«Ұрпағыңның тәрбиесін ұлтыңның аманаты деп біл»

0 23

Құй келісіңіз, құй келіспеңіз, бүгінгінің жас жеткіншегін ата емес – смартфон, әже емес – әлеу­мет­тік желі тәрбиелеп жатқаны ащы да болса ақиқат. Белгілі актер, Қазақстан­ның еңбек сіңірген қайраткері Бекжан Тұрысша айтқанда, қазір әкесі мен баласының, анасы мен қызының арасы Ащыкөл мен Тұщыкөлдің арасындай бір-бірімен мүлде қиыспайды. Мұның себебі неде? Біздіңше, қасиеті қалың елге қазық, өсиеті қауым елге азық болған ұлттық болмысымыздың ұйытқысындай ата-әже тәрбиесін отбасында әлсіретіп алғанымыздан болса керек. Сондықтан ата-әже тәрбиесінің одан әрмен қарай да әлсірей бермеуіне аз да болсын газет арқылы үлес қоспақ ниетте «Әжемнің әңгімесі» атты жаңа айдарымыз оқырманға жол тартты. Өнеге қылар өсиеті, қадір тұтар қасиеті бар әжелеріміздің сан алуан тақырыптағы көркем ой орамдары мен кестелі сөзін, парасатты пайымын оқырманға ұсынып отыруды мақсат еткен айдарымыздың алғашқы қонағы – актриса, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Нұрсифат Салықова.

– Қайбір жолы республикалық телеарналардың бірінен белгілі айтыскер ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұхамеджан Тазабековтің сұхбатын тыңдап отырып «Мемлекет – үлкен отбасы. Ал отбасы – шағын мемлекет. Егер әрбір шағын мемлекет бақытты болса, онда еліміз де бақытты болмақ» деген ойын тыңдап, риза болдым. Қалай тауып айтылған сөз.
Расымен, егер еліміздегі әрбір отбасының іргетасы ізгілікпен, босағасы берекемен қаланса, қоғамдағы кез келген мәселе шешімін тауып, ауыртпашылықтар жеңілдейтін еді. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда халқымыздың тарихымен бірге жалғасып келе жатқан рухани байлықтарының бірі – отбасы құндылықтарының құлдырауға ұшырап бара жатқаны арқама аяздай батады. Қашан екені есімде жоқ, баспасөзден елімізде статистика бойынша әрбір үшінші отбасы ажырасудың алдында тұрғаны жайлы оқыдым. Сұмдық қой! Кімді кінәлаймыз?! Әрине, кінә өзімізде. Егер бала кезінен болашақ үйдің егесі – еркекті, шегесі – әйелді дұрыс тәрбиелеп, отбасы құндылықтарын бойларына сіңіре білсек, мұндай жаға ұстатарлық жағдай орын алмас еді ғой. Яғни «қызға қырық үйден тыйым» деген сан ғасырлардан мирас болып келген тамаша тәрбие тетігі бүгінде істен шығып қалғандай көрінеді. Әке де, шеше де таңнан қара кешке дейін жұмыста, тәрбие кілтін ұстап отырған әжелеріміз де аз. Әрине, сондықтан да қызымызды көше, ұлымызды кафе тәрбиелейді. Әке-шеше ұл-қызының ішіп-жеміне ғана емес, тәрбиесіне де көңіл бөлуі керек емес пе? Ал отбасында әке мен шешенің, ата мен әженің тәрбиесіне қанығып өспеген ұрпақтан ертең қандай отағасы, қандай отанасы шығады.
Рас, қазір тапқан-таянғанын тамаққа ғана жеткізіп, әзер дегенде жан бағып жүргендер өте көп. Сол себепті де талайлар отбасылық мәселелерін елдегі әлеуметтік қиындықтармен байланыстырғысы келеді. Біздің де балалық шағымыз соғысқа тұспа-тұс келіп, көргеніміз кедейлік пен қиындық болды. Сонда да ата-ана, өскен орта жүрегімізге үлкен қасиеттерді сіңіре білді. Еңбекке тым ерте араласып, үшінші сыныптан бастап арпа-бидайдың, жүгерінің шөбін жұлып өстік. Сонда шөбін жұлмай қалса арпа өспей, жүгері өнім бермей қалады деп ойлайтынбыз. Сөйтсек, мұның барлығы еңбекке баулу екен ғой. Бидай алқабында жүріп, бір үзім нанның қадірін біліп өстік. Ал қазіргінің оқушылары, әсіресе бай-бағландардың балалары бір бөлке нанның қанша тұратынын білмейді. Өйткені қазіргі ата-ана балаларының барлық жағдайын жасап, асты-үстіне түсіп, өбектеп отырады. Дүние есігін ашқаннан ішкені алдында, ішпегені артында болып, ұялы телефонмен тәрбиеленген ұрпақ отбасылық өмірдің қиындығына, дауылы мен бұрқасынына төтеп бере алмайды. Себебі қиындықтарға қарсы тұрар дайындық жоқ.
Соғыс біткеннен кейін де елдің жағдайы бірден түзеліп кете қойған жоқ. Шешеміз қас қарая колхоздың жұмысынан шаршап-шалдығып оралады. Ас-суымызды беріп, «ертең де күн бар ғой» деп демалса да болады. Бірақ ешқашан олай еткен емес. Қанша шаршап тұрса да балаларының тәрбиесіне арнайы уақыт бөлетін. Мүмкін ішер асқа, киер киімге жарымай өскен шығармыз, бірақ ұлттық тәрбиенің уызына қанып өстік. Қазір керісінше. Қазіргілер не ішемін, не киемін демей шалқып өседі. Бірақ тәрбие жағы осалдау.
Кейін өзім де бір әулеттің келіні болып, ұрпақ сүйдім. Шеше тәрбиесі отбасылық өмірімде шамшырақ болды. Үлкен тағылым мектебінен өткеннен кейін ұл-қызымды тәрбиелеуде қандайда бір қиындықтарға тап болған жоқпын. Шешеден үйренгенімді, өмірден көрген-түйгенімді ұрпағымның бойына сіңіруге тырыстым. Марқұм күйеуім кейде жиын-тойлардан ащы су ұрттап келсе, үйге кіргенде балалардың көзіне түспеуге тырысатын. Бүгін әкесінің ішіп, шайқалып келгенін көрген баланың ертең тағдыры шайқалатынын білгендіктен солай жасаса керек-ті.
Қазір жасым сексеннен асты. Өмір жолымда көрген қиындықтарым аз болған жоқ. Құдайға шүкір, әртүрлі сынақтан сүрінбей өтіп, ақ жолдан таймадық. Қандай қиындықтарға, кедергілерге тап болсақ та шаңырақтың беріктігі, ұрпағымыздың тәрбиесі ең бірінші орында тұрды. Себебі ұрпағымыздың тәрбиесін ұлтымыздың аманаты деп білдік. Әр қазақ аманатқа адал болайық!

Нұрсифат Салықова,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты

Leave A Reply

Your email address will not be published.