Ұлы дала төсіндегі дүбірлі додалар

0 4

Тәуелсіздіктің 30 жылдық бедерінде Ұлы дала елінде талай дүбірлі додалардың алауы тұтанып, жалауы желбіреді. Төрткүл әлем көз тіккен Ақ Азиада мен Универсиаданың өзі тәуелсіз Қазақстанды кәрі құрлыққа танытты. Азиядағы абыройын асқақтатты. Бұл әрине ең бірінші сарабдал саясаткер, көреген басшы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерен еңбегінің жемісі. Ұлт көшбасшысы айдарлағандай аталған аламандар үлкен спорттық аренаға «Қазақстан» атты жаңа спорттық державаны әкелді.

2011 жылдың қаңтар-ақпан айларында Астана мен Алматы қалалары Азия елдері спортшыларының ат басын бұрған ордасына айналғаны белгілі. Тұңғыш рет VII Қысқы Азиада ойындарын өткізу құқығына ие болған Қазақстан бұл мүмкіндікке Елбасының саяси ерік-жігерінің арқасында қол жеткізді. Әлемдік қаржы дағдарысына қарамастан Тұңғыш Президенттің тапсырмасы бойынша Азиада ойындары үшін негізгі екі қала Астана мен Алматыда бірегей спорт кешендері салынды. Бой көтерген ғимараттар бүгінде ел спорты инфрақұрылымының маңызды элементтеріне айналып қана қоймай, салауатты өмір салтын насихаттауда үлкен рөл атқаруда.
«Алау» жаңа мұз айдыны «AD Sportwereld» батыстық басылымының бағалауымен әлемдегі коньки тебу стадиондары арасында бірінші орынға ие болды. Ал «Сарыарқа» велотрегі халықаралық сарапшылардың есептеуімен шорт-трек және мәнерлеп сырғанау спорты үшін теңдессіз айдынның біріне баланды. Сондай-ақ Алматы қаласында бой көтерген шаңғымен тұғырдан секіру кешені халақаралық шаңғы спорты қауымдастығының жүргізген сауалнамасы бойынша жылдың ең үздік трамплині атанды. Бұдан бөлек «Медеу» спорттық кешені, «Шымбұлақ» тау-шаңғы базасы және Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы туристердің сөзсіз таңдайын қақтырды.
Азиадаға әлемнің 27 мемлекетінен мыңдаған спортшылар қатысып, спорттың 11 түрінен медальдар жиынтығын сарапқа салды. Бұл Қысқы Азиада ойындары тарихындағы рекордтық көрсеткіш болатын. Байрақты бәсекеде ел спортшылары да бұрын-соңды болмаған жетістікке қол жеткізіп, 32 алтын медальмен жалпы командалық есепте көш бастады.
Азияда ойындарынан кейін араға алты жыл салып елімізде Қысқы Универсиаданың жалауы желбіреді. Бұл да Елбасының батыл бастамаларының бір көрінісі еді.
Аталмыш аламанның алауы Қазақстанда тұңғыш рет тұтанып тұрғандықтан жауапкершілік жүгі ауыр болатын. Алайда еліміз бұл міндетті де абыроймен атқарып шықты.
Универсиаданы Алматы төрінде өткізу туралы ресми шешім 2011 жылы Брюссельде Халықаралық университеттік спорт федерациясында дауыс беру арқылы қабылданды. Осылайша Қазақстан бұрынғы кеңестік елдердің ішінде бірінші болып Универсиада өткізу құқығына ие болды.
Дүниежүзілік жастар додасына 64 елдің спортшылары қатысып, рекордтық көрсеткіш тағы орнады. Бұған дейін Түркия Универсиадасында ғана 52 мемлекеттің өкілдері бақ сынаған болатын. Осы қырынан келгенде, «Универсиада-2017» ойындарының бәсі жоғары, ал Қазақстанға ағылған туристердің қарасы қалың болды. Азиада ойындарында бой көтерген спорт кешендерінен бөлек, айтулы аламанға арналып «Мұз» сарай, «Мұз» арена мен «Атлеттер» қалашығы спортшыларға есігін айқара ашты.
