"Шабыт"

Ұлт рухының жаршысы

Written by Aray2005

Шерхан Мұртаза! Бұл есімнің халық жадында жатталғанына елу жылдан асып кетті. Сол елу жылда әдебиет пен журналистикаға небір таланттар келіп қосылды. Бірақ олардың арасында Шерхан жұлдызы еш көмескіленбей, қайта бұрынғыдан да жарқырап, әр жүрекке нұр құя түсті.
Ол әдебиет пен журналистикаға келген 50-жылдардың аяғы мен 60-жылдардың басында қазақ әдебиетінің классик-прозаиктері Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Ғабиден Мұстафиндер нағыз дер шағында болатын. Сталиннің заманында жаза алмағандарын жазып қалуға асығып жүрген. Бұл кезеңде ақталған арыстар – Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіровтердің өздерімен бірге тұтқындалған шығармалары қайта жарық көріп, халық әлі оларға шөлін қандыра алмай жатқан.
Олардан кейінгі толқын – Бауыржан Момышұлы, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Тахауи Ахтанов, Тәкен Әлімқұлов, Бердібек Соқпақбаев, Қалтай Мұхамеджанов, Сафуан Шаймерденов, Зейнолла Қабдолов таланттарының жарқырайтыны да осы тұс. Айдаудан оралған Хамза Есімжанов, Зейін Шашкин, Ілияс Есенберлиндер бөгетті бұзған ағын судай өз романдарын бірінен соң бірін берді.
Дәл сол кезеңде қазақ әдебиетіне алдындағы ағаларындай төңкерісті, ашаршылықты, тәркілеуді, ұжымдастыруды, қуғын-сүргінді, соғысты көзімен көрмесе де, көбісінің әкелері сол зұлматтардың құрбаны болып, өздері өксіген аналарының етегіне оралып өскен бір топ талант келіп қосылды. Бек Тоғысбаев, Шерхан Мұртаза, Жайсаңбек Молдағалиев, Рамазан Тоқтаров, Әкім Тарази, Қалихан Ысқақ, Сайын Мұратбеков, Сәкен Жүнісовтердің қатарын көп ұзамай Мұхтар Мағауин, Әбіш Кекілбай, Асқар Сүлейменов, Оразбек Сәрсенбаев, Дүкенбай Досжан, Марал Сқақбаев, Бексұлтан Нұржекеев, Қабдеш Жұмаділов, Төлен Әбдіков, Әнес Сарай, Қажығали Мұхаметқалиев, Оралхан Бөкей, Дулат Исабеков, Тынымбай Нұрмағамбетов, Мархабат Байғұтовтар толықтырды. Тізімді одан әрі жалғастыра беруге болады. Бірақ жазушы Шерханның қандай таланттармен қатарласа шыққанын білу үшін осының өзі де жеткілікті болар…
Шерхан Мұртаза осылардың ішінде бірден қара үзіп шықты деп айтсам күпірлік болар. Зерттеушілердің жазуына қарағанда өз заманында Иоганн Себастьян Бахтан да кең танылған, шығармалары Король оркестрінде көп ойналған композиторлар болыпты.
Шерхан Мұртаза әдебиетке келген жылдары да небір дуалы ауыз аға жазушылардан бата алып, әдебиет сыншыларының мадақ мақалаларынан түспейтін немесе аты-жөндері алдымен аталатын жазушылар аз болған жоқ. Алайда солардың бәрі әдебиет көгінде жарқырап жұлдыз болып жанды деп айта қою қиын. Тіпті соңғы 20-30 жылда уақыт сынына төтеп бере алмай, есімдері мен шығармалары көмескілене бастағандар да кездеседі.
Иоганн Себастьян Бахтың шығармалары кезеңдік корольдің талғамынан шықпаса да, кейіннен бүкіл әлем жұртшылығының жүрегінен орын алды. Кезінде «редакторлықтан кетсе, жазушылықтан да кетеді» деген ұрда-жық сынға ұшыраған Шерхан Мұртаза жазушылықтан да, редакторлықтан да кеткен жоқ. Ол «ертеден шапса, кешке озған, еңістен шапса, төсте озған» ерен жүйріктің өзі болып шықты. Бір кезде «айналасы жұп-жұмыр тегіс келген» әңгімелерден бастаған жазушы қазақ әдебиетіне көп томдық роман әкелген санаулы қаламгердің биігіне көтерілді. Қызметін баспаның редакторлығынан бастап, ұзақ жылдар республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының басшысы, Парламент депутаты болып, қаламгерлік пен қайраткерлікті қатар алып жүрді. Сондықтан Шерхан Мұртаза туралы әңгіме қозғағанда оның жазушылығын бөлек, қайраткерлігін бөлек айтуға болмайды. Онда XX ғасырдың екінші жартысы мен XXI ғасырдың бірінші жартысында қазақтың аса биік тұлғаларының бірінің дәрежесіне көтерілген қайраткер-қаламгердің бүкіл болмысы ашылмайды. Жартыкеш болып қалады. Өйткені бұл қайраткерліктің бай дәстүрі бар. Шерхан соны жалғастырушы ғана.
Қазақ халқының тарихында сөз ұстағандардың көбісі белгілі дәрежедегі билік тұтқасын да ұстаған. Ұстамағаны билік басындағылардың қасында болған. Ежелден келе жатқан осы үрдіс қазақ тәуелсіздігінен айрылған тұстан бастап біртіндеп тыйылды. Ресейге бодан болған дәуірде қазақ үш бөлшектеніп, Орынбор, Омбы, Ташкенттен өзге халықтармен араластырыла басқарылды. Кейіннен округтердегі басшылықты да орыс өз қолына алды. Қазақтарға ауыл арасының билігі ғана қалды.
Осыдан қазақ билеушілері мен ақындарының арасы алшақтап кетті. Тіпті хандық билік кейінірекке дейін сақталған (дәлірек айтқанда қайта ашылған) Бөкей ордасының ханы Жәңгірге Махамбетті «Хан емессің, қасқырсың» дегізген он екі старшын Берішті бөлшектетіп қойған патша саясатының салдары. Өйткені Жайықтың арғы бетін патшадан зорға сұрап алған Бөкейдің де, оның ұлы Жәңгірдің де ол жерге барлық Берішті орналастыратындай құдіреті болмады. Ал Жайықтың бергі бетіндегі селдір сояу шөптерден басқа ештеңе өспейтін күлдей майда күлгін топырақтың шаңына қаталаған халықтың да үйреншікті өрісіне ұмтылуы орынды еді.
Махамбеттен кейін қазақ әдебиетіндегі азаттық жыры алыста қалған сарынға айналды. Енді билік басындағылардың оң тізесіне отырмақ түгіл, орысқа, болысқа сөйлеп қойған ақындар қуғынға ұшырады. Олардың жырында сарыуайым мен шарасыздық басым түсе бастады. Ақындар тұсаулы халқының келешегін ойлап күңіренді. Мұны қазір әдебиетімізде «Зар заман» ағымы деп жүр. Бұл сарыуайымды XIX ғасырдың бірінші жартысындағы отаршылдарға қарсы көтеріліс жырлары да баса алмады.
Кеше ғана хандар мен батырлардың қасынан табылып, халқын ерлікке, азаттыққа үндеген ақындардың кейінгі ізбасарлары той-жиынның жыршысы дәрежесінде ғана қызметке қажет етіліп, поштабай мен болыстан көрген жәбірін жырлайтын болды. Ұлт рухын көтеретін жырларды жеке адамның жан азабын ашатын өлеңдер алмастырды. Ақындардың «Оралыңның барында ойна да күл, қаларсың сен де бір күн жер томпайтып» деуден басқаға шарасы қалмады.
Дуандарды әлі орыстар билей қоймаған кезде Шоқан Уәлихановтың аға сұлтандық сайлауына түсуінің, ал Абайдың қазаққа болыстықтан басқа бірінші билік тимей қалған кезде болыс сайлануының төркінінде қазақ қоғамы мен оның ақындарының осынау шарасыз күйін сәл де болса жеңілдету ниеті жатыр.
