Жамбыл жаңалықтары

Ұлт пен ұрпақ санасының түпнегізі

Written by Aray2005

Облыстық Шоқан Уәлиханов атын­да­ғы әмбебап ғылыми кітапханасында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласындағы маңызды мәселелерді талқылау мақсатында зиялы қауым өкілдерімен басқосу өтті. Жиында ұтымды ұсыныстар айтылып, қордаланған мәселелер қаузалды.

Шараны ашып беріп, жүргізіп отырған облыс әкімдігі Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Берік Бегалиев алғашқы сөз тізгінін ҚР Еңбек сіңірген әртісі, Асқарбек Сейілханов­қа берді.
– Шынтуайтына келгенде ақын Қадір Мырза Әлі айтпақшы, біздің тарихымыз ұлы, үлкен, бірақ кітабымыз кішкентай, пышақтың қырындай ғана. Жасыратын ештеңесі жоқ, көзімізді байлап, тарихты бұрмалап, қолдан жасаған 300 жыл уақыт біздің үлкен қасіретіміз. Ұлтымыздың трагедиясы. Ал, енді «Рухани жаңғыру» бағдарламасынан кейінгі Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы біздің ертеңімізге, әсіресе, жас ұрпаққа үлкен бағыт-бағдар. Алысқа бармай-ақ айтсақ, осы кезге дейін архивтердің барлығы жабық болды. Облыстық архивтің өзінен кезінде қажет дүниелерді алу үшін құзырлы мекемелерге хат жазып, сұрап, оның өзінде бермей, жауабын екі-ақ ауыз сөзбен қайыратын. Шындығын іздеп, шыр айналып жүретінбіз. Кейбір оқиға деректері әлі де сол архивтің ішінде жатыр. Енді Елбасы мақаласы осының барлығына жол ашады деп ойлаймын, – деді мәдениет саласының майталманы өз сөзінде.
Басқосуға Елбасы мақаласында айтылған бағыттар мен мәселелерге қатысты сала ардагерлері, білікті мамандар шақырылған болатын. Жиын барысында белгілі мұрағат­танушы, Қазақстанның құрметті журналисі Мақұлбек Рысдәулет те өзінің бірқатар ой-пікірін ортаға салды.
– Бұл мақала халқымызға үлкен серпіліс әкелді. «Уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталады» деген Елбасы әлемнің өркениетіне, мәдениетіне, тұрмысына үлес қосқан Ұлы далада өмір сүрген ата-бабаларымыздың жеті қырын айта келіп, соны қалай көрсету керектігін жеткізді. «Архив – 2025» деген бағдарлама құру қажеттігін тапсырды. Айтылған дүниелердің барлығын архивтер мен археологиялық қазба жұмыстарынан анықтауға болады. Анықталып та жатыр. Біздің облыстық архивте 5 мыңға жуық құжат бар. Қазір солардың барлығын цифрлы жүйеге өткізудеміз. Архив соңғы жылдары тек Жамбыл облысына қатысты деректерді жинаумен айналысуда. Мәселен, біздің облыс 1939 жылы құрылғанын жақсы білесіздер. Келер жылы 80 жыл толады. Оған дейін өңірге қатысты құжаттар Түркістан облысында, Алматыдағы республикалық орталық архивтерде сақталған. Осы бағытта да соңғы он жылда көп құжаттардың көшірмелерін алдық. Мақала, кітаптар жазылды. Бізге келушілер көбіне 1917 жылғы қазан төңкерісіне дейінгі кезеңді іздестіреді. Бірі әкесін, бірі атасын сұрастырады. Ал, ол құжаттар бізде жоқ. Олар Ташкентте немесе Санкт-Петербургте сақтаулы. Мүмкін сол жерге баруымыз керек шығар. Үлкен тарихты меңгеру үшін алдымен өзіміздің кем-кетігімізді толықтырып алуымыз керек қой деп ойлаймын.
