Рухани жаңғыру

Ұрпақ тәрбиесі ұяда

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бір сөзінде: «Әйел — бесік иесі. Демек, әйелдің жайы түзелмей – бесігіміз түзелмейді, бесігіміз түзелмей – еліміз толық түзелмейді» деген еді. Осы ой-тұжырымның төркінінде терең мән-мағына жатыр. Өйткені, шаңырақтың беріктігі, отбасындағы ынтымақ, бардың бағасын білу, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу, бәрі-бәрі әйелдер қауымының бойындағы жақсы қасиеттермен астасып жататыны белгілі. Демек, ұлттың ұлт болып қалуы, қоғамның дамуы мен мемлекеттің өсіп-өркендеуі – әйелге, келешек келін-қыздар тәрбиесіне тікелей байланысты болмақ.

Салтқа берік, дәстүрге бай халқымыз ежелден «Келін жақсы болса, үйіңе көп кісі келеді. Келін жаман болса, келген кісі кеткісі келеді», «Келіні жақсы үйдің керегесі алтын» деп, әулеттің бақ-дәулетін еселеуге келіннің қосар үлесінің зор екенін анық аңғартқан. Босағасын аттаған жас келіннің қадамымен құт келеді деп ырымдаған. Өз кезегінде жас келін де ибалы әрекетімен төркінінің тектілігін танытып, туған әкесі мен анасының абыройын аласартпай, олардан алған тәлімін көрсетіп, жаңа жұртының алғысын арқалауға барын салған.

Осындай өнегелі үрдісімізді ұмыт қалдырмау жолында еңбектеніп, өскелең ұрпақ тәрбиесіне ерекше ықылас білдіріп жүрген Зейнеп Ахметованы әулиеаталық әлеумет ибалы келін ретінде көбірек біледі. Батыр Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп апай салт-дәстүрімізді жаңғырту бағытында қалам тербеп, жазушылық қырымен де жақсы танылды. Аяулы аналар мен қырмызы қыздар мерекесі қарсаңында жазушы-этнограф Зейнеп апаймен ұлттық болмысымызбен ұштасқан қыз тәрбиесі, келін әдебі, енелер мектебі тұрғысында сырласып, сұхбаттасқан едік.

– Зейнеп апай, көкжелек көктеммен бірге жеткен Халықаралық әйелдер күні мерекесі құтты болсын! Жаны нәзік, жолы жіңішке қыз балаға жүктелер жауапкершілік аса салмақты екені әмбеге аян. Бір сұхбатыңызда «Қыздары тексіз елдің іргесінен ырыс кетеді» депсіз. Қыз бала тәрбиесінде мүлт кетпеудің жөні, жолы қандай?
– Мереке – ортақ, рахмет. Сұраққа көшер болсақ, бүгінгі бүлдіршін қыз – ертеңгі бір әулеттің оң жағынан отау тігетін келіні. Одан кейін ұлтты жалғайтын ұрпақ өрбітетін, ақ жаулықты ана болады. Сосын сол шаңырақтың үрім-бұтағын тәрбиелейтін әже міндетін мойнына алады. Қыздары тексіз елдің іргесінен ырыс кететіні – өмір шындығы. Қазақылығымызды сақтап, өсіп-өнген ел болу үшін ең әуелі қыздарымызға жақсы тәрбие беруге тиістіміз. Өзім басқа ұлттың өкілдері араласпаған түкпірдегі таза қазақы ауылда өстім. Тумысынан көкірек көзі ашық ақылгөй аталар мен әдеп-инабаттың кеніндей текті әжелерден көргенімді, естігенімді кейінгі ұрпаққа үлгі болсын деген ниетпен ерінбей-жалықпай айтып жүрмін. Оны өзіме міндет санаймын. Көпті көрген көнекөз қариялар «Үлкеннен – үлгі, ағадан – өнеге, атадан – ақыл» дейді. Көктемде құлпырар қырдың қызғалдағындай қыздарымыздың бойына аталар мен әжелер салған ізбенен тектілікті сіңіре алсақ, еліміздің іргесінен ырыс кетпейтініне күмән жоқ.
Көктемнің алғашқы айында жалпыхалықтық тағы бір мерекеміз бар. Біздің дана халқымыз оны ұлы істердің бастауы ретінде Ұлыс күні деп атайды. Ертеректе қазақтар жыл басын көкек айынан бастаған екен. Ен даланы еркін жайлап, шаруасын күйттеген көшпенді халқымыз көктемнің алғашқы айын асыға күткен. «Көкек келді, көктем келді. Көкек келсең, көптен бер. Көптен берсең, көпке бер» деген тілек сол кезден қалған. Жақсы сөзді жарым ырысқа балайтын ырымшыл халқымыз көкек деген құстың ұшқалақ, жеңілтектігін ұнатпай, айдың атын Наурыз мейрамының атауымен алмастырыпты.