Ханы жоқ, ал ақыны мен ақылдысы ауыл арасынан аспай қалған кезеңде қазаққа Абай келді.
XX ғасырдың басында қазақ ақын-жазушылары ұлт рухын қайта биіктетіп, азаттық идеясын уағыздады. Олар ежелгі үрдіс бойынша қаламгерлігімен ғана емес, халқына қайраткерлігімен де қызмет етті. Тарихи жағдай олардың қайраткерлігіне зәру еді. Халқымыз ұлттық рухы биік, адамның жанына не керек екенін жіті сезінетін басшыға Ахмет Байтұрсынов заманында да, одан кейін де, тіпті қазір де зәру. Өйткені Сталин 1937-38 жылдары қазақ зиялыларының қаймағын қалқып тастады. Онымен тоқталмай, ұлттың рухын көтеретін қазақтың өткендегі әдебиеті мен тарихына тыйым салынды. Оқытылса да бұрмаланып, колонизаторлық көзқараспен оқытылды. Ондай білім алғандар өз ұлтының өткеніне менсінбеушілікпен қарап, болашағы жоқ дегенге құлай сенді. Сөйтіп, жоғарылы-төменді билік басына ұлттық рухтан жұрдай ұрпақ келе бастады.
Сол кезеңде ұлттық рухты қазақтілді баспасөз ұстап тұрды. Әсіресе Шерхан Мұртаза басқарған басылымдар. Бұл тұста көкейіндегіні айта алатын бұндай басылымдарды барша жұрт қуалап жүріп оқыды. Шерханның «Лениншіл жасы» мен «Жалыны», «Жұлдызы» мен «Қазақ әдебиеті» жанам деген мыңдаған, миллиондаған жастардың жүрегіне от берді. Оралхан Бөкей айтқандай, Шерхан Мұртазаның баспасөздегі басшылық қызметі – өзінше бір университет. Арнаулы монографиялық зерттеуді қажет ететін тақырып.
Алпысыншы жылдары Шерағаң басқарған «Лениншіл жасқа» болашағы аса зор деп есептелген Әбіш Кекілбай, ұмытпасам, «Қазақ әдебиетінен» ауысып барды. Сол кезендегі ең талантты сыншы әрі ақын әдеби апталық басылымды күнде шығатын жұмысы ауыр «Лениншіл жасқа» неге айырбастады? Сол кезеңде бұл басылымда Қазақстанның әр қиырынан шыққан таланттар Мұхтар Шахановтың, Фариза Оңғарсынованың, Оралхан Бөкейдің, Кәрібай Ахметбековтің, Сейітқазы Досымовтың, Серік Әбдірайымовтың, Кеңшілік Мырзабековтің, Оразбек Серсенбаевтың, Ақселеу Сейдімбектің, Кәдірбек Сегізбаевтың жиыла қалуы кездейсоқтық па?
Немесе «Маршал Жуков келген майдан жеңіске жетеді» деген сияқты, Шерхан Мұртаза басқарған басылымдардың таралымы күрт өсіп, өзгелерден қара үзіп кетуінің себебі неде? Ол басқарған жылдары «Лениншіл жастың» да, «Жалынның» да, «Жұлдыздың» да, «Қазақ әдебиетінің» де, «Егемен Қазақстанның» да, Қазақстан телерадиосының да сапалық деңгейі күрт көтеріліп, көпшіліктің іздеп оқитын, сүйсініп тындайтын бұқаралық ақпарат құралына қалай айналды?
Рас, Шерхан Мұртаза партия шешімдерінің аясында жұмыс істеді. Бірақ сол шешімдерді шолақ ойлы дарынсыз редакторлар секілді құрғақ қайталамай, шығармашылықпен келді. Ұлттық рухты оятатын әрбір сәтті ұтымды пайдаланды. Шындықтың бетіне тура қарауға тырысып бақты. Оның бұл батылдығы біліктіліктен шығатын, жүректіліктен туатын. Сөйтіп, ол өзін жүрегінің түгі бар, табанының бүрі бар редактор ретінде көрсетті. Әрине, оның «Лениншіл жасы» Ахмет Байтұрсыновтың «Қазақ» газеті (1913-1919 жж.) емес еді.
Ахмет Байтұрсыновтың айналасына топтасқандар «Алаш» партиясының Қазақ автономиясының бағдарламаларын жасауға белсене атсалысты. Сөйтіп, нақтылы тарихи жағдайға байланысты үлкен миссия атқарды.
Бірақ Шерханның өзі мен оның «Лениншіл жасынан» шыққандардың да тарихи миссиясы осал бола қойған жоқ. Олардың әрқайсысының кейінгі еңбектеріне зер салып көріңіз.
Рас, Ахмет Байтұрсынов және қазақты оятқан басқа да аталарымыздың өмірі қысқа болды. Бірақ одан кейінгілерінің ішінде де Шерхан Мұртазадай баспасөз басшылығында тұрақтылық танытқан ешкім болған жоқ. Болса да олар қайраткерлік дәрежеге көтерілмеді.
Жазушы Шерхан Мұртаза өзінің шығармаларын шығармашылық демалыс алмай-ақ, қызмет үстінде жүріп жазды. Сырт қарағанда ол жазушылық шеберлігін танытқан алғашқы әңгімелерінен кейінгі хикаяттарында, кейбір әңгімелерінде партияның үндеулеріне үн қосып, өз уақытының талабына ғана жауап беретін шығармалар жазып жүрген сияқты көрінді. Шын мәнінде, кез келген қаламгер үшін ең қиын тақырып – өз заманы. Өйткені өз заманындағы оқиғаларға ең әділ қазы – уақыт әлі төрелігін айтқан жоқ. Демек, сол төрелікті уақыттан бұрын жазушының айтуына тура келеді.
Екіншіден, жазушының өзі заманының қат-қабат құбылысын жазушылық лабораториясынан өткізе алмай жатады. Үшіншіден, өткізіп үлгерді дегеннің өзінде оның көзқарасы сол кездегі ресми идеологиямен қабыса бермейді. Сондықтан да шығармасы солақай сынға ұшырамас үшін ол жасандылыққа ұрынады. Жасандылықты жібергісі келмеген кірпияздарының жазғандары күзеуге түседі. Төртіншіден, қаламгер жүрек қалауымен, өзі қыр-сырын жақсы білетін тақырыптарды ғана жазуға тиісті. Ал Шерхан Мұртазаның жас кезінде партия жазушылардың өндіріс пен тың игеру тақырыбына жазғанын қалады. Бірақ бұл тақырыптарды қазақ ауылынан шыққан жазушылардың бәрі бірдей жаза алмады, жазса да көңілдегідей болмады. Тіпті Мұхтар Әуезов сынды ұлы қаламгердің өзі партияның қалауымен көптеген шығармалар жазды. Алайда олардың бәрі сәтті болды дей қою қиын.
Ертеректе жаңа заман тақырыбынан жұлдызы жанған Ғабиден Мұстафин еді. Одан кейін еске түсетіні Саттар Ерубаевтың «Менің құрдастарым», Зейін Шашкиннің «Теміртау» романдары, Жайсаңбек Молдағалиевтің тың жерді игерушілер туралы шағын жанрдағы шығармалары.
Ал 60-70-жылдары тың игеру мен өндіріс тақырыбын Шерхан Мұртазадай өндіре жазған жазушы сирек. Оның «Табылған теңіз», «Белгісіз солдаттың баласы» атты хикаяттары мен бірсыпыра әңгіме-очерктері тың игерушілер, «Бұлтсыз найзағай» хикаяты мен «Қара маржан» романы кеншілер өмірінен жазылды. Бір роман, үш хикаят және бірнеше әңгіме-очерктер. Жазушының бұл саладағы туындылары саны жағынан да, сапасы жағынан да елеулі еңбектер. Олар жазылғалы 40-50 жыл өтсе де, уақыт шаңына көміліп қалмай, қайта басылым көруде. Ал «Қара маржан» үшін жазушыға республиканың Мемлекеттік сыйлығы берілді.