Сонымен қатар, Елбасы тарихи археологиялық қозғалыстар болуы керектігін өте жақсы ұсыныс ретінде айтты. Біздің екі мың жылдық Тараздың маңайында 20-дан аса ортағасырлық тарихы бар қалалар, сақ қорғандары жатыр. Соны зерттеп білдік пе? Қазір жабайы қазулар басталды, ұрлап, тонап жатыр. Оны бұрын да қазған. Бүгін де қазуда. Бізде алтын адам болмаса да тарихымызды нақтылап, айшықтай түсетін бұдан да құнды деректер жатқан шығар. Бірақ, археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуге шамамыз келмей жатыр. Біз көбінде Алматыдағы археологтарға қарап тұрамыз, солар қашан келеді, қашан қазады деп. Сондықтан да өзімізде археологиялық зертхана ашу керек. Тараздың екі мың жылдық тарихи тереңіне түстік пе? Түскен жоқпыз әлі. Себебі, мамандар жетіспейді. Мәселен, тарихшы-археолог Сауран Қалиев үстіміздегі жылы Жуалы жерінен біздің дәуірімізге дейінгі қаланы қазып шықты. Ал, Қазақстанда біздің дәуірімізге дейінгі қала орнын қазумен айналысатын археологтар өте тапшы екен. Оның қай жағынан келу керегін білмейді көбісі. Ол Отырар секілді ортағасырлық қала емес. Құрылысы өте басқаша, өрнегі өзгеше. Оған өз маманы қажет. Сондықтан Елбасы мақаласы осындай көп дүниені ашуға, өзімізді өзіміз танып, өзгеге танытуымызға жол сілтейтіндігі айдан анық. Қолдаймыз, қуаттаймыз, – деді қаламгер.
Мақаланың маңызды салмағы ұлттың тарихи тегіне, шындығы шаң басқан шежіресіне қатысты болғандықтан, осы саланың саңлақтары да назардан тыс қалған жоқ. Құм астындағы құндылықтарды өз қолымен аршып жүрген тарихшы, археолог, облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының аға ғылыми қызметкері Сауран Қалиев бірқатар тың деректерімен бөлісті.
– Елбасының мақаласы кездейсоқ туындаған дүние емес. Тарихы тереңде жатқан Ұлы даланың жерінде өмір сүріп, әлемдік өркениетке өзіндік үлес қоса білген халықтың тарихын танып білуге бағытталған бағдарлама, ұлттық тарихи құжат деп білуіміз керек. 1865 жылы Өзбекстанның астанасы Ташкентте Түркістан археология әуесқойлары үйірмесі құрылған болатын. Соның құрамында болған ғалымдар осы ежелгі Таразды, қасиетті Әулиеата төңірегін зерттеді. Одан кейінгі 1938 жылы Әулиеата жерінде археологиялық пункт болды. Шындығына келгенде Елбасы мақаласы осы ұлттық тарихты зерделеуге бағытталып отыр.
Біздің мәдениетіміз осыдан бес мың жыл бұрын қалыптасқан. Жалпы, қазақ жері ұлы мәдениеттер көшінің орталығы, эпицентрі болған. Біз әртүрлі мәдениеттерді өзімізге сіңіре алдық және өзіміз де соны жасай білдік. Атқа міну мәдениетін әлемге таныттық. Солтүстіктегі Ботай қонысы жылқыны ең алғашқы қазақ халқының, прототүркілердің осы жерде қола дәуірінің өзінде қолға үйреткендігін нақтылап кетті. Сонда кішкентай ғана бір тостақтың түбіне қатып қалған зат анықталды. Оны зерделеп, саралайтын бізде зертхана жоқ. Немістер мен американдықтар нақтылап берді. Сөйтсек, ол қыш ыдыстың түбіндегі қатып қалған жылқының сүті – қымыз екен. Ал, енді жылқыны қолға үйретпесе, ол қымыз қайдан болады? Сонымен қатар, мысалы кәрі құрлықтағы итальяндықтардың Рим мәдениетін айтамыз. Адам өркениетінің негізін қалаған дейді. Олай емес. Сол Римнің өзіне атты апарған біздің прототүркілер, арғы аталарымыз – сақтар болып отыр. Қос доңғалақты арбаны соларға ең бірінші рет апарды.
