Ұрпаққа жүктелген аманат

0 53

Жақындардың арасын жырақтатып, туған жерден перзентін ажыратқан, ұлды әкеден, қызды анадан, елді тыныштығынан, жұртты берекесінен айырған сұрапыл сұм соғыстың зардабы тарих беттеріне мұңның мөрін, қайғы-қасіреттің қолтаңбасын басып қалдырды. Жесірдің самайына ақ, жетімнің кіршіксіз көңіліне дақ түсірген қара қағаздың суыт хабарынан қаншама қарашаңырақ қаңырап қалды. Тәуекелге бел буып, бабадан қалған байтақ өлкені басынған жаудан қорғауға аттанған ерлердің аман қайтқандары батыр, ал жат жерде жан тапсырғандардың аты туған жерге аңыз болып оралды. Батырларын да, олардың ерлігін де ұлт пен ұрпақ ешқашан ұмытқан емес, ұмытпайды да. Сондай арда азаматтың, жүрекжұтқан жауынгер батырдың бірі – Байгөбес Базаров.

Соғысқа Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласынан аттанған Байгөбес Базаровтың қабірі арада 75 жыл өткеннен кейін бір-ақ табылды. Майдангердің інісі, немересі мен шөбересі жат жерде ерлікпен жан тапсырған майдангер зиратына барып, рухына тағзым етіп қайтты.
Қатардағы жауынгер Байгөбес Базаров туған жерімен сол күйі қайта қауыша алмады. Ол қылышынан қан тамған 1941 жылы жауға қарсы соғысқа аттанып, 28-атқыштар дивизиясының құрамында шайқасқа кірген еді. 1944 жылы 14 шілдеде Балтық жағалауындағы Эстонияны жаудан азат ету кезінде Наровск ауданы Силламяэ қаласының Лива-аугу деген елді мекенінде көзсіз ерлікпен қаза тапты. Осылай Әулиеатаның текті топырағында бүр жарған бір ғұмырдың тамыры қыршынынан қиылды.
Жаутаңдай қарап дала тұр,
Көз жасын сүртіп жаңа бір.
Хабарсыз ұлын сұрауға,
Жолыңды тосып ана жүр.
Қаншама үйдің ұрлап адамын,
Қаншама үйде сөніп қалды оттары.
Көрдің бе ұлын ананың,
Соғыстан қайтқан солдаттар?! – деп майдангер ақын Сырбай Мәуленов жырлағандай, соғыстан қайтқан жауынгер­лерге жәутеңдеген отбасылардың бірі – Айдар Базаровтың жанұясы еді. Айдар асқар таудай әкесі соғысқа кеткенде өмірге енді келген екі айлық бала екен. Қазір ол жеті белестен асып
77-ге келген зейнеткер. Қолында 1943 жылы Курск доғасындағы майдан даласынан жолданған бір хаты ғана сақталыпты. Сағынышын сарғайған хатқа сыйғызған әке тағдырына алаңдаған Айдар іздестіру жұмыстарымен қара танып, қағаз жазуға қолы жеткеннен бастап, жарғақ құлағы жастыққа тимей жарты ғасыр айналысты. Жазған жерлерден «Хабар-ошарсыз кетті» деген жауап келумен болса да төзімінің тауы шағылмай, үмітін үзбей, әлдебір түйсікпен бір хабары шығатынына сенетін. Өйткені әжесі Аққыз, анасы Дабыс пен басқа да жақын туыстары Нармахан Тоққұлыұлы, Серікбек Орынбеков, Айтбай Назарбеков сияқты ағаларының айтқандарына қарағанда, әкесі оқыған, көкірегі ояу, қатарының алды, туған елінің намысын қолдан бермейтін өжет, бауырмашыл, еті тірі азамат болғанын талай рет өз құлағымен естіген.
«Адам өлген күні емес, ұмытылған күні өледі» деген халық даналығы бар. Бүгінгі әңгімеміздің арқауы болып отырған халқымыздың қарапайым, ержүрек ұлдарының бірі – Байгөбес Базаров тірі болғанда биыл 106 жасқа толар еді.
