Ұлт тарихын танудың жаңа кезеңі

0 5

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің жақында ғана жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында баршамызда «тарихқа деген дұрыс ұстанымның қалыптасуына, сол арқылы түп-тамырымызды білуге және ұлттық тарихымызға терең үңіле отырып, оның күрмеулі түйіндерін шешуге» үндеген болатын. Осы орайда, Қазіргі Қазақстан аумағында құралған протомемлекеттік бірлестіктердің қазақ ұлты этногенезінің негізін қалағандығына баса назар аудартқан еді.

Шындығында да Қазақ мемлекеттігінің түп тамырын іздестірудің ғылыми әрекеттері қазіргі зерттеушілерді еріксіз сақ, үйсін және ғұн тайпаларының әлеуметтік орнына әкеледі. Сақ бірлігінің әлеуметтік жағынан жоғары ұйымдастырылғанын қазір бірқатар маңызды археологиялық фактілер дәлелдеуде. Әзірше, Қазақстанның көшпелі тайпаларының қоғамдық құрылымы – ғылымда игерілмеген мәселе. Оның себептері мол. Соның бірі – қарастырып отырған кезең тайпалары жөніндегі жазба деректердің аздығы. Ал бар деректердің (ахеменидтік және көне қытайлық) мәліметінде негізінен саяси тарих туралы, тұрмыс пен шаруашылық жөнінде өте жұтаң, қоғамдық қатынастар мен діни көзқарастар жайында тіптен мардымсыз айтылады. Дегенмен, Қазақстанның б.д.д. ІІ мыңыншы жылдан басталған ежелгі тарихы арийлік деп аталатын (ежелгі ирандық) көшпелі тайпаларымен тығыз байланысты болғандығы, ал сақтардың, скифтер мен сарматтардың Хуанхэден Дунайға дейін созылып жатқан дала кеңістігінде қалыптасқан бір этномәдени құрылымның бөліктері екендігі белгілі. Осылардың ішінде Қазақстан мен Орта Азияны мекендеген сақтардың б.д.д. VIII-VII ғасырларда Таяу Шығыстағы ірі державалар Ассирия мен Урартуды қорқынышта ұстағаны, тіпті ассириялықтар сақтармен одақтас болуы арқылы ғана жойылып кетуден аман қалғандығы анық.
Ежелгі жылнамашылар дала жұртының көшпен­ді өмір салтының дәстүрлеріне берік болатындығын атап көрсетеді. Мәселен, жау жақындағанда ерлер қаруланып, басшыларын сайлап, жорыққа аттанған, шаруашылықты әйелдерге қалдырған. Әскери тәртіп көшпендінің өз руласына қарсы қару кезенуіне ешқандай жол бермеген. Мұндай іс-әрекетке барғандар өлім жазасына кесілетін. Сондықтан әрбір адам өзінің қай ру-тайпадан екендігін анық білетін, сонымен қатар қиын-қыстау жағдайда руластары ешкімді жалғыз қалдырмайтындығына сенімді болды. Осындай ауызбіршіліктің арқасында Зәрине патшайым Ежелгі Мидия патшалығын Иран қыраттары мен Парфия (Қазіргі Иранның солтүстік-шығысы мен Түрікменстанның оңтүстігі) үшін күресте жеңіп шыққан болатын. Тіпті, осы жорықтарды парсы патшалары Кир мен Дарий І-ні Әмудария мен Сырдария үшін болған соғыстардағы жеңістеріне жол салған сақтар эпопеясының бастауы болды десек те қателеспейміз. Массагеттердің (сақ тайпасы) Тұмар патшайымның басшылығымен парсы әскерлерін талқандап, Кирдің басын қан толтырылған құтыға тастап: «Қанды қалап едің, қалауыңша іш енді!», – дегені баршамызға белгілі. Осы оқиғадан кейін Геродот барлық сақ тайпаларының өз тәуелсіздігін қалпына келтіргендігін айтады.