Ал, аң стилі тұрғысында алысқа бармай-ақ, Жамбыл ауданы, Ақбұлым ауылының жоғарғы жағындағы Қамыстыбұлақ, Қарасай шатқалын мысалға алсақ жетеді. Сонда қола дәуірінен бастап кейінгі орта ғасырға дейінгі жартастың бетіне салынған бейнелер сақталған. Оның ішінде бұғы, арқар, тауешкі, түйе секілді жануарлардың бейнесі бар. Қола дәуірінде осы жерде өмір сүрген халық өзінің танымын тасқа қашап сала білді. Және бізде Жетітөбе атты ерте темір дәуіріне жататын обалы қорым бар. Сол жерге жүргізілген археологиялық ғылыми зерттеу жұмыстары барысында 46 дана алтыннан жасалған әшекей бұйымдар табылды. Басым көпшілігі аң стиліндегі бейнелер. Кейбір ою-өрнектер өте ұсақ элементтерден тұрады. Қазір қарап отырып, оны көре алмайсыз. Оны тек жақындатып көрсететін арнайы құрылғылармен ғана көруге болады. Міне, мәдениетіміздің, өнеріміздің арғы тарихы тереңде жатқандығының айқын дәлелі, – деді Сауран Қалиев. Сонымен қатар, ол мақалада айтылған Ұлы даладағы ежелгі металлургия туралы да ойларымен бөлісті.
– Ерте темір дәуірі кезінде Ақыртастың жоғарғы жағында алтынды қазып алатын кен орындары болған. Сол уақыттағы халық алтынды сол жерден алған. Біз өзге жерден көшіп келген жоқпыз. Біз сол тарихты жасаған халықтың ұрпағымыз. Осы уақыттардың ішінде біз шетелдердегі үлкен архивтерден құжаттарды жинастырдық. Соның арқасында қазір 2 мыңнан астам Ұлы дала тарихына қатысты деректерді анықтадық. Әрине, әлі де көп. Оларды алдағы уақытта саралап, елге жеткізу міндеті тұр.
Рас, біз көне Тараздың тарихына шынайы бара алмадық. 2011- 2018 жылдар аралығында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары барысында біз Тараз қаласының
VI ғасырға дейінгі мәдени қабатын аштық. Тараз Ұлы Жібек жолы бойындағы тек саудагерлердің ғана қаласы емес, мәдениет пен өнердің, ғылымның ордасы, – деп тарихшы, археолог Голландияға бұрнағы ғасырларда қызғалдақ гүлінің Ұлы Жібек жолы арқылы біздің топырақтан таралғанын, іңкәрлік символына айналған қызғалдақ гүлінің түп төркіні Меркі, Жуалы мен Қаратау бөктері екенін тілге тиек етті.
Бұдан әрі сөз алған облыс әкімдігі туризм басқармасының бөлім басшысы Қажы Жомарт Жайнақұлы Елбасы мақаласында айтылған құнды ой-пікір, ұтымды ұсыныстар негізінде өңірге туристерді тартуға бағытталған шаралармен таныстырып өтті. Оның айтуынша, өңірге келген турист аймақтағы барлық тарихи орындарды аралау үшін кемінде 5 күнін жоғалтады екен. Себебі, тарихи нысандар бір-бірінен қашықта орналасқан. Сол үшін арадағы жолдарға жүргізілген жөндеу жұмыстарының сәтті аяқталуы да үлкен олжа. Ол сонымен қатар, өңірдегі балалар туризмін дамытуға бағытталған жұмыстарды да жіпке тізіп атап өтті.
