"Тарих. Таным. Тағылым."

Ұлы дала ұлағаты

Written by Aray2005

Көне шаһардан Қазақ хандығы музейі ашылса, рухани олжамыз болар еді

Қорамсақтан қаламсап суырған бүгінгі қоғамда халқымыз үшін ұлттық сананы жаңғырту, тарих тұңғиығына ой суарып, өткеннің өшпес өнегесінен өну, батыстық базбір субмәдениеттердің қаңсығына құзғын көзбен емес, өзіміздің жарқын болашаққа қыранның жалынды жанарымен қарау басты мәселе.

Осы тұста әлемге әрдайым біздің кім екенімізді көрсететін, тектіліктің төлқұжатына айналған тархан тарихымыз бар. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты құнды мақаласы да осы шынайы ақиқатқа айдан шырақ жаққандай. Мемлекетсіз ел – жетім ел екенін ескерсек, елдігіміздің ұшар басында Қазақ хандығының тұрғанын естен шығармағанымыз абзал. Ал оның алтын қазығы алғаш рет Әулиеата топырағында қағылғаны – сіз бен біз үшін мәңгі мәртебелі мақтаныш. Ит үріп, керуен көшсе де ерлігін өшірмей, ақпарат пен ақшаның ғасырында тарихтың темірқазығы атанған Тараз шаһарында Жәнібек пен Керей хандарға еңселі ескерткіш орнаттық. Бұл сол бес жарым ғасыр бұрын ғана емес, Геродоттың жазбаларында «сақ» деп сақталған, яғни анық тарихы арыда жатқан қас сақтың келе-келе ел болып, етек жеңін жиып, шежірелі Шу бойында шаңырақ көтеруінің һәм тұңғыш рет тізгінді қолға алып, туын тіктеген тұлғаларымызға, бекзада бабаларымызға деген ұрпақтың құрметі. Енді дәуірлер ұмытпайтын дәл осындай тағдырлы тарихы бар Әулиеата топырағына елдігіміздің даму эволюциясын айшықтап, өскелең ұрпаққа ұлт руханиятын, тағылым мұраларын аманаттайтын Қазақ хандығы мұражайы болса, нұр үстіне нұр болар еді.
Рас, еліміздің әр өңірінде қарт тарихтың қарашаңырағына айналған музейлер баршылық. Жалпы ел аумағында халыққа әлемдік дәрежеде қызмет көрсетіп отырған мұражайлар да аз емес. Дегенмен олардың басым көпшілігі классикалық үлгіде орналасқан. Яғни музей тиесілі өңір, өлкедегі біздің дәуірлерге дейін мекендеген динозаврлардың қаңқалары, алғашқы адамдардың еңбек құралдары, сол аймақты мекендейтін аң-құс, жануарлар әлемінің көрінісі, тіршілік шежіресіндегі әр кезеңдерді топтастыра қамтитын деректер, тағысын тағы. Кейбір тұлғалардың жеке өзіне, ерлік жолына арналған мұражайлар да бар.
Һәм ел өміріндегі белгілі бір маңызды, айтулы оқиғаларға қатысты мұражайларды да жоққа шығаруға болмайды. Оған мысал ретінде өңіріміздегі Ұлы Отан соғысындағы қаһарман батырларымызға деген ұрпақтың құрметін күшейткен «Даңқ залын» айтуға болады. Биыл ғана бой көтерген бұл ғибратты ғимарат Екінші дүниежүзілік соғыста жан беріп, жан алысқан, от кешіп, кеудесін оқ тесіп Отан қорғаған жауынгер аға ұрпақтың ұмытылмас ерлігін анық айшықтап, қалың бұқараның да, өскелең ұрпақтың да рухани игілігіне айналып үлгерді. Ал дәл осындай, тек одан әлдеқайда әріректе «толарсақтан саз кешіп», «Ереуіл атқа ер салып, Егеулі найза қолға алып» (Махамбетше) елдікті аңсаған һәм сол жолда қан төгіп, жан сөгіп мемлекеттіктің іргетасын сүйегімен қалап кеткен бабаларға қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Сондықтан хандықтың қазығы қағылып, тұңғыш рет туы тіктелген Әулиеата жерінде, екі мың жылдан астам жауһар тарихы бар Тараз төрінде Қазақ хандығы мұражайы болса деген көкейдегі ой көмейді күйдіріп, мүйізі қарағайдай қабырғалы зиялы қауым өкілдерінің омыртқалы ойларын білген едік.
