"Шамшырақ"

Ұстаз беделі – өркениет өлшемі

Written by Aray2005

Мемлекеттің еңбек қатынастарын жетілдіру қызметіндегі негізгі әріптестерінің бірі – кәсіподақтар. Бүгінгі күні қоғамда қалыптасып отырған әлеуметтік-экономикалық жағдайға байланысты педагог қызметкерлердің, бір қоғамдық ұйымға біріккен білім және ғылым саласының өзге де санаттағы қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын, заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауда, олардың мәртебесін арттыруда кәсіптік одақтардың алатын орны ерекше болуы тиіс.

Үстіміздегі жаңа оқу жылының басында жолданған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауы кәсіподақтардың мақсат-мүддесімен үндестік табуда. Жамбыл облысының кәсіподақ активі Президенттің тұрғындардың тұрмыс сапасын көтеруге ықпал ететін нақты басымдықтары мен бастамаларын қызу қолдайды. Жаңару әрі жаңғыру процесіне белсенді түрде қатысып, еңбек адамы құқығының сақталуына барлық күш-жігерін салатын болады. Президент тапсырмалары мен осыған дейін салада жүргізіліп жатқан ауқымды өзгерістер білім беру қызметіне жаңаша серпінмен қарауды және қол жеткізген табыстарды бағалай отырып, педагогтардың іс-әрекетін жаңаша тұрғыда ұйымдастыруды көздейді. Елімізде қабылданатын «Педагог мәртебесі туралы» заң да қоғамдағы ұстаздардың мәртебесін өсіру бағытындағы нақты шара болмақ.
Осы ретте кәсіподақтар жаңару процесіне белсенді түрде қатысып, еңбек адамының құқығының сақталуына барлық күш-жігерін салатын болады.
Білім және ғылым қызметкерлерінің республикалық салалық кәсіподағының өңірлік деңгейдегі ірі әрі біртұтас мүшелік құрылымдарының бірі – облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы.
Облыстық салалық ұйымға 14 филиал, 799 бастауыш ұйым арқылы 68 мыңнан аса білім және ғылым саласының әр санаттағы қызметкерлері біріккен.
Салалық кәсіподақ өз қызметінің ішкі жұмыс жағдайына, оның ішінде кадр құрамына, әлеуметтік әріптестікті жетілдіруге, кәсіподақтың құқықтық қызметінің пәрменділігін арттыра түсуге, кәсіподақ активі мен одақ мүшелерінің кәсіби біліктілік деңгейі мен құқықтық сауатын көтеруге, кәсіподақ мүшелігіне ынталандыру шараларының тартымды бола түсуіне, ақпараттық жұмысты жақсартуға күш салады.
Облыстық ұйым мен облыстық білім басқармасы сала өкілдерінің еңбек қатынастарын реттеумен байланысты мүдделерді бір арнаға тоғыстырудың тиімді тәжірибесін жүргізіп отыр. Әлеуметтік әріптестік жөніндегі облыстық келісімдер мен ұжымдық шарттар арқылы біз жеке еңбек дауларын шешу жөніндегі пәрменді келісу комиссияларын құрып, жұмыс берушінің қандай да бір актілерін қабылдауда кәсіподақ органдарының келісімін немесе дәлелді пікірін алу тәртібін белгіледік. Педагог қызметкерлердің жұмыс және демалыс уақытының режимдерін анықтап, еңбек қорғау шараларын қаржыландыруға еңбекақы қорының 1 пайызын бағыттауға қол жеткіздік. Сала қызметкерлерінің декреттелген топ өкілдерін дәрігерлік тексеруден тегін өткізу мәселесін түбегейлі шеше алдық.
Бірлескен әрекеттер нәтижесінде мүшеліктегі барлық қызметкерлер ұжымдық шарттар арқылы қосымша кепілдіктермен қамтылып, саланың 23 мыңнан аса қызметкеріне құқықтық кеңестер мен көмек көрсетілді. Негізсіз кем төленген, заңсыз ұсталып қалған, қате есептелген жалақы және өзге де олқылықтарды жою мен алдын алу арқылы 574 миллион теңге қаражат сала өкілдеріне өндіріліп берілді.
