Sport

Ұлттық құндылығымызды ұмытуға болмайды

Written by Aray2005

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында атқа міну мәдениетімен қатар, ат әбзелдері, әскердің киген киімдері туралы баса айтылды. Бұл өз кезегінде арнаулы ғылыми зерттеуді талап етіп, танымдық тұрғыдан зерделеуге жол ашып отыр. Жалпы, атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы әлем елдеріне Ұлы даладан тарағаны тарихтан белгілі. Расында, әлмисақтан қолға үйретіліп, адамзат баласының қажетіне жаратқан жылқы көшпенділердің ең қасиетті, ең қадірлі малы. Өйткені ұлан-ғайыр даланы мекен еткен ұлыстың тыныс-тіршілігі, өмір-салты, өнер-білімі, әдет-ғұрпы, салт-санасы, салтанаты, бір сөзбен айтқанда, бүкіл мәдениеті жылқы түлігімен тығыз байланысты.

Жалпы, жылқы атаулының алғаш қазақ топырағында пайда болып, төрткүл дүниеге тарағанын бүкіл ғалымдар мойындап отыр. Демек, жауынгерлік дағдыға баулып, ер-жігітті ептілік пен ерлікке үйрету үшін көкпар, жамбы ату, аударыспақ сынды ат ойындары да біздің ата-бабамыздан бастау алады. Алғаш рет қазақ даласында пайда болған ат ойындары жазылмаған ережемен ойналып, бүгінгі күнге жетті. Сан ғасырлық тарихы бар осы көкпар ойынын жеме-жемге келгенде қазандыққа немесе шеңберге тастау дұрыс деп жік-жікке бөле жаруымыз орынсыз. Жасыратыны жоқ, бұл ойында ата-бабаларымыз жігіттердің қауіпсіздігінен бөлек, астындағы аттарының да аман болуын ескеретін. Кеңестік кезеңде көкпарды қазандыққа тастау арқылы ойнау бастау алды. Осы қазандыққа тастауды қырғыз көкпаршыларының біз ойлап таптық деген желеумен атасының аманатындай сезініп отырғандығы түсініксіз. Жалпы, көп жағдайда көкпарды қазандыққа тастау көкпаршылар мен аттардың жарақат алуына себепші болып жатады. Десе де, ел көкпаршылары Кеңес заманынан бері ешкімге есесін жіберген емес. Оған тарих куә.
Негізінен көкпардың халықтық ережесіне көз салатын болсақ, шабандоздар тақымындағы серкені өздері қалаған киіз үйдің алдына әкеліп жерге тастағанда ғана, ол салым болып есептелетін. Осылайша ойын ары қарай жалғасын тауып кете беретін болған. Өз кезегінде бұл ереже жақын маңда жүрген қатын-қалаш пен балалардың амандығын сақтауға бірден-бір кепіл шарт еді. Әйтпесе, ата-бабамыз «қазандыққа» шабуды білмей қалған жоқ. Тарихы терең дәл осы ұлттық ойын «ЭКСПО» халықаралық көрмесінде шеңберге тасталды. Мұндағы мақсат– қауіпсіздіктен бөлек, көкпарды халықаралық дәрежеде насихаттау еді. Осы көкпардан өткен тұңғыш Әлем чемпионатына мұхиттың арғы жағындағы АҚШ-тан да шабандоздар келіп шапты.
Алғашқы Әлем чемпионатының алдында көкпарды қазандық немесе шеңберге тастау мәселесі көтерілген болатын. Сол кездегі ҚР Ұлттық спорт федерациясының президенті болған Бекболат Тілеухан үлкен жиын өткізіп, көкпарды шеңберге тастау ережесін мақұлдаған еді.
Жасыратыны жоқ, бүгінде осы ережеге қатысты өз ішімізден шыққан кейбір түсінігі таяз азаматтар қызғанышпен қарап, «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деген жалаң ойларымен орынсыз пікірлер айтуда. Дейтұрғанмен, көкпар ойынының бірыңғай ережелерін жасау бойынша Өзбекстанда 12 мемлекеттің өкілдерінің қатысуымен талқыланатын болады. Сондықтан әліптің артын бағу керек.
Осы орайда тілге тиек ете кететін жайт, салт-санамызды, дәстүрімізді түсінгісі келмейтіндердің көңіліне қараймыз деп ұлттық құндылығымызға өзіміз балта шаппауымыз қажет. Аттың үстінде жүріп, көкпардың айналасындағы атпалдай азаматтарымыз осыны баса ойласа екен. Себебі қай халықтың да төл өнеріне өзгеріс енгізерде сол ұлттың өкілдері келісім бермесе, шешім біржақты қабылдана алмайды.

Жапар Сатылғанов,
этнограф-құсбегі,
Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы

ПІКІР