Жалын

Ұлттық ұлан – Ұлы дала ұстыны

Written by Aray2005

Отанын, елін қорғау – перзенттік парыз, азаматтық борыш әрі абыройлы міндет. Бұл тұрғыда шекара шебінде де, ел ішінде де қырағылық танытып, қандай да бір қауіп төндіргенді қалт жібермейтін сарбаздар мен сардарлардың еңбегі ерен. Қыстың бет қаратпайтын аязында да, жаздың шіліңгір аптабында да күндіз-түні ел тыныштығын күзеткен Отан қорғаушыларға жүктелген жауапкершілік пен сенім жүгі орасан. Сол үдеден шығып, қоғам тыныштығын қамтамасыз ететін ішкі әскер тәртіп сақшыларының бір қанаты іспетті. Тараз қаласындағы 5513 әскери бөліміндегі Ұлттық ұлан сарбаздары мен әскери қызметкерлер қылмыстың жолын кесіп, заңның бұзылмауына жіті жауапкершілікпен қызмет етуде.

Еліміз егемендігін алып, өз алдына мемлекет болғаннан кейін 1992 жылдың 25 ақпанында құрылған бұл бөлімге қоғамдық және арнайы күзету орындарының тәртібіне жауаптылық тапсырылды. Содан бері мұндағы қырағы жауынгерлер Әулиеата өңіріндегі әрбір жағдайларда қауіпсіздік қызметін аянбай атқарып келеді. Атап айтсақ, 1992 жылы «Казмежрайбаза» қоймасы өртке оранғанда, 10 миллион рубль көлеміндегі мүлікті сақтап қалған. Келесі жылы Елбасының тапсырмасымен Республикалық сақтау қорынан ұлттық теңгемізді әуежайға, одан ары еліміздің басқа өңірлеріне қорғаныспен жеткізді.
Сонау 2002 жылы қарт Тараздың 2000 жылдығын дүйім жұрт болып думандатып атап өткеніміз есте. Сол тойда да осы әскери бөлімнің сақшылары тыныштықты күзетіп, шаттықтың шырқын бұзбауға бар жағдайды жасады. Мұндай негізгі міндеттерден бөлек, табиғи апаттарда да зардаптарды жойып, ел амандығын сақтау үшін әрдайым қатерге қарсы тұра білді. Мәселен, 2013 жылы Қаратау қаласында алапат дауыл тұрғанда да, 2014 жылы Меркі аймағында үлкен өрт орын алғанда да осы бөлімнің оғландары қауіпсіздік шараларына жұмылдырылды. 2016 жылы қалың жауған қар салдарынан Бурыл, Құмжота ауылдары мен Түркістан облысының Сейфуллин елді мекенінде және Таразда жолдарды сынған ағаштардан тазалау жұмыстарына атсалысты. Сондай-ақ 2017 жылы Ақкөл ауылында Аса өзенінің жағалауын су тасқынынан бекіту бойынша жауынгерлік тапсырманы және Тараз қаласындағы мұнай базасында өткізілген жедел іздестіру іс-шараларында қоғамдық қауіпсіздікті қалтқысыз қамтамасыз етті.
Айта кету керек, 2014 жылдың 24 сәуірінде ішкі әскерге «Ұлттық ұлан» мәртебесі беріліп, маңызды миссияның аясы кеңейе түсті. Өткен жылы Ұлттық ұланның қызметінің көмегімен қоғамдық тәртіпті бұзған 1 467 адам полиция бөлімдеріне жеткізілген. Тараз қаласындағы қылмыстық атқару жүйесінің мекемелерінде 2000 сотталушы аталмыш әскерилердің қатаң бақылауында.
– Ағымдағы жылы Тараз қаласындағы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша қызмет атқару барысында бөлімнің әскери қызметшілері полиция өкілдерімен бірлесіп, 30 қылмыстың ашылуына көмек көрсетті. Сонымен қатар 338 қоғамдық тәртіпті бұзған азаматтарды полиция бөлімшелеріне жеткізді. Бір ғана мысал айта кетейін, 6 қаңтар күні сағат 16.00-де қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету қызметіндегі әскери наряд кезекшісі аға лейтенант Н.Жапаровқа азаматша Гүлшат Сыздықова №16 автобуста сөмкесінен 22 000 теңгесі бар әмиянын ұрлатып алғанын айтқан. Г.Сыздықова күдіктенген азамат Желтоқсан көшесінің біріндегі аялдамадан түсіп қалыпты. Оның сөзінше, күдікті жасыл күртеше киген, жіңішке келген сұңғақ бойлы және сұр түсті рюкзак асынған. Желтоқсан көшесінде орналасқан «Лаваш» кафесінің қасында аға лейтенант Н.Жапаров, қатардағы жауынгер Ф.Вдовин жәбірленушінің суреттеуіне сай келетін азаматты тоқтатып, жағдайды анықтау үшін №1 полиция бөлімшесіне жеткізген. Тараз қаласының тұрғыны болып табылатын Қ. есімді күдікті өз қылмысын толықтай мойындады. Міне, Ұлттық ұланның жауынгерлері жедел әрекет етіп, бір қылмысты уақытында ашуға үлкен үлес қосты.
