Жастар.kz

Ұрпаққа ұлы қазына

Written by Aray2005

Һәм мектеп оқушысы мыңнан озып, миллионер атанды

«Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік», – дейді Ғабит Мүсірепов ақы сұрамайтын ақыл қазынасы жайлы. Дегенмен рухани жаназығымыздың қазіргі жайы қас қағымдық құндылықтардың толқынынан адасып, ақылдың айсбергіне соқтығысқан һәм қақ жарылып айқара ашылған күйі тіршіліктің тұңғиығына батып кеткен алып Титаникті елестетіп тұрғандай. Себебі найзағайға нан пісірген нарық заманы ұрпақтың көз жанарын ғаламтормен байлап, таным тамырының тынысын тарылтып тастағаны былай тұрсын, түйсігімізді түйіндеп, Абай хакім айтпақшы «көрсем, білсем» деп дүние есігін ашқан болашақ буынның ойлау қабілетіне ор қазып жатқандай сезіледі.

Абайдың атын танығанымен, затын білмейтін ұрпақ соның сорақы нәтижесі. Хош. Көпшіліктің көзін тырнаған осынау қоғам картинасына тыңнан түрен салып, жан әлеміне жаңа бояуын жаққан ілкімді істің де ізгі ізін көрдік. Сана сахарасына тамшыдай болса да нәрін сеуіп, бұлақ көзін ашқан жобаның авторы – Тараз қалалық «Jambyl-Taraz» қоғамдық-саяси газеті осыдан бес ай бұрын шаһардағы мектеп оқушылары арасында «Кітап оқып, миллионер бол!» атты байқау жариялаған болатын. Күні кеше ғана мағынасы маңызға толы шара өз мәресіне жетіп, шын мықтылар марапатталды.
«Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық» дейді Абай. Байқауға қатысқан үміткерлердің барлығы ақыл аламаны мен білім бәйгесіне түскен Ұлы даланың ұрпақтары десек, артық айтқандық емес. Олар додаға қатысып, жүлдегер атанумен ғана шектелмей, даналыққа бастайтын даңғылға табанының емес, талабының ізін тастап, рухани байлықтың риясыз тереңдігіне бойлады. Өскелең ұрпаққа өнегесі мол бастаманың басты мақсаты да жанына азық жинаған жастардың жігеріне қанат байлау болғаны айтпасақ та түсінікті. Бұрын-соңды болмаған берері берекелі байқаудың қорытындысы Ықылас Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде ұйымдастырылған салтанатты шара барысында жарияланды.
Айта кетсек, дарабоздар додасы бес ай бұрын, яғни 2018 жылдың 30 қарашасында 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күніне орай бастау алған болатын. Жобаның аясында арнайы ақылдастар алқасы құрылып, қала мектептерінің оқушыларына 100 кітаптың тізімі ұсынылған. Оның ішінде отандық, жергілікті һәм әлем әдебиетінің авторлары да қамтылды. Игі іске Тараз қаласы әкімдігінің білім бөлімі және Д.А.Қонаев атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасы да әріптестік қолдау білдіргенін айта кету керек. Ал шара­ның бас демеушісі – бұған дейін де жамбылдық жас ақындардың «Өрімтал» атты жыр жинағын шығарып беріп, бұрын-соңды болмаған «Жыр қағаны» поэтикалық дуэліне демеу­шілік көр­сеткен, атына заты, сөзіне ісі сай шығар­машыл жастардың жанашыры, Қазақстан­ның Еңбек Ері, аймақтағы алпауыт өндіріс «Қазфосфат» жауап­кершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Мұқаш Ескендіров. Салтанатты шарада төбе көрсеткен Мұқаш Зұлқарнайұлы кітапсүйер жастарға өз қаражаты есебінен
3 миллион теңге үлестірді. Сондай-ақ белгілі жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Несіпбек Дәутайұлы бастаған бір топ қаламгерлер мен қалалық мәслихат депутаттары, қоғам белсенділері де жобаға қаржылай қолдау көрсетті.
