Ұрпағымызды рухани құндылыққа ұйытудың ұлағатты жолы

0 3

1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен кейін Кеңес одағының орталық комитеті халқымызға «қазақ ұлтшылдығы» деген қара күйе жақты. Сол кездегі биліктің сұрапыл саясаты қазақтың ашуын туғызып, бір болуға түрткі болды. Егер ұлт ұйымшылдығын көрсетпесе, тілімізге, дінімізге, ділімізге қауіп төнетіні белгілі еді.

1987 жылы бүкіл орыс халқы ежелден келе жатқан «Русская зима» мерекесін тойлап жатты. Осы тұста мені «Қазақта да «Руская зима» сынды ақ ниетпен мерекеленетін Наурыз мерекесі бар емес пе? КСРО конституциясында барлық ұлттың құқығы тең боп жазылса, біз неге кем болып жүруіміз керек» деген ойлар мазалады. Бұл сұрақты кімге қою керек?! Дәл осы ойымды мен шалғай Мойынқұм ауданындағы «Мойынқұм таңы» газетінің сол кездегі редакторы, жауапты хатшысы, тілшілері Бекен Қадықов, Рахан Мумеев, Болат Әліқұлов, С.Әлімбеков сынды журналистерге қойдым. Алайда жиылғандардың арасында «Наурыз – дінге табыну, сол үшін рұқсат берілмей отыр тойлауға», дегендер болды. «Онда «Русская зима» неге діншілдік болып есептелмейді, бүкіл орыс халқы тойлап жатыр. «Русская зима» мен Наурыздың не айырмашылығы бар?» деген сұрақ сол кезде қызу талқылауға түрткі болды. Ақырында біз Орталық комитетке, «Жалын» журналының бас редакторы Мұхтар Шахановқа ойымызды ашып айтып, хат жолдадық. Сол тұста қазақ жастарының жанашыры болып, ұлт мәселесін көтеріп жүрген Шахановқа тек бізден ғана емес, жан-жақтан хаттар жолданғаны белгілі. Көп кешіктірместен Мұхтар ағамыз Г.Колбинге қазақ халқының қалауын тікелей жеткізіп, лажсыз Наурыз мерекесін тойлауға арнайы рұқсат берілді. Мұндай ақжолтай хабарды естіген бойы «Мойынқұм таңы» газетінің редакциясымен бірге қуаныштан төбеміз көкке жеткені әлі есімде.
Мұндағы менің айтпағым – мейлі даланың, мейлі қаланың жасы болсын, бос қиялға берілгеннен түк шықпайды. Нақты іс-қимылға көшу керек. Ғасырларға жалғасқан халқымыздың салт-дәстүр, әдеп-ғұрып, ұлттық өнегесін қалпына келтіру оңай емес. Оған көп уақыт, жастық жалын, зор парасат керек-ақ. Егер әрбір қазақ Наурыз мерекесін төл мейрам, атадан балаға мұра болып келе жатқан ұлттық құндылығымыз деп қастерлесе, ұмыт болғанымыз қайта жаңғырып, жоғалғанымыз жандана түсетіні ақиқат.
Әз Наурыз мерекесін ел болып тойлаудың да мәні терең, маңызы зор. Ұлыстың ұлы күнін науқандық мереке ретінде қарамай, ұрпағымызды ұлттық құндылыққа ұйытудың ұлағатты жолы деп түсінгеніміз абзал.

Жапар САТЫЛҒАНОВ,
этнограф-натуралист, құсбегі,
Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы

Leave A Reply

Your email address will not be published.