Жамбыл жаңалықтары

Ұстаз – ел болашағының айнасы

Written by Aray2005

Мемлекет басшысы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында сыбайлас жемқорлыққа қарсы белсенді күрес жүргізу қажеттігін атап өтті. Әсіресе, мектеп мұғалімдерін жұмысқа аларда пара талап етіп, ұстаздарды қылмысқа итермелеу оқиғаларын қатаң сынға алды.

Осыған орай М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің М.Үркімбаев атындағы «Жастар сарайында» «Білім қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастыру» тақырыбында облыстық педагогтар жиыны өтті. Саладағы сыбайластықты түп-тамырымен жою мәселелерін талқылауды мақсат еткен жиынға ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросы облыс бойынша департаментінің басшысы Әділхан Әшірбаев,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Мақсұт Нәлібаев, облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова және білім бөлімдерінің басшылары мен мектеп, балабақша директорлары, орынбасарлары, білім беру ұйымдарының қызметкерлері қатысты.
Жиында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Арман Рахимовтың, аталған департаменттің тергеу басқармасының басшысы Жаннұр Тасқұловтың баяндамалары тыңдалды. Сондай-ақ, басқосу барысында сөз алған М.Нәлібаев облыстағы білім саласында жемқорлық деңгейінің төмендегенін атап айтты.
Сонан соң күн тәртібіндегі мәселе аясында баяндама жасаған облыстық білім басқармасының басшысы Р.Тұрмаханбетова білім саласында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарды жүзеге асыру мақсатында балабақшаға балаларды кезекке қою және жолдама беру, мектепке баланы 1-сыныпқа қабылдау процестерінің автоматтандырылғанын жеткізді. Нәтижесінде балаларды балабақшаға кезекке туылған күннен қою және жолдаманы үйден шықпай автоматты алу мүмкіндігі туған. Сондай-ақ педагогтарды жұмысқа қабылдау қызметтері де автоматтық жүйеге көшірілген. Бұл мақсатта www.jumys.sitcen.kz порталында бір ай көлемінде 132 бос жұмыс орны жарияланып, 70 қызметкер аталған жүйе арқылы жұмысқа қабылданғанын айтты.
Сонымен қатар облыстың бас ұстазы өз сөзінде білім саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында басқарма «Жедел желі» телефоны (43-88-25, 43-88-39) іске қосылғанын да тілге тиек етті.

Назерке ТӨЛЕН

ПІКІР