Ұлы Абайдың сыр сандығы

0 6

немесе Адамзат алыбының мұрасы – Мекемтас мырзахметұлының зерттеуінде

Абайтану тарихында Мұхтар Әуезовтен кейін Абай дүниетанымы мен ақын мұрасының рухани нәр алған үш бұлағы туралы мәселені зерттеу ісімен жүйелі түрде айналысып жүрген Мекемтас Мырзахметұлы екені белгілі. Сонау өткен ғасырдың 60-жылдары аспирант шағынан бастау алған бұл тақырыпты ғылыми зерттеу нысанасына алып, күні бүгінге дейін үзбей зерттеп, шәкірттеріне ой салып, тақырып беріп келуінің өзі жоғарыдағы пікіріміздің айқын дәлелі.

Біз М.Әуезовтің «Абай ақындығының айналасы» (1934) деген мақаласындағы: «…Көлденең тұрып көз жіберсең, бұл ақынның шығармалық еңбегі ұзын аққан ағын су сияқты. Я Сыр, я Ертіс десек, соның ұзын арнасы бірде қазақ жайлаған жағаны, бірде Шығыс елдері, не европалықтар қоныс қылған сағаны сызып өтеді», деген жағрапиялық теңеумен айтқан бейнелі пікірін ғылыми нысанаға алып, Абай мұрасының шығысқа қатысы туралы мәселені қайта көтерген М.Мырзахметұлының зерттеу жұмысының бастау бұлағын аз-кем сөз етпекпіз.
М.Мырзахметұлы 1965 жылы қорғаған «Абайдың әдеби мұрасының зерттелу жайы» атты кандидаттық диссертациясын монографиялық еңбекке айналдырып, «Абайтану тарихы» (1994) атты кітабын бастырып шығарды. Осы кітаптың «Рухани қазына көздері» бөлімінде автор Абайдың дүниеге көзқарасының қалыптасуына ықпал еткен идеялық рухани құбылыстардың табиғатын анықтау мәселесін зерттеушілерді екі топқа бөледі.
«Зерттеушілердің бір тобы, – дейді М.Мырзахметұлы, – (Қ.Бейсембиев, Т.Елеуов, Х.Сүйіншәлиев, С.Нұрышов, Таукелеев т.б.) Абайдың дүниеге көзқарасының қалыптасуына идеялық ықпал еткен құбылыс екі саладан ғана (орыс, қазақ) тұрады деп таниды да, шығыстық белгіні терістей қарады…» — деп М.Әуезовтің 1934 жылы ұсынған Абай мұрасының нәр алған үш арнасын (қазақ, шығыс, орыс, орыс арқылы Еуропа) дұрыс түсіндірмей отырғанын дәл анықтаған. М.Әуезовтің қазақ, шығыс, Еуропа деп көрсеткен принциптік мәні бар ғылыми концепциясын бұрмалаған бірінші топтағылардың бұл әрекетіне Мекең ашына қарап: «Абай дүниетанымы мен творчествосына белгілі дәрежеде ықпалы болған шығыстың рухани қазына көздері туралы үндемей өтуді мақұл көреді. Бірақ бұрыннан белгілі принциптік мәні бар бұл рухани қазына көздеріне өздерінің қарым-қатынасын, пікірін білдірмей сырт айналып отырды», деп принципті мәні бар Абайға ықпалы болған шығыстық рухани қазына көздері туралы пікір білдірмей сырт айналған жоғарыдағы ғалымдарды ғылыми дәлелдермен әділ сынайды. М.Әуезовтің «Абайда Батыстан кірген белгіден көрі Шығыс белгісі басымырақ, нығырақ, Батысқа келгенде ол арқасын Шығысқа, ақылмен қорытып алған мұсылмандыққа нық тіреп алып келеді» деген пікірін өзіне қалқан етіп, ғылыми ортадағы қасаң қағидаларға қарсы батыл ой тастайды. Оянуға шақырады. М.Әуезовтен соң тұралап қалған Абай мұрасының шығыстық белгілерін танып білу мәселесін кандидаттық диссертациясында қайта көтеріп, мәселе етіп қойған ғалымның бұл харекетін сөзсіз ерлік деп бағалаған жөн.
