"Заң және біз"

Ұры алыстан келмейді…

Written by Aray2005

Барымташылар бір жыл ішінде 1 486 бас малды қолды қылған

Дала төсінде төрт түлігін өргізіп отырған киелі Әулиеата өңірі үшін мал шаруашылығы – жұмыспен қамту тетігі әрі табыс көздерінің бірі. Алайда тіршілігін төрт түлікпен тіктеген тұрғындар үшін мал ұрлығының дендей түсуі жанға батып тұрғаны жасырын емес. Жалпы, шалғай жатқан елді мекендердегі ұрлық-қарлық секілді қылмыстардың орын алуының басты себебі – жұмыссыздық пен тұрақты кіріс көзінің болмауы екені айқын. Әсіресе, қазіргідей қаржы дағдарысы жағдайында тұрақты жұмысы жоқ кейбір ауыл тұрғындары барымташылықты кәдімгідей кәсібіне айналдырған.

Бүгінде облыста үш жарым миллионға жуық мал тіркелген болса, оның ішінде 100 235 жылқы, 446 599 ірі қара, 2 938 568 ұсақ мал, 6 429 түйе және 13 170 шошқа бар. Жайбарақат өмірін осылайша малмен жайнатып отырғандардың берекесін кейде сұғанақ қолды барымташылардың алатындығы белгілі. Таң атқаннан күн батқанға дейін малдың күйін күйттеп жүріп, көзден таса болған шақта сол малды ұрылардың үптеп кететіндігі қожалық иелерінің жүрегін ауыртатындығы ақиқат.
Бас прокуратураның мәліметіне сүйенсек, елімізде 2015-2017 жылдар аралығында мал ұрлығына қатысты 21 802 дерек тіркеліп, оның тек 38,4 пайызы ғана ашылған екен. Ал аймақта үстіміздегі жылдың 11 айында
1 486 бас мал ұрланған. Оның 268-і жылқы болса, 246-сы мүйізді ірі қара, 972-сі уақ мал. Осының ішінде қолға түскен күдіктілерді тергеп-тексеру амалдарынан соң 481 бас мал иелеріне қайтарылып берілген. Осылайша мал ұрлығының ашылуы 14 пайызға жоғарылап, ол 51,5 пайызды құраған. Мәселен, Талас ауданына келетін болсақ, үстіміздегі жылдың тоғыз айында 19 мал ұрлығы тіркеліп, ашылуы 81 пайызды көрсеткен. Бұған қарамастан тұрғындарды аудандағы мал ұрлығына қатысты қылмыстың ашылуы көңіл көншітпей отыр. Соңғы төрт жылдың ішінде Талас ауданында 267 жылқы мен мүйізді ірі қараны ұрылар қолды қылған. Өткен жылдың соңы мен үстіміздегі жылдың есепті кезеңінде ауданда 166 жылқы мен 17 бас мүйізді ірі қара ұрланып, оның бүгінге бірде-бірі табылмаған. Бұдан өзге Мойынқұм, Қордай аудандарындағы мал ұрлығына қатысты қылмыстың ашылуы алаңдатарлық күйде. Аталған аудандарда да барымташыларды құрықтауға полиция қызметкерлерінің қауқары жетпей, әккі ұрылар ізін суытып кетуде.
Мал ұрлығына тосқауыл қою мақсатында облыстық полиция департаменті тұрақты түрде жедел алдын алу шараларын өткізіп келеді. Департаментке қарасты криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Мақсат Юсуповтың айтуынша, жыл басынан бері мал ұрлығымен тұрақты айналысып келген 36 адамнан тұратын 15 қылмыстық топ құрықталып, 28 мал ұрлығы ашылған екен. Осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде мал ұрлығына қатысты қылмыстардың ашылуы 14,4 пайызға жоғарылапты. Ауыр санаттағы мал ұрлықтары бойынша 17 қылмыс тіркеліп, оның ішінде 13 қылмыстық іс сотқа жолданса, 6 істің мерзімдері өндіріспен қысқартылып, қылмыстың ашылуы 61,9 пайызды құраған. Бір айта кетерлігі, мал ұрлығының басым бөлігі түнгі уақытта және жайылымда орын алуда екен. Полиция органдарында мал ұрлығына қатысты тіркелген 325 фактінің 122-сінде мал жайылымнан, не болмаса бақылаусыз қалғандықтан қора-жайлардан ұрланған. Осындай жағдаймен ағымдағы жылдың төртінші тоқсанында Талас ауданында 12 бас, Қордай ауданында 30 бас және Т.Рысқұлов ауданында 12 бас жылқы жоғалып табылған көрінеді. Ал осы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша жоғалған малдың табылуы себебінен 110 қылмыстық іс қысқартылған. Ендігі кезекте жайылымда малды қадағалаусыз қалдырмас үшін «малшы – мал иесі – жергілікті атқарушы органдар» қағидасы бойынша үш жақты келісімшарт жасасу туралы эксперименттік жоба енгізіліпті.