– Киелі Жамбыл жерінің әр түкпірінде тарих тұнып тұр. Мәселен, бір аңыздарда атақты Атилла баһадүр осы Қазақ хандығы құрылған Шу өзенінің табанында жатыр дейді. Яғни Атиллаға деген ел құрметі солай болса керек, жаугершілік заманда атынан ат, атағынан адам үркетін Атилла қайтыс болғанда, Шу өзенін басқа арнаға бұрып, орнына қабірін қазып, жерлеп, өзенді қайтадан үстімен жіберген деседі. Сол себепті оның мәйітін жаулары таба алмаған.
Мәселен, тарихшы ғалым Айман Досымбаева Меркіде көп зерттеу жұмыстарын жасауда. Ол сол Меркі тауында әйгілі түркі қағандарының бірі жатыр деген тұжырым жасады. Обадан сол қағанның маңдайындағы алтын белгіні алып келді. Осы секілді Жамбыл жерінің әр аудан, ауылының маңында тарихи құндылықтар жетіп жатыр. Адамзат тіршілігінің тірі куәгері болған Тәңірқазған мен Бөріқазған, Қыскөпір секілді аты да, заты да жұмбақ жерлер Жамбыл жерінің байырғы тарихынан сарқылмас сыр шертуде. Өзім туып-өскен Талас ауданындағы тақиядай Ақтөбе ауылындағы төбеден күнделікті кешкісін найзағайдай таза, ешқандай түтіні жоқ жарық шығатын. Ол көріністі күнделікті көріп жүргендіктен жергілікті халықтың көзі үйреніп кеткен. Соны бір кездері арнайы археологтар келіп қазды. Бірінің көзіне тас ұшып, тағы бірі оқыс жағдайға тап болып зерттеу жұмыстары тоқтап қалды. Одан кейін келген зерттеу тобындағылар белгісіз себеппен қаза тапты. Осыдан соң бұл маңайға адам жоламайтын болды.
Мен сол төбені қазірде әйгілі сақ көсемдерінің бірінің обасы ғой деп ойлаймын. Кеңес дәуірі кезінде тарихты саясат жасайтын. Яғни тарих беттерін сессиялар мен пленумдар толтыратын. Нәтижесінде тұлғалар тасада қалатын. Ал негізінде тарихты тұлғалар жасайды. Біздің хандарымыз, би-шешендеріміз, батырларымыз бен жырауларымыз төл тарихымыздың басты авторлары да, кейіпкерлері де. Бала күнімізде мектепте бізге түкке де қажеті жоқ деректерді, ит өлген жердегі бір елдің тарихын үйретті. Өз өлкеміздің, еліміздің, халқымыздың тарихын, салт-дәстүрін, бабатанымын үйреткен жоқ. Сондықтан жастар түгілі, ересектердің де басым көпшілігі өз тарихымызды білмейді.