Демек, жас жазушы кезінде көп қаламгерлер үркектейтін тақырыпты игере алған. Ол өзгелерге ұқсап қысқа командировкалармен ғана қанағаттанып қалмай немесе баспасөз мәліметтеріне ғана сүйеніп, шығармаларын қиялдан құрмай, солтүстік облыстарда тілші болып істеп, болашақ кейіпкерлерінің ортасында жүрді. Міне, Шерхан шығармаларының сәтті шығуының бір себебі осында. Қиындықтан қорықпау, өмірдің қайнаған ортасында жүру – қаламгердің қанында бар қасиет. Ол бұл қасиетінен өмірінің соңына дейін айныған емес. Ылғи да өмірдің алғы шебінде жүріп, халықтың мүддесін үкіметке жеткізе жазды. Және де «жаздым, бітті» деп қарап қалмады. Сол кемшілікті жоюға өзі де қаламымен ғана емес, азамат басшы ретінде қолынан келген қарекетімен де жан-тәнін сала кірісті. Бір сөзбен айтқанда, «битке өкпелеп тонын отқа жақпады». Үкіметіне тасадан тас атып қойып бұғып отыра беру –қаттырақ айтсақ, ниеті түзу еместердің, жұмсартып айтсақ, «сөзге бар да, іске жоқтардың» тірлігі. Ал Шерхан Мұртазаның қаламы мен қарекетінің қатар жүретіндігі үкіметке, я халыққа жағынуы емес. Үкіметтің нағыз халықтық үкімет болуы жолындағы қайраткерлігі, керек болса, күрескерлік тәсілі. Үйде жатып алып жазғаннан, қызметке қоян-қолтық араласа жүріп жазғанның тиімділігі, ұтымдылығы да сонда.
Рас, Шерхан Мұртазаны суреткер ретінде кейде екіұдай сезім билейтінін көзіміз көрді. «Қызметті қойып, біржола шығармашылықпен айналысып кетсем, артымда бұдан да мол мұра қалдырмас па едім» деп айтып қалатын. Әсіресе Парламент депутаттығына түсер алдында қатты толқыды. Толқитындай бар еді. 1992 жылдың қазанында ол Қазақстан телерадиосына төраға болып келді. Келе сала телерадионың тарихында болмаған, бірақ уақыт талабына сай реформалар жасады. 56 қызметкер бірден пәтер алды. Техника түгелге жуық жаңарды. Телерадио болғалы ешқандай төраға біріктіре алмай жүрген техникалық орталықтарды бір сағаттың ішінде шығармашылық топтармен қосып, бір ұжым етті. Солтүстік облыстардағы телерадиолар қазақша хабарларды 50 пайызға дейін бере бастады. Бірақ бұл жұмыстар оңайлықпен келген жоқ. Қазақша хабарларды қазағы көп облыстарда 70, қазағы аз облыстарда 50 пайызға дейін ұлғайту туралы бұйрық марқұм Сағат Әшімбаевтың кезінде-ақ болған. Алайда солтүстік облыстарда ол бұйрық орындалмады. Өйткені облыстардың да, олардың телерадиосының да басында көбінесе орыстілділер отырды. Олар министрдің бұйрығына пысқырмады да. Шерағаңа дейінгі басшылар бұл істі жеріне жеткізе алмады. Енді Шерхан Мұртазаға не істеу керек? Әрине, бұйрықты орындайтын кадр керек. Сондықтан ол облыстық телерадиокомпанияларға қазақтілді, ұлттық рухы күшті кадрларды сол облыстардың өзінен іздеп тауып қойды. Бұл жұмыс облыс басшыларымен тікелей өзі барып кездесіп, еш бүгежектемей ашық сөйлесу арқылы жүзеге асты. Бірақ арты айқай-шуға ұласты. Шерхан Мұртазаны ұлтшыл деп ұрандатқан топ оның кеңсесінің алдында бірнеше күн тұрып алды. Мұны ұйымдастырып жүрген орыстілді қазақ қаламгерлер еді. Бір қызығы, оларға Шерағанды пантюркист Тұрар Рысқұлов туралы роман жазған өзі де неопантюркист деп ертеден арыз жазып жүрген кейбір қазақтілді ағайындар да құлшына қосылды. Олардың арасында аппараттық ойынды жақсы меңгергендер де жеткілікті болатын. Сол аппараттық ойынның шеберлері Елбасы мен халық жазушысының арасына ши жүгіртіп-ақ бақты…
Айтпақшы, сол аласапыран тұстарда жұмыссыз отырған бірер айдың ішінде жазушы халқына тағы бір тамаша туынды сыйлады. Қазақ әдебиетіне көптомдық шығармада кездеспеген жаңа жанр – әңгіме-роман әкеліп қосты. Автор бұл шығармасының жанрын роман-эссе деп атаған. Иә, мазмұны жағынан солай екені солай, бірақ құрылымы жағынан бұл – әңгіме-роман. Өйткені ондағы әрбір әңгіме көптомды шығарма желісіне бағынып тұрғанымен, жеке-дара да өмір сүре алады. Ал енді бұл шығарманы өмірбаяндық роман дейтін болсақ ше? Өйткені бас кейіпкерін автор Барсхан атағанымен, шын мәнінде Шерхан екендігін елдің бәрі біледі. Оның үстіне тағы бір кейіпкер – оның інісі Батырхан романдағы оқиғалар да бастан-аяқ біздің және ауылдас ағайындарымыздың басынан өткен деп куәлік береді. Иә, «Ай мен Айшаны» өмірбаяндық деп қарайтын болсақ, қазақ жазушылары өзінің балалық шағы туралы бұрын-сонды мұндай көлемді шығарма қалдырған емес. Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебінде» де балалық шаққа мұндай мол орын берілмеген. Романды басқа бір қырынан балаларға арналған деп қарастырсақ ше? Қисынға келе ме? Келгенде қандай! Біздер осы күні өмірдегі құбылыстарды, күнделікті қарым-қатынасты балаға ұғынықты етемін деп тым жеңіл, ойнақы немесе тәрбиелік мәнін күшейтемін деп жасандылау, қасаңдау жазылған түсіндірмелерді ғана балаларға арналған әдебиетке қосатын болып жүрміз. Шын мәнінде, ондай шығармаларды ғана оқумен шектелсе, баланың ой-өрісі де тежеледі. Ал баланың ой-өрісі күн санап өсуге тиіс. Ол өзі мен бала-шағасын асырауды басты мақсат етіп, бар қабілетін соған бағыттағандықтан басқа артық ойдан тоқтаған ата-анасына қарағанда әлдеқайда ұшқыр ойлайды. Ой-қиялымен бүкіл әлемді шарлаған бүгінгі Барсханның құрдасы қазір бір ауыл түгіл, интернет арқылы бүкіл дүниеден хабар-ошар алып отыр. Бұдан 60-70 жылғы оқиға тұрмақ, кейбіреуі екі мың жылдық тарихтан хабардар.
Сондықтан да мен «Ай мен Айша», ең алдымен, балаларға арналған шығарма дер едім. Сөйтіп, Шерхан Мұртаза бұл жанрда жеке-дара тұлға болып жүргендерден бір пәсте асып түсіп, балалар әдебиетінің де биігіне шыға келді.
Жазушы бұл шығармасын өмір бойы ойланған шығар. Бірақ негізгі бөлігін аз уақыт қызметсіз жүрген кезінде жазып тастағанын жоғарыда айттым. Сонда ойлай беріңіз. Жазушы Шерхан Мұртазаның жұмыс істемей, таза шығармашылықпен айналысқаны пайдалы ма, әлде қызмет істеп, мемлекеттің проблемаларын нақтылы шешуге тікелей атсалысқаны пайдалы болды ма?
