Рухани жаңғыру

Ұлттық құндылықтар – ұрпаққа аманат

Written by Aray2005

Ал жастар аманатқа қаншалықты адал?

Шұрқырай кісінеп, жер тарпыған жануар дыбысынан оның тұлпар екенін көзбен көрмей-ақ сезуге болады. Себебі, он сегіз мың ғаламмен байланысып жатқан табиғат-ананың кең құшағындағы әрбір тіршілік иесінің өзіне ғана тән үні мен ерекшелігі, сұлулығы мен сыры бар. Әр ұлттың да. Сөйлеген сөзінен, тілінен, ұлттық киімінен, дәстүр-салтына сіңген іс-әрекетінен оның қай ұлт екенін айғақтау қиын емес. Өйткені, әр ұлттың өзіндік құндылықтары сол халық өміршеңдігінің мәңгілік энергиясы, қайнар бұлағы. Ол ұлтты ұлт қылып қалыптастырып кеткен бекзада бабалар мен ақ жаулығы арындай әппақ ардақты аналардың ең қастерлі аманаты.

Біздің заманымызға дейінгі IV-V ғасырларда тұңғыш рет асау тұлпарды тізгіндеп, даланың ерке тіршілік иесін елден бұрын ерттеп мінген, VIII-IX ғасырларда Ақыртастай жауһар қаланы салып, қыр астынан құбыр тартып, Мұзарттың мөлдір, бұлақтың бал суын тұтынған бабалардың даналығында шек жоқ. Бұл жайында күні кеше ғана Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жариялаған «Ұлы даланың жеті қыры» атты маңызды мақаласында да айтылды. «Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны тарихтан белгілі.
Еліміздің солтүстік өңіріндегі энеолит дәуіріне тиесілі «Ботай» қонысында жүргізілген қазба жұмыстары жылқының тұңғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін дәлелдеді.
Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ал жаһандық ауқымда алсақ, шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашты» деді Ұлт көшбасшысы бұл туралы. Сонымен қатар рухты жансыздандырып, ғұрыпты материалдық дүниелерге тәуелді етуді көксеген нарық заманында әл-Фараби мен Ясауи, Күлтегін мен Бейбарыс, әз Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абайдай тағдырлы тарихымыздың тау тұлғаларын да тілге тиек етті. Ұлы дала мұрагерлерінің өткен мыңжылдықтағы халық ауыз әдебиетінің таңдаулы үлгілері – ертегілері, аңыз-әпсаналары, қиссалары мен эпостары жинақталатын «Дала фольклорының антологиясын» жасауды тапсырып, міндеттеді. «Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы» деп қорытындылады Мемлекет басшысы мазмұнды мақаласын. Яғни, түп-тамырымыз, бастау-бұлағымыз болған ұлттық құндылықтарымызды асқақтата ұлықтайтын кез жетті деген сөз.
Тарқатып айтсақ, ұлт – ұл, перзент деген түбір сөзден құралған. Ұлдың мағынасы баршамызға белгілі. Ол ел қамын жейтін азамат болса, бүкіл елдің де ұлы. Ұл – түбірінен ұл мен қыз, ұлан, құлан, құлыншақ, ұланақ, ұлы, ұлық, ұлықтау, ұлыс деген сөздер дүниеге келді. Ұлы сөзі кез келген жақсы ұғымның апогейін білдіреді. Мысалы, ұлы дала, ұлы адам, ұлы тұлға, ұлы тау деп жалғаса береді. Демек, ұлттың аты артына арлы, иманды ұрпақ қалдырған, халқына қаяусыз қызмет еткен, жақсы ісімен ұрпағына үлгі болған сонау түкпірдегі Ұлы Атамыздың аты. Ал салт – ата салты. Ата-әжені сыйлаудан басталып, соңы әкені, ағаны және әрбір қазақ баласы өзінен үлкендердің бәрін құрметтеумен жалғасады. Мен қазақпын деген жанға бұл қағида ешқашан өзгермейді. Һәм тілі мен діні, дәстүрі де оның ажырамас бөлігі. Сол себепті, бабаларымыз бізге «Тілің тұғырың, дінің – діңгегің» деген ұлағатты өсиет қалдырған. Мұны әрбір қазақ азаматы бес саусағындай білуге және оны көзінің қарашығындай сақтауға тиіс. Онсыз біртұтас қазақ ұлтын сақтау – утопия. Жер бетінен ғайып болған ұлттардың бәрі осындай қарапайым қағиданы ұстана алмағандықтан жойылғанын ұмытпаған абзал.
«Біз бүгінгі бейбіт тірлігіміз үшін, Қазақстан деп аталатын Республиканың жер бетінде барлығы үшін, тарихтың әр тұсында осы елді, осы жерді қорғаған қайсар жандардың аруағының алдында қашан да қарыздармыз», – деп Мемлекет басшысы айтқандай, бүгінгі ұрпақ бабалардың алдындағы рухани борышын адал өтеуге жауапты. Осы орайда, дана халқымыздың «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деген терең мағыналы сөзі ешқашан өз маңызын жоймайтын тұжырым. Қазақтың көрнекті ақыны Мағжан Жұмабаев: «Ұлт тәрбиесі – баяғыдан бері сыналып, көп буын қолданып келе жатқан тақтақ жол болғандықтан, әрбір тәрбиеші сөз жоқ, ұлт тәрбиесімен таныс болуға тиіс. Және әр ұлттың баласы өз ұлтының арасында, өз ұлты үшін қызмет қылатын болғандықтан, тәрбиеші баланы сол ұлт тәрбиесі мен тәрбие қылуға міндетті» десе, мемлекет және қоғам қайраткері Мұстафа Шоқай: «Ұлттық құндылықтардан жұрдай рухта тәрбиеленген ұрпақтан халқымыздың қажеті мен мүддесін жоқтайтын пайдалы азамат шықпайды» – деп тайға таңба басқандай ақиқатты шындықпен нақтылаған болатын.
Осындай текті тұлғалардың бүгінгі ұрпағы, қазіргі жастар сол ұлттық құндылықтарды қаншалықты қадірлеп жүр? Салт-дәстүрді қаншалықты біледі, ұстанады? Елінің әдебиеті мен мәдениетіне, руханияты мен тарихына қалай алаңдайды? Бір сөзбен айтқанда, олар үшін ұлттық құндылық дегеніміз не? Сананы тұрмыс, моральді материализм билеп-төстеп тұрған бүгінгі нарық заманының жастарына осындай салмақты сауалдарды қойып, ой-пікірлерін білдік.

