Ұрпақ мүддесі – ұлы мақсат

0 0

Олардың алдында бүкіл адамзат ұрпағы мәңгілік қарыздар. Себебі өмірге өркениет те, мыңды жығар білім де, ғаламның қолын ғарышқа жеткізген ғылым да соларға еріп, қоғамға еніп, санаға сіңіп, бойға дарыды. Әр адамзат баласына ол өмір сыйлаған анадан кейін тұрған ең аяулы һәм мәртебелі тұлға. «Инемен құдық қаздырған» игі ісі исі қазақ баласына ерлікпен пара-пар. Еңбегі бүкіл әлемге мойындалған, ұлылар бас иіп, генийлер тағзым еткен бұл ізгі жандар – ұлағатты ұстаздар қауымы.

«Ғалым да, шахтер де бас иетін» ұлағатты ұстаздың қоғамдағы орны, тіпті сол қоғамға сарқылмас саф сәуледей шашып келе жатқан білім нәрі, мейірімі мен шапағаты орасан. Әр адам баласы өзінің ата-анасына ғана емес, қалам ұстатып, қара танытқан ұлағатты ұстаздың алдында да мәңгілік қарыздар. Кешегі Ұлы дала ұстазы Ыбырай Алтынсарин салған сара жолмен ұрпақ тәрбиелеу жолында бар ғұмырын сарп еткен білім шырақшылары қашанда мәртебе мен құрметке лайық. «Мен өзімнің ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін. Әкемнен өмір алсам, ал Аристотельден өмірімді жақсы өткізу туралы білім алдым» деген екен атағынан жарты әлемнің аты үркіген тарихи тұлға Ескендір Зұлқарнайын. Мұхаммед пайғамбарымыздың өзі бір хадисінде: «Бір әріп үйреткен кісіге қырық жыл қызмет ет» немесе «Тал бесіктен жер бесікке дейін білім алыңдар» деп бекер айтпаған. Себебі адам болып жаралғаннан соң, адам болып қалыптасу жолында білімнің шамшырағын маздатып, өмірдің мектебіне жетелейтін ұстаздың еңбегі ұшан-теңіз. Һәм ұстаз – қоғамдағы бар мамандықтың анасы. Сондықтан оған хан да, қара да, қарт та, бала да, батыр да, ақын да еріксіз бас иіп, құрмет көрсетеді.

Ұстазсыз жанда сөнбек күн,
шәкіртсіз өмір – сусыз жер.
Көрінбес ғажап еңбектің,
бейнетін кешіп жүрсіздер.
Жүректе тұрар жалқы үнің,
жанымнан жалын жігер күт.
Ұстазым, сенің әр күнің,
әр сәтің тұрған бір ерлік! – деп ақын Фариза Оңғарсынова жырлағандай, ұстаздардың қай заманда да басты миссиясы – ұрпақ тәрбиелеу. «Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі. Мектебімізді таза, берік һәм өз жанымызға (қазақ жанына) үйлесетін негізде құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады» деп ардақты ақын Мағжан Жұмабаев айтқандай, көз ілеспес жылдамдықпен өмір көшін бастап жүйткіген жаһандану заманында жауапкершіліктің зор салмағы да ұстаздар қауымына жүктелгені айдан анық ақиқат. Күн өткен сайын білім беру ісінің білгірлері һәм баянды болашақтың бағбаны атанған ұлағатты ұстаздар Ахмет Байтұрсынов айтқандай, «мектептің жүрегі» ғана емес, алтын ұяның жан дүниесіне айналып келеді. Білім беру жүйесі, әдіс-тәсілі заман ағымына қарай өзгеріп отырғанымен, мұғалімдердің мақсат-міндеті, нақты нысанасы тұрақты тұғырдан түскен де, тайқыған да емес. Бүгінгідей «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады» деп хәкім Абай даналығымен дөп басып айтқан алмағайып ғасырда өркениет көшін бастап, жеңімпаз ұрпақты жарқын болашаққа қанаттандыратын да ұстанымы биік ұстаздар қауымы. Ол – жас ұрпақтың рухани сәулеткері, қоғам, халық өзінің үміті мол болашағын тапсыратын сенімді өкілі. Олар сол сенімді ақтай отырып, зерделі де зерек, парасатты, ұлттық және адамзаттық құндылықтарды бойына дарытқан тұлғаларды тәрбиелеуде. Осы ұстаздар жайында халқымыздың ұлы батыры Бауыржан Момышұлы «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді… Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз” деген. Сондықтан мұғалімді рухы таза, ой-өрісі биік, ұлты мен Отанының болашағы үшін тер төгіп жүрген шыдамдылық пен табандылықтың үлгісі десек, артық айтқандық болмас. Биылғы жаңа оқу жылымен тұспа-тұс ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында «Мұғалімдер мен оқытушылардың әлеуметтік жағдайын жақсартпасақ, бұл шаралар жүзеге аса қоймайды. Сондықтан мен Тамыз конферен­ция­сында алдағы төрт жыл ішінде мұғалімдердің еңбекақысын екі есе арттыруды тапсырдым. Бұл – келесі жылдан бастап ұстаздардың жалақысы 25 пайызға өседі деген сөз» деп ұлағат иелерінің мәртебелі мүддесін биіктетіп, мұғалімдерімізді марқайтып тастады. Бұл да болса Ұлы дала елінің ұстаздарға деген орасан зор құрметінің анық белгісі. Лайым, бұл құрмет ұзағынан болғай. Сөзіміздің соңын көрнекті ақын Ғафу Қайырбековтің өшпес өлеңімен қорытындыласақ:
Ұстаз болу – сезімнің ақындығы,
Ұстаз болу – жүректің батырлығы.
Ұстаз болу – мінездің күн шуағы,
Азбайтұғын адамның асылдығы.
Мерекелеріңіз құтты болсын, құрметті ұстаздар!

Нұржан Қадірәлі

Leave A Reply

Your email address will not be published.