Қоғам

Ұлттық намыс ұран емес, ұлағат

Written by Aray2005

Қазақ қазақ болғалы небір нәубет бастан өтті. Көрген дүрбелеңі аз болған жоқ. Сұрапыл соғысты да, қырғын, қастықты да, аштықты да темірдей төзіммен өткерді. Халық «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» дейді. Бұл жерде «Қазан» сөзінің арабша мағынасы жүз жылдықтың атауын білдірсе керек. Яғни «Қазан — жүз жылда бір ғасыр болады» дегенге саяды. Ал әр ғасырдың өз ғапыл ғадауаты бірге еріп келіп жатыр. Биылғы жыл басталысымен-ақ алты құрлықтың басынан байғыз ұшырған коронавирус індеті де адамзатқа, соның ішінде қазаққа берілген тағы бір өмір сынағы. Осылайша Тәңір алдында ел болып тағдыр емтиханын тапсырып үлгергендейміз. Ең алдымен бұл қиыншылықта жеке адамның ғана емес, тұтас ұлттың рухы, ар-намысы сынға түсті.

Мемлекетіміздің мәңгілік үні, мәртебелі жыры Әнұранымыздың алғашқы шумағында «Намысын бермеген, Қазағым мықты ғой!» деген отты шындық бар. Ал Әнұранның әр сөзі тікелей қазақ халқының тағдырлы тарихымен, ұлттық болмыс мінезімен біте қайнасып жатқаны айтпасақ та түсінікті. Рас, ел басына күн туған сәттер ежелгі тарихта да, бүгінгі әлманахта да аз болып жатқан жоқ. Бәлкім сонау алыс шет елдің азаматтары бүгінгі қазақ елін көзбен көрсе сүйсініп, неткен балғын, балауса бұқара, жас мемлекет деп ойлауы мүмкін. Әрине, ол да рас. Бірақ қазақ халқы кешкен тарихтың салмағын мыңдаған атан түйе көтере алмас. Оны тек бабалар жүрегімен де, білегімен де арқалап алып келіп, Алаш ұрпағына азат күнді аманат етті. Ұлысымыздың ұйқысын жау, молшылығын жоқшылық ұрлаған сәттерге мыңдаған мысал келтіруге болады. Десте-десте деректер де аз емес. Оның барлығын айтып тауысу да мүмкін емес. Мұндағы айтпағымыз, соншама қиыншылықтың қай-қайсысы болса да қалың ел қайыспай, ұлттық намысын ту еткені жайлы. Қаранар қаламгер, қарағай қайраткер Шерхан Мұртазаның «Рухы мен намысы сөнген ел – өлген ел» деген қанатты сөзі осы тұста әңгімеміздің найзасына үкі таққандай. Мұны теорияның тілімен түсіндірсек, кез келген адамның адами болмысы мен мінез-құлқын анықтайтын басты қасиет – ар-намыс. Ол жеке адамның бойындағы адалдық, әділеттілік, шыншылдық, ар, абырой, тектілік, көрегенділік сияқты сапалық қасиеттерді бағалайтын кешенді моральдық түсінік. Намыс сан қырлы қызмет атқарады. Ол жан дүниенің тәртіп сақшысы, қорғаны, алынбас қамалы. Ал сол жеке адамдардың ар-намысының жиынтығы, ағзаны құрайтын жасушалар іспетті ұлттық намысты қалыптастырады. Ұлттық намыс – ұлттың иммунитеті. Ол қаншалықты мықты болса, ұлт пен ұрпақтың болашағы да соншалықты жігерлі, қайратты болмақ. Ұлттық намыс− елдіктің көрінісі, әрі ол әр адамның мінез-құлқынан емес, ұлттың іскерлік қабілетінен, бірлігінен, білімге ұмтылысынан және ізгілікті істерден анық көрінеді. Ұлттық мораль, идеология, руханият, тіпті мәдениет пен әдебиеттің өзі сол ұлттық намыстан бастау алады. Яғни ол тарау-тарау тамырымыздың тоғысқан тұсы, ол бірліктің діңіне ұштасып, сан тарау бұтақтарға үйлесіп, биікке бой көрсеткен бәйтерек іспетті. Ол бәйтерек қаншама дауылды,боран мен жауынды, мыңдаған күзді, аязды, мұзды бастан өткерсе де, шорт сынып кетпеуінің шындығы осы ұлттық намысқа шідерленген терең