Мәселен, Қаратаудың өзі тұнып тұрған тарих. Оның баурайынан шыққан қаншама тұлғалар, би-шешендер бар. «Ел іші – өнер кеніші» дейді халық даналығы. Сондықтан ел арасында Қазақ хандығына қатысты көптеген жәдігерлер, аңыздар, рухани құндылықтар аз емес. Солардың барлығын бір арнаға тоғыстыру керек. Сондықтан бабаларымыздың ту көтерген жері Әулиеата топырағы болғандықтан облыс орталығында Қазақ хандығына арналған арнайы мұражайдың болғаны өте дұрыс деп ойлаймын. Ол аймақтың ғана емес, Ұлы дала ұрпағы үшін игілігі мол іс болар еді. Әрбір жас өскін өз елінің, тәуелсіз мемлекетінің тарихымен сусындап өсер еді. Және сол мұражайға барлық ел басқарған хандарымыз бен батырларымыздың, би-шешендеріміздің жәдігерлері топтастырылса. Шетелдерде бұрынғы патшалық қамал, сарайларының өзін мұражайға айналдырып тастаған. Сондықтан хандықтың туын көтеріп, халықтың басын біріктіріп, бірлігін күшейткен бабаларымыз ұрпақтың жадында мәңгілік қалуы үшін арнайы музей ашылса, екі мың жылдан астам Тараздың тарихындағы тұлғалар да тірілер еді. Сырт елдерден келген меймандар, ғалым, зерттеушілер үшін де тұлғаларымыз жарқырап танылып, жадында сақталар еді. Сондықтан бұл ойды шын жүректен құптаймын,– деді Түрік қағанаты кезіндегі Орхон-Енисей жазба ескерткіштерін қазақ ғалымдары арасында алғашқылардың бірі болып жаңаша зерделеп, қазақ тіліндегі аудармасын ғылыми айналымға енгізген мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым Мырзатай Жолдасбеков.
Расында, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Бұл кез келген халықты әншейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени-генетикалық кодының негізі. Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа Атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті», деп айтқан айшықты ойын әлі сіз бен біз ұмыта қойған жоқпыз. Осы тұрғыда бабалардың ізі қалған Шу ауданының тумасы, ғалым, тарих ғылымының докторы, профессор Мәмбет Қойгелдиевтің де пікіріне құлақ түрдік.
– Жамбыл өңіріне Қазақ хандығы мұражайы шынымен қажет. Тіпті мұндай ойды ертеректе қолға алуымыз керек еді. Себебі Әулиета өңірі, қасиетті Тараз шаһары ежелден іргелі мәдениет ошағы болған. Ондағы мемлекеттілігіміздің негізі қаланған Шу өңірінің тарихта алар орны зор. Бір ғана қазақтың төл мұрасы – «Құтты білік» дастанының осы Баласағұн қаласында жазылғаны, әйгілі Жүсіп Баласағұнның қалған ізінің өзі не тұрады. Мұхаммед Хайдар Дулати бабамыз Қазақ хандығы Шу өңірінің бойында шаңырақ көтерді деп айтып кетті. Әлихан Бөкейханов «Мемлекеттілігі жоқ ел – жетім ел, жетім халық» дейді. Ал халықтың ел болып хандық, мемлекет құруы, ол – жаңа сапаға көтерілуі деген сөз. Тарихта XV ғасырда Шу бойының ақсақалдары жиналып «Өзіміз ел, жұрт болмаймыз ба? Ұлттық ортақ мүдде қалыптастырайық. Сондықтан ата жолымен мемлекет құру ісіне бас болыңдар», деп Керей мен Жәнібекке ұсыныс айтқан екен. Хандық іргетасының сол жерге қалануына жергілікті халықтың қолдау болғанын да ұмытпағанымыз абзал. Қазыналы қариялардың осындай мағыналы шешіміне қолдау білдіріп, жаугершілік заманда тәуекелге бел байлап, жұрт болу жоспарын жүзеге асырған Керей мен Жәнібектің де ерлігі ұрпақтың риясыз ризашылығы мен құрметіне әбден лайық.
