«Ұстаз қай кезде де мектептің жүрегі, қоғамның тірегі»

0 3

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп Aбaй aтaмыз бекер aйтпaса керек. Бұл тұрғыда өңірде талаптың тұлпарын мініп, ұрпақ тәрбиесіне өз үлестерін қосып жүрген жас мамандар жетерлік. Солардың бірі – Тараз қаласы Б.Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясы «Өзін-өзі тану» пәнінің мұғалімі Айдана Рахманбердиева. Бүгінде оқушыға білім беруге құштар жас ұстаздың жеткен жетістігі аз емес. Атап айтқанда, ол осы уақытқа дейін «Өзін-өзі тану пәнінде интерактивті әдістерді тиімді қолданудың педагогикалық шарттары» атты әдістемелік құралын дайындап шығарып, қалалық, облыстық «Өзін-өзі тану пәнінің шығармашыл педагогы» байқауларының бірнеше дүркін жеңімпазы, республикалық педагогикалық оқулардың «Үздік педагогикалық өнім – 2018» байқауының жүлдегері атанған. Осы орайда жаңа оқу жылы қарсаңында ұрпақ тәрбиесі үшін әрдайым ізденісте жүретін жас маманмен сұхбаттасқан едік.

– Айдана Ахметқызы, ұстаз болу–жан баласына үлкен жауапкершілік жүктейтін саланың бірі. Сіздің мұғалім болуыңызға не түрткі болды?
– Адам өзінің болашақ кәсібіне әртүрлі жолдармен келеді. Біреулер үшін ол – ойға алған арманның орындалуы. Ал екінші бірі отбасы дәстүрін жалғастыруды қалайды. Үшінші біреулерге әйтеуір бір мамандық алу қажеттілігі. Мамандық таңдау үшін адам ең алдымен өзін, өз бейімділігін тануы қажет. Мен өз-өзіме «Мен кіммін?», «Осы өмірдегі менің орным қандай?», «Қалай өмір сүрем?» деген сұрақтарды жиі қоятынмын. Мынау сан салалы өмірде мамандықтың түрі көп. Әрине, таңдау жасау оңай емес. Ең бастысы – адам еңбекке қабілетті, зейінді болуы қажет және оның мамандығы өзі өскен ортаға маңызды, бағалы үлес қосатындай болуы шарт. Өз ісіне сенімді, дұрыс таңдау жасаған адам ғана жетістікке жетеді. Жоғарыда атап өткенімдей, мен ұстаздық жолға ойға алған арманымды мақсатқа айналдыру үшін және отбасы дәстүрін жалғастыру мақсатында келдім. Математиктер әулетінде тәрбиеленген мен болашақ мамандығымды бала күнімде-ақ таңдап қойған болатынмын. Мектеп қабырғасында жүргеннен бастап қоғамдық іс-шараларда белсенді, жан-жақты болып өстім. 2010 жылы Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің «Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану» мамандығына грант жеңіп алып, 2014 жылы үздік дипломмен тәмамдап, ұстаздық жолға бет бұрдым. Абай атамыз айтқандай, «Ұстаз – ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек иесі». Ыстық қайратымен бар білген білімін оқушы бойына сіңіріп, нұрлы ақылымен өміріне жарық сәуле шашатын, жылы жүрегімен баланың жан дүниесін баурай білетін ұстаз болуды көздеп, тұлға ретінде қалыптастыру – бұл менің ұстаздық жолына келудегі басты мақсатым.
– Әрине, өмір болған соң өзгеріссіз тұрмайды. Салада бірі зейнетке кетіп жатса, енді бірі қиялына қанат бітіріп алғашқы еңбек жолын бастайды. Жалпы, мектепке жас маман алғаш аяқ басқанда оған қандай жағдайлар жасалады?