– Ұлттық құндылықтарымыз, салт-дәстүріміздің көбіне-көп тек осы мерекеде ғана көрініс табатынын көріп жүрміз. Негізінде, әдет-ғұрпымыздың, тіпті ұлттық киімдеріміздің әрбірінің астарында терең тәлім-тағылым бар екенін білеміз. Бірақ, күнделікті өмірде неге қолданбаймыз?
– Дұрыс айтасың, ұлттық киімдеріміз денсаулықты сыртқы жағымсыз әсерлерден қорғап, дененің сымбатты өсуіне пайдалы әрі емін-еркін жүріп-тұруға ыңғайлы етіп жасалған. Және ерекше сәнді үлгісі көз сүйсіндіреді. Айталық, кимешектің жас келіндерге арналған, әжелер киетін түрлері бар. Әрқайсысының сәндік бедерлері, тігісі, әшекейленуі киюші адамның жасына лайықталған. Тіпті, көріксіз деген кісінің ажарын айдай ашады. Кимешек әйел адамның шашын, мойнын, арқа тұсын қыста суықтан, жазда ыстықтан қорғайды. Сондықтан да, қазақ әйелдері таңның атысы, күннің батысы тынбай үйдің күйкі тірлігімен күйбеңдеп жүрсе де, табиғи сұлулығын сақтай білген. Ал, ер адамдардың бөркі тұрғылықты жерінің табиғи құбылыстарына ыңғайластырылып, желден, аяздан, күннің қатты қызуынан қорғайтындай етіп тігіледі. Тіпті, бұрнағы кездері кімнің қай рудан екенін де сол киім үлгілеріне қарап білген. Қазіргі бүлдіршіндер осындай құнды ұлттық киімдерімізден қол үзіп қалғандықтан да аурушаң. Жеңіл-желпі киініп, бойын суыққа алдырып, дімкәстікке ұшырайды.
Ал, салт-дәстүрлер жайлы әңгіменің орны бөлек. Қазақ жаратылысынан сауықшыл. Әрбір қуанышын ел-жұртымен, ағайын-туысымен бөлісіп отырады. Осы тұста балаға қатысты дәстүрлеріміздің көп екенін айта кеткен жөн. Бұл қазақтың ерекше балажан халық екенін байқатады. «Бесіксіз үйде береке болмайды» деп, отбасының қызық-қуанышын, құт-берекесін баламен байланыстырады. «Балалы үй – базар» деп, баласының көптігінен үйі базардай у-шуға толып, миы ашып жатса да ырым етіп, баласының санын бадырайтып айтпаған. Біреу сұрай қалса «Аллаға шүкір, біраз жаман қаралар бар ғой» деп сырғыта жауап берген. Ата-ана ұлы ержеткенде отау көтеріп, келін түсіруді армандайды. Тіршілікте тірі пенденің арманы таусылған ба? Басына бас қосылып, ұлын қанаттандырған соң, «Балам – балым, баламның баласы – жаным» деп, еріні тұшынып, немере сүюді аңсайды. Жаңа түскен келінге қойдың ұлтабарын жегізіп, ырым ету де сол ақ ниетті ізгі арманның бір көрінісі. Қариялар келіннің иіліп жасаған сәлеміне «Көп жаса! Үбірлі-шүбірлі бол, қарағым!» десе, әжелер «Ұл тап! Етегің баладан кеппесін!», «Қазаның булы, жөргегің сулы болсын!» деп бата беруі де адам өмірінде ұрпақтың қаншалықты маңызды екенін білдірсе керек. О дүниеге кетпей тынбайтын өзекті жанның бұл пәниден ұтары не? Тіріңде көз нұрың, көңіл қуанышың болатын, өлгеніңде аруағыңды разылайтын Құран бағыштап, отыңды өшірмей, түтініңді түзу шығаратын ұрпағың ғана. Жаңа түскен жас келіннің бойындағы, жүріс-тұрысындағы өзгешелікті қадағалай жүріп, байқаған абысын-ажындар енесіне «Келініңіз ақ алғысты болыпты» деп қуанышты жаңалықты астарлап жеткізеді. Ондай хабарды алғаш айтқан адамға жөн білетін ене көңіл ризашылығын білдіріп, «құлақсүйіншісін» береді. Келіннің құрсақ көтергені белгілі болған сәтте сол әулеттің қара шаңырағы саналатын үлкен үйдің оң босағасына бір шаршы ақ орамал байлайды. Бұл – тұңғыш перзенті