пунктінде, обаға қарсы зертханада, дәрігерлік амбулатория мен ветеринариялық пунктте, Ұланбел орман және жануралар дүниесін қорғау, аудандық электр желілері мекемелерінде және «Берікболсын» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде еңбек етеді.
Аталған ауылдық округтегі 11 шаруа қожалық пен 35 жеке кәсіпкерлік нысанда еңбек ететіндер де ұланбелдіктер. Кәсіпкерлік нысандардың ішінде тұрғындар мен келімді-кетімді адамға 12 дүкен мен 2 асхана қызмет ұсынады. Әлгі асхананың екеуі де үлкен жолдың бойынан Ұланбел ауылына бұрылар тұстағы қырдың үстіне орналасыпты. Мойынқұм ауданына іссапармен барып, құм қойнауында орналасқан осы елді мекенге ат басын бұрғанымызда, әлгі асханалардың саудасын негізінен тұз, шөп, тас артқан ауыр жүк көліктері қыздырып тұрғанын көрген едік. «Ала атты қожа күнде келе бермейді» деген нақылға жүгінген болуы керек, ауылдық округ әкімдігінің бас маманы Талғат Үсембаевпен тілдескенімізде ол Ұланбел ауылында жүзеге асырылып жатқан жүйелі жұмыстардың жайын тарқата жөнелді. Соның ішінде біз жастарға қатысты атқарылып жатқан шаруаларды түртіп алуға тырысқан едік. Айтуынша, 207 түтіннен тұратын Ұланбел ауылында 991 тұрғын бар екен. Оның ішінде 14-29 жас аралығындағы жастардың саны – 174. Жастар арасында 13-і биыл ақылы қоғамдық жұмысқа тартылса, «Жастар тәжірибесінен» өтуге екі адамға жолдама беріліпті.
Жастар арасында жұмыссыздық мәселесін азайту бағытында атқарылып жатқан шаруаның бірі – олардың кәсіппен айналысуына жағдай жасау. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқасында шағын бизнеске бет бұрып жатқан жастар қатары жыл санап артып келеді екен.
– «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арқылы «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі, аз қамтылған отбасыларға қайтарымсыз грант берілуде. Өткен жылы аталған бағдарлама бойынша ауылда өз кәсібін дамыту үшін 3 азамат мемлекеттен 555 мың теңге қайтарымсыз қаржы алып, екеуі ешкі малын өсіруге ден қойса, біреуі жемшөп турайтын құрылғы сатып алып, өз істерін дөңгелетіп отыр, – дейді Т.Үсембаев.
Бақытын атакәсіптен тапсам деген ниетпен мемлекеттен қайтарымсыз қаржы алған жастың бірі – Бексұлтан Қостай. Ол бұрнағы жылы мемлекет есебінен грант алып, ол қаржыға 80 қой сатып алыпты.
– Ұланбел ауылында туып-өстік. Үйде үш ағайындымыз. Жасым 23-те, үйдің үлкенімін. Соңғы уақытта мемлекет кәсіппен айналысамын деген адамға барлық жағдайды жасап жатыр. Мен де өз ісімді ашсам деген ниетпен бұрнағы жылы аудандық жұмыспен қамту орталығының мамандарына жолықтым. Онда кәсіпке бейімі бар жастардың қысқамерзімді оқыту курсынан өтіп, ұсынған өміршең жобасы үшін мемлекеттен қайтарымсыз қаржы алуға болатынын білдім. Осылайша арнайы оқытудан өтіп, қолыма сертификат алғаннан кейін өз жобамды сәтті қорғап шықтым. Нәтижесінде 3 миллион теңге қайтарымсыз қаржыға қол жеткіздім. Аталған қаржыға облысымыздың орталығына жақын маңда орналасқан іргелі шаруашылықтың бірінен қазақы құйрықты әрі қылшық жүнді 80 қой сатып әкелдім. Қаржының бір бөлігін қора-жай салып, қысқы мал азығы үшін жемшөп сатып алуға жұмсадым. Түлікті төлі есебінен көбейтуді көздеп, еңбектенудің арқасында малым бүгінде екі жүзге жуықтады. Малымды Ұланбел орман және жануралар дүниесін қорғау мекемесіне тиесілі жердің мал жаюға болатын аумағында жайып отырмын. Мақсатым – мал санын көбейте отырып, шаруашылығымның аясын кеңейту. Жұртшылықты жұмыспен қамтып, болашақта маңайдағы тұрғындарды ет және ет өнімімен қамтамасыз ету. Осы мақсатқа жету үшін тек еңбектене беруім қажет, – дейді Бексұлтан Болатұлы.
Биыл Ұланбел ауылында екі әйел азаматына 583 мың теңге беріліп, олар тігін цехын ашыпты. 6 адамға қысқамерзімді оқуды аяқтағаны туралы сертификат берілген екен. Тағы екі тұрғын кәсіпкерлік негіздері бойынша оқыту курсынан өтіп жатқан көрінеді. Нәзікжандылардың бірі «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамының аудандық филиалынан
15 миллион теңге несие алу үшін құжаттарын өткізіп қойыпты. Былтыр да осы қаржы ұйымынан ауыл тұрғыны Жұман Қасым 4 миллион теңге, Садық Қажымұқан 2 миллион 800 мың теңге несие алып, мал өсірумен айналысуға ден қойған екен. Мұндағы жастардың соңғы 3-4 жылда мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауларды мүлт жібермеуге тырысып, бар мүмкіндікті пайдалануға тырысуы қуантты.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ,
Мойынқұм ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.