Ұлттық құндылықтар ұмыт қалмауы тиіс

0 0

Ол кезде ұлық мерекеге арналған іс-шара ауылдың қақ ортасында өтетін. Осы мерекенің келуін әсіресе балалар жағы асыға күтетінбіз. Қазақтың ұлттық тағамы – наурызкөжеден бөлек, онда қызықты әрі күнделікті тіршілікке таңсық дүниелер көп еді. Мәселен бір жерде үлкендер жағы балаларды күрестіріп, сыйлық беріп жатса, келесі бір топ әйелдер күресін қызықтайтын. Мұны сол кезде ауылдағылар «қатын күрес» деп атайтын. Тағы бір жерде біреулер білек күшін сынасып жатса, кейбірі белдесетін, батыр тұлғалы жігіттер кір тасын көтеру арқылы жарысқа түсетін. Ендігі бір топ арқан тартысып арпалысқа түсіп жатса, ат спортына жақын алпамса денелі жігіттер аударыспаққа шығатын. Сондай сәтте өзіміздің не атқа, не белдесуге ебіміз болмағанына ұялатынбыз. Бір кездері әжеміздің «сенің пәленше деген бабаң кезінде тайлақ көтеріп жұртты таңғалдырған, түгенше деген атаң бір қойдың етін бір өзі жеген» деген әңгімесін еске алып, солардай болмағанымызға қорланған кез де болды…
Түстен кейін жұрт ауыл сыртындағы ат бәйгесі өтетін алаңға қарай ағылатын. Шуылдаған балалар жағы жаяу-жалпылап «көкпартөбеге» жеткенше талай көріністің куәсі болушы еді. Жер-Ана бусанып, табиғат түлеп, түрленіп, айнала өзгеше реңкке боялған көктемнің осынау бір керемет мезгілінде күн қыза түссе көк майсаға айналғалы тұрған жасыл желекте ауыл малы жусап жататын. Әлдебір жақтан талықсып естілген ауыр техниканың гүрілін біресе жерге құлдилап, біресе жан ұшыра жонарқасымен көкке шегіншектеген молда торғайдың шырылы алмастыратын. Есек мінген егде жастағы қария табанының астындағы тасбақаны таяқпен түртіп көріп, ауызынан мәриям шөп іздеп, әрлі-берлі аударыстырып жататын да нақ осы шақ. Қыр етегіне жағалай жайғасқан шал-шауқан, бала-шаға қиқуға салып маңайды шаңға бөктіретін қыз қуу ойынын тамашалайтын. Шабан ат мінген бозбаланы қамшының астына алған бойжеткеннің қайсарлығы мен басын қос қолымен көлегейлеп, тұра шапқан жігіттің қылығы елді мәре-сәре ететін. Аламан бәйге болмаса да, тай, құнан, жорға жарысы мен тоқ бәйге секілді дүбірлі додалар жұрттың делебесін қоздырып, қатарласа шауып, қамшы бойы озып келген жүйріктер жұртты даурықтыратын. Ақыры қамшы салдырмай келген арғымақ анықталып, шабандоздың мерейі өсетін. Күн ұясына ұзап, көлеңке ұзарар сәтте ол мереке көкпаршылардың шуылы мен ат тұяғының дүбіріне ұласатын.
Бүгінде бүкілхалықтық мерекеміздің маңызын айшықтайтын ұлттық құндылықтарымыз ұмытыла бастағандай. Ата салттан аттамауды парыз санаған қазақ халқының бүгінгі ұрпақтары Наурыз мерекесіне науқан ретінде қарайтын дәрежеге жетті. Тараз қаласының тұрғыны Асқар Қыдырмашов бүгінде наурыз нақыштарының бояуы оңып бара жатқанын, бірен-саран адамдардың ұлттық киім кигені, киіз үй тігіліп, көже пісірілгені болмаса, мерекенің ұйымдастырылуының қатардағы іс-шаралардан айырмашылығы жоқ екенін айтады.
