Ұлы ағартушының еңбегі өзектілігін жоймайды

0 3

Тарихқа бойласақ, қай кезең­де де өз дәуірінің дарын­ды өкіл­дері елдің мұң-мұқта­жын көре біліп, халқының сол мұқта­жы­на перзенттік махабба­тын арнаған, туған халқының игілігі үшін бар күш-жігерін жұмсаған ардақты азамат ретінде халық тарихынан орын алып отырған. Осындай тарихи тұлғалардың бірі – Ыбырай Алтынсарин.

Ұлтымыздың тұңғыш ағартушы педагогі Ыбырай Алтынсаринның туғанына биыл 180 жыл толып отыр. Ыбырай еңбектерінің өзектілігі соншалық, уақыттың ағымы мен заманның өзгеруіне қарамастан, ұлы педагогтың шығармалары өз құндылығын әлі де жойған жоқ. Ұлағатты ұстаздың эстетикалық тәрбиеге толы әр еңбегі адамды еріксіз баурап алады. Ыбырай атамыз өзіне дейінгі педагогикалық ілімнің ең асыл, құнды идеяларын шығармашылық өңдеу арқылы қазақ даласының тарихында тұңғыш ашылған мектептер жүйесін сол замандағы ең озық халықтық мектептердің деңгейіне жеткізді. Сондықтан да оның есімі орыстың ұлы педагогтары К.Ушинский, Н.Бунаков, Л.Толстой және басқалармен қатар аталуға тиіс.
Қазіргі ұстаздың сабағында жаңа технологияның әдіс-тәсілдері оқушыларды ортамен қарым-қатынас жасай білуге, басқаны тыңдай білуге, топта бір тұжырымға келуге, топ алдында өз ойын еркін айтып, қорғай білуге, әдептілікке, жауапкершілікке, өнерге және еңбектенуге үйретеді. Ыбырай ұстазымыздың ұсынған әдістемесінің негізі осы емес пе?! Қазіргі жаңалық деп жүрген ынтымақтастық, ізгілендіру идеясын сол кездің өзінде-ақ Ыбырай Алтынсарин қалыптастырған болатын. Оның ізгі ойлары, талғамы, педагогикалық идеялары көптеп саналады.
Ы.Алтынсаринның білім және тәрбие беру мақсаттары өмір талабынан туып, қазақ халқының жалпы мұң-мұқтажымен астарласып жатыр. Ыбырайдың педагогикалық мұраты – балаларға жан-жақты және кең көлемде білім беру. Ол оқу процесінде білім беру мен тәрбие беруде мұғалімнің рөлін жоғары қойды. Оқу-материалдық базасының шешуші маңызын атап көрсетті. Сондай-ақ оқулықтарды таңдап ала білуге үлкен мән берді. Инспектор ретінде тиісті оқулықтарды әдейі өзі оқып шығып, кейін қажет деп тапса, мектепке пайдалануға ұсынып отырды. Ыбырай барлық уақытта оқу бағдарламаларымен шектеліп қалмай, оларды кеңейте, қолға түскен қосымша материалдармен толықтыра түсуді оқушылардан талап етіп отырды. Білім беруде кітапхананың орны ерекше бағаланды. Ол «Жақсы білім беру керек, қалай болса солай оқытуға болмайды», «Оқытатын кітаптар ғылымға негізделуі тиіс», деп педагогика саласында кесімді пікір қалдырды.
Осылайша Ы.Алтынсарин оқушылардың теориялық білімін арттыру жолдарын қажымай-талмай іздестіріп отырған. Ол сонымен қатар теориялық материалды практикалық жұмыстармен ұштастыра жүргізуге үлкен мән берді. Қолөнер мектебін ашып, тері илейтін, сабын қайнататын зауыттар ашуға жоғары орындардан рұқсат алды. Ер балаларды қолөнерге, қыздарды кесте тігу, киім пішуге үйретті. Ы.Алтынсарин адамгершілікке тәрбиелеу идеясын көтерді, оны шешу жолдарын іздестірді. Тәрбиенің қазір біз пайдаланып жүрген қай саласын да Ыбырай еңбектерінен табуға болады. Әсіресе ол жастарды еңбекке тәрбиелеу ісінің жолдарын атап көрсеткен. Соның ішінде қоғамдық пайдалы еңбекті ерекше қадірлеген. Қазіргі кезде мектептерде көркем еңбек сабағын жүргізу барысында ағартушының қалдырып кеткен іздерін көруге болады. Қорыта айтқанда, қазіргі мектептердегі оқу-тәрбие процесін халықтық педагогика негізінде жүргізу дегенге Ы.Алтынсарин кезінде үлкен зейін қойып, ұлттық тәлім-тәрбие тағылымдарын мектеп өміріне түбегейлі енгізу қажет деп есептеді. Яғни ұлы ағартушы қоғамдық өмірдегі өзекті талаптарды дер кезінде көре білген, өзінің педагогтік идеяларын сол уақыт тілегімен тығыз байланыстыра алған.
Ол мектеп бітірген кейбір жастардың арнаулы оқу орындарына түсуіне де жағдай жасап отырған. Туған елінің қамын ойлаған асыл ер-азамат қана осындай істерге жанашыр, ұйытқы болары хақ. Өкінішке қарай, бүгінде мектеп бітірген түлектердің келешегіне, білім жалғастыруына ұстаз тарапынан қамқорлықтың аздығын жасыра алмаймыз. Осынау қиын-қыстау заманда, әлемдік пандемия кезеңінде қаражаттың тапшылығынан қалаған оқу орнына жете алмай жүрген жастарымызға дер кезінде қол ұшын беруді ұйымдастырсақ, яғни еріктілік пен меценаттыққа үлес қоса алсақ, қоғамға келтірген пайдамыз зор болар еді.
Ыбырай ұстаз қай жағынан алсақ та көпшіл, қамқоршыл, жақсы жанашыр бола білген. Бауырластарының, қандастарының қамын жеп, өнер- білімге үндеген. Халық ағарту ісіндегі тарихи бастамалардың ұйытқысы болған Ыбырай Алтынсаринның өмірі мен еңбегі – өшпес өнеге, қайталанбас ерлік. Сонымен Ыбырай Алтынсарин өзінің бүкіл саналы өмірін қазақ халқының жаңа буынын тәрбиелеп, олардың озық мәдениетті елдерден үлгі ала отырып, білімді де саналы азамат болып жетілуіне айтарлықтай үлкен үлес қосты. Ол өз ғұмырының соңғы кезінде былай деп жазды: «Мен түбегейлі терең сеніммен туған халқыма шамамның келгенінше пайдамды тигізсем деген ниетімнен ешқашан бас тартпаймын».
Ы.Алтынсаринның ұшан-теңіз еңбегі қазақ халқының экономикалық дамуына, білім көкжиегінің кеңеюіне, рухани және мәдени гүлденуіне игі ықпал етті. Оның есімі халықтың есінде мәңгі сақталады. Жас ұрпаққа ғылым негіздерінен дәріс берудің, оларды абзал қасиеттерге баулудың өміршең, мәңгілік құнды әдіс-тәсілдеріне үйрететін ұлы ағартушының педагогтік мұрасы, аса бай тәжірибесі ғасырлар бойы өз маңызын жоймақ емес.

Кадиша ОРАЗОВА,
Ақтоған шағын орталықты орта мектебінің мұғалімі,
Т.Рысқұлов ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.