Мәселен, бірер жыл бұрын жапон еліне жолым түсті. Олар жапон теңізінің жағалауына арнайы ашық музей жасапты. Олардың атакәсібі балықшылық болғандықтан музей де соған арналған. Яғни ең алғашқы балық аулау тәсілдері, құралдары, тұңғыш мінген қайығынан бастап, бүгінгі кемесіне дейін орналастырылыпты. Атакәсіптеріне деген осыншалық құрметі еріксіз таңғалдырады. Ал біз атакәсібіміз мал шаруашылығы болған дегенге әлі күнге ұяламыз. Ұлан-байтақ жердің төрт құбыласын төрт түлік жайлаған елімізде ондай музей әлі жоқ. Міне, жер бетінде жылқыны алғаш қолға үйреткен бабаларымызға деген құрметіміз біздің осындай. Сондықтан әрдайым өткеннің құндылықтарын бағалауымыз керек. Ал ең алғаш елдігіміздің еңсесін тіктеген өңір ретінде Қазақ хандығына арналған музей қажет-ақ. Және ол облыс орталығында болуы керек.
Хандықтың тұсындағы жан-жақта шашырап жатқан жәдігерлерді жинап, еңбек құралдарын, тіршілік бұйымдарын, бәрін-бәрін сол музейге топтастырса, ол қарбалас замандағы рухани жеңістің бірі болар еді. Өйткені хандықты, мемлекеттілікті бізге біреу құрып берген жоқ. Оны бабаларымыз жасады. Әйгілі Платон мемлекетті философ басқаруы керек десе, Жүсіп Баласағұн бабамыз билікті ізгі адам басқаруы қажет деп өнегелі сөз айтқан. Міне, дана бабалардың өлмес мұрасын да сол мұражайға жинақтауға болады. Бұл өз кезегінде өскелең ұрпақты перзенттік парыз бен патриоттық рухқа тәрбиелеудің таптырмас құралы болар еді, – дейді Мәмбет Құлжабайұлы.
Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің бір сөзінде «Қазақ хандығы – Орталық Азиядағы тұңғыш ұлттық мемлекет. Егер біз мемлекет болғымыз келсе, өзіміздің мемлекетімізді ұзақ уақытқа меңзеп құрғымыз келсе, онда халық руханиятының бастауларын түсінгеніміз жөн. Тарих сабақтарын ұдайы, ұрпақтан-ұрпаққа игере беру керек екеніне менің сенімім кәміл» деген болатын. Ал тарихи құндылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа игеру үшін де мұндай мұражайдың берері мол, игілігі зор болмақ.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «ХV ғасырдың ортасында құрылған Қазақ хандығы бүкіл Орталық Азия аумағындағы алғашқы ұлттық сипаттағы мемлекет болды» деген сөзі Қазақ хандығының құрылуының мән-маңызын ашып тұрғандай. Бұл уәж тегіннен-тегін айтылған жоқ. Қазақстан жеріндегі барлық мемлекеттіліктің тарихын зерделей келе жасалған тұжырым екені анық. Ұлан-байтақ өлкемізде Қазақ хандығына дейін біраз мемлекеттер өмір сүрді. Сонау скиф-сақ дәуірінен бастасақ, Әбілқайыр хандығына дейін Қазақстан аумағында өмір сүрген мемлекеттердің ұзын-ырғасы жиырмаға жетеді. Ал жекелеген ұлыстарды есептесек, жиырмадан асып жығылады. Негізінен, бұлардың бәрі белгілі бір тайпаның немесе тайпалық одақтың саяси ұйымы, мемлекеттік құрылымдары, яғни ғұн, үйсін, қаңлы, қыпшақ, оғыз мемлекеті дегендей.
Бұл тұрғыда тек қана Түрік қағанаты мен Алтын орданың мемлекеттік мәртебесі өзгешелеу. Олар империя дәрежесіне жеткен мемлекеттер, сондықтан бір халықтың мемлекеті болып табылмайды.