– Жыл сайын жұрт осы шаһарда ұлық мерекені қарсы алу үшін орталық алаң маңына жиналады. Ол жерде облыс басшыларының құттықтау тілегінен кейін, Қызыр баба кейіпкері қатыстырылған театрлан­ды­рыл­ған көрініс ұсынылады. Осылайша, мерекелік шара соңы концерттік бағдарламаға ұласады. Киіз үйде дастарқан ұстағандар мен ошақ басындағылар танымаса «Наурызкөжеден ауыз ти!», «Киіз үйге кір!» деп ешкімге айтпайды. Алтыбақан құрылып, әткен­шек тепкен жастарды, ұлттық аспаптардың сүйемел­деуімен жанды дауыста ән шырқап жатқан өнерпаздарды көзіміз шала бермейді. Қыз қуу, бәйге секілді адамға рух беретін ұлттық ойындар да ойна­ты­лу­дан қалған. Қайта қой көтеру, арқан тартыс, қазақ­ша күрес секілді ұлттық ойын түрлеріне соңғы бір-екі жылда мән беріле бастады. Осының өзі жанға медет, – дейді ол.
Ауылдық жерлерде Наурыз мейрамы барынша ұлттық салт-дәстүрге сай өткізілгенімен, мұнда да бұрынғыдай қыз қуу ойыны ұйымдастырылмайды екен.
– Бұрын бәйге де, көкпар да, қыз қуу ойыны да өтетін. Қазір соның ішінде соңғысы ескерусіз қалды. Ат жарысы үшін де біреу арнайы бәйге тікпесе, ол да өткізіле бермейді. Бұл мүмкін уақытша ғана шығар. Себебі бір кездері осы ауылда наурызкөже ішкісі келген балаларды үлкендер жағы киіз үйге жолатпай қуалайтын кездер болған. Мүмкін бұл сол кездері киіз үй тігуге мүдделі болған мекеме немесе көше тұрғындары алдымен ұлттық тағамнан игі жақсылар ауыз тисін дегенінен туындаған шығар.
Бүгінде кез келген киіз үйде ас та төк дастарқан жайылып, далаға қосымша үстел орнатылады, наурыз көжені де мол пісіріп, өзгелермен қатар, балалардың да ұлттық нақыштағы дастарқаннан дәм татуына жағдай жасалған. Кем-кетігі болса, уақыт өте дұрысталады деп ойлаймын, – дейді Талас ауданы, Қызыләуіт ауылының тұрғыны Жанәділ Сейдахов.
Біз ұлттық ойындардың кенжелеп бара жатқанының мәнісін облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының спорт түрлерін дамыту бөлімінің басшысы Азамат Ділдебайдан сұрап көрдік. Ол қазақ халқының өмірлік салт-дәстүрінде кездесетін ойын түрлерінің барлығын бірдей ұлттық ойын деп тануға болмайтынын айтады.
– Қазақ халқында ұмытылып бара жатыр деп дабыл қағуға болатын ақсүйек, ләңгі, соқыртеке секілді көптеген ойындар бар. Мұны қазір қалада да, далада да ешкім ойнамайтынын білеміз. Бірақ олар ұлттық ойындар қатарына жатпайды. Шын мәнінде ол ойындар – халықтық ойын. Бүгінгідей дене қимылының, ой жүйесінің дамуына ықпал ететін осы тектес жасөспірімдерге тән ойындардың назардан тыс қалуы смартфон, компьютерлердің өмірімізге дендей енуінен деп білемін. Ал ұлттық ойын қатарына көкпар, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату, бес тас, аламан бәйге, құнан бәйге, жорға жарыс, теңге ілу, аударыспақ, жамбы ату, құсбегі және ордабасы секілді ойындар кіреді. Бұл аталған ойындар Наурыз мерекесінде болмаса да, басқа уақытта облыстық, республикалық деңгейде белгілі бір іс-шаралар жоспары негізінде ұйымдастырылып жүр, – дейді Азамат Әбдіжапарұлы.
