«Ұлттық аспаптың қасиетін ұғатын жастар өсіп келеді»

«Сәті түскен сұхбат» айдарының қонағы – белгілі айтыскер ақын, «Алатау» фольклорлық ансамблінің концертмейстері, күйші Дидар Басықараев.

0 145

– Дидар, домбыра қай жасыңыздан бастап жан серігіңізге айналды?
– Домбырамен бала кезден доспын. Әкем өзі әнші, айтыскер ақын, термеші болды. Домбыраны серік етуіме сол кісінің ықпалы болған шығар. Нақты он үш жасымда қолға домбыраны алып, күй шерттім. Сол кезден бастап домбыраны ешқашан жанымнан тастаған емеспін. Домбыраға әуестенуіме белгілі күйші Асылбек Еңсеповтің да ықпалы бар. Бала кезімізде концерттерде ол кісі домбырасымен шығып, күйді эстрада жанрында орындап жатса, қатып тұрып қалып, сүйсіне тыңдайтынмын. Күйлерін кассетадан іздеп тауып жүріп тыңдап, сол секілді күйші болсам деп армандадым. Айгүл Үлкенбаеваның күйлері ерекше әсер ететін.
– Ұстаздарыңыз жайлы айтсаңыз? Өзіңіз күйді бірден түсініп кеттіңіз бе, жоқ әлде әсер еткен жағдайлар болды ма?
– Домбыраны алғаш қолыма ұстатқан ұстазым Сандуғаш Жазалиева. Ол кісі Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің оқытушысы, консерваторияның түлегі. Мені домбыраның әліппесінен бастап үйретті десем де болады. Алғашқы ұстазыңыз кім дегенде бірден сол кісі аузыма келеді. Сол кісіден көп үйрендім. Одан кейінгі ұстазым Түймекүл деген әпкеміз, марқұм болып кетті. Ол кісі де домбыраның құлағында ойнаған нағыз өнерпаз болатын. Одан соң Ғани Байназар, алматылық Саят Ақбасов деген күйшілерден дәріс алдым. Күйді бірден түсініп кеткен жоқпыз әрине. Күйді бірінен соң бірін тыңдап, қалғып кететін де тұстарымыз болған. Бірақ, күй осылайша білдіртпей, буыныңды босатып отырып, шым-шымдап бойыңа сіңе береді екен.
– Сізге шертпе күй жақын ба, төкпе күй ме?
– Ансамбльде күйдің екі түрі де қамтылады. Жетісу күйшілігін алсақ, Нұрғиса Тілендиев атамыздың күйінде бір жерде төгіп, бір жерде шертіп ойнайтын жері болады. Соны нақышына келтіріп орындау керек. Бұрынғы кезде шертпе күйді бөлек, төкпе күйді бөлек оқытатын. Кейін бертін келе екеуін біріктіріп, бірге оқытатын болды. Негізі шертпе күйге жақынмын. Себебі біздің Қаратау – күйшілік мектебінің аймағы. Бірақ төкпе күйді де қолдан келгенінше ойнаймыз.
– «Күй – кие», деп жатады. Осы сөздің мағынасын ашып беріңізші?
– Күй шынында киелі, ол деген үлкен құдірет. Күйді 62 тамырымен сезіп, 12 мүшесі бірге бір үйлесімде болған кезде сол сезім күйге ұласады. Күй ғылыми жобаға енгеннен кейін ғылыми формалары, әдістері болып бірнеше аймаққа бөлінеді. Көп күйшілеріміз күйді сол формасына қарап шығарады. Күй адамның жан-дүниесі, толғанысымен шығады. Атақты жырау, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алмас Алматов айтқандай, «Сөз айта алмайтын заман болғанда, айтатын ойдың бәрі барып аспаптың көмейіне тығылады». Сол себепті де, күй дегеніміз – домбыра арқылы халықтың тұрмысын, тарихын, тағдырын жеткізе білу. Күй – әрбір жанның қуанып-мұңайғандағы жұбанышы, сағынышы. Осындай құбылыстармен байланысып, жүрекке еніп, тамырлары арқылы саусақтың ұшына барып, күй шығады. Әрине бұл өнер көрініп тұрғандай сурет емес, ән де емес, сөзі бар жыр да емес. Оны көкірек көзі ояу адамдар бірден түсінеді.
– Сұхбатымыздың басында күйге деген қызығушылығымды Асылбек Еңсепов оятты деп айтып қалдыңыз. Ол кісі кезінде күйді эстрадаға салып орындап, жаңашылдық әкелген еді. Ал кейбір күйшілер күйді эстрадаға айналдыруды құп көрмейді ғой, осыған сіздің көзқарасыңыз қалай?
