"Топжарған"

Ұлы Дала ұрпағы ұлтжанды болса игі

«Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы білімді де білікті, алғыр әрі жалынды жастардың қолында. Сендер, тәуелсіз қазақ елі­нің білімді жастары, өз соқпақтарыңды са­лып, оны елді дамуға бастайтын даңғылға айналдыруға тиіссіңдер», – деп Елбасы Н.Ә.Назарбаев айтқандай, жастар – қоғамның тірегі, бүгінгі үміті. Халқымызда жас талды қа­лай исең, солай өсетіні жөнінде тәмсіл бар. Сондықтан, болашақтың қамына күн ілгері кірісу бағытында елімізде мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасы қабылданған. Кешенді жобалардан құралған тұжырымдаманың қамтитын саласы сан алуан.

Әрине, жастар саясаты іс-шараларды алаулатып-жалаулатып өткізумен ғана шектелмейді. Олардың жұмыспен қамтылуы, құқықтық мәдениеті мен сауат­тылығының артуы, сапалы білім алуы сын­ды мәселелер өзектілігін жоймауы тиіс. Бұл – Тұжырым­да­маның басты қағидаларының қатарындағы талап. Сол себепті еліміздегідей біздің облыста да аталған бағыттар бойынша аз жұмыс атқарылып жатқан жоқ.

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының жастарға айтары көп. Шындығында, онда көрсетілген мәуелі міндеттердің көбісі жастардың баянды болашағына бағытталған. Сәуір айында аталған мақаланың жарияланғанына 1 жыл толуына орай «Біздің ағаш», «Жайнасын туған өлкеміз!» атты жастар акциялары өткізілді. Акция барысында облысы­мыздың белсенді жастары Назарбаев зият­кер­лік мектебінің маңайына 150-ге жуық жеміс ағаштарының көшетін отырғызды.

Облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы тарапынан 18-29 жас аралығындағы жастардың кәсіпкерлік бастамаларына кешенді қолдау көрсету, өз бизнестерін ашуға жағдай жасау және оларды қаржылай қолдау жұмыстары бойынша «Кәсіпкерлер үйінде» күнделікті кеңес беру қызметі жолға қойылды.

Жалпы айтқанда бүгінде жастар саясатын жүр­гізу­дің форматы бұрынғыдан неғұрлым тиімдірек бағыт­қа ойысып келе жатқаны аңғарылады. Бұл мем­лекетіміздің жастардың ертеңіне шындап алаң­дай­тынының айқын көрінісі. Өйткені, жастарға бүгін берген тәрбие, қамқорлық, қолдау – Қазақстан­ның баянды болашағына салынған басты капитал болары анық.
Бұл ретте жас өскіннің құқықбұзушылық мәселе­лері де жіті назарда. Осы орайда облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасы мен «Жастар ресурстық орталықтары» мүдделі мемлекеттік меке­ме­лермен бірлесе отырып, жастар арасындағы қылмыстың алдын алу бойынша профилактикалық шаралар өткізуді жүйелі түрде қолға алған.

Өткен жылы Тараз қалалық және аудандық «Жастар ресурстық орталықтары» «Қылмыс-қоғам дерті», «Қылмыс пен жаза» және тағы сол сияқ­ты тақырыптар төңірегінде 80-нен астам түрлі фор­мат­тағы көпшілік шаралар өткізді. Сондай-ақ, бас­қарма былтыр «Рухани жаңғыру» атты ақпараттық автокеруенін ұйымдастырып, тиісті мамандар жастар арасында құқықбұзушылық профилактикаларын жүргізу бағытында түсіндірме жұмыстарын жүргізсе, 449 пробацияда жүрген тұрғынмен және жастармен жеке қабылдау кездесулерін өткізді.

Сонымен қатар, заңгер мамандығында білім алатын студенттер мен волонтерлердің қатысуымен жастар арасындағы қылмыстың алдын алу және заң алдындағы жауапкершіліктерін арттыру, теория мен практиканы ұштастыру үшін студенттер Тараз қалалық №2 сотының қылмыстық істі қараған 12 ашық сот процесіне қатысты.

Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» атты бағдарламалық мақаласында рухани жаң­ғыру­дың сара жолына түсіп, санамызды өзгертпесек, тарих көшінде жеңіске жете алмайтынымызды айрықша атап көрсетті. Ендеше, мемлекет жастарға жан-жақты жағдай жасап, үлкен мүмкіндіктер туғызып отырғандықтан, тәуелсіз елдің ұланы сол қамқорлықтарды тиімді пайдаланып, азаматтық жауапкершілікпен жаңа бағыттың қозғаушы күшіне айналуы керек. Біз сонда ғана Ұлы Даласында ұлағатты ұрпағын тәрбиелей алатын Мәңгілік Елге айнала аламыз.

Гүлжан БАЙТАНАЕВА,
облыстық «Жастар ресурстық орталығы»
ұйымдастыру және студенттермен жұмыс
бөлімінің аға инспекторы

ПІКІР