Ұстаз. Ғалым. Ана

0 10

Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» тақырыбындағы бағдарламалық мақаласында «Құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт табысқа жетеді» деген сөз айтқан еді. Осы орайда білім саласына жаңаша өзгерістермен қатар әлемдік білім беру бәсекелестігіне түсе алатын, білімді де білікті жастарды оқытуда әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің орны бөлек десек артық айтпаған болармыз. Бүгін сол айтулы білім ордасындағы ұлағатты ұстаздардың бірі – университеттің профессоры міндетін атқарушы Раушан Әбдіқұлова туралы сыр шертуді жөн көрдік.

Иә, сонау 1959 жылдың 2 қаңтарында Жамбыл облысы, Шу ауданының Ақсу ауылында сол кезде ел ағасы атанған, белсенді, сауатты, сөзге шешен Әбдіқұл (әкесі би болған) «болыстың» (ауылдастары оны солай атаған) көптен зарыға күткен немересі дүниеге келеді. Әжесі Нұрипаның да қуанышы қойнына сыймайды. Түсінде үкі көргенін, қыз деп жорығанын айтып, барын тойға шашады. Ал, атасының көңілі шат болып, «ұзақ күткен немеремді сүйдім, енді көңілім раушан болды!» деп атын Раушан қояды.
Раушан өсе келе атасының тізесіне сүйене отырып, құймақұлақ ақсақалдардың әңгімесін, аңыз-ертегілерін, шешендік сөз үлгілерін тыңдап, көкірегіне сіңіре береді. Атасы Әбдіқұлдың сөз өнеріндегі тәлімін алған Раушан мектепте жүріп, «Қазақстан пионері» газетіне үзбей мақалаларын, ойдан шығарған қызықты ертегілерін жариялап тұрады. Жазушы болуды армандайды. Атасы, әкесі Мәми (тарихшы-ұстаз болған кісі) оқыған М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов сынды жазушылардың көркем шығармаларын, тарихи дүниелерін олармен таласа оқиды. Сондайда атасы «төлбасым» деп ерекше еміреніп: «Сен педагог-ғалым боларсың» дейді екен.
Раушан жастайынан атасының аузынан Бөлтірік шешен есімін жиі естіген. 1981 жылы сол кездегі С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітіріп, 1981-1994 жылдар аралығында «Жазушы» баспасында корректор, редактор қызметтерін атқарып, мол тәжірибе жинақтайды. Қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология факультетіне оқытушылық қызметке келгеннен кейін, университеттің белді профессоры, филология ғылымдарының докторы Жанғара Дәдебаевқа Бөлтірік шешеннің мұрасын зерттеу мақсатын көздейтінін жеткізеді. Профессор қуана қабыл алады. Сөйтіп, 2001 жылы Ж.Дәдебаевтың жетекшілігімен қазақ әдебиеті мамандығы бойынша «Бөлтірік Әлменұлының әдеби мұрасы» атты тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғайды. Бала кезінен атасы бойына сіңірген сөз өнеріне деген шексіз құштарлығының арқасында және білімпаз ғұлама Ж.Дәдебаевтың көреген жетекшілігімен Бөлтірік Әлменұлының дүниетаным байлығын, ақыл алғырлығын, сөзге тапқырлығын, еларалық ынтымақты сақтаудағы көреген көсемдігі мен шешендік шеберлігін, кісілік асқақ рухын, қоғамдық қызметін ғылыми негізде қорытындылайды. Осы ғылыми зерттеу нәтижесі 2003 жылы «Бөлтірік Әлменұлының шығармашылығы» атты оқу құралының жарық көруіне басты негіз болады.
Бүгінде білікті ғалым-ұстаз Раушан Мәмиқызы «Жазушы» баспасы мен «Жалын» журналында қызмет еткен жылдарын «тәжірибеден өткен уақытым» деп бағалайды. Осы жерде аса көрнекті қаламгерлердің шығармаларын редакциялап, олардың әдебиет пен өнер жайында талай озық ойларын ортаға салғанына куә болған еді. Баспада қызмет еткен жылдарда Р.Әбдіқұлова қазақ және туыстас тілдер әдебиетінің барлық жанрларын сүзгіден өткізді, университетте алған теориялық білімін жетілдіруге, оны басқаша қырынан тануға үйренді. Кейін осы уақытта алған білімін өзінің ғылыми-ұстаздық құзіреттілігінде пайдаланды. Әлем әдебиеті мен қазақ классиктерінің шығармаларынан рухани азық алған ол баспасөз бетінде көптеген әдеби мақалалар, көркем туындылар, аудармалар жариялады.
Р.Әбдіқұлова 1994-2006 жылдар аралығында әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филология факультеті қазақ тілі кафедрасында ассистент, аға оқытушы және доцент міндеттерін атқарып, заң, экономика, тарих, филология, журналистика факультеттерінде сабақ берді, өзінің ұстаздық, ғылыми-әдістемелік тәжірибесін жетілдірді.