– Мен ондай жаңашылдықты жақсы қабылдағаным сонша, күйге деген әуестігім оянды. Егер күйдің бояуын, домбыраның үнін бұзбайтын болса, эстрадаға қарсылығым жоқ. Музыка тілімен айтқанда кейбір күйлер «квадрат» дейді, яғни белгіленген өлшемге бағынбайды. Оны эстрадаға қосқанда мүлде өзгеріп, бұзылып жатады. Бұл дұрыс емес. Қандай жағдайда да күйдің түпнұсқасы сақталуы ләзім. Қазір көбісі күйді түсіне бермейді ғой, сол себептен ұлттық өнеріміз эстрада арқылы насихатталып жатса оған қарсылығым жоқ. Шүкір қазір күйші жастар көптеп шығып жатыр. Оған бір жағынан әлеуметтік желілердің де септігі тиюде. Бір кездері белең алған «Домбыра party» жобасының да оңды әсері болды.
– Күй орындаушыларының табысы қандай? Әншілер секілді тойға тапсырыс қабылдайсыздар ма?
– Бұл өте қиын сұрақ, өйткені көбіне аймақтарда ансамбльмен жүреміз. Күй орындаушылардың дені белгілі бір мекемеден айлық алады. Үлкен фестивальдерге қатысып, тиесілі қаламақысын алып жатады. Байқауларға қатысады. Бірақ нағыз домбырашы күйді табыс көзіне айналдыра алмайды. Күйдің бағасы жоқ. Өзім күйші ретінде біраз жетістікке жеттім. Н.Тілендиев атындағы «Кел, еркем, Алатауыңа» атты әншілер мен күйшілер байқауында «Күйшілер» аталымы бойынша бас жүлде иеленгенмін. Одан бөлек облыстық Дельфийлік ойында да бірінші орын алғанмын. Одан да басқа жүлделерім қоржынымда баршылық.
– Күйші болған соң, домбыраң да астыңдағы атың секілді үнемі бабында тұруы керек қой. Аспабыңызды жиі ауыстырасыз ба?
– Мен осы уақытқа дейін екі рет домбыра алдым. Алғашқысын алматылық Аймұхамед деген шебер жасап берді. Кейін Талғат деген ұстаға жасаттым. Домбырам күйге арналған.
– Өзіңіз жұмыс істейтін «Алатау» ән-би ансамблінде домбырадан басқа қандай аспаптар бар?
– «Алатау» ән-би ансамблінің тарихы тереңде. Ансамбльде домбырадан басқа қобыз, примақобыз, шекілдек, шертер, бас домбыра, қылқобыз, жетіген, сазсырнай, ұрмалы аспаптар, шаңқобыз, сылдырмақтар, сырнай, дауылпаз, асатаяқ сынды аспаптар бар.
Ансамбльмен Польша, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстанда болып, өнер көрсетіп, елдің ықыласына бөлендім.
– Күйшіліктен бөлек айтыскер ақынсыз. Айтысқа деген қызығушылығыңыз қалай қалыптасты?
– Жоғарыда әкемнің айтыскер ақын екенін де айтып кеттім. Әкеміздің анасы, апамыз да белгілі айтыскер ақын болған. Бірақ ауыл арасында болмаса, сыртқа танылмаған. Тұманбай Молдағалиевпен де газет арқылы айтысқан деседі. Бірақ ол газет сақталмаған екен.
Әкеміз бала кезімізде айтысқа қатысып, үйге келгенде аман-саулықты сұрап болған соң, айтыста айтқан ойларын, өлеңдерін, басқа ақындардың сөздерін айтып беріп отыратын. Сол кезде ақын әпкеміз Алтынкүл Қасымбекова, Әзімбек, Мұхаммеджан, Қасқырбай сынды ағаларымызды көріп өстік. Үйге қонақ болып келіп, әңгіме-дүкен құрады, одан қалса бір-бірімен айтысып жатады, пікірталастырып, айтысты талдайтын. Соның барлығы менің айтысқа келуіме әсер етті деп ойлаймын. Айтыстағы жетістіктерім көп емес. Дегенмен республикалық, облыстық айтыстарға қатысып, жүлдегер атанып жүрмін.
– Жамбылдық айтыскерлер шоғырының ауызбірлігі қандай? Ақындар ортасы қалыптасқан ба?
– Біздің жамбылдық айтыскерлердің ауызбірлігі өте жоғары. Оған ұйытқы төрағамыз, Мәдениет саласының үздігі, ақтаңгер ақынымыз Ахметжан Өзбеков ағамыздың еңбегі зор екенін елдің бәрі біледі. Сол кісінің идеяларымен, сол кісінің ойымен кейінгі толқын қолдап келеміз. Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағымен тығыз байланыста жұмыс істеп келеміз. Қандай да бір айтыс болса, мейлі айтыскерлердің жеке өмірлерінде болған проблемаларды бірге шешіп, қуаныштарда ортақтасып, атсалысып жатамыз.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Айжан ӨЗБЕКОВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.