«Зерттеушілердің екінші тобы, – дейді М.Мырзахметұлы, – (Қ.Жұмалиев, М.С.Силченко, Т.Тәжібаев, Б.Ғабдуллин, Ә.Жиреншин т.б.) профессор М.Әуезов ұсынған Абай мұрасының нәр алған үш арнасын тұжырымдай түсті…», деп диссертант бұл топтағы зерттеушілердің пікірлерін талдай келіп, оларды өз еңбектерінде М.Әуезовтің 1934 жылы ұсынған концепциясын дұрыс түсініп, нақтылай түскен деген байламға келген. М.Мырзахметұлы дұрыс пікір ұстанған аға буын зерттеушілердің зерттеулеріне мақтаныш білдіре отырып, олардың назары Абай көзқарасының қалыптасуы мен творчествосына әсер еткен идеялық құбылыстарды анықтауға ауғанымен, ол құбылыстардың Абай творчествосына еткен ықпалының табиғатын даралап, рухани нәр алған қазына көздерін тереңірек ашуға бара бермегенін де байқаған. Мекең бұл топтағы зерттеушілердің Абай мұрасының шығысқа қатысын танып-білуден бой тартып қалу себебін заман ызғарынан, көпшілік қауым біле бермейтін кеңестік идеологиялық қаулылардан сескенгендіктерінен деп біледі. Диссертант зерттеу жұмысын хронологиялық жүйемен жүргізе отырып, саяси қатері бар Орталық Комитеттің кейбір қаулыларының, әсіресе, 1938 жылы Орталық Комитет қабылдаған орыс тілін міндетті түрде оқыту мен 1949 жылы қабылданған космополитизм жөніндегі қаулысының Абайдың Шығысқа қатысы туралы мәселеге кері әсері болғанын зерттеп білген.
«…Славян халықтары мен православие дініндегі Кавказ халықтарынан басқа барлық ұлт атаулының бұрыннан қолданып келе жатқан тарихи жазу, сызуынан еріксіз айырып, кириллицаны қабылдату арқылы келер ұрпақты өзінің халықтық тарихи жадынан, діні мен ұлттық салт-дәстүрінен айырып, орыс тілін міндетті түрде оқыту арқылы ең соңғы рухани тірегі болған ана тілінен де алыстата бастады…1949 жылдан кейінгі космополитизм туралы қаулыдан кейін мүлде күшейіп, ашық түрдегі қуғын-сүргін көп ұзамай басталып та кетті», деп М.Мырзахметұлы жоғарыдағы қаулылардың қаншалықты қауіп-қатері болғаны туралы пікір білдіріп, тіпті, жантүршігерлік статистикалық мәліметтер де келтіреді.
Міне орыс тілін білуді күштеп міндеттеу мен шығыс туралы пікір білдіргендерді қуғын-сүргінге салған бұл қаулылардан сескенген зерттеушілер Мекеңнің өз сөзімен айтсақ: «Абайдың Шығысқа қатысын зерттеп танып білуден бой тартып қалған». Ал кеңестік идеологиялық догмадан шыға алмағандар Абайдың идеялық көзқарасының қалыптасуына ықпал еткен шешуші идеялық құбылыс орыс мәдениеті болды деген қате көзқарастың тұтқынында қалған. Сөйтіп, М.Мырзахметұлы Абай мұрасының Шығысқа қатысы туралы мәселенің зерттеусіз, қозғаусыз қалған себебін анықтау үстінде қазақ халқының басынан өткен тағдыр талайын да зерттеп біліп, оны нақты деректермен ғылыми көпшілік алдында жайып салды.
Бүгінгі таңда кейбір қазақтардың ана тілінен, дінінен безіп, өз қағынан жиренген құландай қалып танытуына 1938, 1949 жылы қабылданған саяси қатерлі қаулылардың кері әсері әлі де сезіледі. Бұл әсерді көпшілік оқырман М.Мырзахметұлының «Қазақ қалай орыстандырылды?» атты кітабын оқыған соң, беті жыбырлап жатқан өзендей көрінген «қаулылардың» сылдыр қаққан тымырсық сұм ағысының әсерін бұрынғыдан да сезіне түседі. Орталық Комитет қабылдаған бұл қаулылардың түпкі мақсатын (халықты тарихи жадынан қол үздіру, қазақтарды орыстандыру екенін) ғылыми негізде алғаш рет жете танып білген – М.Мырзахметұлы болды.