Ал Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Салтанат Байқұлақова өзінің кезінде қыз қуу ойынына қатысқанын айтып, бүгінде осы ойын түрі ұмыт қалып бара жатқанына алаңдайтынын білдірді. Ол еліміз бойынша қыз қуу ойыны өтпегеніне біршама жылдың жүзі болғанын айтады.
– Меркі ауданы Т.Рысқұлов ауылында туып-өстім. Әкем Несіпхан ауылда белді көкпаршының бірі еді. Ол мені 3 жасымнан бастап атқа отыруға үйретті. Өзім қатарлы кейбір ұлдар жылқыға таңырқай қарап жүргенде, мен ат құлағында ойнайтын дәрежеде болдым. Ауылымызда және жақын орналасқан басқа да елді мекендерде ұйымдастырылған қыз қуу сайысына үнемі қатысып, мақтау естіп жүрдім. Өсе келе Тараз қаласындағы «Ұлттық спорт түрлерінен «Әулие-Ата» кәсіпқой клубына қабылдандым. Осы клубта команданың намысын қорғап, бес жыл атқа шаптым. Кейін Қызылорда облысының азаматына тұрмысқа шығып, Нұр-Сұлтан қаласына қоныс аудардық. Менің атқа шабуды тоқтатуыма тұрмыс құруым себеп болған жоқ. Өйткені менің қыз күнімде осы ойынға жас келіншектер де қатыса беретін. Бұрын ойын ережесі бойынша белгілі бір мәреге дейін қызды қуған жігіт оның бетінен сүюге талпынса, қазір жігіт қыздың сол иығына байланған кішкене орамалды шешіп алуы тиіс. Қазір бұл ойынға тыйым салыныпты деп естідім – деді ол.
Қыз қуу ойынының бүгінде неліктен ойнатылмай жүргенін облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының «Ұлттық спорт түрлерінен «Әулие-Ата» кәсіпқой клубы басшысының орынбасары Төлеген Жұматаев түсіндіріп берді. Ол аталған мекеме ұлттық спорт түрлерінің көкпар, аударыспақ, жамбы ату, теңге ілу, асық ату, құсбегілік, тоғызқұмалақ секілді 7 түрінен спортшылар дайындалатынын айта келе, 4-5 жылдан бері қыз қуу ойыны ұлттық ойындар тізімінен ресми түрде алынып тасталғанын айтты. Оған бұл ойынның қауіптілігі себеп болса керек.
Баршаға белгілі, бүгінде әлем мемлекеттерімен бірге қазақ елі де коронавирус індетімен күресіп жатыр. Осы ахуалға байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы Жарлығымен төтенше жағдай жарияланып, отбасылық, спорттық, салт-дәстүрмен сабақтасқан шараларды өткізуге уақытша тыйым салынды. «Сақтықта қорлық жоқ» дейді дана қазақ. Бұл қиындық та еңсерілер. Дейтұрғанмен біз ұлттық құндылықтарды ұмыт қалдырмауымыз керек. «Жалпыхалықтық ойын», «ұлттық ойын» деп бөліп жарғанымызбен, осындай дүниелер арқылы ғана жас ұрпақты ұлттық рухы биік азамат ретінде тәрбиелей аламыз. Себебі адамның елге, жерге деген патриоттық сезімі ұлттық тәрбиеге байланысты қалыптасады. Сондықтан бүгінгідей жаһандану заманында алпауыт елдерге жұтылып кетпеуіміз үшін халқымызбен бірге жасасып келе жатқан салт-дәстүрімізді санада мәңгі жағыртуға күш салуымыз керек.

Нұрым Сырғабаев

Leave A Reply

Your email address will not be published.