Жоғарыда мен екеуінен де мысал келтірдім. Ол мысалдар екеуінің де қажет екенін көрсетеді. Михаил Шолоховтың бір үлкен жиында Александр Фадеевті Жазушылар одағының бірінші хатшылығынан босату керек, оның роман жазғаны әлдеқайда пайдалы дейтіні бар. Алайда орыс қоғамында қызмет істейтін де, роман жазатын да жазушылар жеткілікті. Бірақ қазақ қоғамына оны айта алмайсың. Жазушы біздің қоғамға екі қырымен де қажет. Біз бастан өткізген тарихи сілкіністер тұсында да, енді жаһандану сияқты жаңа кезеңде де халқының ұлттық келбетін кемелдендіріп, дүниетанымын қалыптастыру үшін қажет.
Сондай шешімге келген Шерхан Мұртазадай қайраткерлік қызметін қалдырмай жүріп, том-том романдар жазған жазушылар тым сирек. Ол – халқының басындағы аласапыран, алапат кезеңнің жауапкершілігін жіті сезініп, зіл батпан жүгін қара нардай көтеріп қана қоймай, шым-шытырық шатасқан өз заманының ой жібін шамасы жеткен жерге дейін таратып кетуге талпыныс жасады. Коммунист, редактор Шерхан партия шақыруына үн қосып жазды деген шығармаларының өзінде ой жібі шатаспаған, өткінші саясаттың жетегінде кетпеген. Тіпті заманының қаһарманын жасаймын деп жасандылыққа бармаған.
Оның өндіріс және тың тақырыбына жазылған әңгіме-повестерінің күні бүгінге дейін көркемдік-идеялық құндылығын жоймауының басты себебі– кеңестік өмірді, оның қаһармандарын орынсыз идеализацияламауында.
Әдебиет пен өнерде орын алған кеңестік кезеңді идеализациялау – ол кезде советтік өмір шындығын дәл көрсету, ал қолдан мінсіз еткен кейіпкерлер сол заманның қаһарманы деп бағаланды. Бірақ мұндай шығармалар жалпылдақ отынның жалыны секілді тез-ақ сөніп қалатын. Өйткені ондай туындылар кезекті партия съезінің шешімдерін ғана басты нысана етіп ұстайтын да, құбылып тұратын саясат толқыны тез-ақ көміп тастайтын. Мұны жақсы түсінген жас жазушы өз уақытының тыңын жазса да, кенін жазса да, кейіпкерлері кезекті қаулыны емес, ата-баба рухын тірек етеді.
Жалпы жас Шерханның да, тарлан Шерханның да көлемді, күрделі шығармаларында алтын арқау болып отыратын үш желі бар. Оның біріншісі – туған жер табиғаты, екіншісі – ата-баба рухы, үшіншісі – шығарманың негізгі сюжеті, яғни кейіпкерінің басынан өтіп жатқан оқиғалар тізбегі.
Шерханның суреткерлік шеберлігінің ерекшелігі де осы үш желінің бір кейіпкердің бір сәтінде-ақ көрініс беруінде. Ол белгілі бір оқиғаны суреттегенде соның айналасындағы жаратылыс құбылыстарын қалт жібермей, табиғатын да, жануар-жәндігін де, сол адамның жай-күйін де қоса қабат қамтиды. Бір сөзбен айтқанда, Шерхан баяндамайды, жазумен сурет салады. Көріністі көз алдыңа келтіреді. Оның шолақтау сөйлемдерінің құдіреті оған жетеді. Ал сол шымыр сөзді шолақтау сөйлемдерде ерекше бір қуат сезіліп тұрады.
Негізгі оқиғаны, оның кейіпкерінің көңіл күйін табиғат көріністерімен астастырып беру көп жазушыларда кездеседі. Мәселен, М.Әуезовтың «Абай жолында» Абай Тоғжанмен алғаш оңаша кездескенде ағаш жапырақтары арасынан ай сәулесі нұр боп құйылады. Жәнібек жайлауында пайда болған сол сәуле Абайдың алдынан кейін де үміт оты болып шығып отырады. Ол аспанды бұлт торлаған жаңбырлы іңірде Әйгерім ауылының, ал боранды түнде адасып, жаны азап шеккенде Абайға Тоғжан ауылының оты болып, өмір үмітін жағады.
Бір қарағанда табиғаттың, ауылдың көріністері болғанымен, бұл кейіпкер махаббатының образды көрінісі. Ол негізгі оқиғамен қатар өрбіп, өзінше бір желі құрайды.
Шерағаң шығармаларында да мұндай символика жеткілікті. Бірақ олар жұмыр жердегі пенденің жүрегінен тартылған бір нәзік жіп жаратылыспен жымдасып жатқанын білдіреді. Адам мен ғарыштың бірлігін еске түсіреді. Мұны түйсігімен таныған кейіпкердің де, оқырманның да рухы қанаттанып, үміті жалғанады.
Оның «Табылған теңіздегі» Оралы да, «Белгісіз солдаттың баласындағы» Исатайы да, «Бұлтсыз найзағайындағы» Нариманы да тау мен даладағы ұлы еңбекті туған жердің ризығы, оны жайнату ата-баба арманы деп ұғынып, солардың әруағына әр істі бастар алдында сиынып отырады.
Нағыз шындық осы. Қаулы құдіретті емес, Тәңір құдіретті. Мыңдаған жылдық бай тарихы, тәрбиесі, ділі, діні бар елдің ұлы осылай болса керек. Коммунист жазушының коммунист, комсомол кейіпкерлерінің болмысын кезеңдік қаулы өзгерте алмаса керек.
Жазушының көрегендігі, шындыққа адалдығы, ұлтжандылығы осында – жас кезінен-ақ құрыштай берік ұлттық дүниетанымында жатыр.
Сол ұлттық дүниетанымы – Шерханның азаматтық позициясының қайнар көзі. Оның ұлттық дүниетанымы қалай, қандай жағдайда қалыптасты деген мәселе – өзінше бір үлкен тақырып. Бір өкініштісі, ұлт ділі (менталитеті) туралы еңбек жазып жүрген философтар жеке тұлғалардың қалыптасу ортасының ерекшеліктеріне жете мән бермей жүрген сияқты. Біздің философтарымыз бұл тақырыпты талдауға енді ғана мүмкіндік алғандықтан, болашақта бұл бағытта да еңбектер туар деп ойлаймын. Дегенмен ұлт қаһарманынан бастап, қарапайым азаматына дейінгі пенделердің қалыптасуына әсер ететін факторларды талдау үшін, ең алдымен, қазақтың «Алтау ала болғанда ауыздағы кетеді, төртеу түгел болғанда төбедегі келеді» деген мақалын түсініп алу керек сияқты. Біздің білгір тілші-ғалымымыздың бірі Нұргелді Уәлиев осындағы алтауды былай талдайды:
1) адамның отбасы шаңырағы, 2) ағайын-туысы, 3) дос-жараны, 4) ауыл-аймағы, 5) жекжат-жұрағаты, 6) мемлекеті. Осы алтау қазақ қоғамының құрылымын да еске түсіреді. Олар: отбасы, әулет, ата, ру, тайпа, мемлекет. Алты сатыдан тұратын бұл құрылым көшпелілік жағдайда ғасырлар бойы қалыптасып, берік үйлесім тапты.
Біздің өзге мұсылмандардан алабөтен әруаққа сиынатынымыздың түп-төркіні осында жатыр. Далалық қоғамда әр әулетті, атаны, ауылды ешкім сайламай-ақ, елді ұйыстырар, аузында аталы сөзі бар би немесе жауды жасқар жүрегінің түгі бар батыр басқарды. Қазақ оларды тірісінде сыйлап, өлген соң сиынды. Олардың ерлігі мен сөзін жазып отырмаса да, өмір бойы жадында ұстап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізді.