– Ағымдағы жылдың қараша айында облыстық полиция департаментінің ғимаратында көршілес орналасқан Қырғыз Республикасының Шу және Талас аймақтарының ішкі істер өкілдерімен кездесу өткізіліп, мал ұрлығы қылмысын алдын алу бойынша кешенді жоспар құрылып, бірлескен меморандумға қол қойылды. Сонымен қатар облыс аумағында мал сойып сататын 55 орын және мал етінен шұжық дайындайтын 23 цех жұмыс жасайды. Осы объектілерде және Меркі ауданындағы мал базарында бейнебақылау камераларын орнатуға ықпал жасау үшін жергілікті атқарушы органдардан сұраныс жасап отырмыз, – дейді М. Юсупов.
Бүгінде облыс аумағында 6 мал базары бар болса, олардың екеуі Жамбыл және Меркі аудандарында орналасқан. Осы базарлардың жұмыс күндері жаяу патрульдер мен мобильдік топтар, алдын ала бекітілген бағытпен кестеге сәйкес жұмыс жасайды. Бұдан өзге мал ұрлығының алдын алуда негізгі күш ауылдық жерлердегі учаскелік полиция инспекторларына түсетіндігі бесенеден белгілі. Олар ауыл арасындағы кімнің малы қалай жайылып, кімнің күдікке ілінетіндігіне дейін бес саусағындай біледі. Мәселен, Талас ауданы Ақкөл ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы Асхат Қаулыбаевтың айтуынша, жеке тұрғын үйлерде мал ұрлығы сирек кездессе, есесіне шаруа қожалықтарында жиі орын алады екен. Ал ондағы ұрлыққа көбінесе мал иесі сенім білдірген бақташылар кінәлі болып жататын көрінеді. Сондықтан учаскелік полиция инспекторы қожалық иесі бақташыны жұмысқа аларда ауылдық немесе аудандық әкімдікке тіркеуге қою туралы ұсынысын жеткізді. Осылайша жұмысқа тұратын бақташы туралы мәліметтер алдын ала алынып, оның бұрын-соңды мал ұрлығына қатысы бар-жоқтығы зерделенбек.
Расында, құзырлы орган өкілдерінің тарапынан мал ұрлығының алдын алу мен орын алған қылмысты ашу бойынша барынша шаралар жасалуда. Дегенмен, кейбір сәттерде олардың жұмысы сынға да алынуда. Тіршілігін түлікпен байланыстырып, мал асырап отырған ауыл азаматтарының бірі, Талас аудандық мәслихат аппаратының жетекшісі Сабырғали Рысбаев аймақта мал ұрлығына қатысты қылмыстың ашылу пайызының жоғары көрсеткіш көрсетіп отырғанына сенбейтіндігін айтады. Өйткені өзі осы жылы 16 бас мүйізді ірі қараны ұрлатып, әлі күнге таба алмай отыр екен. Тергеу амалдарының дұрыс жүргізілмегенін алға тартқан ол сол ұрлыққа қатысы бар деген күдіктіден де, малшыдан да түсінік алынбағанын күйіне жеткізді.
– Бүгінде халықтың негізгі күнкөрісі – мал шаруашылығы. Біреудің 20 бас, ал енді екіншінің 35 бас жылқысын ұрылар айдап кетіп жатыр. Алайда олар табылмауда. Шаруа адам «бір малым екеу, екі малым төртеу болса» дейді. Ал оны үйінің қасына арқандап қойған жерінен ұры қолды қылып кетеді. Полиция шақырса, олар «өрістен ұрланды» деп жаздырып алады. Ол арыз тіркелмейді екен. Елдің бәрінің заңгер емес екендігі белгілі. Ұрыны да өзіміз ұстап берсек қана соттайды. Соттағанмен не пайда? 7 жылға кесілген ол адам екі жылдан кейін босап келеді де, қайтадан ескі әдетіне басады. Ұрының сырттан келмейтіндігі шындық. Осы арада олар заң адамдарымен сыбайласып алған ба деген де ой келеді. Өткен жылы С.Шәкіров ауылында екі ағайынды жігіт Кеңес ауылынан бір үйір жылқыны айдап келіп, есік алдында жүк көлігіне басқан. Оны Байзақ ауданының полиция қызметкері бастап жүріпті. Соңынан жылқылардың иелері қуып жеткенде де оларды сол полиция қызметкері келісімге келуге шақырыпты. Сонда біз кімге сенеміз? Менің Талас ауданындағы полиция қызметкерлерінің жасап отырған жұмысына көңілім толмайды, – дейді ашынған Сабырғали Әбдірахымбайұлы.
Шынында да мұндай жағдай қарапайым халықтың құқық қорғау органдарына және мемлекеттік билікке деген сенімін жоғалтады. Сондықтан осы мәселені шешу үшін еліміздің полиция, сондай-ақ барлық уәкілетті және жергілікті атқарушы органдарының өкілдері өз жұмыстарын жүйелі түрде қайта үйлестіріп, дер кезінде кешенді шараларды қабылдаулары керек-ақ.

Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ

ПІКІР