Президент өз еңбегінде қазақтың кейбір ру-тайпаларының атаулары «қазақ» этнонимінен талай ғасыр бұрын белгілі болғандығын, осының өзі біздің ұлттық тарихымыздың көкжиегі бұған дейін айтылып жүрген кезеңнен тым әріде жатқандығын айғақтайтындығына нақты тоқталып өткен. Солардың ең ірі де іргелілерінің бірі б.д.д.
ІІІ ғасырда Орта Азиядағы көшпенділердің алғашқы империясын құрған көшпелі үйсін тайпаларының одағы екендігі белгілі. Ол Ұлы даланың шығыс бөлігінде пайда болған еді. Бейбіт өмір кезінде үйсін тайпалары 24 рудың ақсақалдарының басқаруында болды. Соғыс кезінде үйсіндер жауынгер жасақтарын тез арада құра отырып, барлық билікті ақсақалдар кеңесі сайлайтын шаньюйдің қолына берді. Үйсіндер мемлекеті Мөденің кезінде барынша дәуірледі, дегенмен елдің шығысынан қауіп төніп, юэджилер үйсіндерден соғысты болдырмау үшін салық талап ете бастады. Осы мақсатта үйсіндер еліне келген елшілер Мөденің табындарынан ең жақсы сәйгүлік пен шаньюйдің әйелдерінің ішіндегі ең сүйіктісін беруді талап етеді. Билеушінің жақтастары мұндай бассыздықтары үшін елшілерді өлтіруге дайын еді, бірақ Мөде оларды дегбірге шақырып, жымия отырып былай дейді: «Дос-көршілерімізге бір жылқы мен бір әйелді қимағанымыз дұрыс па?». Сөйтіп олардың сұрағанын беруді бұйырады. Бұдан кейінгі уақытта үйсіннің жаулары одан ары өзеуреп, оларға шекаралас жерлерді беруді талап етеді. Өткен жолғы оқиғадан сабақ алған ақсақалдар келіскендей болған, оның үстіне бұл аумақтар пайдалануға келмейтін шөлейт жерлер еді, сондықтан да олар Мөдеге жерді беруге қарсы емес екендіктерін айтады, бірақ шаньюй қатты ашуланып, ақсақалдарға айқайлап: «Жер мемлекеттің негізі, оны ешқашан ешкімге беруге болмайды!», – дейді. Барлық «жерді беруге келісейік» деп кеңес бергендердің бастарын алдырады. Содан кейін атына мініп, әскер жинауды тапсырады және жорыққа кешіккендердің басын алуды бұйырады. Нәтижесінде атқа қонған үйсіндер батысында Шығыс Түркістанға, шығысында Жетісуға, ал оңтүстігінде Қытайға дейін жетіп, осы жерлерді өздеріне бағындырады.
Б.д.д. 162 жылы Хань династиясының (Қытай) императоры Сяо Вень-ди Мөденің баласына хат жолдап, онда: «Үйсіндер мен Ханьдар (Қытай) тең дәрежелі екі көрші мемлекеттер»,– деп жазады. «Қытай әлемнің кіндігі, ал оны қоршаған халықтар– жабайылар» деп түсінетін қытайлықтар үшін бұл қорлықты кішірею болып табылатын. Дегенмен, үйсіндердің 140 мың атты жауынгеріне қарсы қытайлықтар ешбір амал жасай алмаған еді. Қарап отырсаңыз қазақтың қанын қыздыратын, рухын асқақтататын фактілер.
Елбасы еуроцентристік көзқарас сақтар мен ғұндар және басқа да бүгінгі түркі халықтарының арғы бабалары саналатын этностық топтардың біздің ұлтымыздың тарихи этногенезінің ажырамас бөлігі болғаны туралы бұлтартпас фактілерді түйсінуге мүмкіндік берілмегендігі тұрғысында да ой қозғайды.
Осы орайда, Батыс тарихшылары «варвар» (жабайы) деп атаған тарих аренасына атойлап келген көшпенділердің келесі легі – түркілердің орта ғасырлардағы шығыстың басқа халықтарынан өздігінше ерекшеленгендігіне мән беруге болады.