бойына біткен келінді ата-баба рухы қолдап жүрсін, тіл-көзден аман болсын деген ізгі ниеттен туған ырым. Әрі басқаларға жақсы жаңалықты жария ету. Осыдан кейін қазақтың адам өміріне қатысты тамаша дәстүрлері «Құрсақ шашу» немесе «Құрсақ той» басталады. Сәні келіскен салтанатқа тек келіншектер шақырылады. Олар құр қол келмей, өз үйлерінде әзірлеген дәмдерін ала келеді. Ондағы мақсат – келіннің жерік асын табуға жәрдемдесу. Өкінішке қарай, қазіргі жас келіндердің көпшілігі «жеріктік» дейтін аса маңызды, жүктіліктің алғашқы айларында болатын табиғи іңкәрліктің мән-мағынасын, қадір-қасиетін ұғына бермейді. Соның салдарынан кейінгі кездері балалар арасында аурушаңдық басым. Әлі ана болып көрмеген жас келінге түсіндіріп, жіліктеп ұқтыратын енелер де бұл күнде көп емес. Себебі, олардың өздері ұлттық құндылықтардың тегін, тетігін білмейді, байыбына өздігінен үңілмейді. Осы күні «мынандай дәмге жерікпін» деп атын атап, түсін түстеп беретін келіндер өте сирек. Есесіне, әйтеуір тәбетін ашу үшін, жерігін басып, тұншықтыру үшін тұздалған қияр мен қызанақ жеп, жеріктік өрісті тоқыратады. Мұны тектік сәйкессіздік, ұлттық болмыстың өзгеруі деуге болады. Өзгерген емей немене, тұздалған қияр мен қызанақ қай ата-бабамыздың асы еді?! «Жерік ас таңдамайды» деген дәл айтылған сөз. Анам Мәлике маған аяғы ауырлағанда адамның ойына келмейтін, естігенде езу тарқызатын нәрсеге жерік болыпты. Маған дейін жеті ұл көріп, жеріктіктің ықпыл-жықпылын жетік білсе де, біразға дейін көңіл іңкәрін нақты ажырата алмай, өзін жайсыз сезініп жүріпті. Сондай күндердің бірінде жақсы араласатын көршісі: «Алыстан нағашым келіп еді. Бірге дастархандас болыңдар» деп әке-шешемді қонаққа шақырыпты. Бас ұстаған ақсақал үйдің кіші баласына: «Жақсы сөзге құлағың жақын болсын» деп құлақ беріпті. «Әнші бол, жүйелі сөйлейтін ділмәр бол» деп таңдайды қызға ұсыныпты. Сол кезде шешем қыздың қолындағы таңдайды тартып алуға шақ қалады. Аузының суы құрып, әрең шыдап, бірақ жерік асының не екенін кездейсоқ білгеніне қуаныпты. Үйге келе салып әкем Әскербекке: «Әсеке, қой алдыр, таңдай жеймін» деген ғой. Әкем алғашында бас-аяғы жоқ сөзге күлсе де, артынан мән-жайды түсінеді. Бір қойдың таңдайы жұғын болмасын білген әкем өзінің жақын жора-жолдастарымен ақылдасып, амал табады. Бәрі үйлерінде қой сойып, бір мезгілде ет асып, бір мезгілде таңдайды суытпай, анама жеткізіпті. Оннан аса таңдайды тамсана жеген анам пора-порасы шыға терлеп, әбден рақаттанса керек. Сауапты іс тындырған әкемнің достарын іле-шала қонаққа шақырып, рахметін айтыпты. Содан қайтып таңдай сұрамапты. Жерігі сол бір реткі қанып жегеннен қанағаттанған екен.
Аналар қауымы жалпыға ортақ перзентханада босанғалы бері қолданыстан шығып қалған салтымыздың бірі – жарысқазан. Келін босанарда бірнеше әйел қазан көтеріп, тез даяр болатын жеңіл-желпі тағам әзірлеуге кіріседі. Мұның астарында «Қазан қайнап, ас піскенше, бала аман-есен дүниеге келсін», «Келін аман-есен, апы-күпі тез босансын» деген тілек, ниет жатыр. Яғни, қазан мен толғақты жарыстырып, жақсылық тілейді. Келіншек қол-аяғын бауырына алып, жеңілдегенде ас та әзір болып, қуаныш дастарханы жайылып, шілде тойдың алды басталып кетеді.