Қарап отырсақ, Қазақстан жерінде қазақ деген тайпа, ру болған емес. Бұл атау осы елдегі барлық тайпалардың жиынтығының атауы, яғни этникалық сипаттағы атау. Ал олардың мемлекеті– Қазақ хандығы. Демек, Қазақ хандығы ұлттық сипаттағы мемлекет болып саналады. Бірталай жыл бұрын мен Тараз энциклопедиясын шығаруға атсалысқан болатынмын. Сонда жиналған көптеген деректерге көңілім толмай, 400 мақала қосқан едім. Жалпы, ежелгі орта ғасырларды Таразсыз елестету мүмкін емес. Себебі көне шаһардың ел тарихындағы алар орны ерекше. Қазір ресейлік ғалымдар Тараздың тарихын сонау ертеректегі қаңлылардың астанасы болған Битян қаласымен байланыстырып отыр. 750 жыл бұрынғы Талас құрылтайы, Талас шайқасы, одан кейін Шу мен Қозыбасыда Қазақ хандығының құрылуы, осының барлығы ел тарихындағы үлкен оқиғалар. Тіпті меніңше, Қазақ хандығы тұрмақ, тарихы сонау ғұндардың дәуірінен бастау алатын бір ғана Тараз қаласының өзіне жеке музей ашуға болады, – дейді тарих ғылымдарының докторы, профессор Берекет Кәрібаев.
Филология ғылымдарының докторы, көрнекті ғалым Мекемтас Мырзахметов те өңірде аталған мұражайдың болғанын құп көретін жандардың қатарында. «Ең алдымен, хандықтың тұсындағы барлық деректерді, жәдігерлерді жинап алу қажет. Бұл өте маңызды шаруа. Елдігіміздің қалыптасуынан бастап, жан-жақты даму эволюциясы түгел қамтылса, ол еліміздегі ең теңдессіз мұражай болар еді» дейді ғалым.
– Біздің бұрын екі атауымыз болды: Осыдан 2200 жыл бұрын «Күн» деп аталдық. Күнге табынғанбыз. Сосын көкке табынып, күнге ай мен жұлдыз­дарды қосып алып, «көк түріктер» болдық. Яғни «тұрық» деген сөзден шыққан. Ботаханнан санағанда 2200 жыл, сонан бері жасап келе жатқан халықпыз. Қазіргі санақты Қозыбасыда анттасып, қазақ ордасын құрып, қазақ атанғанымызбен есептеп отырмыз. Әйтпесе тамырымыз тереңде жатыр. Оны жүзеге асыру оңай шаруа емес. Алайда Ұлы дала географиясында елдігіміздің іргетасы осы Жамбыл өңірінде қаланғандықтан және оны ешкім жоққа шығара алмайтындықтан облыс орталығында міндетті түрде мұражай болуы керек деп санаймын. Ел жанашырлары оны қуана-қуана қолдайды деп сенемін, – деді жазушы-драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әкім Тарази.
Бұл тұрғыда қазақ киносын әлемдік деңгейге көтерген тұлға, өзі де қазақ тарихы туралы «Қара қыпшақ Қобыланды» секілді театр туындыларында Айшуақ сынды образдарды ойнаған, қадірлі жерлесіміз Асанәлі Әшімовтың да өз айтары бар екен.
– Қазақ хандығы мұражайы басқа-басқа Тараз топырағында міндетті түрде болуы керек. Себебі көне шаһар мыңдаған жылдар бойы өнер мен өркениеттің ордасы болды, тіпті әлі күнге дейін үлкен есік, қадірлі қарашаңырақ. Оның тарихына әлем қызығады. Ол сондай құрметке лайық шаһар. Ал Қазақ хандығының мұражайын баяғыда қолға алу керек еді. Әрбір өскелең ұрпақ жастайынан елінің тарихын, дәстүрін біліп өсуі керек. Оларға қайдан шыққанымызды, қалай пайда болғанымызды түсіндіруіміз қажет. Елді әлемге таныстыратын да осы біздің тарихымыз. Сол үшін ой жүзеге асса, рухани олжамыз болары анық, – дейді өнер майталманы.
