Ұрылар өрісті қойып, қораға түсуде

«Қызылшатырдағы» шаруаларды қан қақсатқан барымташыларға қашан «тұсау» салынады?

0 124

Жуалы ауданының Билікөл ауылдық округіндегі Қарабастау ауылы маңындағы Қызылшатыр мал жайылымын қоныс еткен бір топ шаруа мал ұрлығы тыйылмай тұрғанын айтып, редакциямызға қайырыл­ған еді. Атакәсіппен айналысып, жан бағып отырған шаруа қожалық иелерімен арнайы жолығып, тілдескенімізде көкейлеріндегі күмәнді ойларымен бөлісті.

Мәселен Малдыбай Үмбетбаев, Дастан Алмереков, Сапарғали Лұқманов есімді азаматтар: «Біздің малымызды өз ішімізде біреу сыртқа шығарып беріп жүр. Ал оны біреу «крышевать» етіп жүруі мүмкін. Өйткені ұры ұсталмайды, ұрланған малдың бірде-біреуі табылмай, ұшты-күйлі жоғалады. Бүгінде біріміз біреудің малшысына, біріміз көршісіне күдікпен қарап күн кешіп жатқан жайымыз бар», – деп қынжылды.
– 2019 жылдың 12 тамызында ұрылар есік алдындағы екі жылқымды айдап әкетті. Ары шапқылап, бері шапқылап, ақыры таппадық. Полиция қызметкерлері де қауқарсыздық танытты. Енді міне, 5 ақпан күні түнгі сағат 22:30-бен 23:05 аралығында қорамдағы айғырымды өзімнің жүгенім мен ертоқымымды салып, мініп кетті. Бірден 102 нөмірін теріп, полицияға қоңырау шалдым. Сол кезде аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел келгенде ұрыны ұзатпай ұстауға болар еді. Себебі бордақыда тұрған айғырымды түнгі сағат 22:30-да көргенімде тұрған. Артынша көлігіме мініп, іргедегі ауылыма барғанда малшыларым айғырдың ұрланғанын айтып қоңырау шалды. Ертесіне полицилер келіп, бізден, малшымнан сұрақ-жауап алды, бірақ із кесіп, итпен іздеген жоқ. Өзім соңына түсіп көріп едім, ұры үйден ұзай бере тастақ жермен жүріпті. Ары қарай ізінен жаңылдым. Бұл жөнінде аудандық полиция бөлімі мен прокуратураға да шағымданғанмын. Ауылдағы учаскелік полиция қызметкері бір өзі қай жағына жетеді. Сондықтан аудандық полиция бөлімі әлі де болса жұмылып, қылмыстың ізін суытпай ашса екен. Бұрнағы жылы жоғалған екі жылқымды қоса есептегендегі бағасы – 1 миллион теңге. Ал қолды болған айғырым сол екі жылқының құнына татитын болғандықтан бас-аяғы 2 миллион теңгеге зардап шегіп отырмын, – деген Дастан Алмереков баукеспе ненің қай жерде тұрғанын күні бұрын білгенін және өзі ауылға кеткен жарты сағаттың ішінде арам пиғылын жүзеге асырып үлгергеніне күйінді. Сондай-ақ шаруа жау алыстан келмегенін, ағайынды Константин мен Евгений Суржиковтың сенімді малшы екенін, байлауда тұрған айғырына көзі түскен көршісінен күдіктенетінін жайып салды.
– 2019 жылдан бері мұнда 4 рет мал ұрлығы орын алды. Осында 6 шаруа қожалық бір-біріне өте жақын орналасқан. Екі қожалық қой өсірумен айналысса, төртеуі жылқы бағып отыр. Негізінен ұрылар ірі қара өсіретін төрт шаруашылықтың ішінде тек үшеуміздің жылқымызды ұрлауды кәсіпке айналдырды. Есік алдындағы, қорадағы жылқыларға ұмыттырып барып қол салуды әдетке айналдырғандар осы уақыт аралығында үш шаруашылықтан бас-аяғы қырыққа жуық жылқы ұрлады. 2019 жылы менің бес жылқымды айдап әкетті. Малымды полиция қызметкерлерімен бірге бір ай іздеп, түк шықпаған соң үмітімді үздім. Жоғалған жылқының барлығы да көз алдымызда ұрланып отыр, – дейді «Айман» шаруа қожалығының мүшесі Сапарғали Нұрзуллаұлы.
Ал «Данияр» шаруа қожалығының төрағасы Малдыбай Үмбетбайұлы өткен жылдың 29 мамырында есік алдынан тайлы-таяғымен 31 бас жылқысын барымташылар қолды еткенін айтады. Қанша жерден сақ жүрміз десе де, ұры-қары қапысын таппай қоймапты.
– Сол күні полицияға хабарласып, жан-жаққа адам шаптырғанымызбен мұнымыздан түк шықпады. Екінші күні түнде Жамбыл ауданының Бесжылдық ауылы маңындағы жол бойында жылқыларымды «КамАЗ» ауыр жүк көлігі қағып кетіпті. Ал ертеңіне сол жақтағы көкпаршылар малымды өздерінің «WhatsApp» желісіндегі ортақ чатына салыпты. Хабарды сол арқылы алдық. Оқиға орнына барғанда 2 құлын мен 5 биемді көлік қағып, өлгенін көрдім. Тағы алтауы тірі болғанымен, үйірге ілесе алмай сол жерде қалып қойған екен. Ал қалған 13 жылқы содан бері ұшты-күйлі жоқ. Оны құқық қорғау органының қызметкерлері іздеп жатқанына да күмәнім бар. Әйтпесе малды көлік қаққаннан кейін ары қарай індете түссе, табуға болар еді ғой. Орта есеппен құны он миллион теңге болатын малымнан айырылып отырмын. Бұл ұйымдасқан қылмыстық топтың ісі ме деп ойлаймын. Өйткені ол кезде төтенше жағдайға байланысты карантиндік талаптар өте қатаң еді. Сөйте тұра жылқыларымның көрші аудан арқылы қыр асырылуы ақылға сыймайды, – деді М.Үмбетбайұлы.