Алтын орда ыдырасымен-ақ ұлыс-ұлысқа бөлініп, кейіннен құрылған қазақ хандығы бұрынғы өркениеттің күлінің үстінде өмір сүрді. Алыс елдермен қарым-қатынас үзілді. Бір кезде біздің өлкемізді гүлденткен ислам мәдениеті тоқырап, жаңа дәуірде қарқын алған христиан өркениеті алыста қалды. Әсіресе Қоқан хандығының қол астында қалған Қазақстанның оңтүстігі өте-мөте мешеуленді. Бұның салқыны XX ғасырда қазақ мәдениетінің жаңа сипатта қайта өрлеу кезеңінде айрықша білінді. Шығыс мәдениетінің көмбесінің үстінде отырып, батыстың емшегін емірене емген XX ғасырдың бірінші жартысында Әулиеата өңірі қазақ қоғамына қайраткер бергенімен, қаламгер берген жоқ.
Елуінші жылдарға дейін өзін әлемге танытып үлгерген жазба қазақ әдебиетіне Жамбыл облысының жарты миллионға жуық қазағы жарты мысқал үлес қоспады. Қаласаңыз да, қаламасаңыз да шындық осы. Ал Жамбыл мен Кенен бұрыннан дәстүрі бай ауыз әдебиетінің өкілдері.
Жамбыл облысынан шыққан жазба әдебиеттің тұңғыш ірі өкілі Бауыржан Момышұлы. Баукең бастаған топтың басында тұрған Шерхан Мұртаза да сол ауылдан, екеуі аталас. Ол екеуінің есімін атағанда ойымызға Тұрар Рысқұлов келеді. Қазақтың бір өңірден шыққан осынау үш арысының бірінен кейін бірі қазақ көгіне көтерілгеніне, Тұрардың саяси қызметі ел аузына іліккен 1916 жылдан бастасақ 103 жыл болыпты.
Олардың ата-бабасы жайлаған Түлкібас-Жуалы – қазақтың ең құйқалы жері. Сондықтан да ол жерге отаршылдар көзін бірден қадап, оңтүстікке келген орыс переселендер алдымен орнықты. Мұның өзі «ата көріп, оқ жонғандарды» ерте ашындырып, ерекше есейтті. Оларды отаршылдардың қорлығы айрықша әрекетке шақырса, ілім-білімі қатарынан оздырды.
Бұл өлкеде туған қаламгерлердің өзі қайраткер, күрескер болып шығуының төркінінде осындай себеп жатса керек. Сондықтан да Шерхан Мұртаза– қазақ қоғамы құрылымының 6 сатысының ең биік деңгейіне сөзімен ғана емес, ісімен де, саналылығымен ғана емес, тазалығымен де көтерілген жан.
Шерхан Мұртазаның «Мылтықсыз майдан» атты повесі бар. 1968 жылы жазылған. Сырт қарағанда Шыңғыс Айтматовтың «Жәмиласын» еске түсіреді. «Жәмиланы», әсіресе орыстілді қауым, одан әрі батыс қызыға қабылдап, қошеметті сөздерін көп айтты. «Жәмиладағы» автор шешімі олардың жанына жақын еді. Өйткені батыс өркениетінде жеке адамның еркіндігі ерекше бағаланады. Өз махаббатын тапқан Жәмила соғыстағы күйеуін күтпестен кетіп қалады. Ол өз бақыты үшін отбасының дәстүрін бұзады.
Шерханның Тотиясының перзенті бар, ол да соғыс жесірі. Бірақ оны соғыста өлген Орақ деген ұлының ошағын сөндірмес үшін, немересі бөтен ауылға кетіп жат болмас үшін атасы Мамай әмеңгерлік жолымен шырылдатып тұрып кіші ұлы Нұрперзентке қосады. Автор да өз кейіпкерлерін жылап тұрып қосқан сияқты.
Автор соғыста өлген Орақтың да, үйленгелі отырған Нұрперзенттің де анасы мешел Арайды да жылатады. Тотияны сүйетін соғыс мүгедегі Тұтанды бұл некеге қарсы қояды. Бірақ ене, келін, автор үшеуі қосыла жылағанымен, Тұтан қанша қарсыласқанымен, соғыс кезіндегі қазақ ауылының қатал шындығы жеңеді. Ал ол шындықтың түп-төркіні әруақта жатқан сияқты. Өйткені автор бұл шығармасын былай аяқтайды: «Табалдырық түбіне осыдан ширек ғасыр бұрын Орақтың кіндігін Арай өзі көміп қойып еді…
Арайдың ұзақ күндері, айлар, жылдар бойы босағадан көз алмай, қақшиып қалатын кездерін жақындары ауру адамның әдетіне жориды. Ал дәл сол кездерде босағаға қарамойнақ көгілдір шымшық келіп қонатынын Арайдан басқа ешкім көрмейді…».
Демек, жас өмірді өксітіп, жылап тұрып қосқан автор үшін жеке адамның тағдырынан отбасы – Отанның тағдыры биік. Автор үшін ең қасиеттісі – Отбасы – Отанның босағасы, онда ер-азаматының кіндігі көмілген. Ал сол босағаға үнемі келіп қонып, отанасына ғана көрінетін қарамойнақ көгілдір шымшық кім? Оны оқырман майданда қаза болған Орақтың көгілдір шымшық кейпіне түсіп қайта оралуы деп түсіне ме, әлде отбасының киесі деп ұға ма? Қазақ аңыздарында адамның құс, аң кейпіне енуі жиі кездеседі. Бірақ олар тірі адамдар. Ал адам жаны өлмейді. Ол денесін тастап, көкке ұшып кетеді. Уақыты келгенде басқа адамның немесе аң-құстың кейпін жамылып, жер бетіне қайта оралады деген түсінік те бар. Бірақ бұл буддалық түсінік пе, жоқ ежелгі түркілердің танымында да кездесе ме?
Жазушының қолданып отырғанына қарағанда қазақ арасында қазір де сақталып отырған наным. Бүгінгі қазақтың дүниетанымын қалыптастырған кездерді қарастырғанда бұл да арнайы зерттеуді қажет ететін тақырып.
Сонымен, бір тақырыптағы кейіпкерлері тағдырлас екі шығарма. Бірақ екі түрлі шешім. Айтматов жан бостандығын жырға қосса, Шерхан Мұртаза қазақ қоғамы құрылымының ең негізгі сатысы, бастапқы ұясы – отбасы беріктігін, ер-азамат рухының биік болуын жырлайды. Екеуі де шындық, бірақ бір күректің екі басы. Екі түрлі дүниетаным, бірақ ғасырлар бойы үйлесімін таппай келе жатқан бір бүтіннің екі жартысы.
Кеңестік кезеңде Еуропа «Жәмиланы» аспанға көтеріп әкетті. Кейінірек қазақ тілінде жарық көрген «Мылтықсыз майданды» ол кезде аспандату мүмкін емес еді. Шығарманың көркемдік қуатының кемдігінен емес, қазақтың ескі ғұрпын кие еткендіктен де бұл шығарманы дәріптей қою қиын болатын.
Өкінішке қарай, бүгінде Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбай, Мұхтар Мағауин және көптеген тұстастарынан басталған 60-жылдардан кейінгі әдебиет сыншылар мен зерттеуші ғалымдар тарапынан талданып, сараптала қойған жоқ. Сексенінші жылдардың ортасынан басталған қоғамдағы сілкініс бұрын әдеби сындарға көп орын беретін баспасөзді де, сыншыларды да басқа арнаға бұрып кетті.
Ал негізінен, әдебиеттің тарихына тереңдеп кеткен зерттеуші ғалымдар бүгінгі прозаға бет бұрар емес.
Соңғы ширек ғасырда Шерхан Мұртаза туралы аз да жазылмаған сияқты. Сыншылар Сайлаубек Жұмабеков пен Тұрлыбек Мәмесейіттің зерттеу кітаптары да жарық көрді. Дегенмен көпшілік баспасөзде жарық көрген мақалаларда Шерхан шығармашылығын ашудан гөрі, оның редакторлығы мен депутаттығына тамсану басым.
