"Көңілашар"

Ұлысты ұйыстырған ұлы Наурыз!

Written by Aray2005

Жаңару мен жаңғырудың бастауы болған, Ұлыстың ұлы күніне баланған Наурыз мерекесі шын мәнінде елдік пен бірліктің, жарқын жасампаздықтың мерекесі. Есте жоқ ескі замандардан бері ұлт тарихының тамырына байланған, болмысымызға айналған, жан дүниемізде байырқалап жайланған Жыл басы.

Наурыз мерекесі – жай ғана жыл басы немесе мерекелік рәсім емес, Азаматтығымыздың рухани азығы. Себебі саясаттың өзгеруі Қазақ даласындағы Наурыз мерекесіне де салқынын тигізіп келді. Мыңдаған жылдар бойы тойланып келген мереке кеңестiк дəуiрдiң солақай саясаты салдарынан 1926-1988 жылдар арасында жалпыхалықтық сипаттан өңірлік және ауылдық ауқымға тықсырылды. Сондықтан ұзақ жылдар бойы мереке мемлекеттік деңгейде тойланбай, мазмұндық тұрпатынан ажырап, қарабайырланды әрі сүреңсіз күйге енді. Дегенмен ресми мерекеленбесе де халықтық ауқымда мерекенің кейбір рәсімдерін атқару түбегейлі тоқтап қалмады. Төл мерекеміздің тойланбауынан көңіл бұзылғанымен, оның санадан сызылмауы халықымыздың дәстүрге беріктігін көрсетсе керек.
Ұлттығымызды ұлықтайтын ұлы мейрамымыз Кеңес үкіметі тарапынан қанша қыспаққа түссе де араға жылдар салып қайта жаңғырды. Өткен ғасырдың 80-жылдарының аяғында Наурыздың алғашқы рет тойлануы тек қазақтардың ғана емес, елімізде қоныстанған басқа да түбі бір түркі, шығыс халықтарының еңсесін көтеріп, бір түлетті. Көнекөз, кәріқұлақ қариялардың айтуынша, халықтың Наурызды зарыға күткені соншалық, сол жылы Наурыз мерекесі қыркүйек айының ортасына дейін тойланған көрінеді. Бұрын-соңды елімізде мұндай ауқымды той болмаған деседі. 1988 жылдан бастап еліміздің бас қаласы болған Алматыда жəне еліміздің басқада аймақтарында наурыз мейрамы тойлана бастады. Сөйтіп өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілгендей болды. Қазақ елінің ұлттық мейрамы Наурыз мерекесі жанданып, жаңғырды. Тәуелсіздікпен бірге тынысы ашылды.

Әрине Наурыз қазаққа ғана тән емес, жыл басы ретінде көптеген шығыс халықтарына, күллі түркі қауымына ортақ мереке. Десек те мұның басқа мерекеден жөні бөлек. Наурыз тойланғанда халқымыздың болмыс-бітімі, ажар-келбеті, дара қасиеттері, өнері, ән-жыры, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі, мінез-құлқы түгел көрініс тауып, «Қазақ осы!» дегендей халқымызды танытуы да тамаша ұлағат. Өз қолымыз өз аузымызға жеткен бостан жылдарымызда Наурыздың халықаралық мерей-мәртебесі өрлеп көтерілді. Бүгінде Ұлыстың ұлы күнінің әлемнің түкпір-түкпірінде тойланып жатуы тап қазір таң салатындай жағдай емес. Мерейлі мерекенің бұлайша дүйім дүниеге таныла бастауы да Тәуелсіздігіміздің арқасы екендігіне тәубе дейміз.
Әлі де Наурыз тойы ғасырдан ғасырға дәл бүгінгідей даңқы асып дүркірей бермек! Қазақ даласы қашанда Наурыз жырымен шалқи берсін!

Талғат Нұрханов

ПІКІР