«Мал ашуы – жан ашуы» дейді қазақ. Қарабастаулықтардың уәжі орынды. Себебі қысы-жазы соңында жүріп, адал еңбекпен тапқан малын ұрылар өрістен емес, дәл есігінің алдынан, қорасынан ұрымтал сәтті пайдаланып айдап әкетіп отырса, шаруалар ашынбағанда қайтсін?! Шағымданушылардың айтуынша, құқық қорғау органдарына олар қанша арызданса да, әлі күнге дейін мұнда орын алған бірде-бір қылмыс ашылмапты.
Жалпы, Қызылшатыр мал жайылымындағы жылқы ұстайтын 4 шаруашылықтың ішінде ұрылар неге біреуінің ғана малына тиіспейді? Мүмкін, ол өз-өзіне шынымен де сақ шығар. Өйткені ұры да қасқыр секілді қамсыз отырғанды қапы қалдыратыны анық. Бірақ сырттағы бейтаныс адам өзге біреудің қорасында бордақы айғыр бар екенін қайдан білсін? Біз осы сауалдарға жауап іздеп ауылдық округ әкімі Талғат Әміралиевке хабарласып, учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Бақыт Альменбетовпен жолықтыруды сұрадық. Алайда ол күні мұның реті келмеді. Десе де аталған ауылдық округтің учаскелік полиция инспекторына араға бір-екі күн салып қоңырау шалғанда тілдесудің сәті түсті.
– Біз жақта 102 фазенда бар. Барлығы да бір-бірімен көршілес. Соның ішінде Қызылшатыр мал жайылымындағы аталған 6 фазендаға қатысты мәселені айтатын болсақ, ұрыға жем болғандар, біріншіден, өз малына тиянақты қарамайды. Өріске жібере салып, аптасына бір-екі мәрте ғана түгендейді. Ондағы жақында ұрланған айғырдан басқасы түгел өрістен жоғалып отыр.
Негізінен шаруа қожалық иелері малшы ретінде жұмысқа кім болса соны қабылдайды. Оның көбісі бұрын сотты болғандар. Дастан Алмерековтің де малшысы бұрын сотты болған. Заң бойынша шаруа қожалық иелері малшыны жұмысқа аларда оны учаскелік полиция инспекторлары арқылы тіркеуге тұрғызып, бұрын істі болғаны, болмағанына көз жеткізуі керек. Сондай-ақ малшы ойдан-қырдан қашқан емес, отбасылы болуы қажет. Жұмыс беруші малшымен келісімшартқа отыру арқылы еңбекақы төлеуге міндетті. Ал бұл талапты көбіне мал иелері орындай бермейді. Соңынан зардап шегеді.
Менің осы ауылдық округке инспектор болғаныма бар-жоғы екі-ақ жыл болды. Маған дейін бірде-бір қылмыс ашылған емес. Ал мен талай қылмысты әшкереледім. Тіпті 2012, 2014 жылы жасалған қылмыстар да ашылды. Мысалы, ауылдық округ бойынша 2019 жылы 4 мал ұрлығы тіркеліп, соның екеуі ашылды. 2020 жылы тіркелген 6 қылмыстың барлығы ашылса, биыл Б.Алмерековтің бір айғыры ұрланып, іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оны да көп ұзатпай табамын деген үмітім бар, – деді Бақыт Еділханұлы.
Жалпы облыста 2019 жылы тіркелген 254 мал ұрлығының 194-і, былтыр тіркелген 191 қылмыстың 104-і ашылыпты. Жуалы ауданы бойынша 2019 жылы орын алған 22 мал ұрлығының 12-сі, өткен жылғы 16 қылмыстың жетеуі ашылған екен. Облыс және аталған аудан, ауылдық округ бойынша ашылған қылмыстар саны көңіл көншіткенімен, қызылшатырлықтардың малы неге табылмай отыр? Шаруаларды толғандырып отырған осы сауал.
Негізі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен мал ұрлығы қылмыстың ауыр санатына ауыстырылғанда жұрт қылмыстың осы түрі азаяды деп сенгені анық. Алайда қарабастаулық шаруалар өздеріне қырғидай тиген ұрыны қатайтылған заңнан именетін адамның ісі емес дегенді айтып отыр.
Расында, жоғарыда аталған заңның 188-1-бабында мал ұрлау, яғни бөтеннің малын жасырын жымқырғандардың мүлкі тәркіленіп, үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл төлейтіні, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына жегіліп немесе бес жылға дейiнгі мерзімге бас бостандығы шектелетіні, не сол мерзімге бас бостандығынан айырылатыны атап көрсетілген. Алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған, ірi мөлшерде жасалған мал ұрлығы үшін қылмыскердің мүлкi тәркiленiп, үш жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айырылатыны да айтылған. Бірнеше рет тұрғын үйдің, кәсіпорынның, ұйымның, мекеменің, мал қораның, қашаның немесе өзге де қойманың ауласына кiрумен жасалған мал ұрлығы үшін айыпталушының мүлкi тәркiленіп, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге сотталады екен. Осындай жаза барда қызылшатырлық шаруаларды қан қақсатып жүрген баукеспе кім болды екен? Мұны енді құзырлы орган анықтай жатар. Біздің міндетіміз – мал иелерінің базынасын тиісті тарапқа жеткізу.

Нұрым Сырғабаев,

Жуалы ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.