"Көңілашар"

Ұлттық биімізді Парижде паш етпек

Written by Aray2005

Кешегі ұлттық биімізді әлемдік деңгейге көтеріп, жаһанға жеткізген Шара Жиенқұлова­лардың ізгі ізін жалғап, бүгінде төл өнерімізді төрге шығарып жүрген жамбылдық жастар да аз емес. Солардың бірі – жуалылық Бекзада Әбдіқасымова.

Күні кеше ғана Бекзада Асылханқызы жетекшілік ететін ауданның мың бұралған өнерлі жастарынан құралған «Томирис» би тобы ІІ республикалық «Дарабоз» байқауында үздік өнер көрсетіп, Францияның астанасы Париж қаласында өтетін халықаралық байқауға жолдама алды. Шежірелі ел тарихында шамамен ХІV-XV ғасырлар аралығында пайда болып, түркі тілдес халықтар арасында кеңінен таралған қазақ халқының «Қамажай» биін билеп, талантымен топ жарған олар енді ел намысын Еуропада қорғамақ.
Айта кетсек, Бәйтерек ауылында көпбала­лы отбасында дүниеге келген Бекзада Әбдіқасымова туған жеріндегі Т.Тастандиев атындағы орта мектепті тәмамдайды. 2004 жылы Тараз мемлекеттік педагогикалық университетіне оқуға түсіп, оны 2008 жылы хореография мамандығы бойынша бітіріп шыққан. Ең алғашқы еңбек жолын Шу ауданы Жамбыл атындағы мектеп-гимназияда хореограф болып бастаған ол Шу аудандық мәдениет үйінде де қызмет етеді. Ал 2017 жылдан бастап туған өлкенің мәдениет саласына үлес қосу мақсатында Бәйтерек ауылындағы №2 Балалар өнер мектебіне жұмысқа орналасып, бүгінде сол мекемеде хореограф болып еңбек етуде. Ол мектеп оқушыларын ұлттық би өнеріне баулып, патриотизмді дамытуға ілкімді ісімен үлес қосуды перзенттік парызы деп санайтын талант иесі.
– Бұл өнер маған ата-анамнан дарыған болса керек. Мектепте оқып жүрген кезден бастап биге қатысатынмын. Би өнерін ұнатқаным соншалық, оны өмірлік мамандығым ретінде таңдап алдым. Студенттік кезімде кураторымыз «Томирис» би тобын құрып, мен сол топта өнер көрсеткен едім. Содан мен де осындай би тобын құрсам деп армандайтынмын. Міне, қазір сол арманым орындалып, он қыздан құралған «Томирис» деп аталатын топты құрдым. Балалардың би әлемін түсініп қабылдаудағы талғамын тәрбиелеуде, эстетикалық сезімталдығын қалыптастыруда би өнерінің ролі ерекше деп білемін.
Әңгімені би тілімен жүргізу үшін бишінің ерекше табиғи қасиеті, дарындылығы болуы қажет. Бір әуенге қойылым қою үшін ұзақ ойланамын. Себебі әр ырғаққа қойылым қойып, оны жан-тәніңмен сезінуің керек. Ұзақ ойлана жүріп, әрқайсысын бір-біріне сай келетіндей етіп қойылым дайындаймын. Би өнерінде әр шәкіртіммен аянбай тер төгуімнің нәтижесінде бірқатар биік белестерді бағындырдық. Ендігі үлкен үмітіміз – Париждегі беделді байқаудан жүлделі оралу. Әрине, мен үшін бұл үлкен бақыт, – дейді Б.Әбдіқасымова.
Қазіргі таңда Бекзада Асылханқызы үш мектептің, атап айтқанда Ақтөбе, Жаңаталап, Бәйтерек ауылдарының 60 оқушысын би өнеріне баулып отыр. Биге қатысушыларды үлкен, кіші топқа бөліп, аптасына төрт рет сабақ өтеді. Оларға қазақ, түрік, орыс, кәріс және басқа да ұлттардың ұлттық билерін үйретеді. Отандық байқаудан олжалы оралған жуалылық жампоз­дары­­мыз­дың таудай
талап­тарына тола­ғай табыс тілейміз.

Нұржан Қадірәлі

ПІКІР