Қалыпты дамып келе жатқан қоғамдық қатынастардың кәсіподақ ұйымдарына да жаңа талаптар қоюын жіті сезініп, кәсіподақтық оқыту сапасын арттыру, оның сала өкілдерінің қажеттіліктері мен сұраныстарына сай болуын оқыту мен ақпараттық саясаттың басым бағыттарының біріне айналдыруға бетбұрыс жасалуда. Тек соңғы үш жылда облыстық деңгейдегі оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен 1 республикалық,
2 аймақаралық, 50 стационарлы, 56 көшпелі семинарлар мен кеңестер ұйымдастырылып, онда 20 мыңға жуық сала қызметкері мен жұмыс берушілер өкілі кәсіподақтық оқумен қамтылды.
Облыстық ұйым 2015 жылдан бастап сала өкілдері үшін республикалық басылым мәртебесіндегі «Еңбекші» атты өзінің төл газетін шығаруда. Бүгінде айына екі рет жарыққа шығып отырған бұл газет оқырмандардардың тиісті сұранысына ие болып отыр. Кәсіподақтың облыстық ұйымының назарынан жастардың қоғамдық өмірге атсалысудағы белсенділігін арттыру, олардың қоғамдағы алатын орнын айқындау, әлеуметтік ахуалдарын көтеру сынды мәселелері тыс қалмайды.
Әлбетте, облыстық ұйым мен оның барлық құрылымдық бөлімшелері есепті мерзімде сала еңбеккерлерінің тынығуы, демалысы мен бос уақытын қызықты да мазмұнды өткізу, рухани дамуына, кәсіби шеберлігінің ұшталуына назар аудару ісін де күн тәртібінен түсірген жоқ. Осы ретте білім және ғылым саласының барша өкілдері арасында дәстүрге айналып, өнер мерекесі атанған «Тәуелсіз елдің ұлағатты ұстаздары» атты фестиваль, дене шынықтыру мен спортты насихаттау мақсатында спартакиадалар, кәсіподақтық турнирлер, «Ең үздік кәсіподақ көшбасшысы», «Ең үздік бастауыш ұйым», «Сала үздігі» сынды кәсіби шеберлік байқаулары, «Менің Қазақстаным!» атты патриоттық әндер мен кәсіподақтық жыр сайыстары жоспарлы түрде өткізіліп отырды. Осы орайда 2015 жылы өткен «Ең үздік кәсіподақ көшбасшысы» республикалық байқауында Жамбыл облысынан жолданған үміткер Ақсәуле Каримбекова еліміздің барлық аймағынан қатысқан 16 үміткердің ішінен бас жүлдені жеңіп алғаны да кәсіподақ қауымдастығының есінде.
Басты әлеуметтік әріптес – білім басқармасымен бірлесе отырып, жаңа оқу жылының басталуы мен Ұстаздар күні кәсіби мерекесі қарсаңында жыл бойы жоғары көрсеткішке қол жеткізген ұстаздар мен үздік деп танылған білім мекемелерін қаржылай ынталандыру үрдісі қалыптасуда. Соңғы үш оқу жылында облыстық ұйым тарапынан 95 білікті ұстаз бен 14 үздік білім мекемесіне кәсіподақ ұйымының қаржысы есебінен 22,6 миллион теңге сыйақы табыс етілді.
Кәсіподақ қызметінің жарғысына сәйкес соңғы бес жылдық өкілетті мерзімде 22 527 кәсіподақ мүшесі немесе саланың әрбір үшінші өкілі әртүрлі сипаттағы сауықтыру шараларымен қамтылып, оған 515 миллион теңге кәсіподақ қаржысы бағытталды.
Білім мен ғылым саласында күрмеуін тауып, түйінін тарқататын, шешімін күтіп, қордалануға айналған мәселелер жеткілікті. Бұл мәселелер бір күнде туындап, бір мезетте шыққан жоқ. Тиісінше оларды шешу де кезең-кезеңімен атқарылуы тиіс. Біздің салалық кәсіподақ ұйымы қызметкерлердің еңбек қатынастарындағы сұрақтар мен проблемаларды жетік біледі және оларды шешуден, құқықтық реттеуден ешқашан сырт қалмайды.
Үстіміздегі жылдан бастап ҚР Үкіметінің қаулысымен 10 қазан Қазақстан кәсіподақтарының күні мерекесі болып белгіленді. Бұл күн – тек кәсіподақ қызметкерлерінің мерекесі емес, ең алдымен, өз бақытын еңбектен тапқан, еңбекпен өсіп-өніп, өз қолымен, білім-білігімен, интеллектуалды ой-санасымен қоғамдағы барша игіліктерді жасаушы қарапайым еңбек адамдарының мерекесі.

Ерұлан МАҒЗЫМБЕКОВ,
облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің
жергілікті кәсіподағының төрағасы

ПІКІР