– Ең әуелі, жас мамандармен жаса­латын еңбек келісімшарты жайында айтар едім. Мен Бауыржан Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясына аталған келісімшарт негізінде, арнайы конкурстан өтіп қабылданғанмын. Бұл мұғалімнің бейімделуі және жұмыста белгілі бір көрсеткіштерге қол жеткізу үшін қажет және сол арқылы біздің еңбек қызметіміз бағаланады. Екіншіден, жас маман ретінде оқу кабинеті бөлініп, апталық жүктемелері толық болуы қарастырылады. Оқу жылының басында жас ұстаздардың бірнеше сабақтары талданады, ұсыныстар беріледі, қиыншылықтары мен кемшіліктері анықталады. Мұғалімдерге әдістемелік көмек көрсетіледі, тақырыптық кеңес беріліп, практикумдар өткізіледі. Гимназия директорының ғылыми-әдістемелік іс жөніндегі орынбасары Жазира Есімханова, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айнұр Сәрсембекова және әдістемелік тәлімгерім Қарлығаш Мырзабековалар маман ретінде қалыптасуыма көп үлестерін қосты.
– Қазіргі таңда өңірдегі айтулы білім ошақтарының бірінде «Өзін-өзі тану» пәнінен сабақ бересіз. Бұл пәннің оқушы үшін маңыздылығы қандай?
– Дұрыс айтасыз, қаламызға ғана емес, облыс, республикамызға белгілі білім ошағында өзім сүйіп таңдаған пән мұғалімі болып жұмысқа қабылданғаным үшін гимназия директоры Фарида Советбекқызына алғысым шексіз екенін атап өткім келеді. Бұл пәннің оқыту ерекшелігі, маңызы өзгеше. «Өзін-өзі тану» пәні бүкіл білім беру үрдісін: білім берудің мазмұнына, оны оқытудың әдіснамасы мен әдістемесіне, «оқытушы – оқушы– ата-ана» өзара қарым-қатынасының сипатына жағымды әсер етуді шамалайды. «Өзін-өзі тану» сабақтары оқушылардың білімін, дағдыларын, құндылықтар жүйесін дамытуда өте тиімді. Оқу кабинетінде парталар топпен жұмыс істеуге ыңғайлы болатындай қойылып, олардың емін-еркін қимыл қозғалысқа түсуіне, шығармашылық жұмыс, топпен жұмыс жасауларына мүмкіндік беріледі. Егер де «Өзін-өзі тану» пәніне арналған арнайы кабинет жабдықталмаса, онда пән өз нәтижесін бермейтінін де айта кету керек. «Өзін-өзі тану» пәнін жүргізу барысында мен үнемі оқыту әдістерін түрлендіріп қолдануға тырысамын.
– Әрине, ұстаздың әр сабағына оқушымен бірдей дайындалатыны белгілі. Өзіңіз үшін ұстаз деген аяулы есім қандай жауапкершілік жүктейді?
– Халқымыздың хас батыры Бауыржан Момышұлы «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі ұрпақты ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді… Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз» деген екен. Осыдан-ақ ұстаздықтың сый-құрметке лайық мамандық екенін аңғаруға болады. Ұстаз қай кезде де мектептің жүрегі, қоғамның тірегі. Ал ұстаз деген аяулы есім мен үшін де, барлық педагог үшін де бойымызға асқан зор жауапкершілікті жүктейді. Бала бойына ата-анадан кейінгі ақыл-ой, адамгершілік, әдептілік, ар-ұят, ұлттық сана-сезімді сіңіруші адам– мұғалім. Демек, ақыл да, тәрбие де, білім де ұстаз арқылы ұрпаққа беріледі. Өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, шәкіртінің жанына нұр құйып, өмірде өзі де бақытты болып, өзгелерді де бақытқа жеткізсем деген ниетіміздің өзі жауапкершіліктің жоғарылығын аңғартса керек. Негізінен, менің әлі де үйренерім көп. Дейтұрғанмен жас ұстаз ретінде өзім жетекшілік ететін 6 «В» сыныбының дарынды да талантты оқушыларына сапалы білім, саналы тәрбие беруге шама-шарқымның жеткенінше тырысып бағудамын.
