Ұстанымы биік ұстаздар шежіресі

0 30

«Бір әріп үйреткен жанға қырық күн сәлем бер» дейді халық даналығы. Расында, бар мамандықтың анасына айналған ұстаздық жолдың бейнеті мол. «Инемен құдық қазғандай» игі істің исі қазақ баласы үшін қажеттілігі ауадай. Осы жолда талай жылдан бері табан аудармай еселі еңбек етіп келе жатқан ұлағатты жандардың қатарында әулиеаталық ұстаздар да аз емес. Таяуда сол өнегесі өшпес өңір ұстаздарының шежіресін жинақтаған «Білімнің жаққан шырағын» атты кітап жарық көрген болатын. Салмағы атан түйеге жүк болатын жаңа жинаққа аймақтағы 430 ұстаз енсе, алдағы бірер айда көлемді кітаптың екінші бөлімі қалың оқырманға жол тартпақ.

Бүгінгі қоғамның, жалпы адамзаттың жеткен әрбір жетістігінің түп-тамыры ұлағатты ұстаздардың інжу-маржандай маңдай терінен нәр алып жатқандығы айтпасақ та түсінікті. «Ғалым да, шахтер де» бас иетін осынау ғаламат жандардың есіл еңбегі ешқашан ұмытылмайды һәм қашанда қадірлі құрметке лайық. Еліміз тәуелсіздік алған отыз жылдың ішіндегі алған асулары мен бағындырған белестері де ұстаздар ұстанымының биіктігін айғақтап тұр. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің бір сөзінде «Құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді», десе, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ұстаз – әрқашан ілім мен ізгілікті алға қоятын тұлға. Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу – аса жауапты әрі күрделі жұмыс… Жеті түрлі ілім білетін ұрпақ тәрбиелеу – осы күннің негізгі міндеті», деп педагог мәртебесін арттыруға іс жүзінде басымдық берді. Негізі адалдық, өзегі жауапкершіліктен қалыптасқан ұстаздық саладағы майталмандардың еңбегі ерлікпен пара-пар. Осы ретте өңірден шыққан әрбір ұстаздың өнегелі жолын, жемісті жетістіктерін жіпке тізіп, арнайы білім саласындағы шежірені қолға алған аймақтағы педагогикалық басылым «Білім шырағы» газеті редакциясы «Білімнің жаққан шырағын» атты көлемді жинақты жарыққа шығарды. Кітапқа әр аудандағы саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнап, өмірден өтіп кеткен һәм бар білгенімен бөлісіп, оқушыларды ілім нұрымен нәрлендіріп жүрген 430 ұстаз еніпті. Жинақты шығару идеясының авторы, «Білім шырағы» газетінің директор-бас редакторы Райхан Бостанова жинаққа қамтылмай қалған ұстаздар тамыз айында жарық көретін екінші жинаққа енетінін айтып отыр.
– Ұстаз өзі жанып қана қоймай, өзгелерге де жарық сыйлайтын шамшырақ. Адам өмірінің жол көрсетер бағдары, бет түзейтін құбыласы десек те болады. Алайда әлемнің небір ғажап сөздерін жинасақ та «өзгенің бақытын аялап, өзінің уақытын аямайтын» мұғалімдердің шынайы бағасын бере алмаспыз. Бүгінде еңбегімен еленіп, абыройдың ұшар биігінен көрініп, ұстаз деген ұлы атқа кір келтірмей жүрген аяулы жандар баршылық. Жарыққа шығып отырған облыстық педагогикалық антологияның да басты мақсаты – осындай тұлғаларды көпшілікке таныстырып, ғибратты ғұмыр жолын өзгелерге үлгі ету. Менің бұл жинақты шығару идеясын жүзеге асырудағы алға қойған ұстанымым дәл осы. Энциклопедиялық сипаттағы антологиялық жинақтың тақырыбы да ұстазға берілген лайықты сипаттама. Жинақты жарыққа шығару идеясы облыстың 80 жылдық мерейтойымен орайлас еді. Сәті енді түсіп отыр. Олай дейтінім, облыстық «Білім шырағы» газеті 20 жылдан аса оқырмандарын білім саласындағы ақпараттармен сусындатып келеді. Газетіміздің «Облыс педагогтарының антологиясы» айдарымен беріліп тұрған бұл материалдар оқырмандардың тарапынан жоғары бағасын алып, қолдау тапты. Осылайша көпшіліктің сұранысымен кітап жарық көрді. Мәселен еліміз бойынша ең бірінші Қазақстанның Еңбек Ері атанып, омырауына «Алтын жұлдыз» айрықша белгісін таққан Аягүл Миразова да мұғалім. Ұстаздық жолын өзі туып-өскен Жуалының Билікөл өңірінде бастаған. Біз сондай тұлғалар арқылы мәртебелі мамандықты насихаттаймыз.