Қоғам

Ұлттық ұлан – ұрпаққа ұран

Әскер – халықтың тірегі, мемлекетіміздің сенімді күші һәм қуаты, қорғанысы. Ел сенім артқан нақ осы сала әскери қызметшіден қырағылықты, төзімділікті талап етеді. Мұны сөз етіп отырған себебіміз, ҚР Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік әскери қолбасшылығының Тараз қаласында орналасқан №5513 әскери бөлімінің құрылғанына биыл – 26 жыл. Осынау жылдардан бері облыстық ішкі істер департаментімен қоян-қолтық жұмыс істеп, қаланың тыныштығын сақтауды қамтамасыз етуде, табиғаттың тосын мінезінен туған қиындықтарды қалпына келтіруде бар қажыр-қайратын аямаған аталған әскери бөлімнің құрылған күні «Баласағұн» орталық концерт залында аталып өтті.

Өткен күнге көз жүгіртсек, №5513 әскери бөлімі 1992 жылдың 25 ақпанында ҚР Министрлер кабинетінің қаулысы бойынша ҚР ішкі әскерлерінің милиция батальоны ретінде құрылған. Содан бері қоғамдық тәртіпті сақтау және түзеу мекемелерін қырағылықпен күзету міндеті қатаң тапсырылған әскери бөлім өз борышын адал атқарып келеді. Соның ішінде елеулі оқиғалардың бір парасына тоқталсақ, бөлім құрылған жылы «Қазмежрайбаза» қоймасы өртке оранғанда бөлім сарбаздары құны 10 миллион рубльді құрайтын дүние-мүлікті сақтап қалған екен. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасымен төл теңгемізді Тараздан еліміздің өзге аймақтарына шашау шығармай жеткізген. Әркез облыс аудандарында, Тараз қаласында табиғат апаттарынан болған зардаптарды еңсеруді және мемлекеттік деңгейде өткен мерекелерде қоғамдық қауіпсіздікті сақтау ісін абыроймен атқарды. Сондықтан болар, Президент Жарлығымен 2004 жылы аталған бөлімге «Жауынгерлік Ту» беріліпті. Осы «Жауынгерлік Ту» «Баласағұн» орталық концерт залында өткен жиында салтанатты түрде сахнаға шығарылып, жанды дауыста мемлекеттік Әнұран шырқалғанда көпшіліктің кеудесін мақтаныш сезімі биледі.

Салтанатты шара барысында №5513 әскери бөлімнің командирі, подполковник Бауыржан Қабылбеков сөз алып, бірқатар әскери қызметкерлер мен ардагерлерге ҚР Ұлттық Ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы Қайрат Ақтановтың және өз атынан Грамоталар мен Алғыс хаттар табыс етті.

– Еліміздің бақыт бесігі – тәуелсіздік. Осы күнге жеткенге дейін еліміз талай қиындықты бастан өткерді. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардың басында құрылған бөлімнің жүріп өткен жолы біз үшін тарих. Біз маңызды мемлекеттік нысандар мен қоғамдық тәртіпті сақтау, жаппай тәртіпсіздіктің жолын кесу, азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғау, төтенше жағдайдың алдын алу, терроризмге жол бермеу бағытында жүйелі жұмыс атқарып келеміз. Өткен жылы ішкі істер департаментімен бірлесіп, қоғамдық тәртіп бұзған 1446 адамды полиция бөліміне жеткіздік. Облыстық қылмыстық атқару жүйесімен бірлесіп 2 мыңнан аса сотты болғандар күзетіліп, олардың тәртіпсіздікке бой алдыруына жол берілмеді. Алматы-Орал бағытындағы жоспарлы қарауыл кезінде 1639 сотталған азаматты діттеген жеріне жеткіздік. Осының бәрі біздің жұмысымыздың жүйелілігін көрсетеді, – дейді Бауыржан Оңғарбайұлы.

Жиында облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаменті мен мамандандырылған күзет қызметі департаменттерінің бастықтары, полиция полковниктері Әміролла Оралбаев пен Бақыт Ратаев, №5513 әскери бөлімі ардагерлер кеңесінің төрағасы, запастағы полковник Мұхтар Махманазаров сөз сөйлеп, ақжарма тілегін арнады.
Осы басқосуда ардагер Петр Сереткин ҚР Ішкі істер министрлігінің «Құрметті ардагері» атанып, мерейі тасыды. Салтанатты жиын соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

ПІКІР