Қоғам

Ұшты, ұшты, пакет ұшты…

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асырудың маңызы зор. Бүгінгідей бәсекелестік заманында шағын және орта бизнес субъектілерінің санын көбейтудің де өзектілігі айрықша. Негізгі он саланы қамтитын құнды құжаттың «Ресурстық әлеуетті одан әрі дамыту» атты бағытында Президент: «Өңірлердің әкімдері шағын және орта бизнес субъектілерін кеңінен тартып, тұрмыстық қатты қалдықтарды заман талабына сай утилизациялау және қайта өңдеу үшін шаралар қабылдау керек» деп көрсеткен болатын.

Бүгінде қоршаған ортаны ластайтын тұрмыс­тық қатты қалдықтар қай өңірде болсын үлкен мәселе ретінде күн тәртібінен түспей келеді. Олар айналамызда адам аяқ алып жүре алмастай ыбырсып жатқанымен қоймай, жер бетінде зиянды заттардың жинақталған массасы ретінде топырақ жамылғысына, өсімдіктерге, жер үсті және жер асты суларына зиянын тигізуде. Қоқыстарды өртегенде атмосфераға өте көп улы заттар бөлініп, тыныс жүйесі аурулары мен репродуктивті және иммундық жүйелердің ауытқуларына әкеліп соғатынын ғалымдар дәлелдеген. Сөйте тұра, мұндай қалдықтардың 97 пайызы дәл қазір алдын ала сұрыпталудан өтпей, санитарлық стандарттарға сай келмейтін қоқыс алаңдарына шығарылуда. Ал, еуропалық елдерде қоқыстың 80 пайызы қайталама шикізат ретінде пайдаланылып, табыс көзіне айналып келеді. Біздің елде бұл бағытта жұмыстар енді-енді қолға алынып жатыр. Бүгінде ауданда тұрмыстық қатты қалдықтарды шығарумен 10 мекеме айналысуда. Атап айтсақ, «Зауырбекова», «Тазалық», «А.Момбаев», «Баймұхамбетов», «Бибекова», «Береке құрылыс Тараз», «Эльдар и Ко», «Е.Өмірзақов» атты жеке кәсіпкерлер мен «Алди иК» және «Байзақ таза ауыл» жауапкершілігі шектеулі серік­тестіктері қоқыстарды жинап, «Алди и К» ЖШС-ның полигонына тасымалдайды. Полигон Сарыкемер ауылынан үш шақырым жерде орналасқан. Үш гектар жерді алып жатқан полигонда қалдықтар бөлек сұрыптаудан өткізіліп, қайта өңдеуге жіберіледі. Десе де, полиэтилен пакеттер көп жағдайда қайта өңдеуге келмейді. Сондықтан, «пакет» деген пәлекеттен құтылу оңай болмай тұр. От қойсаң бықсып, толық жанбайды. Жана қалса иісі адам тұншықтырады.
Жалпы, полиэтилен пакеттің зиянын зерделеген кейбір мемлекеттердің ішінде Дания, Франция елдері мен көршілес жатқан Өзбекстан Республикасы пластик пакеттер мен ыдыстарды қолдануға тыйым салуда. Сондықтан, біздің елімізде де бұл мәселе қолға алынып, полиэтилен пакеттер қолданыстан шығарылса, бұдан ұтпасақ, ұтылмасымыз хақ. Және өңірде тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу қарқынды жүргізілсе, жұрт риза болады.

Сәбит АЙТБАЕВ,
Бәйтерек ауылдық ардагерлер
кеңесінің төрағасы,
Байзақ ауданы

ПІКІР