Айдана ӘБДІН,
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің 4-курс студенті:
– Әр ұлттың өзіне тән құндылықтары бар. Онда тілі, ертегілері, мақал-мәтелдері, ұлттық ойындары, салт-дәстүрлері, менталитеттері, мәдениеті, өнері секілді өзгелерге ұқсамайтын, басқалардан даралайтын қасиеттері топтасқан. Рухани құндылықтарды адами тұрғыда алатын болсақ, ол бізді қоғамдық ортада өз-өзімізді дұрыс басқаруымызға көмектеседі. Мәселен, рухани құндылықтар бізге кім екенімізді танып-білуге, сеніммен сезінуге, өз мүмкіндіктерімізді еселеуге мотивациялық серпіліс береді. Былай айтуымызға болады, егер біздің бойымызда рухани құндылықтар болмаса, біз баяғыда құлдырауға ұшырап кететін едік. Адамдармен қарым-қатынасымыз дұрыс болмай, қоғамдағы рөліміз төмендеп кететіндігі сөзсіз. Біздің дәл қазір мемлекет болып немесе жеке адам болып қалыптасуымызға осы рухани, ұлттық құндылықтардың өзіндік рөлі зор.
Қазіргі замандастарымның көпшілігінде адами құндылықтар бар, ол белгілі бір дәрежеде тәрбиелі, иманды немесе қоғамдық этикетке сай келуге тырысады, бірақ олардың арасындағы ұлттық құндылықтардың деңгейі мені қанағаттандырмайды. Жасыратын ештеңе жоқ, көп жағдайда біз батысқа және шетелге еліктейміз. Барды бар, жоқты жоқ деп айтуымыз қажет. Шетелдің білімін, инновацияларын, технологияларын өз елімізге алып келудеміз. Сонымен бірге бізге мүлдем жат дүниелер де еніп жатыр. Олар ұлттық құндылықтарымызға міндетті түрде әсер етеді. Мәселен, соңғы кезде қонақжайлық қасиетіміз жойылып бара жатқандай әсер қалдырады. Қарттарды қадірлеу деңгейіміз де мүлде сын көтермейді. Бұрынғы кезде үлкен кісінің алдын кесіп өтпеген өнегелі жұрттың бүгінгі өскелең ұрпағы қазір күнделікті қоғамдық көліктерде қарияларға орын бермейтін халге жетті. Қазір ондай көріністер өте көп. Демек, біздің ұлттық құндылықтарымыз, адамгершілігіміз төмендеп бара жатыр деген сөз. Тағы айтатын болсақ, өзіммен қатарлас жастар қазір қазаққа, салт-дәстүрге тән көптеген терминдерді білмейді. Кейбіреулері тіпті немере, шөбере, жезде, балдыз, күйеу бала, бөле, жекжат деген сөздердің өзін таңырқап қабылдайды. Ұлттық ойын атаулары мен ат әбзелдері, ас түрлерін айтпағанның өзінде қарапайым ұғымдардан бейхабармыз. Осының өзі ұлттық құндылықтардың қатарластарымның бойында төмендеп бара жатқанын көрсетеді. Ал, салт-дәстүрлерімізді өзім белгілі бір дәрежеде білемін деп айта аламын. Мысалы, Наурыз мерекесінде ұйқыашар, селтеткізер, бастаңғы және тұрмыс құрғаннан кейінгі ат тергеу деген салт дәртүрлермен таныспын.
Мен көп адамдардан мына нәрсені байқадым. Осы аз білетін дәстүрлеріміздің өзін үзеңгілес достарыма айтсам, құдды бір басқа галактикадан келген сияқты таңырқап қарайды. Сондайда еріксіз таңғаламын.