М.Мырзахметұлы Абай мұрасының шығысқа қатысы туралы өзіне дейін құлаққа сіңісті болған пікірлерге сын көзімен қарап, соны пікірлер білдіріп отырған. Ақынның Шығысқа қатысын тереңірек ашу үшін зерттеушілердің назарынан тыс қалған Абайдың ақындық кітапханасының көлемі мен жайы деген соны мәселені көтеріп: «…Бұл мәселенің сыры мен қырын тереңірек ашу үшін Абайдың ақындық кітапханасының көлемі мен жайы деген мәселені арнайы түрде зерттеуді уақыт талабы алға шығарып отыр», деп кейінгі зерттеушілерге ой салып, бағыт-бағдар көрсетеді.
Әрине бұл күрделі де қиын өзекті тақырып. Қиын болатын себебі – Абайдың Шығыс әдебиеті, мұсылман философиясы, ислам діні туралы кімдердің қандай кітаптарын, қай тілде оқығанынан хабар беретін нақты жазба деректер жоқтың қасы. Абай өз шәкірттерімен ауызша әңгімелескен шақтарында Шығысқа қатысты сын-толғауларын айтқан болар. Бірақ сол мәжілістерінде Абайдың Шығысқа қатысты айтқан пікірлері бізге жетпеген. Абай өз өмірбаянын, айтар пікірлерін бәрін тек ақындық қуатпен жырлап, қарасөздерінде сырлап сыр сандыққа салып кеткен деп білеміз. Ұлы Абайдың сыр сандығының құлпын ашар кілтті табу үшін бүгінгі таңда М.Мырзахметұлының өзі бізге көмекке келіп, адаспас бағыт-бағдар сілтейді. Алдымен Абайдың өз шығармаларындағы дерек көздерін анықтап алуды, содан соң шығармаларының мазмұны мен жанрлық ерекшелігіне назар аудару керектігін, сөйтіп барып Абай оқыған және шығармаларымен белгілі дәрежеде қатысы бар деректермен салыстыра қарап, жанама түрде болса да болжауға болатынын айтады. Әсіресе екі түрлі жолмен дерек көздерін іздестіру әдісін ұсынады. Мекемтас Мырзахметұлы: «Біріншіден, Абай шығармаларымен байланысы бар деген кейбір жанама деректерді ақынның дүние, дін, өнер, әсіресе, этикалық пікірлеріне нақтылы салыстырулар жүргізіп барып, оның өзін ерекше сын елегінен өткізе отырып анықтасақ ғана өз жемісін бермек… Екіншіден, Абайдың ақындық кітапханасының көлемі мен жайы туралы мәселеде ең сенімді деректердің бірі – Абайдың өзі шығармаларында арнайы атап отыратын кейбір шығармалардың аты мен кісі аттары болып табылады», деп Абайдың ақындық кітапханасының көлемі мен жайын екі түрлі жолмен іздестіру әдісін ұстану керектігінен хабар береді.
Бұл шағын ойымызды айтудағы мақсат – Абайдың шығысқа қатысы туралы М.Мырзахметұлының алғаш жазған дүниесіндегі зерттеу жұмысының жайын көпшілік оқырманға аңғарту. Ондағы көтерілген мәселелерді түгел зерттеп тексеру емес, зерттеймін деушілерге нобай айту ғана. Оны өз алдына арнайы жүйелі түрде зерттеу жұмысын жүргізу алдағы күндердің еншісінде.

Әлімбай НАЙЗАБАЕВ,
облыстық тарихи-өлкетану музейі, «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері

Leave A Reply

Your email address will not be published.