Сонымен, байқау кезеңінде әлеуметтік желілерде #кітапоқыпмиллионербол, #читайкнигистаньмиллионером хэштегімен 3 000-ға жуық жазба жарияланып, орта есеппен 20 000-нан астам әдебиет нұсқалары оқылған екен. Бұл ретте М.Әуезовтың «Көксерек», Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа», А.Экзюперидің «Кішкентай Ханзада», М.Мағауинның «Тазының өлімі» кітаптары ең көп оқылған әдебиеттердің көш басында тұрғанын да ескергеніміз жөн. Байқауға жалпы саны 48 мектептен 1 000-нан аса оқушы қатысып, екінші кезеңге
78 оқушы іріктеліпті. Мектептерде емтихан түрінде әр кітаптың мазмұн-сюжетін айна қатесіз айтып, тосын сауалдарға тосылмай жауап бергендер марапаттау сәтінде жүлдеге ие болды. Салтанатты шараға арнайы қатысқан Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаев. «Бес ай мерзім аралығында бағын сынаған әрбір бала – жеңімпаз. Әр кітаптың өзінің айтар ойы мен санаға түсірер сәулесі бар. Яғни кітап бетін ашқан қатысушылардың барлығы осынау игілікке ие болды», дей келе, ауқымды шараға бас демеушілік еткен «Қазфосфат» ЖШС-ның бас директоры Мұқаш Зұлқарнайұлына алғыс білдірді. Ал белгілі жазушы Несіпбек Дәутайұлы жобаға өміршеңдік тілеп, көпшілікті осындай игі іске қолдау болуға шақырды.
– Барлық жақсылық әрқашан балаларға жасалады. Ерлік те, әдебиет те, ғылым да түгелдей жас ұрпақтың қолында қалады. Бүгінгі жасап жатқан игіліктің бәрі соларға аманат. Біз бір нәрсені ұғуға тиіспіз. «Тек қазақ болайық, қазақты ғана оқиық» деп бір шеңберден шықпай қалсақ, өспейміз. Біз әлемдік айналымдамыз. Саяси-әлеуметтік жағдайда да өркениетпен біргеміз. Бұл үдерістерсіз біздің ұрпақ өзге елдермен бәсекелес бола алмайды. Ұйымдастырылып отырған байқаудың ерекшелігі – ұсынылған кітаптардың қатарында әлемдік классикалық шығармалар бар.
Қазір жаһандану дәуірі. Бұл –ұлы дәуір. Біздің балаларымыз да осы заманға бейімделген, әлемдік деңгейдегі тұлға болып қалыптасуы тиіс. Байқаудың жүріп жатқан процесін көріп, шарттарын оқып, аймақтағы жазушылардың жоқтығын айтып мін тағып жүргендер мына мәселені ұғуы керек. Әдебиет аймақтық болмайды. Әдебиет – ауылдың алты ауызы емес. Кітап шықты ма, қазақ әдебиетіне лайықты болсын. Егер аймақтан классик керек болса, Шерхан Мұртазаның шығармасы тізімде бар. Балаларымыз бүкіл әлемдегі әдебиеттің тарихын меңгеріп, әлемдік ойлау жүйесіне бейімделуі тиіс.
Қалалық газеттің ұжымына осы жобаны ойлап тауып, жүзеге асырып, бүгін нәтижесін көрсетіп жатқандары үшін рақметімді айтқым келеді. Идеяны бір, екі адам айтуы мүмкін. Бүгінде идея деген тапшы. Ал сол идеяға берік болып жүзеге асыру үлкен қажыр мен қайратты талап етеді. «Жамбыл-Тараз»-дың ұжымы осы идеяға берік болып, міне, алдарыңызға оқымысты балаларды жарқ етіп шығарып отыр,– деді жазушы.
Осылайша бес айға созылған байқау жеңімпаздары белгілі болды. Атап айтқанда, 5-7 сыныптар арасындағы санатта ІІІ орынды №30 мектеп-гимназияның 7-сынып оқушысы Сабина Сулеймен мен №31 орта мектептің 5-сынып оқушысы Гюзаль Османова өзара бөлісіп, 75 000 теңгенің сертификатын алса, ІІ орынды Сағадат Нұрмағамбетов атындағы №10 орта мектептің 7-сынып оқушысы Данияр Бекежан еншілеп, 150 000 теңгені қанжығасына байлады. №54 орта мектептің 6-сынып оқушысы Тоғжан Аллаберген де осы тұғырдан көрінді. Жүлделі І орынның 500 000 теңге бәйгесіне И.Панфилов атындағы №39 мектеп-гимназияның 7-сынып оқушысы Айзере Ерен ие болды. Ал 8, 11-сыныптар арасында ІІІ орынның 250 000 теңге жүлдесіне №7 мектеп-гимназияның 11-сынып оқушысы Галина Буркина лайық деп танылса, жүлделі ІІ орынды Керімбай атындағы №12 мектеп-гимназияның 10-сынып оқушысы Айгерім Мейірханова иеленіп, 500 000 теңгені олжалады.
