Ұшты, ұшты сағат ұшты…

0 0

немесе жоғалған сағатты іздейтін жан бар ма?

Өткен жылы облыс орталығында талай нысандар бой көтеріп, көне Тараздың көркіне көрік қоса түскені белгілі. Биыл да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, жаңаша жаңғырған шаһардағы шығыстық сәулет үлгісіндегі ғимараттардың саны арта түсті. Алайда осы құнды дүниелерді құнттап қарауда қалқып отырмыз. Олай дейтініміз, ақпан айында «Жастар» аллеясында ғайыптан жоғалып кеткен сағат әлі күнге орнына қойылмады.

Күнделікті жұмысқа бара жатқанда көпшіліктің назарына бірден ілігетін сағаттан көз жазып қалған жұртшылық сол сәтте шулап қалған. Ал Тараз қаласы әкімдігі «Жастар» аллеясындағы сағат жел тұрған кезде ұшып кеткендігін, бірақ көп ұзамай жөнделіп орнына қойылатындығын алға тартып, бұқараға басу айтқан болатын. Алайда сол уақыттан бері арада алты ай өтсе де сағат әлі күнге өз орнына қойылмады. Бұның себебін білмек мақсатта Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын-жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөліміне хабарластық.
– Бұл жағдай бөлімге мен басшы болып келгенге дейін болғандықтан толық ақпаратты білмей отырмын. Алайда мен мамандарға тапсырма беріп, бұл мәселені жіті зерделетемін. Желден ұшқаннан кейін сағаттың бұзылғаны анық. Алайда алты айда жөндеп бітірулері керек еді. Неге кешігіп жатқанының себебін біліп, сіздерге қосымша хабардар етемін, – дейді бөлім басшысы Зият Тұрсынұлы.
Жауапты маманнан осындай жауап естігенде еріксіз езу тартық. Себебі Зият Тұрсынұлын бөлім басшылығына өткен жылы қаланың бұрынғы әкімі Қайрат Досаев алып келген болатын. Ал сағат саябақтан ағымдағы жылдың ақпан айында «жоғалып» кетіп отыр. Сонда бөлім басшысы «Бұл жағдай менің бөлімге басшы болып келгенге дейін болған» деп нені айтып отыр? Әлде жауаптан жалтарудың ең жеңіл жолы осы деп, ойына келгенін айта салды ма?
Жұмысқа деген мұндай жауапсыздық жақсылыққа апармайтыны анық. Бұны Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев жіті назарға алады деп сенеміз. Әйтпесе, күні ертең сағат емес, одан да құнды дүние жоғалып жатса, «мен келгенге дейін болған» деген сылтаумен алты ай бойы қарап жатамыз ба? Негізі осы «маған дейін болған» деген дүниені қою керек. Басшылық қызмет берілді ма, «бұрын-қазір» деп бөле жармай, барлық мәселені бақылауға алған абзал.
Ал ең қызығы – алты айда қолынан іс келетіндер мектеп тұрғызып тастап жатқанда, Тараз қаласы әкімдігі бір сағатты жөндей алмай жатқандығы таңқалдырады…

Саян ТІЛЕУЖАН,
Тараз қаласы

Leave A Reply

Your email address will not be published.