Ұлттық халық санағының бірінші кезеңінің жұмыстары басталды

0 5

Биыл елімізде бірінші рет IT-технологиялар арқылы ұлттық санақ өтеді деп жоспарланған. Ал Жамбылда ұлттық халық санағының бірінші кезеңінің жұмыстары басталды.

Бұл туралы бүгін ӨКҚ алаңында Жамбыл облысы бойынша статистика департаментінің басшысы Сырым Мадиев айтты,- деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, халық санағын өткізу мерзімі биыл 1 қыркүйектен бастап 30 қазан аралығына белгіленді. Ал оны өткізуге жәрдемдесу жөніндегі комиссия құрамы да бекітілген. «Алдағы санақ екі әдіспен интернет желісін және планшеттерді пайдалану арқылы өтеді. Жаңа IT-технологияларды пайдаланып, санақ өткізу әдісі біздің елімізде бірінші рет жоспарланып отыр. Интернет-сауалнама кезінде азаматтар өз бетінше өзіне және өзінің отбасы мүшелеріне электрондық санақ парақтарын мамандандырылған сайтта толтыра алады. Екінші әдіс санақтан өтпеген азаматтарды санақ персоналы жаппай аралап шығып, мәліметтерді жинауға бағытталған», – деді С. Мадиев. Спикер Жамбыл облысында ағымдағы жылдың 1 маусымынан ұлттық халық санағының бірінші кезеңінің жұмыстары басталғанын айтып өтті. Ол осы айдың соңында аяқталмақ. Қазіргі уақытта интерьюерлер тұратын халықты нақтылау бойынша үйлерді, тұрғын үйлерді және тұрғын емес үй-жайларды аралауды жүзеге асыруда. Айтулы шараның екінші кезеңі яғни қыркүйек-қазанда өтетін негізгі халық санағы интернет-сауалнама және жаппай сауалнама болып бөлінеді. «Интернет-сауалнама санақ басталған қыркүйек айының 1-нен қазан айының 15-іне дейін 45 күнге жалғасады. Интернет-сауалнама кіру www.sanaq.gov.kz веб-сайты арқылы жүзеге асырылады. Респондентті тіркеу ЖСН, куәлік нөмірі, мобильдік телефон нөмірі, электрондық пошта, код және растау паролін енгізу арқылы іске асыру жоспарлануда. Телефон нөмірін енгізгеннен кейін респондент көрсеткен мобильдік телефонның нөміріне немесе электрондық поштаға растау кодымен SMS-хабар алады. Бұл мәліметтердің қайталануынан сақтайды. 2 кезеңде санақшылармен планшет арқылы он-лайн, офф-лайн режимде, оның ішінде интернет-сауалнамадан өткендерді қоса алғанда, деректерді жинауды жаппай аралау арқылы жүзеге асыру күтілуде», – деді департамент басшысы.

inform.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.