Араб жылнамашыларының жазба деректеріне сүйенсек, түрік – әскери істің хас шебері. «Араб қорамсасына қол салғанша, түрік садағынан он оқ атып үлгереді», – дейді олар. Әрине, әскери іске машықтанған салт атты түріктерді басқарып, игеріп кету оңай болмады.
Сондықтан да өзін «түркілердің бірінші билеушісімін», деп мадақтаған Бұмын қаған түркілердің бойындағы осындай бұла күшті көрші елдерді басып алуға бағыттады. Бұмынның ізбасарлары Мұқан, Таспар, Истеми қағандардың жаулап алушылық жорықтары түркілердің әскери әлеуетінің күшін Каспийден оңтүстігінде Үндістанға, шығысында Шығыс Түркістанға дейінгі жерді алып жатқан Эфталет патшалығына анық сездірткен болатын. Осы тұста өздерінің жаугершілік жорықтарына кедергі келтірген Иран шахына қарсы күресте түркілер Византиямен одақтасады. 567 жылы осы мақсатта Константинопольге түрік елшісі Маниах келеді. Дегенмен, әскери одақ туралы мәміле византиялық елші Земархтың Алатау бөктеріндегі Қағанның ордасында жасалады. Нәтижесінде тек Иран ғана емес, Солтүстік Қытай да Мұқан, кейіннен Таспар қағандарға бағынышты болады. Мәселен, қытайлықтар Таспар қағанға жыл сайын 100 000 орама жібек матасын беріп отырды. Қытай жылнамашыларының айтуы бойынша түркілердің 1 000 000-нан аса садақшылары болған. Сонымен 572-581 жылдар «Жылқылылар патшалығы» – Түркі империясының «Пілділер патшалығы» Үнді елінен, «Адамдары көп патшалық» Қытайдан, «Інжу-маржан патшалықтары» Иран мен Византиядан үстем болған кезі еді.
Менің түп түркілерді өзімізге таңып отыруым кездейсоқ емес. Себебі, тарих ғылымы бүгінгі күн көзқарастарын елеп-екшей отырып, «Қазақстан территориясында б.д.д. ІІ-І мыңжылдықтардан өмір сүріп келе жатқан тайпалардың тек ХV ғасырда және қас-қағым сәтте ұлт болып қалыптасуы күмән тудыратындығы, өйткені Орта Азия мен Хуанхэ аралығын алып жатқан алып территорияда өмір сүрген сақтардың, массагеттердің, әрине, кейінгі үйсіндердің және түркілердің тілдері мен әдет-ғұрыптарының бізге дейін сол қалпында жет­кендігі, олай болса тегімізді дұрыс түзу жақын бола­шақтың еншісінде екендігін нақты зерттеулер арқы­лы айқындайтындығы анық. Осы бағыттағы оң өзгерістерге тоқталсақ, мәселен, дулати­танушығалым Ә.Байбатша Мұхаммед Хайдар Дулатидің өзі жазып қалдырған деректері бойынша, Ұлы ғұламаның ататек кестесі VІ-VІІ ғасырларда өмір сүрген Бәйдібек (Байдыхан) биден басталса, Бәйдібектің әкесі Қараш хан (530-604 ж.ж.) Батыс Түрік хандығын билеуді әкесі, яғни Батыс Түрік империясының Ұлы хағаны Естеместен (576 жылы қайтыс болған) мұралағаны туралы гипотезаны ұсынады. Ғұлама бабамыз өзінің «Тарих-и Рашиди» атты шығармасында дулаттар жергілікті қазақ халқының негізгі тайпасы ретінде шығысы – Турфан мен Алтай, оңтүстігі – Тибет, солтүстігі – Сарыарқа, батысы – Мауренахрға дейінгі аймақты қамтыған мемлекетте өмір сүргендіктері және осы мемлекетке билік жүргізгендіктері тұрғысында жазады.