Келіннің жеңіл босануына тілеулес тағы бір ырым «Түсті ме?». Ол да кейін ұмытылған. Толғақ қысқан келіншек босанғалы жатқан үйді білегінің күші бар ересек балалар мен келіншектер келсап, тоқпақ секілді ауырлау заттармен дүрсілдете айналып жүріп «Түсті ме? Түсті ме?» деп дауыстайды. Оған үй ішіндегі әйелдер «Түсті! Түсті!» деп жауап қатады. Бұл дүбір ащы толғақ қысып, жаны бебеулеп жатқан келіншекке әл-қуат, күш-қайрат жинауға көмектесіп, көпшілік тілеулестерінің демеуін сездіреді.
Өмір көрген, көкірегі шежірелі, қазына қарттарымыздың тәжірибесінен алынған мұндай дәстүрлеріміз, ырымдарымыз кейін біртіндеп ұмытылды. Себебі, заман ағымы, өмір салты өзгеріп тұратын табиғи құбылыс оларды тарихтың қатпар қойнауына ендірді. Дегенмен, «Өткеніңді білмей, жеткеніңнің бағасын жете білмейсің» деген сөзді де естен шығармауымыз керек.
– Біздегі «Адамды айналма» деген секілді ырымдарымыздың түп-төркіні көбіне айтыла бермейді. Жасөспірімдерге тыйым сөздерді айтамыз-ақ, алайда олай істемеген жағдайда не болатынын жетесіне жеткізе алмаймыз. Ырым-тыйымдар нені білдіреді?
– Қазақтың ырым сөзі – ұлттық тәрбие көзі. Халқымыз «Тыйым көрмеген баладан тексіз адам шығады», «Тексізден текті сөз сұрама, кісілік қалама» деп, ұрпағын ұнамсыз мінез-құлықтан, ерсі іс-әрекеттен шектеп, жақсылыққа баулыған. Баланы жастайынан ерсі әдеттерден тыйып, өрелі етіп өсіру – бойына әдептілік әліппесін сіңіру. Жас өркеннің кемелді адам болып жетілуінің, қалыптасуының алтын арқауы да, халық педагогикасының қайнар бастауы да – әдептілік.
Рас, көптеген тыйым сөздің әуел бастағы мағынасы көмескіленіп, тыюдың тек «жаман болады» деп шолақ қайыру нұсқасы қалған. Сондықтан болар, қазіргі жас буын қазақы тыйымның түпқазығын түсінбеген соң оны орындауға құштар емес. Тіпті, селкеу сенім, ескіліктің сарқыншағы ретінде қарайды. «Үлкеннен өнеге көрмеген балада ұлағат болмайды» деген бабаларымыз тыйымдарының әрқайсысының өзіндік мән-маңызы бар. Мысалы, әлгі «Адамды айналма!» дегенге тоқталайық. Ертеде науқас меңдеп, қиналып, әл үстінде жатқан жалғыз ұлын ажалға қия алмаған ана Жаратқанға жалбарынып: «Я, Алла, баламның орнына менің жанымды ал, мен құрбандық, мен құрбандық!» деп шырылдап, ауру перзентін айнала беріпті. Ақыры, ана жан үзіп, бала аман қалған екен деген аңыз бар. «Адамды ақиқатымен айналса, сол кісіге садақа болады, егер абайламай айналып өтсе, жаңағы жүрген жолымен қайта қайтуы керек» деген тыйым қалған.
«Кісіге қарап есінеме, керілме!» дейді. Себебі, ол ең әуелі – көргенсіздік. Сосын, біреуге қарап, есінеп не керілсеңіз, бойыңыздағы қуат-күшіңіз алдыңыздағы адамға беріледі де, оны бойкүйездік билеп, денесі құрыстап, есінеп, керілгісі келеді.
Мезгілсіз көз жұмған кісінің аяқ киімін «Жер басып жүрер жолы таусылды, өмір сапары аяқталды» деген мағынамен төңкеріп қояды екен. Сондықтан, аяқ киімді төңкеріп тастауға болмайды. Егер солай жатқанын көрсеңіз, басқаныкі болса да түзетіп кетіңіз.