Мансур Шамуратов,
Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің
3-курс студенті:
– Кез келген халықтың тілі, діні, әдебиеті, түп-тамыры болары хақ. Солардың барлығын бір ғана сөзбен «ұлттық құндылық» деген ұғымның төңірегіне топтастыруға болады. Ұлттық құндылықтардың ұрпақ тәрбиесінде алар маңызы зор. Ал, қазіргі таңда ұлттық құндылықтар қаншалықты құрметке ие болып жүр? Тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетіп, ту-талақайың шықпас үшін ұлттық құндылықты сақтай білу керектігін білсе де, көбіне ата-баба мұрасына немқұрайды қарау орын алып жатқаны жасырын емес. Елдің есін екеу, түсін төртеу қылып батыстық мәдениеттің жетегінде жүрген жастарды көргенде еріксіз бас шайқайсың. Тіпті, өзгенің қаңсығына таңсық болуға өзінен кейінгілерді еліктіріп әкететіндері көңілге күдік ұялатады. Бұл тіке қараса кеудеден, қырын көрсетсе иықтан қағып қалатын қақтығыс өмірдің көлеңкелі тұсы. Алайда ұлттық дәстүр мен әдет-ғұрыптарға құрмет көрсетіп, бабалар салған сара жолмен ұлт келешегі үшін ақылы мен еңбегін жұптастырып жүрген жандардың бар екенін де жоққа шығаруға болмайды. «Тірі тұрсам Алашқа қызмет етпей қоймаймын», – деп Әлихан Бөкейхан атамыз айтқандай, ұлттық құндылықтың құнын жете түсініп жүргендер қазақтай халықтың әлемдік аренадағы беделінің биіктеуіне мұрындық болып жүр. Сондықтан жақсылықтың жаршысына айналған жандардың қасынан табылып, «Әлемді өзгерткің келсе, өзіңнен баста» деген ұстанымға берік болсақ, ұлттық құндылықтарымыздың жоғалмайтынына сенемін. Сондай-ақ:
Қазақты жамандама, қазақ бала,
Халық қой қазақ деген аз-ақ қана.
Мәңгілік Жер үсті мен Ай астында,
Қазақтың жанашыры қазақ қана, – деп Күләш апайымыз жырлағандай, ұлттық болмысымызды бағалай білсек, құндылықтар тізбегі маңызын жоя қоймас. Түптеп келгенде, түсіне білгенге ұлттық құндылық –ұлы ұғым.