Бәлкім, зерттеушілер осыдан 34 жыл бұрын жазылған «Мылтықсыз майдандағы» өз отанының табалдырығына көмілген ер жігіттің кіндігіне енді назар аударар. Шерханның ерте жазылған шығармаларының өзінде үнемі ата-баба әруағының ілесіп жүретінінің себебін енді ашар. Оның шығармаларында символиканың көп болу сыры неде? Шерхан Бәйтеректі, Шынарды («Ноқтаға басы сыймаған» пьесасы) неге кие етеді? Қазақ дүниетанымының бір қайнары – мифтердегі бәйтерек, шынар өмір өзегі болып саналуы мен XXI ғасыр жазушысының дүниетанымын не байланыстырып тұр? Ананың ғана көзіне көрінетін шымшық, балаға жол бастап, оны алға жетелейтін теңбіл торғай мен Шолпан кебіс гүлі («Қызыл жебе») қазақ түсінігінде нені меңзейді? Мұның бәрі зерттеушіні қазақ дүниетанымы қалыптасуының тереңіндегі қатпар-қатпар, жықпыл-жықпыл қыртыстарға қарай жетелейді. Сол қыртыс жазушының Тұрар Рысқұлов туралы көптомдықтарында («Қызыл жебе» 1,2, «Жұлдызды көпір», «Қыл көпір», «Тамұқ») тіпті қалыңдай түседі.
«Қызыл жебе» (айтуға жеңіл болуы үшін барлығын бір-ақ атаумен атайық – Е.Ә.) көлемі жағынан да, көтерген жүгі мен көркемдігі жағынан да Шерхан Мұртазаның бас кітабы. Көп оқылып, шын мәнінде, халық жазушысы еткен шығармасы. Қазақта мұндай мол ауқымды, кең тынысты романдар циклын берген санаулы жазушылардың қатарына қосқан еңбегі.
«Қызыл жебе» жарыққа шыққан уақытта қазақ әдебиеті тарихи романдарға аса кедей емес еді. Оның көш басында М.Әуезовтің «Абай жолы» тұрды. Сталиндік тоталитарлық режим тұсында жазылса да, «Абай жолы» – тарихи романдар көшінің басы ғана емес, биігі де. Сондықтан да кейінгі романдардың көркемдік деңгейін «Абай жолының» деңгейімен белгілейміз.
Бірақ әрбір жазушының қазақ дүниетанымын кеңейтуге қосқан өз үлесі бар. М.Әуезов қазақ жазушылары үшін көптомды еңбектің үлгісін жасады. Өзгелер сол үлгіні ұстанды, дегенмен олардың әрқайсысы өзінше бір тыңды игерді.
Жиырмасыншы ғасырға дейін өткен тарихының жазба әдебиетте көркем бейнесі мен шежіресін жасамаған халықтың қаламгерлері бұл іске ғасырдың екінші жартысында Сталин өмірден өткен соң ғана мықтап кірісті.
Мұхтар Әуезов Абай сынды халқымыздың ең интеллектуалды тереңі мен биігіне сталиндік режимнің тұсында-ақ бойласа, кейіннен Ілияс Есенберлин хан Кене мен Абылай ханның көркем бейнелерін жасауға күш салды. Әнуар Әлімжанов Махамбет болып шамырқанса, Мұхтар Мағауин шерменде Оразмұхамед болып шерін шығарды. Әбіш Кекілбай Әбілқайыр хан болып күйзелді. Бұлардың бәрі бүгінгі ұрпаққа, болашаққа тарихи тұлғаларды ғана емес, олар арпалысып өткен бүтін дәуірлерді де ашып берді. Адамзат үшін ең бір күрделі кезең – XX ғасыр қазақ халқын аяусыз қырды, жаңа сапалық деңгейге алып келіп, ұшпаққа да шығарды. Сол сапалық деңгейдің де, қырғынның да басы ғасырдың алғашқы онжылдықтарындағы көтерілістер мен төңкерістерді Әбдіжәміл Нұрпейісов «Қан мен терінде» көркем бейнеледі. Хамза Есенжановтың «Ақ Жайығы» да сол кезеңді қамтыды. Бұл ұлттық мүддеге таптық, топтық мүдде қым-қуыт араласып кеткен шытырманы көп кезең еді. «Қан мен тер» мен «Ақ Жайықтың» кейіпкерлері кейбірінің прототиптері болғанымен, жиынтық көркем бейнелер.
Ал ұлт мүддесі үшін күрескендердің өзін ақ пен қызылға бөліп тастағандықтан, ақ дегендері аласталып, қызыл дегенінің өзі «халық жауы» атанып атылып, айдалып кеткендіктен, ол заманның ірі тұлғаларының әдебиетте толыққанды бейнелерін жасау беріге дейін мүмкін болмады.
Шерхан Мұртаза сол бір қиын міндетті қазақ қаламгерлерінің ішінде алғашқы болып қолға алды. 1960 жылы «Социалистік Қазақстан» газетінде Байжарасов деген кісінің Тұрар Рысқұлов туралы мақаласын оқығанын, мақала қатты әсер еткені сонша, сол кезге дейін есімін атауға тыйым салынған осынау ұлы тұлға туралы көркем шығарма жазуға бекінгенін, ал редакция ретушер-суретшісінен сұрап алған Тұрар Рысқұловтың суреті жинаған материалдарының басы болғанын есіне алады кейіннен жазушы.
Бірақ бұл мақала Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бюросында қаралып, оны жариялаған газет редакторы Қасым Шәріпов орнынан алынады. Тұрар Рысқұлов қылмыскер ретінде ақталса да, саяси қайраткер ретінде ақталмапты. Қаулы Тұрар Рысқұловты бастан-аяқ қаралап шығады. Тіпті ол туралы қайтып жазуға саңылау қалдырмай қаралайды. Сол кездегі партия басшылығының қаулысының мәтінін оқығанда жас журналистің мұндай қайсар шешіміне қайран қалмасқа лажың жоқ.
Оның үстіне кешегі «халық жауы» туралы кең тынысты роман кеңес әдебиетінде әлі дүниеге келген жоқ болатын. Оған үлгі боларлық М.Шолоховтың «Тынық доны» да, А.Толстойдың «Азапты сапары» да, Б.Пастернактың тыйым салынған «Доктор Живагосы» да кең тынысты полотнолар болғанымен, олардың кейіпкерлері өмірде болған ірі мемлекет қайраткері емес. Әдебиетте ерекше орны бар бұл романдардың бас қаһармандары – халықтың қалың ортасының өкілдері. Ал қазақ жазушысының бас кейіпкері – өз халқының озып туған ұлы, бүкіл Түркістанның, кейіннен РСФСР-дың басшыларының бірі, Коминтерн белсендісі.
Бұндай тұлғаның әдебиеттегі бейнесін жасау үшін жазушы да сол биікке көтерілуі тиіс. Тіпті интеллект жағынан өз қаһарманынан асып тұруға міндетті. Өйтпеген күнде образ ашылмайды. Сонымен Шерхан Мұртаза – Кремльде отырып «халық жауы» болып атылып кеткен қайраткерлер туралы күллі кеңес әдебиетінде алғашқылардың бірі болып роман жазған жазушы.
Бұл шығарманы шығарудың қиындығы да осында болатын. Өйткені оның заманы да, сол заман тудырған айрықша тұлға Тұрар Рысқұловтың өмірі де аса күрделі еді. Шерхан Мұртаза талай қайраткерді де, қаламгерді де орта жолда мерт еткен осы бір «тар жол, тайғақ кешумен» кейіпкерімен бірге өзі де жүріп, Тұрар Рысқұлов сүрінбеген қиялардан оның қаламы да мүдірмей өтуге тиіс еді.