Ал байқаудың бас бәйгесі – I орын һәм 1 000 000 теңгені алдына жан салмаған Б.Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясының 9-сынып оқушысы Қазына Әбдісейіт жеңіп алды.
– Қолым қалт еткенде, сабақтан бос уақытымда кітап оқуға тырыстым. Ыждағаттылықпен кітаппен серік болғанымның арқасында 3-4 күнде бір кітаптан тәмәмдап отырдым. Ата-анам үлкен үміт артты. Еңбегімнің ақталғанына өте қуаныштымын. Бұл менің өмірімдегі ерекше оқиғалардың бірі. Тізімдегі Шерхан Мұртазаның, Келімбетовтің, Стивенстің кітаптары ерекше ұнады. Келешекте оқитын кітаптарымның жанрларын тереңдете түскім келеді. Мектеп оқушыларының білім жиып, миллионер атануларына мүмкіндік берген идея авторларына рақмет айтамын, – дейді атына заты лайық жеңімпаз Қазына.
Ал қалалық деңгейде болса да дүркіреп өткен байқауда өз қалауымен 61 кітап оқып, көзге түскен республикалық Назарбаев Зияткерлік мектебінің 8-сынып оқушысы Фатима Баймаханға Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова Көкшетау қаласындағы «Балдаурен» балалар лагеріне 20 күндік жолдама табыс етті. Сондай-ақ облыстық Д.А.Қонаев атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасының директоры Гүлфайруз Қапарқызы жас зияткерге ноутбук сыйлады.
Салтанатты сәтте жеңімпаздардан бөлек, байқаудың екінші кезеңіне қатысқан барлық оқушыға алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталса, жобаны жүзеге асыруға атсалысқан мамандар мен кітапханашылар ұйымдастырушылар тарапынан арнайы алғыс хаттармен марапатталды. Және жобаның бас демеушісі, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіровке игі іске инициатор болған идея авторы «Jambyl-Taraz» газетінің директор-Бас редакторы Эльмира Мырза-Ғали редакцияның фототілшісі Юрий Кимнің жуырда ғана облыстық байқауда жүлделі болған «Тау ханзадасы» картинасын сыйға тартты.
– Интернетте отырғандарды кітап оқығандар басқаратын заман келді. Жастарға өзіміз аға буын ретінде үлгі болуымыз керек. Байқауға 1 000-нан аса оқушы қатысқан екен. Менің ойымша, осы жас өрендердің барлығы еліміздің болашағын жарқын етіп, өркениет көшіне емін-еркін ілесетін білімді азаматтар болып өседі деген ойдамын. Мен бұған кәміл сенемін. Барлық жеңімпаздарды құттықтаймын. Өңірдегі қоғамдық ұйымдар мен белсенді азаматтарды осы идеяның өміршең болуын қолға алып, игі істі жалғастыруға шақырамын, – деді бас демеуші Мұқаш Зұлқарнайұлы.
Осылайша «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деп кітаптың құдіретін, оның мәртебесін әспеттеп Әбіш Кекілбаев айтпақшы, ұрпақты кітапсүйгіштікке, рухани байлыққа, перзенттік патриотизмге баулыған парасатты бастама жоғары деңгейде өтті. Бұл да болса Жастар жылында өскелең ұрпақтың үмітін үстемелеп, қайратын қуаттап, сенімін еселей түскен бастама болды. Жалғасын тауып, дәстүрге айналса, одан ұтпасақ, ұтылмасымыз анық.

Нұржан Қадірәлі

ПІКІР