Сондықтан үлкен-кішісіне қарамай, осы салада сіңірген еңбегі, жинақтаған мол тәжірибесі бар мұғалімдердің барлығын да қамтуға тырыстық. Бірақ толық қамти алмадық. Дегенмен қазіргі таңда аудандық білім бөлімдерімен тығыз әріптестік байланыс орнатып, қалып кеткен ұстаздардың деректерін жинақтап жатырмыз. Бұйыртса, көпшіліктің сұранысы бойынша ағымдағы жылдың тамыз айына дейін аталған жинақтың екінші бөлімі оқырманға жол тартпақ,– дейді Райхан Бостанова.
Өңір ұстаздарының антологиясында саналы ғұмырын салаға арнаған мұғалімдердің өмірбаяндары, жетістіктері мен қызметтері жайлы материалдар қамтылған. Олардың арасында білім саласының қайраткерлері де, мақтаныштары да, бүгінгі майталмандары да бар. Бір сөзбен айтқанда, көлемді жинақтан ұстаздық жолдағы ұрпақ сабақтастығын көруге болады.
– Жиырма жасымда Қазақ ауылындағы Мұхтар Әуезовтің есімін алған орта мектепке педагог болып жұмысқа кірдім. Содан бері осы мектепте табан аудармай еңбек етіп келемін. Мектебіміз сонау 1961 жылы «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп өшпес өнегелі өсиет қалдырған халқымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің есімін алған. 2007-2016 жылдар аралығында осы мектепте директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет еттім. Ал 2016 жылдан бері директор болып еңбек етудемін. Мектепте қазір 197 оқушы білім алуда. Қазақ ауылында бас-аяғы 150 түтін болғандықтан жыл сайын он түлек алтын ұямыздан қанат қағады. 2017 жылы шағын мектеп директорлары арасында өткен облыстық және республикалық байқаулардың жеңімпазы атандым. Сонымен қатар мектебіміз «Үздік шағын мектеп» аталымы бойынша 1 миллион теңгенің сертификатын иеленген болатын. Мектебіміз шағын болса да алға қойған мақсаттарымыз үлкен. Бағындырар белестеріміз де аз емес. Осы ретте саладағы 27 жылдық еңбегімнің бір көрінісі таяуда жарыққа шыққан «Білімнің жаққан шырағын» атты жинаққа енгені тағы бір жігерлендіріп, ынтамызды арттырып тастады. Өңірімізде сүбелі еңбек еткен аға буын өкілдерімен бірге осынау жауапкершілігі жоғары салада із қалдырып, энциклопедиялық антологияға ену маған да, әріптестеріме де үлкен мәртебе деп ойлаймын. Ендігі басты мақсат, міндетіміз де сол артылған сенім мен құрметке лайықты еңбек ету. Осындай бастаманы қолға алып, еңбегімізді елеп, ескерген облыстық «Білім шырағы» газеті редакциясына айтар алғысым шексіз,– дейді Т.Рысқұлов ауданындағы М.Әуезов атындағы тірек мектебі (ресурстық орталық) директоры Мәдина Сәрсенова.

Облыс орталығынан бастап, әрбір аудандағы ұлағатты ұстаздардың ғұмырнамасын топтастырған жинақ алматылық «Үш қиян» баспасынан 500 данамен жарық көрген. Алдағы уақытта екінші бөлімі әзірленіп бітсе, ол да оқырман қауым үшін өңір ұстаздарының құрметіне арналған риясыз рухани ескерткіш, ұрпаққа жаназық болмақ.

Нұржан Қадірәлі

Leave A Reply

Your email address will not be published.