Бәрін айт та, бірін айт. Егерде сондай мұражай шынымен бой көтерсе, оған лайықты орын да жоқ емес. Қазіргі таңда бес жарым ғасырлық белесімізді тойлаған тұста елдің рухын көтерген Керей мен Жәнібек хандар ескерткішінің аумағы бос жатыр.
– Халқымыздың басынан талай айтулы оқиғалар көп өткені тарихтан аян. Қазақ хандығы тұсында қаншама би-шешендері­міздің өнегелі сөздері өшпес мұра болып қалды. Жалпы өзім Керей мен Жәнібек хандардың ескерткіші маңына Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқан «Ұлы даланың жеті қыры» атты мемориалды кешен ашылса деген ұсынысымды облыс әкімдігіне жолдаған болатынмын. Ондағы ниетім, кешен маңында алма бағымыз гүлдеп, қызғалдағымыз жайқалып тұрса, келген қонақтар оған ұлттық киіммен ғана кірсе, яғни екі киіз үй тігіліп, оның бірінде қонақтарға ұлттық киім ұсынылса, екіншісінде ұлттық тағам беріп шығарып салса деген ой. Және сол аумақтың арғы жағы ипподроммен жалғасып жатыр. Ол жақтан түркі бабаларымыз алғаш қолға үйреткен тұлпарлар дүбірі естіліп тұрса, мүмкіндігіне қарай қонақтар атқа мініп серуендесе, темірден түйін түйген қолөнершілеріміз де туындыларын саудалап отырса, туристер үшін де, тарихымызды таныту үшін де таптырмас игілік болар еді. Арнайы LED экраннан тарихымыздың айтулы оқиғалары қазақ, ағылшын, түрік тілдерінде көрсетіліп және күмбірлеп күй шертіліп тұрса.
Себебі музейлерге қазір текеметті, көрпелерді қоюдың керегі жоқ. Ондай дүниелер әр қазақтың үйінде бар, яғни ешкімге таңсық емес. Сол жердегі киіз үйде тұрса да болады. Біздегі классикалық стильдегі музейлер тек қана бір-бірін қайталаудан ары аспайды. Сондықтан Қазақ хандығы мұражайы да «Ұлы даланың жеті қырындағы» ерекшеліктері, қайталанбас атрибуттары көп елдің кім екенін көрсетеді деп ойлаймын. Осындай ойды өзім де көкейде қайнатып жүргеніме көп болды. Қазақтың бүкіл өмірі күрес. Бабаларымыз нағыз күрескер болды. Оның күмбірлеген домбырасының өзі киелі. Егер облыс орталығынан, сол Керей мен Жәнібек хандардың тұсында бос жатқан даладан хандықтың мұражайы бой көтерсе, оған «жеті қырымызды» да қамтысақ, ол Тараз шаһарының сұлулығын арттырып қана қоймай, ел тарихына деген ең үлкен құрметтің бірі болар еді, – дейді ҚР Мемлекеттік сыйлықтың иегері, белгілі ақын Күләш Ахметова.
Осылайша зиялы қауым өкілдері өздерінің өзекті ой-пікірлерін бізбен бөлісіп, хандықтың қазығы қағылып, тарихтың темірқазығына айналған Тараз төрінде ерлік пен елдіктің ежелден іргетасын қалаған бабалар рухына ұлттың атынан тағзым, ал ұрпаққа тағылым болатын мұражай ашудың қажеттілігін ағынан жарыла жеткізді. Әрине, сонау қиын-қыстау заманада халқын қаңғытпай, бір шаңырақтың астына жиып, мемлекеттіліктің іргесін қалаған бабалардың бүгінгі ұрпағына мұражай салу тау қопарумен тең емес шығар. Бірақ оның өзі де үлкен жауапкершілікті жүктейтіні анық. Қалай дегенмен алдағы күннен үміт үлкен, сенім зор.

Нұржан Қадірәлі

ПІКІР