Sport

Ұлттық ойындарымыз өз деңгейінде ұлықталуда ма?

Тәуелсіздігіміздің ширек ғасырдан астам белесінде кеңестік кезеңде қыспақ көрген ұлттық мәдениетіміз бен әдет-ғұрыптарымыз қайта жаңғырғаны белгілі. Ұрпақ санасында ұмыт болып бара жатқан құндылықтарымыздың ішінде, әсіресе, ұлттық ойындарымыздың соңғы жылдары кең көлемде насихатталып жатқаны қуантады. Мәселен, қазақ күресі, көкпар, жамбы ату, тоғызқұмалақ сынды ойындарымыз әлемдік деңгейде танылуда. Дей тұрғанмен, әлі де болса жазбаларда ғана жан сақтап келе жатқандары да баршылық. Көзі қарақты оқырманның есінде болар, газетіміздің өткен жылғы Наурыз мерекесіне арналған санында ұмыт қалған ұлттық ойындарымыз туралы топтама жариялаған болатынбыз. Бүгін де сол үрдісті үзбей, көпшілік біле бермейтін құтты құндылықтарымыздың бірқатарына тоқталғанды жөн көрдік.

Жасыратыны жоқ, бүгінде халықтың көпшілігі ұлттық ойындар десе «Қыз қуу», «Теңге ілу», «Көкпар», «Бәйге», «Қол күресі», «Тоғызқұмалақ», «Арқан тартыс», «Аударыспақты» ойға алады. Ал, тарих қойнауында қалып қойған ұлттық ойындарымыз қаншама?!

Мәселен, «Қарақұлақ» ойынының тәртібі түгілі, атауының өзі көпке таныс емес екені рас. Бұл ойынға 5-10 адам қатысады. Олар өз араларынан бір баланы қазық етіп белгілейді. Қазық «қағылған» жерінде қозғалмай тұрады. Ал, ойынға қатысушылар қазықты алыстан қоршап, бірте-бірте жақындай түседі. Таяп келіп: «Мынау кім?», — деп бір-бірінен сұрасады. Біреуі «Ойбай, бұл қарақұлақ қой» деп қаша жөнеледі. Қалғандары да «Қарақұлақ, қарақұлақ!» деп бытырай қашады. Қарақұлақ біреуін ұстау үшін тұра қуады. Ұсталған бала қарақұлақ болып, ойын әрі қарай жалғасады.

Белбеу соқ. Бұл да ертеден келе жатқан ойын. Ойын шарты бойынша қатысушылар екі-екіден жұптасып, шеңбер жасап тұрады. Бірі белбеуді алып екіншісін қууы тиіс. Қашып жүрген бала шеңбердегі жұптасып тұрған екі баланың алдына келіп тұрады. Артық қалған үшінші бала қаша жөнеледі. Ойыншы оны қуып жүріп белбеумен соғады да, өзі де бір жұптың алдына тұра қалады. Оның орнына келесі ойыншы шығып, ойынды жалғастыра береді. Белбеу ең соңында кімде қалса, сол ойыншы жеңіліске ұшырып, өз өнерін көрсетеді.

«Асау көк» ойынын да бүгінде білмейтіндер көп. Бұл ойын кешкі астан кейін мейманға ән салғызу, әңгіме, ертегі, жұмбақ немесе жаңылтпаш айтқызу мақсатында ұйымдастырылған. Әуелі үй иелері «ауылдың алты ауызын» айтады да, онан соң «қонақкәде» деп мейманның өнер көрсетуін сұрайды. Өнерін ортаға сала алмаған қонақты айып ретінде мінгізетін керме арқан «Асау көк» деп аталады.Кермеге мінген қонақ әрі-бері сүрінбей жүруі керек.