Қазіргі уақытта Раушан Мәмиқызы қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының профессоры міндетін атқарушы қызметін атқарып келеді. Университетте жұмыс істеу тек білім алушыны білім дағдыларымен ғана дамытып отырмайды, ұстаз ғылыми-зерттеу жұмыстармен де айналысады. 2004 жылы ЖОО Ассоциациясы шығарған «Қазақ тілі анықтамалығын» шығаруға қатысты. 2011 жылы «Қазақ тілі» оқулығы (авторлық бірлікте) жарық көрді. Раушан Әбдіқұлова 1998-2018 жылдар аралығында ғылыми басылымдарда 100-ге жуық тіл және әдебиет мәселелеріне қатысты мақала жариялады. Олардың қатарында «Жанр және шығарма» атты зерттеулері, «Бөлтірік Әлменұлының шығармашылығы» атты оқу құралы, «Әдебиеттануға кіріспе» пәні бойынша тест жинағы және жақында ғана жарық көрген «Шешендік сөздердің көркемдік жүйесі», «Бөлтірік Әлменұлының поэтикасы» атты монографияларын атауға болады.
Әдебиетші сабақ берумен ғана емес, әдебиетші қауымның ғылыми талдаулары мен бағыт-бағдарын қалт жібермей қадағалап отырмаса, ол әдебиет керуеніне ілесе алмай қалады. Раушан Мәмиқызы осы салада, аз болса да сазды ғылыми портреттер мен естеліктер жазды. Қазақ әдебиеттануы саласының мамандарына арнап Х.Сүйіншәлиев, Р.Нұрғалиев, С.Садырбаев, З.Қабдолов, Б.Майтанов, М.Үмбетаев, Қ.Мәдібай және тағы басқалар туралы өз толғамдарын түйді.
Еңбегінің «Көңіл толқыны» деген бөлімде Раушан Әбдіқұлова өзін аудармашы ретінде де көрсетеді. Аударма саласы синтездік ауыр өнер түрінің қатарынан орын алады, осы салаға қалам тартып, тамаша аудармашы бола алатын қабілетін сынға салады. Украин жазушысы Василь Шклярдың «Алып қанатты құс» («Крук-птица нездешняя») атты туындысын аударды.
Раушан Әбдіқұлова өзінің сара мақсатынан айнымайтын асыл қасиетін өмірімен де, ісімен де дәлелдеп келе жатқан жан. Сонау беделді баспаларда редактор қызметін атқарып, әдебиет пен өнер салаларының алтын қорынан еркін сусындаған, атақты жазушы, қоғам қайраткерлерінің болмысынан, адамдық идеяларынан үлгі алған оның әдебиет әлемінің қатпарлы ғылыми қағидаларын жанын сала түсіндіру тәсіл-тәжірибесі одан дәріс алған студенттерге ғана емес, қызметтес әріптестеріне де үлгі болуға тұрарлық. Қасымызда жүрген адамдардың жақсы қасиетін, еткен еңбегін айтып отыру, оларды мақтан тұту, өмірі мен қоғамда еткен еңбегін бағалай білу де жастарға өнеге. Көркем әдебиет сияқты халықтың рухани қазынасының ту ұстаушыларының қалың ортасында жүрген, бойындағы бар білімі мен күш-жігерін, таланты мен қайратын осы игілікті істі дамытуға арнаған жандарды да елеп ескеріп, мақтан тұту халқымыздың абзал қасиеті. Осындай сәтте ұстаз-ғалым Раушан Мәмиқызының есімі аса бір ілтипатпен ауызға алынуға тиіс. Ғылыми бағыттағы ізденістерін ғылым мен әдебиеттегі мұқтаждықты өтеу ниетінен туған маңызды іс деп бағалауға тұрады. «Мұғалім өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, оқуды, ізденуді тоқтатысымен оның мұғалімдігі де жойылады» деп М.Әуезов айтқандай, Раушан Әбдіқұлова әдебиеттің өзекті мәселелерін үнемі ізденімпаздықпен жетілдіріп, дамытып отырады, өз дәрістерінде жаңа заманауи әдіс-тәсілдерді пайдаланып отырады.
Ұстаз-ғалымның жары Бейбіт Керденов ел игілігіне еңбек еткен азаматтардың бірі, «Қазақстанның құрметті құрылысшысы» төсбелгісінің иегері, ұлдары Бекнұр мен Ернұр еліміздің әр саласында еңбек етуде. Бұл күнде немерелер сүйіп отырған өнегелі отбасының ардақты анасы, әжесі де Раушан әріптесіміз десек болады. Ұстаз өз бойындағы ғылыми шығармашылығын білім алушының бойына там-тұмдап болса да сіңіре білсе, оларға деген деген сүйіспеншілікті жан-жүрегімен танытар болса, ол – кемел ұстаз. Сондықтан Раушан Әбдіқұлованы кемеліне келген ұстаз-ғалым деп бағалауға лайықты.

Дина ӘЛКЕБАЕВА,
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры,
филология ғылымдарының докторы

Leave A Reply

Your email address will not be published.