Қоғам

Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы

Written by Aray2005

Таяуда облыстық «ARAI» газетінде ҚР Мәдениет қайраткері, облысымыздағы мәдениет саласын дамытуға айтарлықтай үлес қосқан атпал азамат Әлібек Әмзеевтің жас ұрпаққа қарата жазған тәрбиелік мақаласы жарық көрді. Мазмұнды мақаланы оқыған соң, біз де өз пікірімізді білдіруге ниет еттік. Расында, бүгінгі жастардың ұлттық құндылықтан ажырап бара жатқаны жүректі сыздатады.

Жалпы, қазақ халқы мұсылман қауымы ішінде зор рухани байлықтың мұрагері. Ол тереңнен тамыр тартқан бай мәдениетіне бір күнде, бір ғасырда жеткен жоқ. Алайда қазіргі таңда халқымыздың мыңдаған жылдар бойы тірнектеп жинаған имандылық, адамгершілік пен адалдыққа негізделген рухани мұрасынан көз жазып қалғандай. Қоғамда көктеп жайылған қатыгездік, қиянатшылдық, маскүнемдік пен имансыздық сияқты келеңсіз құбылыстар осының айғағы. Дінімізді қараңғылық деп, адамзат табиғатқа жат батыс мәдениетіне еріп, ата-бабамыздың сара жолын аяққа бастырғанда не таптық? Соның салдарынан балалар үйіндегі тірі жетім қаракөздер, қарттар үйіндегі қариялар, нашақорлыққа түскен жастар, жезөкшелікті кәсіп еткен қыздарымыз, басқа дінге өткен қазақтар сүйегімізге таңба болып отыр емес пе?
Ата-бабаларымыз сан ғасыр бойы өз ұрпақ­тарын сегіз қырлы, бір сырлы, өнегелі де өнерлі, иманды да инабатты, адамгершілік ар-ожданы жоғары, намысқой етіп тәрбиелеп келгені тарихи шындық. Соның нәтижесінде аттың жалында, түйенің қомында, ақ найзаның ұшымен, сом білектің күшімен ұлан-ғайыр даланы жан алысып, жан берісіп жүріп қорғады.
«Қара қазан, сары баланың қамы үшін қылыш сермедік», деп бізге мұра етіп қалдырды. Сол мұраға лайықты ие тәрбиелеу – қазіргі аға ұрпақтың парызы. Біздің ендігі міндетіміз – ата-бабаларымыз қалдырған рухани байлығымызды мақтан тұтып қана қоймай, оны кейінгілерге жеткізу.
Ұлы ұстаз Әбу-Насыр әл-Фарабидың «Тәрбиесіз білім қасіретке соқтыруы мүмкін» деген сөзін еске алсақ, оқу орындарында жастар тәрбиесіне шындап көңіл бөлетін уақыт өтіп бара жатқандай. Оның бір бағыты, атап өткен ата-баба дініне де көңіл бөлу керек шығар. Ол үшін мектеп оқушыларына «Дін негіздері», жоғары оқу орындарына «Дінтану» пәнін жүргізсе, оны жүргізуді арнайы білімі бар мамандар атқарса нәтижесі болары анық.

Д.Ділдәбек,
А.Акилова,
Тараз қаласы

ПІКІР