Тарихтың «тұманында» жоғалған ойынның тағы бірі – ақшамшық. Бұл – қазақ халқының ерте заманнан келе жатқан дәстүрлі ойыны. Оны «сақина салу», «сақина тастау» деп те айтады. Ойынға он-он бес адам қатысып, ортаға бір жігітті немесе бір қызды шығарып, қолына сақина ұстатады. Ойын ережесі бойынша қыз-жігіттер үйде дөңгелене отырып, екі алақанын бір-біріне қабыстырып алға созады. Ойынды жүргізушінің алақанындағы сақинаны кімге салса да өз еркі. Ол барлық адамдардың алақанына сақина салған болып шығысымен, «Тұр сақинам, тұр» деп, немесе «Ақшамшығымды бер!» деп дауыстайды. Сол сәт сақина тасталған адам «Сақина менде» деп, орнынан атып тұруы тиіс. Оны көршісі ұстай алмай қалса, жұрт алдында өз өнерін көрсетеді. Кейбір кітаптарда сақина тастау ақшамшық емес, ақшымшық деп те жазылып жүр.

Тобық жасыру. Бұл да сақтыққа, ұқыптылыққа, шыдамдылыққа баулитын ойын. Бұған екі адам қатысады. Ертеректе мұны қайнысы мен жеңгесі, балдызы мен жездесі, құрбы қыздар мен жігіттер ойнаған. Шарты: екі ойыншының өзара келісімі бойынша тобықты біреуі жасырады да, екіншісі қай уақытта және қандай жағдайда сұрайтынына уәделеседі. Белгілі мерзімде тобықты сұрағанда, жасырушы өз бойынан (қалтасынан немесе басқа жерден) алып берсе ұтқаны, ал тауып бермесе ұтылғаны. Келісім бойынша ұтқан адам бәске тігілген затын алады. Тобықты ертеректе бәстескен адамдар жылдар бойы сақтайтын болған.

Ертеден келе жатқан мерекелік ойынның тағы бір түрі – сиқырлы таяқ. Ойнаушылар қол ұстасып, дөңгелене шеңбер жасап тұрады. Қолында таяғы бар ойын жүргізуші шеңбердің ортасына келеді де, ойынның тәртібін түсіндіреді. Ойнаушыларды бірден бастап түгел нөмірлеп шығады. Ойынның шарты бойынша ойын жүргізуші қолындағы таяғын шеңбердің ортасында тік ұстап тұрады да, бір нөмірді атап, таяқты қоя береді. Аталған нөмір таяқты жерге құлатпай ұстап қалуы тиіс, ал таяқты құлатып алса, онда айып тартады, яғни көптің ұйғаруымен ортаға шығып, өнер көрсетеді. Ойынға қатысушылардың бәрі бір-бір реттен міндетті түрде ойнап шығулары керек, ал одан әрі ойынды жалғастыру-жалғастырмау ойнаушылардың өз еркінде. Қатысушылардың саны көп болса, ойын қызықты өтеді.
Жігіт сыны. Бозбалалардың әскери дайындығының бір түрі болып есептелетін бұл жарыс бүгінде мүлде ұмыт қалды. Ереже бойынша, жандарында сәйгүліктері бар жігіттер төрешілер белгі берісімен, аттарын тез ерттеп, жерде жатқан бес қаруын асынып, шаба жөнеледі. Жол бойында шабандоз төрешілер тапсырған жаттығуларды орындауға тиісті. Бұлардың әрқайсысына ұпай беріледі және қашықтықты өту уақыты есептелінеді. Жеңімпаздар аталған көрсеткіштер бойынша анықталады. Осы талаптарды мүлтіксіз орындағандарды қазақ: «Аттың құлағында ойнаған жігіт» деп атаған.

P.S.

Биылғы әз Наурыз мерекесінде облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы қазақ күресі, кір, қой көтеру және қол күресі сынды бірқатар спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастыруда. Бұл, әрине, қос қолдап қолдауға тұрарлық бастама. Десе де, әлі де болса шетқақпай көріп, ұмыт болып бара жатқан ұлттық спорт түрлері мен ойындарымыз аз емес. Олардың біршамасын жоғарыда баяндап өттік. Міне, осы құндылықтарымызды қайта жаңғыртып, жоғары және арнаулы орта оқу орындарында, мектеп, қала берді балабақшаларда келешек буынның санасына сіңірсек, бұдан ұтпасақ, ұтылмасымыз анық.
Осыны ойланайық, ағайын!

Саятхан САТЫЛҒАНОВ

ПІКІР