Бұл міндетті абыроймен атқаруға жазушының шеберлігі де, интеллекті де жетті. Ең бастысы, оның бойынан кейіпкерінің рухындай өршіл асқақ рух табылды. Сол рух оны Тұрар Рысқұловтың қайраткерлік жолындағы небір қиын-қыстау тұстардан қылшық жуытпай алып шықты. Оның бәрін санап беруге бұл мақаланың көлемі көтермейді. Бастыларын айтар болсақ, Түркістан Совнаркомы бастығының бүгінде шаруалар деп бағаланған басмашыларға көзқарасы, керек болса, олардың көтерілісін басудағы әрекеті, Түркістан тәуелсіздігін қорғап Лениннің алдында болуы, аштықтан қырылып жатқан Қазақстанға көмек сұрап Сталинге кіруі, коммунист Тұрардың алашордашылармен арақатынасы, тағысын тағылар. Сөйтіп, Шерхан Мұртаза Кремльдегі өмірді жазған тұңғыш қазақ жазушысы болды. Ол аз десеңіз, талай жазықсыз қайраткерлер азап шегіп, атылған әйгілі Бутырканың ішіне де қазақ оқырмандары Шерхан шығармалары арқылы енді.
Шерхан Мұртаза қазақтың коммунист қайраткерлері мен алашордашыл қайраткерлерінің арақатынасын ұлттық және адами тұрғыдан жаңаша жазды. Олардың арасындағы таптық идеология қойған баррикаданы алып тастап жазды. Шыққан тегіне қарай алғашқы аласапыранда күрескерлік тәсілдері әртүрлі болғанымен, түптің түбінде ойлаған мақсаттары ұлт қамы екендігін Тұрар Рысқұлов пен Ахмет Байтұрсынов, Жанша Досмағамбетов, Мұхаметжан Тынышбаев арақатынастары арқылы ашып берді.
Жазушы Тұрар Рысқұловтың өзбек, татар, әзірбайжан, Кавказдың өзге халықтары, түрік, моңғол қайраткерлерімен қызметтес қана емес, достық та байланысын Элиава, Рудзутак, Фрунзе, Куйбышев, Голощекин, тағы басқа КСРО-ны құрушылардың ең биік баспалдағында тұрғандармен арақатынасын сол заманның шындығына сай суреттеді. Осылай сонау 1905 жылы Талғар түбіндегі тау қуысынан әкесінің артынан Верный түрмесіне келіп жатқан баланың өсу-жетілу баспалдақтарында небір алапат дауылдар, сол дауылдарды тудырған, сол дауылдардан шыңдалған сол заманның таптық-әлеуметтік, саяси сан қилы көзқарастағы қайраткерлері романның алғашқы беттерінен-ақ ұшырасып, соңғы кітаптарда тіпті молая түседі. Оқырманның алдынан бүтін бір дәуір ашылады.
Дәуір ашылғанда оның барлық қатпары қамтылады. Қарапайым халық өмірі, күйзелісі, қуанышы, олардың адасуы, табысуына да мол орын берілген.
Романда XX ғасырдың басынан 1937 жылға дейінгі ең аласапыран, бүкіл әлемді дүр сілкінткен дәуірдің барлық қатпарлары қамтылғанын қысқаша былай көрсетуге болады:
Тұрардың өз отбасы, әулеті – бірінші қатпар.
Талғар мен Түлкібастағы, Меркі өңіріндегі қазақ ауылдары мен орыс селендері, Ферғанадағы басмашылар. Бұлар сол кездегі қоғамның ең негізгі қыртысы, қалың бұқара – екінші қатпар.
Меркі сияқты поштасы, саудасы, мектебі бар әкімшілік орталығындағы өмір – үшінші қатпар.
Әулиеата, Шымкент – уезд орталықтары – төртінші қатпар.
Верный – губернаторы басқарған облыс орталығы – бесінші қатпар.
Ташкент, Орынбор – алғашқысы Орта Азия халықтарының бәрі кіретін Түркістанның, кейінгісі Қазақ автономиялық республикасының орталықтары – алтыншы қатпар.
Мәскеу, Кремль – РСФСР, КСРО астанасы – жетінші қатпар.
Баку, Ұлан-Батор, Коминтерндегі қызмет – сегізінші қатпар.
Бутырка түрмесі, Мурманскідегі, Ақмола концлагерьлеріндегі адам басына бермес азапты өмір – тоғызыншы қатпар.
Романда осының бәрі қамтылған. Мұндай мол ауқымды шығарма қазақ әдебиетінде бұрын-соңды болған жоқ. Рас, Сәкен Сейфуллин азап вагонын суреттеді. Бірақ ол әлі Ежов, Берия, Вышинскийлердің уақыты емес. Петербургтегі, Мәскеудегі патшаны, оның шенеуніктерін бейнелеген шығармалар (С.Мұқанов, Ә.Кекілбай, М.Мағауин т.б.) болды. Бірақ олар Ленин мен Сталиннің дәуірінен бұрынғы өмір. Бір сөзбен айтқанда, Шерхан Мұртаза «Қызыл жебе» арқылы қазақ оқырманына бүтін бір дәуірді ашып берді. Әдебиет теориясына жетік сыншы Сайлаубек Жұмабековтің бұл романдар цикліне –
эпопея деп айдар тағуының себебі де осыдан болу керек.
Ал мұндай кең ауқымды шығарма авторынан орасан зор білімді талап етеді. Шерхан Мұртаза отбасы, әулет өмірінен бастап, бас қаһарманы жүріп өткен жолмен Кремль ішіне дейінгі аралықта тақыр кедейдің де, байдың да, саудагердің де, орыс мұжығының да, кулагының да, офицерінің де, түрме бастығы мен стражнигінің де, пристав пен ояздың да, тілмаштың да, губернатор мен генерал-губернатордың да, басмашы мен құрбашының да, қазақ, өзбек, орыс зиялыларының да, эсерлер мен коммунист-максималистердің де, қолбасшылар мен саясатшыларының да, көсемдері мен ірілі-уақты жендеттерінің де, каторжниктердің де, олардың болашағы балдырған жас балалардың да, халықаралық қайраткер-интернационалистері мен ұлтжандыларын да, нигилистерін де, империялардың разведчиктерін де суреттейді. Оның кейіпкерлері ұлттық құрамы жағынан да сан алуан – қазақ, орыс, қырғыз, өзбек, татар, әзірбайжан, түрік, тәжік, моңғол, латыш, еврей, дағыстандық, башқұрт, грузин, ағылшын болып жалғаса береді.
Жазушы үшін ең қиыны да – өзге ұлт адамының бейнесін жасау. Өйткені әр ұлттың психологиясы мен дүниетанымында тек өз ұлтының өкілі түсіне алатын, өзгелер байқай бермейтін қасиеттер болады. Дүниетаным деңгейі, кәсіби ерекшеліктері әртүрлі, сан алуан саясат ұстанған сан алуан партия өкілдерінің, патша шенеуніктері мен жендеттерінен бастап, КСРО көсемдері мен жендеттерінің бейнелерін жасау – кез келген қаламгердің оңтайына келе бермейтін шаруа. Сол шаруаны Шерхан Мұртаза абыроймен атқарып шықты.
Бұл сан алуан ұлт өкілдерінің, сан алуан саясаткерлердің көпшілігі – бас қаһарман Тұрар Рысқұловтың өмір жолының әр кезеңінде кездескен эпизодтық кейіпкерлер. Бірақ эпизодтық болса да, әрқайсысының мақсаты, мінезі айқындалған, бояуы қанық бейнелер. Барлығы да кітаптың бас қаһарманы Тұрар Рысқұловтың айшықты, айдынды образын ашуға көмектесіп тұр. Барлығы жабылып, XX ғасырдың алғашқы 37 жылындағы адамзат тарихындағы мазмұны жағынан аса бай төңкерісті дәуірдің келбетін жасап тұр. Көркем шығарманың, оның авторының тарихи миссиясы да – белгілі бір дәуірдің адам санасындағы жанды бейнесін жасау.
Әр дәуірдің осындай бүтін бейнесін жасап берген жазушы бұрынғы-соңғы тарихта аз емес. Бірақ қазақ жазушысы Шерхан Мұртазаны олардан ерекшелейтін бір қасиеті бар. Ол –
осынау бес кітаптан тұратын ұзақ шығарманың өн бойында қалмай, өзінше бір желі болып ілесіп отыратын әруақтар рухы. Әруақтарды бас кейіпкермен тең дәрежеде осылай ілестіріп отыру, оны шығарманың басты өзегі ету – Шерхан шығармаларында ғана кездеседі.