Ал, Ұлы даланың ұлы есімдерін ұрпаққа ұлықтау мақсатындағы оралымды ойын ортаға салған облыстық «Jambyl» телеарнасының директоры Жасұлан Әбдіманап Елбасы тарапынан берілген тапсырмаларды орындауда әлі де нақтылық қажет екенін жеткізді.
– «Рухани жаңғыру» бағдарламасын Елбасы жариялағанда біз оны жіті түсіне алмадық. Ең аяғында екі тал еккен сенбілік өтіп жатса да «Рухани жаңғыру» аясында» деп берекесін алдық. Мына мақала Елбасының рухани жаңғырудың тал егу емес, тарихымыз екенін тағы да түсіндіріп бергендей.
Тараздың тарихын там-тұмдап білетін ағалар бас қосып алып, бір-бірімізге айтып жатырмыз. Олай жасауға болмайды. Егер бұл мақаладан нәтиже шығарамыз десек, оны талқылаудың қажеті жоқ. Бұл Елбасының талай жылғы тебіренісінен туындаған толғауы. Бұл – тапсырма. Біз оны орындауымыз керек. Қалай орындаймыз, не істеуіміз керек?
Ең алдымен біз ұлтты тәрбиелейміз деген ұранды қоюымыз керек. Әр адам әуелі өзінің үйіндегі баласын қазақша сөйлеуге, тарихты білуге тәрбиелесе, онда қазақтың ұлтты сүю деген проблемасы шешіледі. Сондықтан ескі сарындағы форматтардан арылуымыз керек. Креативті дүние қашанда трендте. Мен осы жаққа келгелі бері бізге анимациялық мультфильм керек деп айтып жүрмін. Біздің Жамбыл облысында 3D форматта анимация жасайтын бір-ақ маман бар. Ол – Сәбит Жамбаев. Жанымызда жүр, қолынан іс келеді, бірақ қолдауы жоқ. Осындай жігіттерге нақты ұсыныс беріп, қолдау білдіруіміз қажет.
Тараз – махаббаттың символы дейміз. Әлемде махаббаттың символына орнатылған ескерткіш екеу-ақ, бірі Үндістандағы Тәж Махал, екіншісі Қарахан мен Айша бибі. Тәж Махалды үндістандықтар алақанына салып, аялап отыр, біз Қарахан мен Айша бибіні үйлену тойындағы «гулянкада» мас болған жастар баратын жерге айналдырдық. Міне, әңгіме осыда. Біз Қарахан мен Айша бибінің махаббатын дәріптейтін мультфильм жасайық. Одан кейін ат өнері туралы айтсақ. 2011 жылы Ботай қонысында болдым. Тура сондай жылқының жалғастығы ретінде біздің Жамбыл өңірінде Абсентіміз бар. Үш дүркін Олимпиада чемпионы болған Абсенттей ат жоқ. Қазір оны сұрасаң, бәйгедегі ат дейді. Бұл бәйге аты емес, ол билейтін ат. Үш рет Әлем чемпионатын ол билеп алды. Сол Абсентке байланысты бір фильм түсіру жоспарда бар. Бәйдібек атамыз бен Домалақ ана туралы мултьфильм түсіруге де болады. Осындай дүниелерді жасасақ дейміз. Біз осындай жиналыстарда талқылаймыз, бірақ нақты ұсыныс бере алмаймыз. Осында айтылған ұсыныстарды хаттамаға түсіріп, сонымен жұмыс жасау керек, – деген облыстық телеарна басшысы Тоныкөктен бастап, Алаш зиялылары айтқан асыл сөздерге дейін анимациялауды, өскелең ұрпаққа Бэтмен мен Шректен гөрі Абылайдай хандарды, Сыпатайдай батырларды көрсетуді ұсынды.
Шара соңында зиялы қауым өкілдері, мәдениет саласының ардагерлері, ғалымдар, тарихшылар, қолөнер шеберлері, жоғары оқу орындарының оқытушылары өз ұсыныс-пікірлерімен бөлісіп, тұшымды ойға тұздық болар жоба-жоспарларын саралады.

Нұржан Қадірәлі

ПІКІР