Ұлттық мүдде ұмыт қалмауы тиіс

0 15

Ағымдағы жылдың 5 қаңтар күні ел газеті «Egemen Qazaqstan» басылымында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы жарияланды. Мақалада ұлт руханиятының барлық бағыты бойынша тарихи сананы қалыптастыру бағытында көптеген жұмыс жүргізілуі тиіс екені айтылған.

Біздің атақонысымыз сонау ежелден бері сақ, ғұн тайпалары мен кейінгі көне түркі тайпалары, Дешті-Қыпшақ елінің жері болғаны, олардың біздің ата-бабаларымыз екендігі осы мақалада айқындала түскен. Ендеше, біздің мекеніміздің қазақ халқының рухани және географиялық кеңістігі болғанына, өзгелердің осы жұмақ мекенге кейінірек аяқ басқанына ешкімнің таласы жоқ. Оған кезінде заман зәуімен шетелден өзге ұлт өкілдерінің Қазақстанға түрлі себеппен жер ауып келуі дәлел бола алады. Яғни өзге ұлттың бірі елімізге зорлықпен депортацияланса, тағы бірі өз еркімен қоныс аударды. Тың жерлерді игеру үшін және әртүрлі мақсатпен келген халық та болды. ХIХ ғасырдың аяғында Столыпин реформасына байланысты депортацияның басында көптеген орыс шаруалары қазақ жеріне келіп қоныстанды. Қилы заманда атамекенімізге жер ауып келген өзге ұлттың барлығын қазақ алаламай, бауырына басты. Солардың ұрпақтары бүгінде мемлекет құрушы халықпен біте қайнасып, тату-тәті тұрмыс кешуде. Оған барлық қазақстандықтарды бірлікке бастайтын мемлекетіміздің жүзеге асырып отырған сара саясаты арқау болып отыр. Олай болса, Қазақстанда тұратын барлық өзге этнос өкілдері бір тудың астында ортақ Отанға адал қызмет етуі тиіс. Сонда ғана біз мемлекет ретінде үлкен табысқа қол жеткізе аламыз. Тарихи кинофильмдер түсіріліп, түрлі шығармалар жарық көрсе, бұл келешек ұрпақ үшін аса пайдалы.

Айнұр ЖАМАЛБЕКҚЫЗЫ,
Н.Киікбаев атындағы мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі,
Байзақ ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.