Елбасы өз мақаласында Ұлы даланың көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелгендігін, ендігі жерде сол ұлы ойшылдар мен ел билеген тұлғалар бейнесінің маңызды галереясын жасауды қолға алу қажеттігін қадап айтқан болатын. Осы орайда, көшпелі қоғам өркениетіндегі билік негіздеріне көз жіберсек, мынадай жайттарды аңғарғандаймыз. Біріншіден, бүгінгі көзқараспен қарағанда артта қалғандай болып көрінетін қазақ жерінде сөзге тоқтап, заңға бас ию үрдісі орта ғасырларда-ақ қалыптасқан болатын. Халық санасында қалыптасып, әбден бекіп қалған дәстүрлі еркіндіктің, азаттықтың және көшпелі өмір салтының негізін қамтамасыз ете алатын әдет-ғұрып ережелері мен жарлық заңдар қазақ қоғамының көшпелі ел негізінде өркендеуіне әкелді. Заңдылықты сақтау, оны бекіту, ел билеу тұтқасы билер сотында болды, олар көшпенділер қоғамының құқықтық кеңестігінің төрінен орын алды.
Бертіндегі Қазақ хандығы тарихында «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» және Тәуке ханның «Жеті жарғысы» деген атпен енген заңдар белгілі. Олардың әрқайсысы халық берген өзіндік атауға ие. Осылардың біріншісі, Қасым хан туралы айтар болсақ, ХІХ ғасырда өмір сүрген атақты билердің айтуына қарағанда Қасым хан екі жағдайда ғана өлім жазасын қолдануды қалдырған. Біріншісі «қанға-қан», екіншісі керуен тонағаны үшін қолданатын «керуен соғу» деп аталатын өлім жазасы. Қасым хан сонымен қатар, Шыңғысхан ұрпақтары мен рубасыларының өзара қарым-қатынастарын реттейтін бірқатар құқықтық ережелер енгізді. Осының бәрі түптеп келгенде көшпелі қауымдағы тәртіп пен экономикалық дамуды, бірлік пен ықпалдастық мәселесін оң шеше алғаны анық болса керек.
«Қасқа жолдың» халық арасында кең таралуының тағы бір сыры оның хан тұсындағы билердің көкейінен шығуында еді. Өйткені, би ханның пәрменін халық арасында дұрыс түсіндіруші, уағыздаушы болған. Сондықтан да бұл заң билер мен батырлардың және тағы да басқа игі жақсылардың бас қосқан жиынында мақұлданған.
Енді «Есім ханның ескі жолы» заңы хақында. Есім хан 1598-1628 жылдары билік құрғаны белгілі. Ол өзінен бұрынғы Орыс хан, Қасым хан дәуіріндегі ежелгі қазақ заңдарына сүйене отырып, өз толықтыруларын енгізген. Есім хан қағидасы бойынша ауыр жазаның үш негізі бар. 1) Жан жазасы. 2) Мал жазасы. 3) Ар жазасы. Біріншіге– қылмыскерді өлім жазасына кесу жатады, екіншісіне – құн төлеу жатады. Үшіншісіне елден қуу немесе бетіне күйе жағып, мойнына құрым іліп, қара есекке мінгізіп ауылды айналдырып, масқаралау жатады.
Есім хан заңы бойынша шығарылған үкімдердің жалпы саны 118 екендігін де айта кету керек.
ХVІІ ғасырдың аяғы мен ХVІІІ ғасырдың басында хандық билік жүргізген, үш жүздің басын қосқан Тәуке хан (1680-1718) жоғарыда аталған жарғыларды дамытып, үш жүздің билері Төле, Қазыбек, Әйтекелердің және елдің басқа да білгір адамдарының қатысуымен Оңтүстік Қазақстандағы Күлтөбеде кеңес өткізіп, жаңа заң қабылдаған. Бұл заң халық арасында «Жеті жарғы» аталып кетті. «Жеті жарғы» – атына сай жер дауын, жесір дауын, мал дауын, жан дауын, құн дауын, мүлік дауын және ел мен хандық билік мәселелерін қарайтын заңдар жиынтығы. «Жеті жарғы» немесе Тұңғыш қазақ конституциясы аталып кеткен «Тәуке ханның заңдары» жазбаша күйінде Қожа Ахмет Иасауи мұражайының экспозициясында сақталып, осы жазбалардың көшірмесі жамағатқа жеткізіліп отырғандықтан, оның әрбір бабын қайта қаузау міндетті емес те шығар.
