Мәдениет

Ұрпақ жадындағы өшпес бейне

Written by Aray2005

«Жастар оқитын кітап бізде аз дей алмаймын. Олар оқитын дүниелер қасиетті қазақ әдебиетінде жетерлік. Менің де бірнеше кітаптарым көз алдымда шаң басып үйде жатыр. Оның барлығын соларға арнап, өскелең жас ұрпақ үшін жаздым ғой» деген еді ғазиз ғұмырының ақтық сәтінде ардақты аға, талантты жазушы Әлдихан Қалдыбаев. Сол кезде тамыры әдебиеттен, діңі қарапайымдылықтан, өзегі өмірге деген мөп-мөлдір махаббаттан, бүршігі кіршіксіз кәусар көңілден нәр алып, тазалықпен тыныстап тұрған аяулы қаламгер ағамен болған ақтық жүздесу, соңғы сұхбат екенін соғысы санаулы жүрек сезсе де, сенбеген еді. Биыл қадірлі қаламгер, жазушылық пен журналистикада мәңгілікке мөр болып қолтаңбасы қалған, өскелең ұрпаққа өшпес рухани мол мұрасын аманаттап кеткен Әлдихан ағамыз тірі болса, сексен жасын ортамызда тойлар еді.

Адам болу және адамдық дейтін қасиетті қалыпты сақтай жүріп талантты жазушы болу һәм әдебиеттегі ең күрделі сүрлеумен сүрінбей батыл қадамға барып, балаларға арнап шығарма жазу ісі екінің бірінің қолынан келе бермейтін құбылыс. Иә, қарапайымдылық пен ізгілікті, кішілік пен кісіліктің тізгінін тең ұстап, адалдықтың алгоритмімен еселі еңбек етіп, өзінен кейінгілерге өнегелі жол, өзпес із қалдырған Әлдихан ағаны әдебиеттегі лирикалық құбылыс деп айтсақ, артық етпес. Оның қай шығармасы да өз оқырмандарын iзгiлiкке, мейiрiмдiлiкке баулиды. Идеясынан табиғилық пен шынайылықтың исі аңқып тұрады. Ал отандық қана емес, әлемдік әдеби аренада балаларға арнап шығарма жазу жазушыға үлкен жауапкершілік жүктейтіні қаламгерлердің қауымына белгілі шындық. Мәселен, дат жазушысы Ханс Кристиан Андерсен, француз жазушысы Шарль Перро, неміс жазушылары Гофман, ағайынды Гриммдер, итальян жазушысы Джанни Родари секілді ертегі авторлары, орыс ақындары К.Чуковский, С.Маршак, С.Михалков, А.Барто, Б.Заходер секілді ақындар, ағылшын жазушылары Дональд Биссет, Редьярд Киплинг, Алан Милн, орыс жазушылары Виталий Бианки, Николай Носов, швед жазушысы Астрид Линдгрен тәрізді қаламгерлердің аты әлемге мәшһүр. Әрине, балалар ғана емес, жалпы адамзат үшін кітап – қай ғасырда, қай заманда болмасын өз құнын жоймайтын таңғажайып тәрбие құралы. Баланың арман-қиялына қанат бітіріп, ақ пен қараны ажыратуда, таным көкжиегін кеңейтуде адал һәм айнымас досы. Уақыт белдеуінде сапар шегіп, әлемнің көгінде әуелеуге, өмірді өзгертіп, жарқын болашақты өз қолыңмен жасауға үйрететін мәңгілік ұстаз. Ал сол кітапты жазып шыққан адамның творчестволық азабы, мұңлы машақаты өз алдына бір төбе.
Қай-қайсысымызды алып қарасақ та, өмір бойы оқыған кітаптардың ішінде бала кезде оқылған кітаптардың орны орасан. Есте мәңгілік сақталып, жадымызда жатталып қалады. С.Бегалин, Ө.Тұрманжанов, С.Омаров сынды қарымды қаламгерлерден бастау алған балалардың отандық көркем әдебиетін М.Әлімбаев, Б.Соқпақбаев, С.Сарғасқаев, Ә.Дүйсенбиев, Н.Сералиев, М.Жаманбалинов, О.Әубәкіров, Ж.Кәрбозин, Қ.Баянбаев, М.Гумеров, Қ.Ыдырысов, Ж.Смақов, М.Етекбаев, Қ.Толыбаев, Ә.Табылдиев, Е.Ерботин, А.Асылбеков, А.Сопыбеков, Е.Елубаев, М.Қабанбаевтар жаңа биікке көтерсе, М.Дүйсенов, М.Айымбетов, Н.Айтов, Ж.Әбдірашев, Р.Әбілқадырова, С.Әлімқұлов, Ж.Дәуренбеков, З.Иманбаев, Т.Дәуренбековтер керегесін кеңейте түсті. Туындылары үлкен тиражбен тарап, ауыл-ауылдың балалары аталған авторлардың повесть, әңгімелерін қолдан тастамай оқып, өлең-жырларын жатқа айтатын. Сол сом шығармалар таным тұғырынан түспей, ұрпақтан-ұрпаққа жетіп отыр.