– Алдағы уақытта мұғалім мәртебесі туралы арнайы заң қабылданайын деп жатыр. Бұдан не күтесіз? Мүмкін, өзіңіз де мұғалім мәртебесі туралы ұсыныс білдірген боларсыз?
– Әрине, күтерім көп. Дегенмен аса қызықтырған жайттар жөнінде айтып өтейін. Заң жобасының 18-19-баптары педагогты даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру мәселелеріне арналған. Бір сөзбен айтқанда, мұғалімдердің кәсіби өсуіне барынша жағдай жасаудың тетіктері қарастырылған. Мәселен, егер жас маманның қазіргі таңда үш жыл еңбек өтілі болса, заң қабылданғаннан кейін оқу орнындағы төрт жыл уақыты есептеліп, жалпы еңбек өтілі жеті жылды құрайтын болады. Педагогтың үздіксіз кәсіби дамуына келсек, біліктілікті арттыру кезеңінде педагогтың жалақысы сақталып, еліміздің еңбек және бюджет заңнамасына сәйкес іссапар шығыстары төленеді екен. Барлық мұғалімдер үшін жалақының аздығы өзекті мәселеге айналғалы қашан?! Қымбатшылық қысқан заманда жалақы мәселесінің қозғалуы да заңды. Бұдан былай жалақының көбеюі біліктілікті арттыру тесттерінің нәтижесіне байланысты болады. Мен үшін екінші жағымды жаңалық – еңбек өтілдеріне сәйкес ертерек зейнет жасына шығу. Жұмысымызды жаңа бастаған біз, жас мамандар зейнеткерлік жасқа дейін 40 жылдан аса жұмыс істеуге мәжбүрміз. Енді бәрі басқаша болуы мүмкін. Заң жобасында «Педагог белгіленген зейнеткерлік жасқа толғанға дейін педагогикалық жұмысының отыз жылдық өтілі болған жағдайда зейнеткерлікке шығуға, әлеуметтік кепілдіктерге ие» деп жазылған.
– Сіздіңше, бүгінгі қоғамда мұғалім мәртебесі қай деңгейде?
– Қоғамымызда мұғалім мәртебесі туралы әртүрлі пікірлер қалыптасқан. Дегенмен білім мазмұнының өзгеруіне байланысты мұғалімге деген көзқарас та, талап та өзгеруде. Қазіргі кезде «Мұғалімдік мамандықтың беделі төмендеді», «Жастар мұғалімдік мамандыққа барғысы келмейді» деген пікірлер ел арасында жиі айтылып жүр. Себебі елімізде қоғамдық-саяси науқан, тазалық жұмыстары, халық санағы және басқа да осындай шаралар басталғанда мұғалімдердің өзінің кәсіби міндетін атқаруға уақыт та таппай жататыны рас. Қоғамдық пікірде мектепті, білім беруді, мұғалімді сыни тұрғыдан бағалау орын алған, кейде кеңестік мектепті аңсау байқалады. Қазіргі таңда оқушылардың ата-аналары тарапынан да мұғалімге қойылатын талаптар өсуде. Бұдан басқа қоғамда байқалатын тағы бір көрініс– ұстаздарды басыну, ата-аналар тарапынан көрінетін дөрекілік. Енді мұндай әрекеттерге заң арқылы тыйым салынып, ұстаз абыройын қорғайтын тетіктер енгізілмек. Қазіргі өркениетті елдер ұстаздың бойында бала қызыға қарайтын, бала еліктейтін қасиеттердің болғаны дұрыс деп есептейді. Себебі баланың ұстазына деген айрықша құрметі оның жақсы білім алуына тиімді әсер етеді. Қорыта айтқанда, мұғалім мәртебесін көтеруді жолға қойғанда ғана өскелең ұрпақты оқытып, тәрбиелейтін мамандарға құрмет артып, сапалы білім мен саналы тәрбие ілгерілейді деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рақмет! Алдағы оқу жылына табыс тілеймін!

Сұхбаттасқан Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.