Қоғам

Ұранымыз — Алаш, керегеміз — ағаш

Ықылым замандардан бері жер-жаһан танып, ерекше құбылыс ретінде мойындалып келген қазақтың қасиетті киіз үйі халқымыздың қастер тұтар мұрасы. «Ұранымыз – Алаш, керегеміз – ағаш!» деген тәмсілдің де төркіні осында жатыр.

Тарихи деректерге сүйенер болсақ, көшпелі сақ тайпаларының киіз үйде тұратынын алғаш рет ертедегі грек тарихшысы Геродот жазған екен. Киіз үйдің табиғатқа үйлесімділігі, адамдарға ыңғайлылығы соншалық, сан ғасырлар бойы бабаларымыз оны өзгертуге, қайта жасауға, басқа пішін беруге еш тырыспаған. Бұл — киіз үйдің мінсіздігінің бір дәлелі. Киіз үйді көзімен көріп, түнеп шыққан сырт жолаушылардың оған таңданбағаны жоқ десе болғандай. IX ғасырда өмір сүрген қытай ақыны Бо Цзюийдің киіз үй туралы ғажап өлеңі осыны аңғартады.

«Киізіне жүні кеткен мың қойдың,
Шаңырағы қайыңынан күнгейдің.
Әрі берік, әрі ыңғайлы, әрі әсем,
Дей алмаймын ағашына мін қойдым.

Сайын дала оның мекен тұрағы,
Бірде көрсең терістікте тұрады.
Сарбаздармен бірге көшіп сағымдай,
Бір қарасаң түстік жақтан шығады.

Шым жібектен мықты белбеу байлаған,
Қозғалта алсын қандай дауыл, қай боран?!
Кірсең жылы, іші қыз-қыз қайнаған,
Көкжиектей дөп-дөңгелек айналаң», — деп басталатын Несіпбек Айтұлының аударуындағы осы тамаша жыр киіз үйді сонау көне заманда-ақ келістіре сипаттаған.

Ал, біздің дәуірімізге дейінгі 107 жылы Үйсін ханына ұзатылған қытай қызы еліне: «Мені ұзатқан Үйсін патшасының елі көшіп жүреді екен. Дөңгелек үйлерде тұрады екен. Оны киізбен жабады екен» деп хат жазыпты. Сол секілді араб саяхатшысы Худуд ал — Алем өзінің «Әлем шекарасы» атты кітабында көшпелілердің жазы да, қысы да өздерінің дөңгелек киіз үйлерінде өтетінін жазып кеткен. Міне, осы тарихи деректерден-ақ, киіз үйдің ұлтымыз үшін құнды жәдігер екендігіне анық көз жеткізуге болады. Яғни, ол көнеден жеткен көп мұраларымыздың бірі қобыз, я болмаса домбырамыз секілді тұтас тарихтың куәгері әрі шежірешісі.

Біз мұның бәрін тәптіштеп неге айтып отырмыз? Себебі, біздің кешегі тарихымыз бүгініміздің куәсі, бүгініміз ертеңіміздің келбеті емес пе?! Өкініштісі, ата-бабамыздан мирас болып жеткен құнды мұрамыз жыл санап қолданыстан шығып бара жатыр. Әдетте, біз ауыл — руханиятымыздың темірқазығы, ұлттық құндылықтарымыздың алтын бесігі, береке мен байлығымыздың бастауы деп жатамыз. Бірақ, бүгінгі жаһандану дәуірінде қазақылықтың қаймағындай болған ауылдарымыздың да кескін-келбеті өзгере бастағандай болып көрінеді. Мәселен, қала емес, ауылдардың өзінде қазіргі таңда киіз үйлерді тек қара жамылған шаңырақтың есігінің алдынан ғана көруге болады. Ал, бұрынырақта қалай еді?! Көктем шыға әр шаңырақ есігінің алдына киіз үй тігіп, қара күздің суығына дейін жығылмайтын еді. Одан бөлек, қойшылардың өзі жайлауда немесе күздеуде ғана емес, қыстауда да осы киіз үйді паналап шығатын. Осы күндері мейрам кезінде ғана ақшаңқан киіз үйлер көзге түскені болмаса, қалған уақытта мұражайдан суретін көретін мұрағатқа айналып бара жатыр.

Расында да, тал бойына халқымыздың мыңдаған жылғы шығармашылық ізденісін жинаған киіз үйдің қадіріне жете алмай жүргеніміз қынжылтады. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген сөз осындайда айтылса керек. Әйтпесе, жылжымалы және жиналмалы сәулет өнерінің үздік үлгісі саналатын киіз үйге деген сұраныс мұхиттың арғы жағындағы АҚШ-та жоғары екен. Зерделеп қарасақ, онда 1978 жылдан бері «Pacific Yurts» компаниясы кәдуілгі қазақтың киіз үйлерін шығарумен айналысып келеді. Өз өнімдерін 4,5 мен 10 мың АҚШ доллары көлемінде бағалап отырған компания қазақүйді әлем елдеріне экспорттап, әжептәуір пайда табуда. Сондай-ақ, мұндай кәсіпорындар кәрі құрлықтың Франция, Болгария мен Швейцария сынды елдерінде табысты жұмыс жасауда. Сол секілді, Қытай қазақтары да осыдан бірнеше жыл бұрын төрт дөңгелекті үлкен арба үстіне қойылған киіз үй ойлап тауып, әлем жұртшылығының назарын өздеріне аударып еді.

Осылайша, әлем халқы қызығушылық танытып отырғанда, өзіміздің ұлттық мұрамызды ұлықтауға немқұрайлы қарап отырғанымыз өкінішті-ақ. Өзіміз құнттамаймыз, әйтпесе жауһарымызды кеңінен насихаттаудың түрлі жолы бар емес пе?! Мәселен, жыл сайын тек облыс орталығында ғана емес, барлық аудандарда киіз үйлер көрмесін өткізуді дәстүрге айналдырсақ. Киіз үйлердің жабдықталуы, безендірілуі, табиғи өнімдерді пайдалануы сынды кезеңдер арқылы көрме қатысушылары сынға түссе. Сонымен қатар, баланы бесікке бөлеу, тұсау кесу сияқты тал бесіктен жер бесікке дейінгі қазақтың салт-дәстүрлері қамтылса қанеки! Қала тұрғындары мен алыстан келген меймандар әр киіз үйден саба пісіп, қымыз дайындау, нан илеп, бауырсақ пісіру, құрт қайнату сынды ұлттық тағамдарды дайындау үдерісін көріп, қазақтың мол дастарқанынан дәм татса құба-құп. Сонда ғана ұлтымыздың сан ғасырлық ақыл-ойының, өмірлік тәжірибесінің, табиғатты түсіне білуінің, сонымен қоса шеберлігі мен даналық суреткерлігінің құдіретті туындысы – киіз үйіміздің кеңінен қолданылуына жол ашар едік.

Талғат НҰРХАНОВ

ПІКІР