Аяулым ЕРНИЯЗОВА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің 4-курс студенті;
– Халқымыздың қаһарман перзенті Бауыржан Момышұлы атамыздың: «Біздің тарихымыз батырға бай тарих, халқымыз батырлықты биік дәріптеп, азаматтық пен кісіліктің символы, үлгісі санаған. Батырлық деген, ерлік деген ұрпақтан-ұрпаққа ата дәстүр болып қала бермек. Өткенін білмеген, тәлім-тәрбие, ғибрат алмаған халықтың ұрпағы – тұл, келешегі тұрлаусыз. Біздің қазақ халқы – батыр халық» деп айтқаны бар. Қазақ халқын құрып кету қаупінен сақтап қалған, жерін жауға бермей, кең байтақ кеңістігін қасық қаны қалғанша қорғаған хас батырлар қаншама десеңізші?! Олардың өмірі мен ерлігі жайлы жыр-дастандар әр ұрпақты отансүйгіштікке жетелейтін сарқылмас құндылықтың бірегейі. Сондықтан мектеп қабырғасынан бастап, студенттік кезде де батырлар жырынан сайыстар ұйымдастырылса жөн болар еді. Ұлттық құндылық деген мен үшін туған Отан-Анамыздан бастап, оның батыр перзенттері, би-шешендерінің өсиеттері, тағылымы, тарихы, ғасырлар бойы жиналған тәрбиесі. Сыйластық, тектілік, кішіпейілділік, сыпайылық, адамгершілік секілді үздік асыл қасиеттері. Тілі, діні, салты, тарих пен атамекені. Ол әр ұрпақтың санасынан ойып тұрып орын алуы тиіс. Бірақ, қазір оның насихаты аз секілді көрінеді. Мәселен, мен өзім салт-дәстүрді керемет білемін деп айта алмаймын. Көз көріп, құлақ естіп жүрген замандастарымның да деңгейі менікінен асып жатқаны байқалмайды. Себебі, біз ұлттық құндылықтар жайлы көп естімейміз. Бізге мұғалімдер тек өздеріне тиесілі пәннен сабақ берумен ғана шектеледі. Ғибратты ғұрпымыз жайлы әңгіме өрбітіп, сұрай қалсаң «Кітаптан оқып, біліп алыңдар, оның бұл сабаққа еш қатысы жоқ» дейді. Бір жағынан ол кісілердікі де дұрыс шығар. Ал, ата-аналарымыз бізді асыраудың қамымен күнделікті жұмыста жүреді. Сонда біз оны қайдан үйренеміз? Мәселен, біз телеарнадан немесе ғаламтордан бір жарнаманы қайта-қайта көріп, жаттап аламыз. Не себепті ұлттық құндылықтар жайлы өсиеттерді сол жарнама секілді белгілі бір телехикая немесе жаңалықтардың алдында көрсетіп тұрмасқа. Одан кейін қазіргі жастардың басым көпшілігі «Іnstagram» желісінде отырады. Батыстық жыртық шалбарлар мен тырнақ бояудың түрлері, мағынасы жоқ бейнероликтердің жарнамасынан гөрі неліктен ұлттық құндылықтарымыз солай насихатталмайды? Әлде ол соншалықты қиын ба? Арнайы бейнероликтер әзірленіп, біз біле бермейтін дәстүрлер мен күйлерімізді, жырларымызды, қазақы сөздердің анықтамаларын, түп-төркінін, шығу тарихын телеарналарымыздан, «instagram»-нан көрсетіп отырса, оған жастар да мән беретін еді. Бізде мектепте, университетте хиджаппен жүруге болмайды. Есесіне қыздар түгіл, жігіттер де шаштарын қызыл-жасылға бояп, бойжеткендер қысқа белдемше киіп жүр. Ұлттық құндылықтарымыз жоғары деңгейде насихатталса, жастар арасында мұндай әр алуан түсінік қалыптаспайтын еді.

Ұлттық құндылықтар – ұлттық идеяның негізгі өзегі. Осыны сезінетін, ел үміт артып отырған жастар мәселеге қатысты өз ойларын осылай бөлісті. Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Ұлттық салт-дәстүріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуы тиіс» – деп ой қорытады. Сондықтан Мәңгілік Елдің ұлттық рухы Ұлы дала ұрпағына һәм сіз бен бізге аманат. Аманатқа адал болайық, құрметті жас дос!

Нұржан Қадірәлі

ПІКІР