Тек билік, яғни үкім шығару хақында бірер сөз айтпақшымыз. «Жеті жарғы» бойынша бірінші сот билігін билер жүзеге асырған. Хан мен сұлтандар екінші инстанциядағы сот ретінде ауыр қылмыстарды және азаматтық істерді, яғни дауларды қараған. Атап айтсақ, рулар мен ауылдар арасындағы дау-дамай, төрелер мен рулардың белгілі алпауыттарын өлтірген адамдардың қылмыстық істері, сұлтандар арасындағы ерегіс даулар. Аса күрделі деген істерді хан-сұлтандар халықтың және билердің қатысуымен қараған, өлім жазасын да солар кескен.
Сол кезеңдегі қазақ қоғамында әділ билерге ғана барлық істерді қарауға рұқсат берілген. Билер дауды жәбірленуші мен талапкердің шағымы болған жағдайда ғана қарап отырған. Соттың, яғни бидің үкімі әдетте ауызша шығарылатын. Қазылық еткені үшін билер мен аралық билерге істе белгіленген құнның оннан бірі тиесілі болған. Көшпелі қоғамдағы құқықтық қатынастарды реттеген тұңғыш қазақ конституциясын қабылдағаннан кейін қазақтарды ұлт ретінде сақтап қалуға байланысты біздің мемлекеттілігіміздің ең күрделі кезеңі (ХVІІІ-ХІХғ.ғ.) орын алды. Жоңғарларға қарсы жүргізілген күрес, кейіннен қоқандықтарға қарсы ұлт-азаттық бас көтерулер мен шекара маңындағы толастамаған қырқысулар қазақ хандарын Ресеймен кіріптарлық дипломатиялық байланыстар орнатуға мәжбүрлеген еді.
Жоңғарларға қарсы cоғыста халыққа өз қатарын топтастырушы ғана емес, сонымен қатар ұрыс алаңында батыл айқасқа шығып, жасақтарды өз ерлігінің үлгісімен ізіне ерте алатын, бүкілхалықтық күрестің ұйымдастырушылары, яғни халықтың шексіз сеніміне бөленген хас батырлар керек еді. Халқымыздың тағдыры шешілер жағдайда «Елім деп еңіреген Ерлер» табылды да. Бүкілхалықтық қарсыласуды ұйымдастырушылар Бөгенбай, Қабанбай, Саңырақ, Жәнібек, Малайсары, Елшібек және басқалар халықты туған жерін қорғауға көтерді. Жоңғар әскерлері қазақ халқының табанды қарсыласуымен санасуға мәжбүр болды. Жау таулы жерлерде, алыстағы далалық аудандарда, қалаларда тойтарыс алды.
Осындай қиын-қыстау заманда аса көрнекті билер Төле, Қазыбек, Әйтекенің қызметтері Қазақ хандығының ХVІІ ғасырдың аяғы мен ХVІІІ ғасырдың басындағы жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте біріктірушілік ролін атқарды. Жоңғар басқыншылығына қарсы Отан соғысының (1723-1730) жеңіспен аяқталуында Аңырақай шайқасының маңызы зор болды.
Аңырақай шайқасында жеке ерлігімен және ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түскендердің арасында көптеген батырлар, билер, сұлтандар, рубасылары – барлық үш жүздің өкілдері болды.
Президент аталған мақалада «Бүгінде төл тарихымызға оң көзқарас керек. Ең бастысы, біз нақты ғылыми деректерге сүйене отырып, жаһандық тарихтағы өз орнымызды байыппен әрі дұрыс пайымдауға тиіспіз», – деген еді.
Мақалада қарастырылған жайттар соның бір парасы деп білеміз.

Сейдахан Бақторазов,
М.Х.Дулати атындағы
ТарМУ-дың доценті, тарих
ғылымдарының кандидаты

Leave A Reply

Your email address will not be published.