тектілік тамырында жатыр. «Малым жанымның садақасы, жаным арымның садақасы», «Ат – шабысымен, ар – намысымен» деген мақалдарды білмейтін қазақ жоқ шығар. Өз заманында Абай атамыз: «Пайда ойлама — ар ойла» деп қадап айтқан, М. Дулатов: «Ар-намыс, махаббат болмаған жерде адамшылық жоқ», М. Әуезов: «Жалған намыс – қасиет емес, ар сақтаған – қасиет, ар жазасы – бар жазадан ауыр жаза» деп айтып кетті. Көріп отырғанымыздай, ар-намыс бастапқыда жеке адамға ғана қатысы бар қасиет сияқты көрінгенімен, оның мәні мен мазмұнына тереңірек үңілсек тұтас ұлтқа, ел-жұртқа қатысы бар кең ауқымды, қасиетті құндылық екенін байқаймыз. Кез-келген халықтың ар-намысы қаншалықты болса, сол ұлттың ұлттық намысының сапалық деңгейі де соған сай болмақ.
Зәр ұсынған кiсiге нан ұсынған,
Алысудан аулақпын табысудан.
Ей, қазақтың баласы, есiңде ұста,
Өлсем өлем, сiрә, мен намысымнан!
…Сол қазақтың мен де бiр жапырағы,
Арқасы бар, Алматы, Атырауы,
Ар-намысын аяққа таптатпайды,
Қашаннан да қазақтың топырағы, – деп өрілетін ақиық ақын Мұқағалидың осы жыры да қанға сіңген намысты қаламмен сапырғандай. Ұлттық намыс, рух пен жігер, сыншылдық пен шыншылдық жоқ жерде патриотизм даңғаза ұранға айналмақ. Орыстар «отансүйгіштіктің» мұндай түрін «квасной», «ура патриотизм» дейді. Мемлекеттік нышандарға құрмет те ұлттық намысқа байланысты. Исламда «Отанды сүю – иманнан» деген қанатты сөз бар. Ардақты пайғамбарымызда (с.ғ.с) ар мен намысты иманның туы еткен. Қазақтар да ер жігіттің үш намысы бар дейді: бірінші – иманы, екіншісі – Отбасы, үшіншісі – Отаны. Ел азаматтарының мемлекеттік нышандарды қастерлеуіне қарап олардың мемлекет азаматы ретіндегі сезімдерінің деңгейін, отандарының болашағына сенетінін, қандай намысқой патриот екендерін байқауға болады. Ұлы ғұлама Әбу Насыр әл-Фараби: «Ар-ождан алдындағы адалдық – өз қадір-қасиетіңе, ізгі іс-әрекетіңе байланысты» деп өсиет қалдырған. Сол өсиетті бүгінде қаншалықты деңгейде санаға сіңіріп жүрміз. Хош, намыс жайлы сағат тілімен бірге сақылдап айта беруге болады. Нәтижесі бар ма?
Мәселен осы әлемді шарпыған тәжтажалы індеті адамзат баласына қаншама нәубет әкелді. Өмірін қиюдан бастап, әлеуметтік, отбасылық, моралдық, материалдық мәселелерге көміп тастады. Рухын жанып, еңсесін езді. Уайымын еселеп, үрейін үстемеледі. Әр отбасының шаңырағын қапасқа айналдырды. Қалада да, далада да тіршілік кідірді. Қоғам ағзасының жүрегі тоқтап қалғандай халге душар етті. Әрине «Жаман айтпай жақсы жоқ». Бірақ карантиндегі картина осындай. Мемлекет өз тарапынан халықтың мұңына ортақтасып, қазынадан тиісті қаражат үлестіруде. Оның өзінде «жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартқандай» өз аяғымызды өзіміз шалып, тіпті уыс-уыс жалақы алатын адамдардың өзі сол тамшыға ауыз салғаны, карантин талаптарын орындамай от шығарғысы келген бейсаналы азаматтардың әрекеті еріксіз көңілге қаяу түсіруде. Сын сағатта кәдуілгі көкірек керіп, кеуде соққан ұраншылдығымыз да желге ұшып кеткендей-мыс. Өкініштісі 42 мың 500 теңге ердің де, елдің де құны емес. Ол мемлекеттің елге көмегі, жалпақ тілмен айтқанда жылуы. Ал соған бола жаға жыртысып, кез келген «Қазпошта» мен банк бөлімшелерінде «Аңырақай шайқасын» ұйымдастырып жүрген белсенді топтың қай қайсысы да бәзбіреулер емес, өзіміздің қазақ ұлтының азаматтары. Осындай сын сағатта қырық пышақ болып жүрген өзге ұлт өкілдерін санасаң бір қолдың саусағы да жетіп жатыр. Қай кезде де жаманатты болып жүрген өзіміз. Сол баяғы хакім Абай қамшылап айтқан өз ұлтымыз. Сонда кім жау? Қазаққа қазақ дұшпан болғаны ма? Қайта елді құрметтеу деген азаматтық борыш, перзенттік парыз осындайда көрініс бермей ме?