Осылайша Алатау бөктеріндегі айтулы аламан Қазақстан спортының жарқын жеңісімен тарих қойнауына енді.
Тәуелсіздік таңының тудырған туындысының бірі – «Қазақстан Барысы» турнирі. Елбасы жүлдесі үшін білектілер сынға түскен бәсеке 2011 жылы тұғыш рет ұйымдастырылғанда келешегіне күмәнмен қарағандар болғанын жоққа шығара алмаспыз. Бірақ «Қазақстан Барысы» турнирі қазақ үшін үлкен тойға айналды. Әр жылда кіл мықты балуандардың ішінен шын мықтылар дараланып, қаржылай сыйақы, алтын тұяқ пен чемпиондық белбеуге ие болып жатқанда, өңіріміздің мақтанышы, апайтөс балуан Бейбіт Ыстыбаев үш мәрте турнир жеңімпазы атанып, абыройымызды асқақтатты. Ал 2016 жылы жалауы көтерілген турнирде үш дүркін чемпиондық атақтың белбеуін Бейбіт балуанға Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының өзі тағып, жерлесімізге ізгі тілегін білдірді. Міне, Ұлт көшбасшысының ұлттық спортқа деген қамқорлығы осыдан айғақталып тұр.
«Қазақстан Барысы» турнирімен қатар, «Евразия Барысы» мен «Әлем Барысы» атты байрақты бәсекелер дүниеге келді. «Евразия Барысына» алғашқы жылдары Польша, Қытай, Түркия, Моңғолия елдерінің балуандары келіп қатысса, кейіннен бұл додада кеңестік кеңістіктегі елдердің мықтылары да күш сынасты. Ал «Әлем Барысы» аламанының алауы жоғарыда аталған екі турнирден кейін тұтанғанымен, «Әлем Барысы» атағына алыстағы Бостандық аралының балуандары да таласты. Бұл қазақ күресіне деген әлем елдерінің қызығушылығы мен құрметін көрсетіп тұрды.
Ұлттық спортымыз ұлықталып, әлем алдында беделіміз биіктеген тағы бір тұс – «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесі кезінде орын алды. Айтулы көрме аясында еліміз тұңғыш рет жамбы атудан «Алтын жебе» халықаралық турнирін ұйымдастырды. Жарысқа Малайзия, Түркия, Польша, Германия, Румыния, Катар, Моңғолия, Қытай сынды 11 мемлекеттің өкілдері қатысып, мергендігімен сынға түсті.
Көрме шеңберінде еліміз көкпардан да тұғыш рет әлем чемпионатын өткізді. АҚШ, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Түркия, Тәжікстан, Қытай, Моңғолия, Ауғанстан мен Венгрия мемлекеттерінен келген шабандоздар екі күн бойы Астана аспанын ат тұяғының дүбіріне бөледі. Көкпар десе делебесі қозатын Қазақстан құрамасының шабандоздары алаң қожайындары ретінде алдына қара салмады. Ат құлағында ойнаған отандастарымыз көкпардан тұңғыш әлем чемпиондары атанды. Бұл әрине үлкен мәртебе. Атақ пен абырой.

Міне, бұл ел егемендігін алып, өз алдына дербес мемлекет атанған 30 жылдық бедерінде үлкен спорт сахнасында жеткен жетістігіміздің бір парасы. Мемлекетіміз мұхит асып қазақ спортын танытумен қатар, өз төрімізде де әлем спортшыларын қабылдауға қауқарлы екенін көрсетті. Әрі алпауыттармен тереземіз тең түсіп, бәсекелес атана алатымызды танытты. Және дүниежүзі елдері Қазақстан атты спорттық держава барын, ал оның Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлының көрегенділігін мойындады.

Саян ТІЛЕУЖАН

Leave A Reply

Your email address will not be published.