Коммунист қайраткер туралы коммунист жазушы коммунистік қоғамда тұрып жазған бұл романның басты өзегі – ұлт рухы. Сол ұлт рухы үнемі алдыңнан шығып отыратын ата-бабаның әруақтары арқылы көрініс береді. Ол – кешегі Қоқан үстемдігіне қарсы азаттық күресінің қаһарманы, Рысқұлдың бабасы Әлімбек батырдың әруағы. Романның бірінші кітабынан кейін айдауға кеткен Рысқұлмен Тұрар тек ой-қиялмен сөйлеседі. Кейіннен Кремльге, Бутырка түрмесіне әруақ болып келеді. Рысқұл елесі үнемі Тұрардың қиналған шағында дем беріп, рухтандырады. Сөйтіп, негізінен, сол ой-қиялмен тілдесу, хат жазысу, әруақ болып елес беру арқылы Рысқұл өмірі де қамтылып шығады. Жалпы Рысқұл –
тарихшылар жеткілікті назар аудармай жүрген тұлға. Оның әрекеттері, патшаның ресми өкілі – болысты атып өлтіруі Ресейдегі, басқа да мемлекеттердегі бар әділетсіздікті жеке билеушілерден көріп, террорлық әрекеттерге барған түрлі қозғалыс өкілдерін еске түсіреді. Оның үстіне бұл 1905 жылы болған оқиға. Орыстың бірінші төңкерісі өтіп жатқан кезең. Рысқұлдың осындай оқыс шешіміне Ресейде болып жатқан дүмпудің әсері қаншалықты? Ал қазақ даласында 1905-1907 жылдары болысқа, әлде шенеунікке оқ атқан Рысқұлдан басқа адам болды ма екен?
Міне, бұл сұрақтарға жауап Рысқұлдың тарихи орнын айқындай түседі. Қалай болғанда да ұлы Мұхтар Әуезовтің өзіне қалам тарттырған Рысқұлдың бұл әрекеті – сол кездегі қазақ даласында сирек кездесетін құбылыс, бәлкім, біреу болуы да.
Осылар тарихи негізделсе, Рысқұл Жылқыайдарұлы жай ғана ауыл арасының барымташысы емес, 1905-1907 жылдардағы патшалық отаршылдыққа қарсы қозғалыстың қаһарманы болып шығады. Романның Рысқұлға арналған беттерінде бұның бәрі тұр. Отаршылдыққа деген Рысқұл аузымен айтылып, Тұрардың құлағына құйылған ыза асып-төгіліп жатыр.
Рысқұлдың патша өкіліне қарсы 1905 жылы атқан оғы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне ұласты.
Рысқұлдың баласына түрмеде айтқан өсиеті Рысқұлұлы Тұрарды сол көтерілістің саяси жетекшісі дәрежесіне көтерді.
Рысқұлдың арманы – Қызыл жебе атты тұлпарға бабасы Әлімбектің күміс ерін ерттеп міну. Қызыл жебе – символ. Оны сол қазақ деген елдің қызыл тілді жыраулары сан ғасыр жырлаған. Бұл исі қазақ армандаған сәйгүлік – өмір символы. Бірақ мынау опасыз жалғанда мұндай арманның жүзеге асуы мүмкін емес.
Тұрар танымында әруаққа айналған Рысқұл енді бәрінен биіктеп, Алатаудың айқұш-ұйқыш шыңдарынан орғытып өтіп, бұлтпен араласып кетіп бара жатады. Сол биікке баласын да шақырғандай болады.
Қазақ қашанда Тәңірге табынды, әруаққа сиынды. Ғасырлар бойы бодандықта болса да, небір қырғынды көрсе де, өз жерінде азшылықта қалса да оның ұлттық келбетін жоймауы сол қасиетінен. Өйткені қазақ Құдайға құлшылық жасау арқылы барлық нәубетке көніп, шүкіршілік етумен бірге, әруақты айтқан кезде арқасы қозып шыға келеді.
Сондықтан да Құдайы тәубешілікке келтіріп, әруағы ат ойнаттыратын қазақтың рухын түсіру мүмкін емес. Мұны отаршылдар баяғыда-ақ зерттеп білген. Сөйтіп, қазақты отарлау тәсілін басқа елдерден өзгеше құрған.
Рысқұлдың трагедиясы – Қызыл жебені өз қолымен ұрлап әкеліп, Саймасайға тапсыруында.
Тұрардың трагедиясы – өзі орнатысқан өкіметтің өзі қамын жеген «халықтың жауы» етіп, азапқа салып, атып тастауында.
Рысқұл Қызыл жебенің бағын ашамын деп ойлады, нәтижесінде Саймасайдың қолымен сәйгүліктің қаны шашылды.
Тұрар халқын ұшпаққа шығарамын деп ойлады. Нәтижесінде оның аштан қырылғанын көрді.
Рысқұлдың да, Тұрардың да трагедиясы – адамзат трагедиясы. Адамзат өмірі осындай трагедиялардан тұрады.
Рысқұл трагедиясының басы – қазақы ырым, ауырып қалған жалғыз ұлын қара қойдың етімен қалжалау әрекеті. Ол қой Рысқұлда жоқ. Бірақ жалғыз ұлы – ұрпағы үшін бәріне барды. Ақыры Қызыл жебені де ұрлады. Тұрардың трагедиясының басы – ұлтжандылығы. Ол сол ұлты үшін Сталиннің, әлде Голощекиннің қолтығының астында күн көріп отыра бермей, басын бәйгеге тікті.
Рысқұлдың жалғыз ұлы Тұрар аурудан, Саймасайдың жазалауынан аман қалып, ержетті. Үлкен азамат, қайраткер болды.
Қазақ елі де тәуелсіздікке қол жеткізді. «Төртеу түгел болса, төбедегі келедінің» заманы туды. Ол төртеу – деннің саулығы, бала-шағаның амандығы, бақ-дәулеттің басыңда болып, атақ-абыройыңның артуы (Н.Уәлиев).
Рысқұлдың да, Тұрардың да арманы өздері өмірден өткен соң орындалды. Олар сол армандарының құрбандығы болды. Бірақ өлгеннен кейін із-түссіз кетпеді. Сол армандарының жүзеге асуына әруақ болып көмектесті. Өзінен кейінгілерге рух берді. Тұрардың ұлы Ескендір концлагерьде өлді. Сталин мұндай рухы күшті адамнан еркек кіндік қалдырғысы келмеді. Бірақ ол қателесті. Өйткені қазақтарды білмейтін еді. Тұрардың, қазақ халқының тағдыры туралы онымен бірігіп Ленинге хат жазған Ахмет Байтұрсыновтың, алашорда партиясында болғандығы үшін үйінде жұмыссыз отырғанымен, ауру Тұрарды ұзақ уақыт бағып-қаққан Жанша Досмағамбетовтің, тағы басқа арыстардың рухы бүкіл қазаққа берілді. Қазақ әруақты осылай бағалайды, сондықтан да рухы осылай көтеріледі. Шерхан Мұртаза шығармаларын оқығанда осындай қорытындыға келесің.
Қазақ болғаның үшін мақтаныш сезімі бойыңды кернеп, өзің де ұлтың үшін бірдеңе істегің келіп кетеді.
Оның «Сталинге хат», «Бесеудің хаты», «Ноқтаға басы сыймаған» («Бауыржан батыр»), «Домалақ ана» пьесаларында да қазақ рухы осылай асқақтатылады.
Айтпақшы, Шерхан Мұртаза да «Тұрар Рысқұловты көрдім, ол «Қызыл жебені» жазып отырғанымда тереземнен көрінді», дейді.

Елен ӘЛІМЖАН,
жазушы-драматург

Тараз қаласы

ПІКІР