Ұлы ақынның мұрасы – мәңгілік қазына

0 74

Сәкен Арубаев,
Жамбыл ауданының әкімі

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні» сияқты ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс», деп айқын көрсетілген болатын.

Ұлы Абай – қазақ халқының руханияты мен мәдениетінің символы. Оның ілімі халықтың рухани жаңғыруымен тығыз байланысты, ал даналығы қазіргі заманмен үндес. Абай шығармашылығымен танысу сананы оятып, ойға ой қосады, жаңа көңіл күй мен сезімге бөлейді, асыл армандарға жетелейді, өзіңді өзің талдап тазаруға итермелейді.
Қазақ тарихында, əсіресе оның руханияттық дамуында ХІХ жəне ХХ ғасырлар тоғысының орны орасан. ХІХ ғасыр аяғындағы ұлы Абай феномені – қазақ ұлтының өркениеттік болмысындағы орны айтып болмас ұлы құбылыс. Бірақ, соны тануға, тап басып айқындауға біраз уақыт қажет болды. Ал, Абайтануды алғаш жүзеге асырғандар – ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялылары. Олар өздері міндет етіп алған ұлт үшін атқарылар ұлан-ғайыр істердің бастау көзін ұлы Абайдан танып, ең алдымен, сол ұлы ұстаздың ұлылық болмысын айқындауға ұмтылды. Абайды өздері ғана арда тұтып қоймай, оның ұлт абызы ретіндегі кемеңгерлік тұлғасын өздері айтпақшы «жұртқа», яғни көпке, танытуды мақсат тұтты.
Қазақ зиялылары ə дегенде-ақ Абай туралы келелі ойларын сол кездегі түрлі басылымдарда жариялай бастады. Оның ішіндегі елді елең еткізер, оқушылар тұшынып оқыр, рухани азығы молы да, кеңге қанат жайғаны да, əрине, «Қазақ» газеті болды. Өзі шығып тұрған бес жылда осы басылым қазақ халқының өміріне қатысты бар мəселені қамти алды десек, артық айтқандық емес.
Абайдың қазақ әдебиеті алдындағы ұлы қызметі оның ұлттық әдебиетте шындық дегеннің не екеніне бірнеше рет көңіл аударып, оны аша білуі деуге болады. Ол – қазақ әдебиетінде әйелдердің тағдырына бірінші көңіл бөлген ақын. Оның кіршіксіз, таза, терең сезіміне үңілді. Ананы, даналықты, достыққа берік адал сезімді жырлады. Абай кедей ақындардың күнкөріс кәсібіне айналып, бағасы түскен өлең сөзді өз биігіне қойып, оқырманның, тыңдаушының талғамын тәрбиелеуге белсенді араласты. Ақынның бұл саладағы ұлы қызметі орыстың классикалық әдебиеті эстетикасымен, Белинский, Чернышевский көзқарастарымен ұштасып жататыны ғылымда әлдеқашан дәлелденген.
Ал, философиялық өлеңдері, мәні мен мазмұны үйлесім тапқан еңбектері, адамға ой салатын қара сөздері адамзат баласын ерекше әсерге бөлеуде. Бүгінде ұлы ақынның еңбектері әлемнің бірнеше тіліне аударылған. Демек, оның еңбектері тек қазақ халқына ғана емес, өзге елдің азаматтарына да тағылымы мол мұра болғаны, рухани ләззат сыйлағаны сөзсіз.
Биыл қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде тойланады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында: «Әл-Фарабидің 1150 жылдық, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларын атап өтеміз. Мерейтой барысында ысырапшылдыққа жол бермей ғұлама тұлғаларымыздың еңбектерін халық арасында дәріптеуіміз керек», – десе, күні кеше жариялаған мазмұны терең, мағынасы зор «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Биыл Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толады. Халқымыздың ұлы перзентінің мерейтойын лайықты атап өту үшін арнайы құрылған комиссия дайындық жұмыстарын бастап кетті. Мемлекет көлемінде және халықаралық деңгейде ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бірақ, мұның бәрі той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілмек», – деді.
Расында бұл мерейтой аста-төк ысырапшылдыққа бой алдыратын шара емес. Қайта әрбір саналы азаматтың Абай әлемімен етене танысып, оның өміршең мұраларына терең мән беретін, рухани азық алатын мереке.
Қазақ поэзиясының биік шыңы, құдіретті ақын Абайдың жүрек шерімен жазған туындыларының тағылымы мәңгілік қымбат. Абай жалғыз қазақ халқының ұлы емес, адамзаттың ұлы десек артық айтқандық болмас. Әлем халқы бас иген дара тұлғамызды қай жағынан әспеттесек те бұл біздің елдік, халықтық парызымыз болып саналады.
Жамбыл ауданында Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын лайықты деңгейде атап өту мақсатында іс-шаралар жоспары бекітілді. Бүгінде мерейтойға арналған бірыңғай символика, бильборд, баннер және өзге де көрнекі насихат құралдары дайындалуда. Білім беру ұйымдарында ашық сабақтар, сынып сағаттары, шығарма, мазмұндама, ақынның өлеңдерін және қара сөздерін мәнерлеп оқу конкурстары, танымдық форматта тақырыптық іс-шаралар, конференциялар, фестивальдер, поэзия кештері, семинарлар, көрмелер және әртүрлі форматтағы іс-шаралар ұйымдастырылатын болады. Сонымен қатар ғылыми конференциялар, Абай оқулары, поэзиялық, әдеби фестивальдер, ақындар айтысы, челлендждер, флешмобтар және жастарға арналған басқа да шаралар өтеді. Осы мерейтой аясында ғылыми қоғамдастықтың, жастардың, қоғамдық ұйымдардың, шығармашылық одақтардың қатысуымен тақырыптық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастыру жоспарда бар. Ал, ұлы ақынның есімі берілген көшелер мен алаңдарға, саябақтарға және мекемелерге қажет болған жағдайда жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Жалпы Абайдың өмір жолын, шығармашылығын насихаттайтын өзге де шаралар жыл соңына дейін жалғасады.
Соңғы жылдары смартфонға тәуелді болған жас та, жасамыс та кітап оқудан алыстап барады. Әсіресе осындай ұлы тұлғалардың туындыларын әрбір қазақ баласы жастана оқуы керек. Мен ұлы ақынның шығармаларымен мектеп қабырғасынан сусындап келемін. Әлі де қол үзгенім жоқ. Үзбеймін де. Өйткені Абайдың әлемі – ол қазақ халқының әлемі. Абай – қазақ халқының маңдайына біткен ұлы перзент. Оны толық түсінбеу, ұғынбау – біздің жүрегімізге түсетін ауыр таңба. Абайды биікке көтеруден біз ешқашан шаршамауымыз, жалықпауымыз қажет. Әр қазақтың баласында Абай айтқандай «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» болса ғана үлкен жетістікке жетеміз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.