Бауыржан Момышұлы кезінде: «Өз халқын құрметтеп, сүймеген адам – опасыз, оңбаған адам. Өз елінің бағасын білген пенде ғана басқа елді қадірлей алады. Өйткені халықтардың туыстығы алдымен адамдардың өз халқына сүйіспеншілігі арқылы ғана келеді. Мен өзге ұлттарды құрметтеуші, өз ұлтын сүюші адаммын» деген. Міне осындай шынайылыққа бүгінгі әрекетіміз қай жағынан алып қарасақ та сәйкес келмей тұрғаны өкінішті. Бұл ретте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласында «Шынымен көптің қамын көздейтін адам айғайшыл күшімен емес, игілікті ісімен қызмет еткені дұрыс. Ғайбат пен байбалам орнына ғылым-біліммен шұғылданған абзал» деп баса айтты. Расында айғаймен айға қол жеткізген ешкім жоқ. Әрине көпке топырақ шашудан аулақпыз. Алайда бүгінгі көріністің бояуы осылай болып тұрғанына көз куә. Жан алысып, жан беріскен, тірі қалмайтынын біле тұра ұрпағы мен елі үшін от кешіп кеткен батыр бабаларымыздың намысы қайда қалды? Оның иесі Сіз бен Біз, бүгінгі ұрпақ еді ғой. Әлде аманатты аяқ асты етуге болмайтынын ұмыттық па?.. Қанқұйлы соғыс кезінде де еліміз үлкенін құрметтеп, кішісін сыйлаған жоқ па? Дәстүрін жоғалтпай, барлық қиындықты сабырмен, ауызбіршілікпен жеңбеді ме? Ал бүгінгі жағдай мынадай. Тіпті салыстыруға қорқасың. Жаһандану жағадан алған қазіргі алмағайып заманда ұлттық рухы әлсіз, намысы жасық ұлттың болашағы жоқ. Ұлттық намыс болмай мемлекеттік тіл де дамымайды, өзіміздің ұлттық мүддемізді де қорғай алмаймыз. Бұл ретте де Ер Бәукең: «Намысты нанға сатпа» деп атылған оқтай анық айтқан болатын. Халқымызда «Бөріктінің намысы бір» деген қанатты сөз бар. Күнделікті осы секілді қаншама қағиданың қанатын қайырып жүрміз десеңізші. Намыс қай жерде болсын керек. Мәселен ғылым мен білімде, мәдениет пен өнерде, спортта, отбасында, ел алдында, қоғамда. Әлемге белгілі данышпан Конфуцийдің өзі: «Адамдар кедейліктен және белгісіздіктен қорқады, егерде екеуінен де құтыла алмасаңыз, намысты жоғалтыңыз» дейді. Хакім Абай да бұрынғы ата-бабаларымыздың бұл замандағылардан артық екі мінезінің бірі намысқойлығы екенін тегін айтпаса керек.
…Оңай ма қию өмір, жарық күнді
Қиналды, лаулап жүрек жанып, тынды…
Сүйсе де қанша ыстық бұл жалғанды,
Намысын жібермесін анық білді! – деп өрілетін Ілияс Есенберлиннің толғауындағы бабалар сертін ұмытпағанымыз абзал. Қанша жерден қанат бітіп, қалықтап ұшатын қасиетке ие болсақ та қонар жеріміз қасиетті қазақ даласы. Өз-өзімізді, халқымызды, отандастарымызды қадірлей білейік! Әйгілі Вавилон мұнарасын да, атақты Трояны да жермен жексен еткен алауыздық, бірліктің жоқтығы. Сондықтан, татулықтың туын жықпай, бірліктің байрағын бірге биіктетейік, қадірлі оқырман!

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

ПІКІР