Қоғам

Ұлы даланың ұлық тұлғасы

Written by Aray2005

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына алғашқы Жолдауында 2020 жылы халқымыздың ұлы перзенттері Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларын атап өтуіміз және бұл тұста ысырапшылдыққа жол бермей, ғұлама тұлғаларымыздың еңбектерін халық арасында дәріптеуіміз керек екенін айтқан болатын.

Ислам әлемінің ұлы ғұламаларының бірі Әбу Насыр әл-Фараби қазақ топырағында, Арыс өзенінің Сырға барып құятын сағасындағы Фараб (қазіргі Түркістан облысы, Отырар ауданы маңайындағы ортағасырлық қала) қаласында дүниеге келген. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Отырардың ол кездегі аты Фараб болатын. Әл-Фарабидің толық аты – Әбу насыр Мұхаммед бин Мұхаммед бин тархан бин ұзлақ әл-Фараби әт Түрки. Ғалымдардың сөзінше, есімдегі «әт Түрк» дегені оның Түркі елінен шыққанын дәлелдеп отыр. Кей деректерде руының қаңлы-қыпшақ екені де айтылады.
Әскери отбасында дүниеге келген соң ба, әл-Фараби туралы еңбектерде оның ержүрек, батыр болғаны, жебені жақсы тартқаны айтылады. Соған қарағанда, ол тек ғылым-біліммен айналысып қана қоймай, сол кездегі түркілерге тән соғыс өнерін де жақсы меңгерген болуы керек.
Мұсылман әлемінің сол кезеңдегі аса маңызды ғылым мен мәдениет орталықтары Бағдат, Шам, Мысыр елдеріне сапар шеккен жас ізденуші араб, парсы, грек, латын, санскрит тілдерін жетік меңгеріп, сан-сала ғылымға бой ұрады. Өз дәуірінің атақты ойшыл ғалымдарымен, өнер иелерімен, сөз зергерлерімен сұхбаттас болған Фараби сол кезең ғылымындағы күрмеуі шешілмеген күрделі мәселелерді тап басып танып, ізденісін осы арнаға бағыттайды. Пәлсапа, логика, психология, этика, математика, астрономия, тіл білімі, эстетика, социология, поэтика салаларына арналған 150-ге жуық трактат қалдырған энциклопедист-ғалымның өз зерттеулерінің үлкен бөлігін Аристотель еңбектерін түсіндіруге арнады.
Кейбір еуропашыл ғалымдар әл-Фараби ешқандай жаңалық ашқан жоқ, ол тек Платон мен Аристотельдің мұраларын насихаттап, түсіндіріп келді деп есептейді. Антика дәуіріндегі ғұлама ойшылдар Платон мен Аристотель – бүкіләлемдік мәдениеттің ең жоғарғы шыңы. Ал әл-Фараби осы антикалық мұраны игеріп, оны араб-мұсылман мәдениетінің гүлденуіне жұмсап, үлкен екі жаңалық ашты.
Біріншіден, әл-Фараби антикалық заман мен Исламды өзара жақындастыра синтез жасап, жаңа бір мәдениеттің өркендеуіне жол ашты. Келесі кезекте ол грек ойшылдарының асыл мұрасын жаңғыртты.
Әл-Фараби өмір сүрген уақыт айрықша кезең ретінде аталады. Отырар өлкесінде оған дейін ойшылдар өте көп болса, оның өз заманында да ғұламалар аз болмаған. Ол жастайынан туған өлкесінде білім алып, Отырар кітапханасында отырып, шаң басқан қолжазбаларды ақтарып, көз майын тауысып, талмай кітап оқып, оқу-білімге ерте құмартқан. Әл-Фараби өмір сүрген IX-X ғасырларда Отырар өркениетінде рухани мұра жоғары бағаланған.
Қорыта айтқанда әл-Фарабидің қазақ мәдинетіне тигізген үлесі орасан зор. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Біз үшін бұл мерейтойлардың маңызы ерекше. Тарихи датаны ақыл-парасатпен, салиқалы деңгейде өткізуге баса мән беру керек. Негізгі мақсат – ұлы тұлғалардың тағылымын жастардың санасына сіңіру, ұлы тұлғаның ой-толғамдарын кеңінен дәріптеу» деген болатын.
Ендеше шығыс пен батысты қатар мойындатқан ойшыл, өз заманының ең кемеңгер энциклопедист-ғалымы Әбу Насыр әл-Фарабидің өмірі мен мұрасын таныстыру арқылы біз болашақ ұрпақтың бойында ғұлама ғалымымыздың өнегелі қасиеттері мен ғылымға деген қызығушылығын оятуымыз керек.

жетекші Ф. Қозыбақова,

Әбдіманап САЯЖАН,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің филология және әлем тілдері факультетінің 1-курс студенті, 

ПІКІР