Sport

Ұлттық спортты ұлықтауды қордайлықтардан үйрену керек

Written by Aray2005

Бүгінде спорт саласына мемлекет тарапынан бөлініп жатқан қолдау аз емес. Әсіресе, бұқаралық спортты дамытып, саламатты өмір салтын қалыптастырғандардың үлес салмағын арттыруды Елбасының өзі тікелей тапсырғаны белгілі. Бұл орайда, ең алдымен елді мекендердегі халықты жаппай спортқа тарту қажет-ақ. Міне, осы меже мен міндеттің үдесінен аудандар шыға алып жатыр ма? Газетіміздің бүгінгі санында Қордай ауданының спорттық әлеуеті жайында айтпақпыз.

Жалпы, аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, өңірде спортпен жүйелі түрде шұғылданушылардың саны – 41 330 адамға жетіпті. Бұл жалпы тұрғындардың 28,9 пайызын құрайды. 2020 жылға дейін белгіленген республикалық меже 30 пайыз болса, қордайлықтардың көрсеткіші көңілге қонымды.
Тағы бір қуанарлығы, ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап, ауданда ұлттық спорт түрлері бойынша №3 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі құрылған. Қазіргі таңда, мектепте тоғызқұмалақ, асық ату, аударыспақ, қазақ күресі, құсбегілік, қыз қуу, теңге ілу және көкпар тарту ойындарынан үйірмелер жұмыс жасап жатса, онда 138 оқушы тәлім алуда. Осылайша, аудан алғашқылардың бірі болып ұлттық спортты дамытуға айрықша көңіл бөліп отыр.
– Жалпы, ұлттық спорт ойындарына арналған мектеп ашу мәселесі ауданда біраз жылдан бері көтеріліп келе жатқан болатын. Себебі, бізде ата-бабадан келе жатқан ұлттық спорт түрлерін жетік меңгерген талантты жастарымыз аз емес. Міне, осы азаматтардың басын бір ортаға тоғыстыру мақсатында №3 балалар-жөсөпірімдер спорт мектебін құрдық. Айта кетейік, мұндай мектеп қазіргі таңда бірде-бір ауданда жоқ. Ал, спорт мектебіне қажетті қаржылай қолдау толықтай аудандық бюджеттен қаралды.
Дәл қазір асық ату, қазақ күресі, көкпар сынды спорт түрлерінен үйірмелер толықтай жұмысына кірісті. Құсбегілік, қыз қуу сынды ойындар бойынша бапкерлермен келіссөздер жүргізудеміз. Бұйыртса, жыл соңына дейін бұл үйірмелер де өз жұмысын бастайды.
Тағы бір айта кетерлігі, ат спортына арналған заманауи атшабардың құрылысын жүргізу үшін жобалық сызбаларымызды дайындап отырмыз. Аталмыш атшабардың сыйымдылығы 600 көрерменге шақталатын болады, – дейді аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Дидар Молдағалиев.
Сондай-ақ, тың идеяларға жан бітірген ауданда 1 орталық стадион, 1 спорт кешені, 49 спорт алаңшалары, 2 бассейн, 52 спорт зал және 9 ауылдық округтегі 15 кіші футбол алаңшалары бұқаралық спортты дамытуға барынша үлес қосуда. Ал, құрылысы былтыр басталған 320 көрерменге арналған денешынықтыру-сауықтыру кешені елге есігін маусым айында айқара ашады деп күтіліп отыр.
Ауданда іргесі қаланған спорт мектептерінің де жеткен жетістіктері толайым. Атап айтсақ, №1 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері кикбоксингтен Өскемен қаласында өткен ел біріншілігінде 2 алтын, 1 күміс, 2 қола медаль жеңіп алған. Сондай-ақ, осы мектептің түлегі Могамедали Наджапкулов қол күресінен өткен Сары құрлық бәсекесінде бақ сынап, жерлестерін күміс жүлдемен қуантып үлгерген.
№2 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жастары да жүлдеден құр алақан емес. Мектептің тәрбиеленушісі Светлана Голендова жыл басында Иран мемлекетінде алауы тұтанған Азия біріншілігінде өнер көрсетіп, эстафеталық және жекелей жүгіруден бас жүлдені еншілеген. Осылайша, қордайлық талантты жастар Азия биігін бағындырып, ауданның абыройын асқақтатуда.
Ал, аудан тұрғындарын бұқаралық спортқа жаппай тарту мақсатында ұйымдастырылған «Мектеп лигасы», «Біз діни экстремизм мен терроризмге қарсымыз», «Нашақорлыққа жол жоқ», «Әкем, анам және мен» сынды түрлі спартакиадалар мен жарыстар да өз жемісін беруде. Бұқаралық спортты дамытуға өңірдің іскер азаматтары да атсалысуда. Мәселен, осыған дейін Молдасейітовтер әулеті Қаракемер ауылынан 400 миллион теңгеге спорт кешенін салып берсе, енді «Туған жер» жобасы аясында жеке кәсіпкер Бектұрғанов Қасық ауылынан 20 миллион теңгеге күрес залының кірпішін қалауда.
Міне, бұл Қордай ауданы спортының бүгіні мен ертеңі. Әрине, әлі де болса бұл аймақта тың жобалар жанданып, жұмыстар жүйесін табатындығына сенімдіміз. Әзірге, ауданның ұлттық спорт түрлерін дамытуға деген қолдауы мен демеуі көпке үлгі екені сөзсіз.

Саятхан САТЫЛҒАНОВ

Қордай ауданы

ПІКІР