"Хаттар...Хаттар..."

Ұлттық киімдеріміз ұмыт қалмасын!

Written by Aray2005

Желтоқсан айы келер-келместен жұртшылық жаңа жыл мерекесін қарсы алу қамына кірісе бастайды. Әрине, төрткүл дүниеде тойланатын жаңа жыл мерекесіне жоғары деңгейде дайындалып, есте қаларлықтай етіп атап өту керек те шығар. Ешкімге тыйым сала алмаспыз. Алайда, бұл тұста ескеретін дүниелер де бар. Мәселен, Қытай Халық республикасы әз-Наурыз секілді өздерінің жаңа жылдарын шекараны жауып тастап, ай бойы тойлайды. Сол секілді көршілес Өзбекстан халқы да Ұлыстың ұлы күнін атап өтуге ерекше көңіл бөледі.

Жалпы, ата-бабаларымыз Ұлыстың Ұлы күнін бір-екі күндік мереке деп қарамаған. «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!» деп ақжарма тілектерін жаудырып, бірін-бірі көргеніне қуанысып, қауышқан. Ай бойы кезектесіп наурыз көже пісіріп, мәре-сәре болып қарсы алатын болған. Кейінгі жылдары елімізде әз-Наурыз мерекесі өзге мерекелерден мүлдем басқаша сипатта тойлана бастады. Қуанатын жағдай. Алайда, айтулы мерекенің басты айшықтарының бірі ұлттық киімдеріміздің жайы жаныма аяздай батады. Шыны керек, біздің ұлттық киімдеріміз тойда қонақтың иығына жабуға ғана арналған секілді.
Төскейде малымыз, төсекте басымыз қосылып, қатар жатқан Өзбекстан мен Қырғызстан елдерінің тұрғындары өздерінің ұлттық киімдерін мақтанышпен киіп жүреді. Қандай бір қызмет атқармасын өзбек ағайындар «ала топысын», қырғыз ағайындар «айыр қалпағын» тастамайды. Кеңес Одағы кезінде Мәскеуде съездер сарайында киіп отыратынын да көретінбіз. Өзбек халқы үйіне келген бойда шапанын киіп алады. Шапандары өте қонымды, жеңіл, жылы, түр-түсі біркелкі, тіптен басқа киім кигің келмейтіндей.
Біздің еліміздегі өзбек жігіттердің өздері ішкі қалталарында төрт бүктелген «топыларын» салып жүреді. Жаназа, Құдайы тамаққа және басқа да Құран оқытылатын жерде қалтасынан алып кие қояды. Біздің қазақ жігіттері ұқсап басына орамал, газет қойып әлек болмайды. Ол ұлтжандылықтың бір көрінісі ғой.
Белгілі ақын Сырбай Мәуленов «Үнді сапары» әңгімесінде «Үнді елінде өзбек ағайынды көрдім. Көргеніме таңғалған жоқпын, басындағы «ала топысымен» жүргеніне таңдандым» деген.
Шүкір, біздің де мақтан тұтар ұлттық киімдеріміз бар. Заманында бабаларымыз жадағай шапан, шекпен, ішік, киіз қалпақ, бөрік, тымақ киді. Аталған киімдердің қай-қайсысы да ыңғайлы, қонымды, түр-түсі біркелкі болып келетін. Сондықтан да осы үрдіс қатаң сақталуы керек деп ойлаймын. Егер ұлттық киімдеріміз ықшамдалып, жыл бойы немесе үйде күнделікті киіп жүруге өте ыңғайлы етіп тігілсе, нұр үстіне нұр болар еді. Бұл жағдай ұлттық санамыздың оянуына оң әсер етіп, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы айтқандай, рухани жаңғыруымызға ықпал етеді деп білемін.

Дүйсен ДІЛДӘБЕК,
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің
«Өмір тіршілік әрекетінің қауіпсіздігі» кафедрасының доценті

ПІКІР