Ол Сарысу ауданы, Маятас ауылында 1912 жылы дүниеге келіп, Жамбыл қаласында жеті жылдық мектепті бітірген соң бұғанасы қатпаса да ауыр еңбекке ерте араласып, №1 нан зауытында қатардағы жұмысшыдан бастап зауыттың директорлық лауазымына дейін көтеріліп, ел үшін тер де төкті, соғысқа аттанып, қан да төкті.
Екінші дүниежүзілік соғыста тағдыры оққа байланып опат болған ағайындарын іздеушілер легі 50 жылда ел жаңарып жатса да, еш толастар емес. Мұның барлығы «Ер есімі– ел есінде» екенінің сөзсіз айғағы. Сол жауынгерлердің бірі кіші сержант Байгөбес Базаровтың жерленген жерін шөбересі Жұлдыз Талғатқызы осыдан екі жыл бұрын ғана ғаламтор арқылы анықтады. Жоқтаумен өткен 75 жылдың нәтижесі осылайша жұбанышқа айналды.
Жауынгер Б.Базаровтың ойсыраған орнын жоқтатпай отбасына бас-көз болып қалған ұлы Айдардың шешімімен өзінің ағасы, осы жолдардың авторы Тілектес, баласы Дархан, немересі Жұлдыз Эстониядағы бауырластар зиратына барып, әке рухына таяуда тағзым етіп қайттық. 2018 жылдың 29 қарашасы күні Силламяэ қаласында қонып, ертесіне Лива – аугу бауырластар зиратына тағзым етуге жолға шықтық. Зират қаладан бес шақырым жерде, тоғайдың ішінде орналасқан екен. Ауа температурасы -11/-12 градус суық, Нарва бұғазынан соққан жел де бет қаратар емес. Қазақ ырымшыл халықпыз ғой, алғашқыда біраз қобалжығанымыз да рас. Атамызбен бірге соғыста шейіт болған 15 мың Кеңес жауынгеріне арнап тұрғызылған құлпытасты тауып, атамыз бен басқа да жауынгерлердің рухтарына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойып, майданнан қайтпаған ерлерді үнсіздікпен еске алып, Құран бағыштадық. Айдардың аманат етіп бізге тапсырған туған жердің бір уыс топырағын Байгөбес атамыздың құлыптасының жанына төгіп, сол жерден бір уыс топырақ салып алдық. Байгөбес ата ұрпақтарының іздеп келгенін сезген сияқты, жат жерде жалтақтаған көңілі Құран даусын естіп, бір аунап түскен шығар деп өзімізді жұбаттық. Бір ғажабы Құран бағыштап болған соң ауа райы да күрт өзгеріп сала берді. Жел басылып, күн шығып, жадырай түсті. Ата мен басқа да жауынгерлерге бас игенімізді арқа тұтып, біз де сергіп, қобалжыған көңіл күй орнына түскендей сезіндік. «Ештен кеш жақсы» деген осы болса керек. Ізін суытпай Силламяэ қаласындағы әскери-тарихи музейге барып, қызметкерлерімен кездесіп, әңгімелесіп, алып келген жәдігерлерімізді музейге тапсырып, Байгөбес атамыз туралы көптеген мағлұматтар алып, іштей қуандық. Музейге батыр ұрпақтарының атынан қолтаңбамызды қалдырдық. «Қош бол, Байгөбес әке. Жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болсын. Жаның жәннатта болғай, ұрпақтарың көбейе берсін!» деп елге оралдық.
«Қуана білгенге құт қонады, бағалай білгенге бақ қонады» дейді дана халқымыз. Егемен елімізде күнделікті болып жатқан күрделі тарихи оқиғаларға қуана білгеніміз, барымызды бағалай біліп, өткен тарихымызды ешқашан ұмытпағанымыз абзал. Бұл Ұлы даланың әрбір перзенті үшін ең киелі парыз, ең қастерлі борыш!

Тілектес ЕРІМПАШЕВ,
ҰҚК-нің Құрметті ардагері,
Сарысу ауданының Құрметті азаматы, запастағы полковник

Leave A Reply

Your email address will not be published.