Міне, осынау бала бақытының бағбандығы жолында бар бейнетін көтеріп, шығармашылықтың шыңына шығарған Әлдихан Қалдыбаевтың та орны бөлек. Тіпті сол балалар әдебиетінің классик жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың өзі: «Балалар дүниесiн әдемi игерген және балауса ұрпаққа ғажап әңгiме, ертегi, хикаяттар берген Әлдихан бiздiң әдебиетiмiзге жарқын беттер қосты», деп оның еңбексүйгіш қасиетіне ерекше тәнті болғаны да жұрт жадында, ел есінде шығар. Өмірден ерте озса да, тағдырға талантының табын қалдырып кеткен жазушы Мұрат Сыздық та «Айтатын кез әлдеқашан келген, балалар мен жасөспірімдерге арналған он екі кітап, үш пьесаның авторы Әлдихан Қалдыбайұлы – қазіргі балалар әдебиетіндегі ең ірі тұлға», деп бағалаған.
Ғұмырының 40 жылында жеті хикаят, 70 әңгіме, ертегі, мысал, 3 пьеса жазып һәм төл туындылары топтасқан жинақтың бірнеше мәрте қайта басылып, орыс, белорусь, армян, татар, түркімен тілдеріне аударылуының өзі Әлдихан ағаның орасан зор рухани әлеуетін көрсетсе керек. Өзінің балауса бал ғұмыры Екінші дүниежүзілік сұрапыл соғыс жылдарымен тұспа тұс келіп, тағдырдың ащысын да, тұщысын да жұдырықтай жүрегіне жұтып өскен жазушының әрбір шығармасы шетелдік шедеврлерден асып түспесе, еш кем емес. Олай екенін жазушының шығармаларына зейін қойып, назарын салған кез келген оқырман мойындайды. Студенттік өмірде де, әскерде борышын өтеп жүріп те, журналистика саласында абыройлы еңбек еткенде де һәм тағдырдың күзі жетіп, ұзақ уақыт науқастанып қалғанда да қолынан қаламын тастамай, жазушылық ырысын ұрпаққа соңғы сағатына дейін сарқып кетті.
«Кейіпкерлері балалардыкі, идея үлкендердікі» деп Шыңғыс Айтматов айтқандай, ең алғашқы «Көк дөңгелектен» бастап, «Қос тентек», «Су тасушы Әшірбек», «Байнаш солдат», «Шаншар атай», «Мишка – менің досым», «Өзен жағасында», «Солдат болу оңай ма?», «Менің ағам– солдат», «Автобус аялдамасы» атты шығармалары, 1999 жылы «Ата» деген атпен жарық көрген таңдамалы туындылары, 2002 жылы «Мен – апамның баласымын» атты романы, 2004 жылы екі томдық таңдамалы шығармалары, 2008-2009 жылдары төрт томдық шығармалары, 2009 жылы оқырманға жол тартқан «Көңіл көмбесі» атты кітабы қазақ әдебиетінің қазынасын қампайтқаны жасырын емес. Жазушының «Шаншар атай» деп аталатын комедиясы 1980 жылы Жамбыл облыстық драма театрында қойылып, балалар мен жастарға арналған спектакльдердің бүкілодақтық байқау-конкурсында І орынға ие болды. «Қайран Ынтықбай ағай-ай» комедиясы қазақ телевизиясының алтын қорына енді. Оның барлығы шығармашылық шеберханасы мен зерденің зертханасындағы омарталы ойлар мен еселі еңбектің еншісі екені айпасақ та белгілі. Облыстық «Aq jol» газетінде маржандай маңдай терін төгіп, ел тағдырына, ұлт мүддесі мен ұрпақтың болашағына қатысты салмақты мәселелерді қаламына арқау етіп, сала сардарларына ұстанымы биік ұстаз бола білді. Облыстық «ARAI» жастар газетінің қанаты қатайып, қияға самғауына да үлкен үлес қосып, үміт артқан жанашырлығы әріптестердің әлі есінде. Сол кездердегі айтқан әрбір өнегелі сөзі, ағалық кеңесі редакцияның рухани ұранына айналып кеткен. Сондықтан «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған» деп Абай хәкім айтпақшы, Әлдихан аға енді ортамызда балаларға арналған шығарма емес, періштелерге хат жазып отырғандай.
Туған күніңізбен, мәнді ғұмыры мәңгілікке ұласқан Әлдихан аға! Ұлы дала ұрпағының ұмытылмас ұстазы!

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

ПІКІР