Ал қылмыстық атқару жүйесі мекемелеріндегі ішкі әскер жауынгерлерінің қызметіне тоқталсам, биылғы жылы сотталушыларға сырттан тыйым салынған заттарды лақтыру арқылы кіргізудің 4 фактісінің жолы кесілді. Атап айтсақ, 11 ұялы телефон, 3 телефон қуаттағыш құрылғы, 4 ұялы телефон батареялары және тағы басқа осындай заттар дер кезінде қолға түсірілді. Тараз қаласында орналасқан №2, №6 және №137 қылмыстық атқару жүйесі мекемелерін күзету бойынша жауынгерлік қызметке тәулігіне АК-74, АКСУ және МТ қаруларымен қаруланған 79 әскери қызметші түседі. І тоқсанның қорытындысы бойынша өз міндетін адал да тиянақты орындаған аға сержант Әділбек Айдарықов, сержанттар Мекен Сәлімбаев, Аслан Дуйшебаев, Қанат Бақтыбеков, Азамат Олжабаев, кіші сержанттар Айдын Шәкенов, Ерғали Ырысбаев және қатардағы жауынгер Денис Мамаев жауынгерлік қызмет үздіктері болып танылды, – дейді 5513 әскери бөлімінің командирі, подполковник Байыржан Қабылбеков.
Ал командирдің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, майор Дамир Қасымов күн сайын қылмыстық атқару жүйесі мекемелеріндегі жалпы тәртіпті қадағалау үшін 170 ұлттықұландықтар жұмылдырылатынын айтты. Сол секілді күнде сағат 17.00-ден бастап, 23.00-ге дейін қаланың ішкі тәртібін сақтауға 104 бағыт бойынша 320 жауынгер шығады.
– Еліміздің бақыт бесігі – тәуелсіздік. Соған жеткенге дейін біраз қиындықты бастан кешірдік. Бүгінгі жастар өткен тарихтың куәсі болмаса да, ғасырлар бойғы ерлік пен еңбектің арқасында жеткен бүгінгі бақыттың қадірін ұғынып, оны сақтауға мүдделі. Біздің бөлімге өз облысымызбен қатар, еліміздің барлық өңірлерінің ұлдары әскер қатарына қабылданады. Олар мұнда күніне 3 мезгіл тамақпен,
4 түрлі арнайы формамен қамтылады. Әрбір таңды дене шынықтыру жаттығуларымен бастап, арнайы әскери дәріс тыңдайды. Сарбаздар үшін кітапханамыз да бар. Күн сайын ата-аналарымен, үй-ішімен телефон арқылы хабарласып отыруға да уақыт белгіленген. Одан бөлек «WhatsАpр» әлеуметтік мессенджерінде әр өңір балаларының ата-аналарының тобы ашылып, командирлер жас сарбаздардың физикалық-психологиялық ерекшеліктерін сұрап, жеке мәліметтері жөнінде кеңінен кеңесіп отырады. Демалыс күндері мәдени және спорттық шаралар ұйымдастырылады. Биылғы жылдың «Жастар жылы» деп жариялауына орай «Жамбылдық ұлан дауысы» атты таланттардың байқауын ұйымдастырып отырмыз. Қатысқан өнерпаздарға арнайы әзірлеген сый-сияпаттарымыз да бар, – дейді майор Дамир Лиятұлы.
– Жасыратын несі бар, қазір біраз жастар әскерде «дедовщина бар» деген түсінікпен Отан алдындағы борышын өтеуден бас тартып жатады. Шындығында олай емес. Қазір әскер қатарында әлімжеттікке жол берілмейді. Барлық жерде бейнебақылау бар. Әскерге келген жігіттер әбден шыңдалып, төзімділікке тәрбиеленеді. Сондықтан да барлық ізбасар інілерге туған еліңнің игілігі үшін Отан алдындағы борышыңды өтеуден бас тартпай, қадірлі қызметіңді халқыңа арнау үшін қатарға қосыл дегім келеді. Барша әскери қызметкерлерді, әріптестерімді Отан қорғаушылар мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! – деген Дамир Қасымов жүрекжарды тілегімен бөлісті.
Біз 5513 әскери бөлімінің жұмысынан батылдықты, қатерден қаймықпас қырағылықты аңғардық. Мұнда ер-азаматтармен қатар үзеңгілесіп, нәзікжанды әскерилердің де жауапты міндетті тындырымды атқарып жүргенін көрдік. Мәселен, атқыштар ротасының сержанты Мөлдір Оңғарбаева түзеу мекемесінде жазасын өтеушіге жіберілген сөмкеден 15 телефон sim-картасын тауып, үлкен қылмыстың жолын кескен.
Биік талапқа зор жауапкершілікпен қараған әскери қызметпен таныса отырып, ел тыныштығының берік күзетте екеніне тағы бір мәрте көз жеткізгендей болдық.

Қамар Қарасаева

ПІКІР