Ұлттық ұлан сарбазы қызды бұзақылардан аман алып қалды

0 3

13 ақпан күні жыл сайынғы демалысында жүрген Ұлттық ұланның 6506 әскери бөлімінің әскери қызметкері қызды зорлаудан құтқарып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Ұлттық ұлан баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жібек Жолы көшесімен үйіне қайтып бара жатқан қатардағы жауынгер Артем Калашников қыз баланың көмек сұрап айқайлағанын естіген. Оқиға сағат 00.40 шамасында болған. Әскери қызметкер ойланбастан қыздың дауысы шыққан жаққа жүгірген. Оқиға орнына келген ол қызды зорламақ болған екі ер адамды ұшыратқан. Артем олармен қоян-қолтық ұрысқа түсіп, біреуін ұстап үлгерген, ал екінші күдікті қашып кеткен.
Оқиға орнына 102 полиция экипажы шақырылып, күдікті Шымкент қаласы Еңбекші ауданының АІІБ-не жеткізілді.
«Мен бейтаныс қыздың көмек сұрағанын ести сала жүгіріп бардым. Менің орнымда кез келген адам осылай істер еді деп ойлаймын», – деп жауап берді Артем Калашников.
Күдіктілерді ұстау кезінде әскери қызметкер өзі де байқамай, қолын жарақаттап алған. Дегенмен полиция келгенге дейін ер адамды ұстап тұрған.
Аталған іс бойынша қылмыстық іс қозғалып, екінші күдіктіні ұстау жоспары жарияланды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.