Елбасы Жолдауы

Ұлттық рухты ұлықтау

Written by Aray2005

Ұлы даланың ұлы бастамалары. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты көлемді мақаласындағы кемел жобаларды бір сөзбен осылай айтуға болады. Маңызды мақаласы арқылы Президент халқымыздың рухани жаңғыруын ары қарай жалғастырудың жолын нұсқағандай әсер етті маған.
Құнды еңбекте ата-бабаларымыздың көп ғасырлық мұрасының цифрлық өркениет жағдайында түсінікті әрі сұранысқа ие болуын қамтамасыз ету, оны жаңғырту турасында айтылды. «Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі» – дейді Елбасы мақаласында.
Мақаланың бірінші бөлігінде автор әлемдік өркениетке қомақты үлес қосқан қасиетті «Жеті қазынамыздай» ұлт өркениетінің 7 қырына тоқталады. Осылар арқылы тарихымыз бен мәдениетіміздің тамырларының тым тереңде жатқанын қолмен қойғандай көз алдымызға әкеледі. Бұған қоса, әлемдегі түркі тектес халықтардың түп Отаны – Қазақстан екенін байыппен баяндайды. Ал, екінші бөлімінде «Архив-2025», «Ұлы даланың ұлы есімдері», «Түркі әлемнің генезисі», «Ұлы Даланың ежелгі өнер және технологиялар музейі», «Дана фольклоры мен музейінің мың жылы», «Тарихтың кино өмірі мен телевизиядағы көрінісі» секілді тарихи сананы жаңғыруға қатысты тың жобалар ұсынған.
Осы басым бағыттар мен дала өркениетінің қасиетті қырларын нақты жобалар арқылы іске асыру алдағы ортақ міндетіміз болмақ. Бір сөзбен айтқанда, Ұлы Даланың әлемдік мәдениет пен өркениетке қосқан қомақты үлесін өзіміз де ұмытпай, жаһан жұртына да таныта білуіміз қажет.

Есен ДҮЙСЕНБЕКОВ,
Жамбыл жоғары политехникалық колледжінің аға шебері

ПІКІР