Адамның Алладан кейінгі пірі – өзін дүниеге әкелген әке-анасы. Әкені басие, шаңырақтың тірегі деп білетін біздің халық әкесі тірі балаға бас ұстауға да тыйым салған. Ол әкенің жолын кескенмен тең. Бауыры бүтін кім бар дейсіз? Бәкең – Бақытжан Момышұлы бақилық болғанда бізді де «көңілшайға» жанашырлар бірінен соң бірі шақырып, көңілімізді демдеді. Сонда таңғалғаным – ұлым Ержанның алдына бас ұсыну ешкімнің ойына келмегені. Әдеттегідей, дастархан басында жасы үлкендер өздері бас ұстады. Жасырып қайтейін, кәдімгідей көңіліме келді. Әйтсе де, үнсіз жүрдім. Бірақ, күттім. Бір күні атақты әнші қызымыз Мақпал Жүнісова шайға шақырды. Дардай, мосқал ер азаматтар білмеген дәстүрді үнемі сахна төрінде жүретін әнші біледі деп иегім қышыған жоқ. Алайда, сол Мақпал: «Бақытжан аға осы үйге келгенде бас ұстаушы еді. Енді бас сенің сыбағаң, айналайын!» деп баламның алдына бас қойды. Сөйтіп, менің күпті болып жүрген көңілімді білгендей, бұл жолы Мақпал көргенділік көрсетті.
– Бүгінге дейін бірнеше кітаптарыңыз жарық көрді. Әрбірінің көтерер жүгі өз алдына бір бөлек. Қайсысы жаныңызға жақынырақ?
– «Іштен шыққан шұбар жылан» демекші, әрқайсысының, әрине, өзіндік орны бар. Жас келіншек кезімде жазған «Шуақты күндер» өз күнделігімнен туындаған. Мұнда мен үшін үлкен мектеп болған атамен тұрған алты жылдағы ұлағатты естеліктер жазылды. Кітапты қайынатаның мектебінен өткен келіннің тәжірибесі деуге болады. Сол кездегі көзбен көргенімді, көңілге түйгенімді жасыма, заманыма қарай пайымдап жаздым.
«Көре-көре көсем боласың» дегендей, кейін тіршіліктің біраз белестерінен өтіп, өмірдің ащы-тұщы дәмін татып ақ самайлы әже болғанда әрнәрсеге тереңірек үңіліп, ой саралап «Бабалар аманаты» жазылды. Және мұнда атамен қарым-қатынаста болған адамдар жайлы, өзім туып-өскен отбасым туралы да айтылды.
Жақында «Күретамыр» деген жаңа кітабым жарық көрді. Күретамыр деп қанды жүректен дене мүшелеріне таситын ең ірі, ең маңызды қан тамырын айтады. Күретамырдың бітеліп қалмай, қызметінің жақсы атқарылуы адамның қалыпты өмір сүруінің кепілі. Сол секілді, әрбір халықтың жеке атауды иемденетін ең басты белгісі, яғни жүрегі – тілі болса, сол тіл арқылы таралатын барша рухани құндылықтары ұлтты ұлт ретінде танытатын да, сақтайтын да күретамыры. Анам марқұм өмірден өткенше ұлттық салт-дәстүр, қазақы үлгі-өнегенің қылшығын қисайтпай берік ұстаған тегеурінді адам еді. Балаларын, әсіресе бір топ ұлдың ішіндегі жалғыз қызы мені дәстүрмен ауыздандырып, тыйым-тектеумен тәрбиелеп өсірді. Одан кейін ұлттық құндылықтардың асқан білгірі қайынатамның тәлімін алдым. Сол кісінің көрігінде шыңдалдым. Осындай ардақты кісілерден естіген-ұққандарымды, көріп-білгендерімді осы кітапқа арқау еттім. Бұл мен ашқан жаңалық емес, тыңнан жол салғаным жоқ. Барлығы ата-бабаның ұрпағына қалдырған асыл мұрасы. Мен баяндаушы ғанамын.
– Келелі әңгімеңізге алғысымызды айта отырып, мерекеге орай газетіміздің нәзік жанды оқырмандарына деген ниет-пейіліңізді білгіміз келеді.
– Барша қыз-келіншектерді, ақ жаулықты аналарды бүгінігі Халықаралық мерекемен шын жүректен құттықтай отырып, әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербететінін бір сәтке де естен шығармайық дегім келеді. Қыздарым, бойжеткендер, сендер ұлт ұрпағын жалғайтын міндеттеріңді ұмытпаңдар. Әрбір шаңырақтың шамын жаққан арулар үйде бала тәрбиелеумен қатар, елдің болашағын қалыптастырады. Жауапты істе Жаратқан әрдайым жар болсын. Өсейік, өнейік, елімізді өркендетейік!

Сұхбаттасқан Қамар ҚАРАСАЕВА

ПІКІР